Жақып Асанов : Сотқа дейінгі татуласу – дауды шешудің ең тиімді әдісі

Бөлісу:

ҚР Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов елге үндеу жасады

 

Жақында  Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов сотқа байланысты ел ішіндегі жағдайды сараптап, салмақтап,   оқырмандарға үндеу жариялағаны белгілі. Иә, қазір  сотқа дейінгі татуласу мәселесі өте өзекті  болып тұр. Өйткені, жылына 2-3 миллион адам сот табалдырығын ғана емес, жүйкелері мен денсаулықтарын да тоздырып, сарсаңға түсіп  жүргені  мәлім болып отыр.  Ендеше, неге  екі ауыз сөзбен ердің тағдырын шешкен ата-бабаларымыздың дәстүрімен  бәтуалы бітімге  жол іздемеске. Қатулықтан гөрі татулыққа  талпыну – ең тиімді  іс болса керек.

 

«Ел даусыз болмас» дейді халық мақалы. Даулар – кез келген қоғамға тән құбылыс.

Бірақ, сол дау-жанжалды реттеу мәдениетіміз қандай?

Бізде дауды тек сот шешеді деген көзқарас санамызда қатып қалған. Сәл дау туса, дереу сотқа жүгіреміз. Екі арадағы мәселені сот аренасына шығарып, шешкіміз келеді.

Ал, даудың барлығын сотта шешу мүмкін емес. Сот екі жақты бірдей қанағаттандыра алмайды. Оның үстіне істің ақ-қарасын айыруға келмейтін жағдайлар бар. Мысалы, отбасындағы, ағайын-бауыр, достар, көршілер арасындағы таласты сот таразысына салу қаншалықты дұрыс?

Сіз сотқа арыз бердіңіз делік. Әрі қарай не болмақ?

Біріншіден, істің қаралуы созылып кетуі мүмкін. Іске нүкте қойылғанша, әдетте, бір емес, бірнеше сот отырысы өтеді. Шағымдар облыстық, тіпті Жоғарғы Сотқа жолданып жатады. Қайта-қайта жұмыстан сұранып, кәсіпті тоқтатып, жеке тірлікті ысырып қоюға тура келеді.

Екіншіден, үлкен шығын. Мемлекеттік баж төлейсіз, сот шығынын өтейсіз, заңгерді жалдайсыз, жолға шашыласыз.

Үшіншіден. Осыншама кезеңдерден өтсеңіз де дау Сіздің пайдаңызға шешілетініне еш кепілдік жоқ.

Керісінше, екінші тарап – туысыңыз, досыңыз, қызметтесіңіз болса, екі арадағы қатынасқа, сыйластыққа, әріптестікке нұқсан келеді.

Неге десеңіз, сот – дау алаңы. Онда айтысуға, таласуға мәжбүр боласыз. Кейде тараптар ашуға беріліп, бір-біріне ауыр сөздер айтып жатады. Сол себептен кешегі туыстар бүгінгі жау, кешегі достар бүгінгі қасқа айналуы әбден мүмкін.

Сотқа жүгінбестен бұрын ақылға салып, ойланған жөн. Сіз немесе сотқа жүгінемін деген танысыңыз эмоцияға берілген жоқ па? Ашуды ақылға жеңдіріп, өзара келісімге келіп, шешуге болар еді ғой деп көбісі кейіннен өкініп жатады.

Ең дұрысы – татуласу, келісу, бітімге, бір мәмілеге келу. Одан екі жақ та ұтады. Уақыт жоғалмайды. Ақша үнемделеді. Қатынас үзілмейді. Жүйке мен абырой-бедел сақталады.

Ата-бабаларымыз дауды бейбіт жолмен шешіп отырған. Дамыған елдерде де солай – даулардың 70-90% сотсыз, бітіммен аяқталып жатады.

Бізде болса, даулардың көптігінен судьялардың жүктемесі жылдан-жылға артуда. 2013 жылы соттарда 1,25 млн іс қаралса, 2017 жылы – 2,6 млн, яғни екі еседен асқан.

Бұл жағдай соттардың жұмыс сапасына, істерді қарау мерзіміне әсерін тигізуде. Әр судьяның өндірісінде бір мезетте 100-ден астам азаматтық іс пен материалдар. Істерге көмілген судьядан қандай сапа, қандай нәтиже күтуге болады.

Қазір әрбір азаматқа сотқа дейін де, соттың өзінде де татуласуы үшін жан-жақты жағдай жасап жатырмыз.

1. Сотқа дейінгі татуласу бойынша.

Республикалық Кәсіподақтар федерациясы және Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірге өңірлерде Сотсыз татуласу орталықтарын құрудамыз. Онда кәсіби медиаторлар және басқа да мамандар жұмыс істеуде.

Олардың міндеті – келіссөз жүргізу, екі жаққа қолайлы, көңілге қонымды шешім іздеу және ұсыну. Татуласудың басты артықшылығы – ол тек дауды реттеп қана қоймай, сонымен бірге қарым-қатынасты сақтап, қалпына келтіреді. Тараптар өз еркімен, саналы түрде ортақ келісімге келеді. Медиаторды әрбір адам өзі таңдаған соң жемқорлыққа да жол берілмейді.

2. Сотта татуласу бойынша.

Екі жақ та қаласа, сот татуласу процесін бастау үшін істің қаралуын кез келген сатыда тоқтата алады.

Аталған мәселеге қатысты сұрақтарды жергілікті соттар түсіндіріп, жол көрсетуге міндетті.

Татуласу – дауды шешудің ең тиімді әдісі.

Құрметпен,

Жоғарғы соттың төрағасы Жақып Асанов

«Қазақ үні» газеті,

Qazaquni.kz

 

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Сайтта 2 пікір жазылған

  1. 77011497400 7 Маусым, 2018 21:53 Жауап

    Иә бұл өте керемет шешім екен! Қазіргі көп адамдар кішкентай мәселеге бола соттасуға дейін барып жататыны өтірік емес, тек сот орнында ғана ойы өзгеруі мүмкін. Егер сол сәтте татуласуды ұйғарып екі жақта тыныш қайтатын болса жақсы ғой! Менинше жақсы идея секілді

Пікір немесе жауап жазу

бір × бес =