Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесін беру мәселесі талқыланды

Шымкентте бүгін мәслихаттың кезектен тыс 29-шы сессиясы өтті. Онда қала әкімдігі мен мәслихаттың Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесін беруге ұсыныс жасау туралы бірлескен шешіміне қол қойылды. Енді бұл құжат Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының қарауына ұсынылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған ұсынысты депутаттар бірауыздан қолдаған. Әрі республикалық маңызы бар қала мәртебесінің берілуі шым шаһар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ. Мұндай өзгеріс сондай-ақ қаланың дамуына, әрбір тұрғынына да оң әсерін тигізеді.

«Сессияда тарихи құжатқа қол қойылды, бұл Шымкенттің республикалық маңызы бар қала мәртебесін алуда ауқымды жұмыстың бастауы болды. Жоспарлар көп, олардың барлығы мәслихат депуттары мен қала тұрғындарының қолдауымен ғана жүзеге асады»,- деді сессияға қатысқан қала әкімі Нұрлан Сауранбаев.

Айта кетейік, «Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 8 желтоқсандағы №2572- ХІІ «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» Заңында республикалық маңызы бар қалаларға - халқының саны бiр миллион адамнан асатын елдi мекендер жатады деп көрсетілген.