Жаңа әліпбимен түрлі нұсқадағы кірме араб-парсы сөздерін біріздендірудің маңыздылығы
2018 ж. 08 маусым
7429
1
Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталығының ұйымдастыруымен 11 маусым күні өтетін «Қазақ жазуының тарихы және латын әліпбиіне көшудің ғылыми-тәжірибелік негіздері» атты республикалық конференцияның басты мақсаты – латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі емле ережелерінің Тұжырымдамасын нақтылау.
Сол арқылы латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің орфографиялық ережелерін енгізуге, оларды апробациядан өткізу шаралына ғылыми негіздер жасау болып табылады.
Конференция қарасаңында «Қазақ үні» оқырмандарының назарына Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, Ұлттық комиссия жанындағы орфографиялық және әдістемелік жұмыс топтарының мүшесі, Айнұр Сейтбекованың мақаласын ұсынып отырмыз.
Араб, парсы сөздері қазақ тілінің лексикалық қорының біршама үлесін қамтитыны баршамызға белгілі. Ауызша және жазбаша жолдармен енген бұл кірмелер тіліміздің сөздік қорынан берік орын алды. Оларды төл сөздеріміздей игеріп алдық. Дегенмен бүгінгі таңда араб және парсы тілінен енген бір мағыналы сөздердің түрлі нұсқада жазылып жүрген сөздердің саны да аз емес. Оның жалпы санын Г.Мамырбекова «Қазақ тіліндегі араб-парсы сөздігін» құрастырғанда 370 сөз екенін анықтады. Мысалы, ақиқат/хақиқат, ақбар/ахбар т.б. Осындай бір сөздің жазудағы түрлі нұсқалары газет беттерінде, оқулық мәтіндерінде жиі кездеседі. Бұл жазу мәдениетініміздегі жүйесіздікті көрсетеді. Сондықтан латыннегізді жаңа әліпбиге көшкенде тіліміздегі түрлі нұсқада жазылып жүрген араб-парсы сөздерін біріздендірудің жолдарын нақтылап, орфографиялаудың маңызы зор.
Жалпы тіліміздегі араб, парсы сөздерінің енуін басты-басты екі дәуірге бөліп қарау керек сияқты. Алғашқы кезеңге қазақ халқының ұлттық кезеңіне дейінгі араб, парсы сөздері; екінші кезеңге қазақ халқының ұлт болып қалыптасқаннан кейінгі кезеңдегі араб, парсы сөздері.
VIII ғасырда бастапқы енген кезінен бастап XX ғасырдың алғашқы кезеңіне дейін араб, парсы сөздерінің түпнұсқасы сақталып жазылды. Себебі, діни сарындағы поэзиялық шығармаларда, ресми ісқағаздарында араб сөздерін дәл жазу дәстүрге айналған еді. Араб жазуындағы киелі, қасиетті, конондық тіл деп саналатын құран тілінің орфографиялық нормасын өзгертпей жазу принципі болды. Оның мәні түркі халықтарының әрқайсысының тіліндегі өзіндік фонетикалық ерекшеліктерін ескерместен, барлығын бір жазу үлгісіне бағындыру еді. Әсіресе, діни ұғымдағы сөздерді дәл жазу, дәл айтуға тырысу мағына дұрыстығын сақтау қажеттілігінен де туған болар. Мысалы, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің шығармасындағы діни лексикалы сөздер тобы былайша көрініс табады: алғуам, алип, ләм, нұн, әшһәрәт, жәуһәр, зәһр, тәуфик, үмбәт, фани, фатиха, фәрмен, фәрағат, хасил, хикмәт, т.б.
Тіпті бұл үрдіс кейінгі қисса-дастандар тілінде, Абай мұраларында да өз жалғасын тапты. Абай өз заманындағы қоғамда қалыптасқан діни атауларды қазақшаламай, сол күйінде пайдаланды.
Дегенмен де діни атаулардан басқа салаларда қолданылатын араб, парсы сөздерінің көпшілігі өздерінің бастапқы төл тіліндегі тұлғасы сақталмай, ауызекі сөйлеу тілінің әсерінен түрлі дыбыстық өзгерістерге ұшырап, әртүрлі таңбаланып жазба тілдегі нормасы ескерілмеді. Б.Әбілқасымов «Түркістан уялаяты газеті» тілінде араб-парсы сөздері өте сирек кездеседі, кездескеннің өзі о бастағы тұлғасын мүлде өзгерткен, халықтың ауызекі тілінде қолданылып кеткендері ғана», - деп көрсетеді [1,171]. Осылайша араб-парсы тiлiнен қазақ (жалпы түркi) тiлiне сөз ауысу өткен ғасырларда, қарым-қатынас жасаудың ауызша формасы басым болып тұрған кезеңде жүрдi. Сондықтан араб-парсы тiлдерiнен енген сөздер басқа түркi тiлдерiндегi сияқты қазақ тiлiнде де қабылдаушы тiлдiң фонетикалық заңдылықтарына бейiмделiп, төл тiлiндегi бастапқы графикасынан мүлде алшақтап, түрліше жазылып, түрліше дыбысталды.
Яғни XIX-XX ғғ. ескі қазақ жазба шығармаларында көбіне діни ұғымдарға қатысты араб, парсы сөздерінің төл тіліндегі тұлғасы толық сақталып жазылса, ал одан басқа салаларда қолданылатын араб, парсы сөздерінің көпшілігі қазақ тілінің айтылымы бойынша түрлі нұсқаларда жазыла берген. Ескі қазақ жазба тілде кірме араб, парсы сөздері құрамындағы дыбыстардың таңбалануындағы ала-құлалықтардың мынадай себептері бары ескеріліп жүр:
- ауызекі сөйлеу тілінің әсері;
- тұрақты орфографияның болмауы;
- араб әріптерімен жазылған шығармаларды жариялаушылардың түрліше таңбалауы;
- диалектілер мен говорлардың әсері;
- өлең ұйқасымының талабына байланысты сәйкестендіру.
Қазақ тіліндегі араб-парсы сөздерінің түрлі нұсқада жазылуының басты себебі - қазақ тілінің дыбыстық аритикуляциясына сәйкес келмейтін, әсіресе, арабтың ح «хә:», خ «ха:», ه«һә:», ع «айн» дауыссыз дыбыстары. Осындағы ح «хә:», خ «ха:», ه«һә:» дауссыздары ұлт зиялыларының жобаларында бірде х, бірде һ, бірде қ таңбаларымен белгіленген, кейбір жобаларда тіпті алынып тасталынған. А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытұлы, Ә.Байділдаұлы т.б. қазақ зиялылары һ дыбыс қазақ тілінде бар, оған арнайы таңба алу керек десе [2], Қ.Кемеңгерұлы, Е.Омаров, Т.Шонанов т.б ғалымдар һ дыбысы қазақ тіліне тән емес, сондықтан әліпбиден мүлде алып тастауға болады деп тұжырымдайды [3]. Осылайша тұрақты орфографияның болмау салдарынан арабтың ح «хә:», خ «ха:», ه«һә:», ع «айн» т.б. дыбыстары жазбада қазақтың ауызекі сөйлеу тілімен берілсе де, әртүрлі дыбыстық тұлғада көрініс тапқан.
Ақын-жазушылар шығармаларында арабтың ح «хә:» дыбысымен басталған сөз бірде түсіп қалады, бірде а, ә, ү, и дауыстыларымен басталады, сондай-ақ қ, х дыбыстарымен де беріледі:
حَرَامٌ (хәра:м) – арам, қарам, харам. Қарам пейіл, азар дұшпан (Аязби). Біреуді ызаландырмақ – шариғатта харам, шаруаға залал, ақылға теріс (Абай).
حِيلَةٌ (хи:лә) – айла, ила, қайла, хайла, хәйлә. Балам салды ағашқа кеулеп жерді, алалық деп иламен мұнша зерді (Майлықожа). Бұл сөзімнің мәнісін ақылменен білетін, қайласы асқан сұм қайда ? (Қожахмет).
Осылайша XIX ғасыр ақын-жазушылар шығармалары мен ауызша сөйлеу тілінде де х дыбысының حَاضِر (хә:зир) – әзір, хазір, қазір, әзір; حَاكِمٌ (хә:ким) – әкім, кәкім, хаким, хакім, хәкім; حَرْفٌ (хәрф) – әріп, қарып, қаріп, харып, қарыф, харіп, харф; حَسْرَةٌ (хәсрат) – қасірет, ғасірет, қасырет, хасрет, хасірет; حَيْرَانٌ (хәйра:н) – қайран, хайран т.б. әртүрлі тұлғада таңбаланғанын көптеп кездестіруге болады.
ح «хә:» дыбысы сөз басында сақталған жағдайда тоғысыңқы қ дыбысына ауысып, сөз бірде бірыңғай жуан дауыстылармен келсе, енді бірде үндесімі бұзылған нұсқалар да кездеседі: құжат, құқы(ұ)қ, қажет, қазір. Үндесім бұзылған соңғы екі сөздің жіңішке әжет, әзір/кәзір нұсқаларының да тілде қолданылуы тілдің жат сөзді өз заңына бағындыруының нәтижесі. Қазақ тілінде мұндай жуан дауыстылардың жіңішке дауыстыларға алмасуы тіл арты дыбыстарының тіл алдына жылжу үрдісімен түсіндіріледі [4, 149 б.].
Сөз ортасында бұл дыбыс жуысыңқы қ дыбысы және х әрпі арқылы беріледі. Мысалы, اَحْمَقُ (әхмәқ) – ақымақ, مَرْحُومٌ (мәрху:м) – марқұм, مَحْرُومٌ (мәхру:м) – мақрұм, مُحْتَاجٌ (мухтә:дж) – мұқтаж, رَاحَةٌ (ра:хәт) – рақат, رَحْمَةٌ (рахмәт) – рақмет, صُحْبَةٌ (сухбәт) – сұхбат т.б.
Сөз соңында бұл дыбыс қ дыбысы арқылы беріледі: اَرْوَاحٌ (әруә:х) – аруақ, مَدْحٌ (мәдх) – мадақ, مَزَاحٌ (мәзә:х) – мазақ. Мына сөздердің соңында түсіп қалған: نِكَاحٌ (никә:х) – неке, تَسْبِيحٌ (тәсби:х) – тәспі.
Сонымен, арабтың ح «хә:» дыбысының түсіп қалуы қазақ тілінде сөздің барлық деңгейінде кездесетіндігін айтуға болады, мысалы: әкім, бата, неке және т.б. Сөз басындағы «хә:» дыбысы түскенде, сөз а, ә, е, ө, ү дауыстыларымен басталады. Ал сақталған жағдайда, қазақша қ-ға алмасады: қажет, қазір, құрмет. Бұл сөздердегі «хә:» дыбысы түсіріліп, жіңішке қалыптасқан үлгілері да бар: әжет, әзір, үрмет т.б. Бірде жуан, бірде жіңішке дыбысталатын мұндай сөздер тілде сингармониялық варианттар қалыптастырады [5, 29б.].
Сонымен ح «хә:» дыбысының қазақ тілінде сөздің барлық позициясында келуіне байланысты, сөз басында, сөз ортасында әрқалай дыбыстармен көрініс табады.
Ал арабтың خ «ха:» дыбысы ескі жазба мәтіндерде сөздің барлық шенінде қ немесе х дыбысымен беріледі, түсіп қалу құбылысы кездеспейді.
Сөз басында:
خَوْفٌ (хауф) – қауіп, хауып, хауыф. Хауіп-хатермен отырып жеген нығмет, бойға жұқпай, ас болмай обып кетер (Мақыш Қалтай).
Сөз ортасында:
رُخْصَةٌ (рухсат) – рұқсат, лұқсат, ұлықсат, ұрықсат.
,مَخْلُوق ٌ (мәхлу:қ) – мақұлық, махлұқ. Халыққа махлұқ арқылы жете алмады (Абай).
Бұл дыбыстың х әрпімен таңбаланған жағдайларын да кездестіруге болады: خَبَرٌ (хабәр) – хабар, خَلائِقُ (халә:’иқ) – халайық, خَلْقٌ (халқ) – халық, تَأْرِيخٌ (тә:ри:х) – тарих т.б. Бірақ, х дыбысымен жазылған сөздердің өзінде, айтылуда артикуляциялық жағынан жақын қ дыбысына айналады және жуан реңін сақтайды.
Бұл әріптің жазуда қолданылуы жөнінде С.Мырзабеков: «Х әрпі қазақ топырағына 1938 жылы табанын тіреп, орыс сөздерінің құрамында қолданыла келе, төл (қ) дыбысымызды тықсыра бастады. Оған себеп бірсыпыра сөздерімізде х әрпі жазылатын болды. Қырқыншы жылдарға дейін жай ғана қ-мен жазылып келген бұлардың дені кірме сөздер», - дейді [6, 76]. Қазіргі қазақ тілінде қ дыбысына алмастырып таңбаланып жүрген араб-парсы сөздері 1929-38 жж. аралығында қ әрпімен, ал 1938 жылдан бастап көбінесе х әрпіне алмастырылғандығын көреміз. Мысалы, Onьmenen sezjmdj tazalьqqa kjrgendjgjŋdj kәmәl ьxlasьŋdь kөrsetjp jcjmnjŋ saflьƢьnьŋ soŋьnda qalq kөrer … (А.Құнанбайұлы, 235-б.). Ƣacьq maƢcuqlьqqa qalq вjrlәn maxlūq ortasь mynәsiвәtsjz (А.Құнанбайұлы, 230-б.). Mixraвьm sen, вas ūramьn Tjl çete almas xūzjrjme (А.Құнанбайұлы, 77-б.). Ycbu xial kelse basqa, Sen çyder dep men ycjn (А.Құнанбайұлы, 81-б.). Ал қарекет сөзінің қ және х әрпі арқылы таңбаланған нұсқасы параллель қолданылған. Мысалы, Kyndjzgj qareketten вosaqanda, Өzjŋe өzjŋ tigen tәttj tyn вar (А.Құнанбайұлы, 105-б.). Uaiьm qaiƢьsьzdьƢьŋa, uaiьm qaiƢь qьldaƢь, sol uaiьm qaiƢьsьzdьqtan qūtьlarlьq orьndь xaraket taвu kerek … (А.Құнанбайұлы, 172-б.).
Қазіргі қазақ тілінде де арабтың ح «хә:», خ «ха:» таңбаларыммен келетін сөздер әртүрлі нұсқада жазылып жүр. Мысалы, сөздің бастапқы позициясында: хадис/қадис, хисап/қисап, хабар/қабар, қиял/ хиял т.б. Сөздің бастапқы позициясында: рақмет/ рахмет, сұхбат/сұқбат, рахым/рақым т.б. Міне, осындай ескі жазба тілден енген сөздердің құрамында сақталып қалған араб-парсы фонемаларының қайсысын графемалық жүйеде көрсету керек деген мәселе әлі күнге дейін талас тудырып келеді.
Қазіргі жаңа акут әліпбиінде h және x графемаларын бір ғана h ғана таңбасымен ұсынылған. Hh - араб тілінен енген кірме көмей дыбыс. Бұл дыбыспен қазақ тілінде бірен-саран сөздер жазылғанмен, айтылуы тұрғысынан х дыбысына ұқсас дыбысталады. Егер де қазақ тіліндегі х дыбысымен келетін барлық сөздер h графемасымен берілетін болса, сөздердің келесі тұрпаты былай болмақ: hat, han, habar т.б. Дұрысы: xat, xan. Сонымен қатар Ashat, ashana сияқты шатастыруларға да түрткі болып тұр. Сондыктан кейбір сөздерде таңбалауда екі графеманың да дыбыстық ерекшелігін ескеру керек сияқты. Алайда қазақ тілінің дыбыстық артикуляциясына сәйкес келмейтін х танбасымен келетін араб тілінен енген кейбір сөздерді қ фонемасымен берген жөн. Мысалы, хауыф – қауып, хайыр – қайыр, хал – қал т.б.
Сонымен, латыннегізді жана әліпбимен араб, парсы сөздерін орфографиялауда мынадай басты ұстанымдарды ұсынып отырмыз:
біріншіден, кірме араб, парсы сөздерін қазақ тілінің дыбыстық заңдылықтарына, яғни үндестік заңы арқылы дыбыстардың тіркесімін сақтай отырып жазу қажет. Мысалы, мақұлық-мақұлұқ, мүлік – мүлүк, т.б.
екіншіден, ескі жазба тілінде, тіпті қазіргі қазақ тілінде бірнеше дыбыстық нұсқада қолданылатын араб, парсы сөздернің қадим-қадым-қадiм, қадыр-қадiр-кəдiр, қызыр-қыдыр латын қарпімен таңбалауда әуелі қазіргі қазақ әдеби тілінің нормасына сәйкес келетін нұсқасын негіздеп алған жөн. Себебі, аралас буынды сөздердiң жазылуы да қазақ жазу емлесiне қайшы.
хауыф | араб тілінің дыбыстық жүйесіне негізделген |
хауып | сөз басындағы х қазақ тіліне жат дыбыс |
хауіп | сөз басындағы х қазақ тіліне жат дыбыс әрі қазақ тілінің сингормонизм заңдылығына қайшы |
қауіп | қазақ тілінің сингормонизм заңдылығына қайшы |
қауып | қазақ тілінің айтылымына негізделген дұрыс нұсқа |
үшіншіден, қазақ тілі дауыссыздар жүйесінде араб-парсы тілдерінен енген сөздерде «х» фонемасы бар кейбір сөздерде «қ» фонемасымен берген жөн. Мысалы, хабар (xabar) емес, қабар (qabar), хал (xal) емес, қал-жағдай (qal), хайыр (haiır) емес, қайыр (qaiır), т.б.
төртіншіден, түркі кеңесі қабылдаған ортақ әліпбиді ескере отырып, қазақтың төл әліпбиінде бұрын пайдаланылмаған арабтың һ дыбысын гауһар, жиһаз сияқты сөздерінде қалдырып, сондай-ақ, сұхбат, тарих сөздермен келетін х фонемасын һ фонемасымен берген жөн: suhbat, tarih, т.б.
Әдебиет
- Әбілқасымов Б. Қазақ баспасөзі мен әдеби тілі тарихы бойынша зерттеулер. –Алматы, 2011. -271 б.
- Байділдаұлы Ә. Жаңа әліппе туралы. – Қызылорда, 1928. –166 б. – 117-121 бб. // Байділдаұлы Ә. Біздің жобамыз // Еңбекші қазақ. –1924. –13 маусым.
- Шонанұлы Т. Біздің жоба//Тілші, 1927. –№3, 5-6-бб.
- Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. – Астана, 2002. - 784 б.
- Раева Г.М. Түркі тіліндегі сингармониялық варианттар мен параллельдер: филол. ғыл. канд. дисс. – Алматы, 2000. - 141 б.
- Мырзабеков С. Қазақ тілі фонетикасы: оқу құралы. - Алматы: Қазақ университеті, 2004. – 248 б.