Көркем күндер-Қазақстан жаңалықтары

"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!



Көркем күндер

Ақын Қадыр Мырза Әли туралы үзік сыр

«Алматыда алдымен осы кісіге ескерткіш кою керек еді»

«Ұлы адамдардың өлген күні болмайды, туған күні болады» деген рас. Қадыр Мырза Әли де сол санатта. Мұндай адамдардың туған күнін, қайтқан күндерін күтіп отырмай, жадыңда қалған жақсы күндерді жаңғыртып жазып отыру да қасиетті парыз деп ойлаймын. Бұдан ұлт ұтпаса, ұтылмайды.
Классиканың аты классика. Классиктің аты классик.
Кейінгі уақытта осы сөздің шынды­ғына көп көз жеткіздім. Оның дәлелі – қайда барсаң да үнемі Қадыр ақын алдыңнан шығады. Ақынның өлеңі, айтқыштығы, тағысын тағылар. Шынында да, біз өмірде классикаға сүйенеміз бе? Әрине, белгілі адамдардың белгілі ойларын, пікірлерін пайдаланамыз. Олардың өмірінен қалған қызықты әңгімелерді естиміз, не болмаса өз аузынан естігенімізді айтамыз, сөйтіп, өзіңнің де, өзгенің де көңілінде жақсы әсер қалдырғың келеді.
Бірде Қадағаң: «Біз осы кешегі өткендерді неге еске ала береміз? Еріккеннен бе? Жоқ, олар ұйықтатпайды сені» деп еді. Шынында солай ғой, Қадекең олар туралы айтады, ал, олар да өзінен бұрын өткендер туралы айтып кеткен. Әдебиеттегі үздік үрдіс, өнердегі дәстүр, сабақтастық деген осы.
Ал енді сол сара соқпаққа түсіп алып, Қадыр Мырза Әлидің айтқандарын біз неге жазбаймыз?
Келмеске кеткен сол көркем күндердің әрбір сәтін айтып тауыса алмайсың, әрине. Алайда адамның жады, есте сақтау қабілеті деген де күрделі нәрсе. Бүгін естігеніңді ертең ұмытып каласың. Қолға қалам алуымыз да сондай қауіптің барын сезіну.
Қайсыбір жылы «Қазығұрт» баспасынан ақынның жоспарланған 12 томдығының алғашқылары жарық көріп, құттықтай барғанбыз. Әдеттегі дағдымызды бұзып, ағаның өз қолымен ашытқан шие, алма шарабынан да ауыз тиіп едік. Әрине, мұндайда әңгімесіз бола ма? Қадыр жазуға ғана емес, айтуға да шебер еді ғой.
– Тайыр Жароков қызық, ғажап адам еді, – дейді Қадыр аға. – Бірде сол кісіні үйге қонаққа шақырдым. Тағы да біраз ағаларым бар. Байқаймын, Тәкеңнің аса көңіл-күйі жоқ. Әңгімеге де көп араласпайды. Бір кезде үзіліс жарияладым. Жұрт бірден көтерілгенімен, Тәкең асыққан жоқ. Сәлден соң қасына таяп бардым.
– Әй, Қадыр, (сәл пауза жасады) немене, арақты аз алғансың ба? – деді.
– Жоқ, ә, арақ жетеді, – дедім.
Сірә, әр сөзін іштей сараптап алған, сәл үнсіздіктен соң:
– Үйіңде қырлы стақан бар ма? – деді.
Мен қырлы стақан алып келдім. Толтырып құйдым. Тәкең тартып жіберді. Сәл отырғаннан кейін тағы да тартты. Сондағы айтқаны: «Жетті. Енді ел қатарлы ішіп отырайық» болды.
– Ал енді осы әрекетті қалай түсінуге болады? Біреулер арақ туралы айтуы мүмкін. Е, ол кісі ішкіш болған екен ғой деуі де әбден мүмкін. Мүлдем олай емес. Одан кейін талай мәрте бас қостық кой. Бірақ Тәкеңнің бас жарып, көз шығарып, біреумен жаға жыртыс­қанын көргем жоқ. Сонда бұл не? Мінез. Ірі мінез. Тектілік. Бәріміз сағынатын мінез. Өте қызық, күрделі құбылыс, –деуші еді Қадағаң.
– Жұбан ағаға да таңқалушы едім. Бірде Софья апай еденді енді жуып біткен. Шұғыл шаруамен келген ағамыз, есік алдындағы шүберекке аяғын сүртпестен батпақ күйінде бөлменің бәрін аралап шығып, кетіп қалды. Жеңгеміз үндемейді, әрине. Бұл да мінез. Ол тек Жұбағаңның ғана қолынан келеді. Басқа солай істесе жасанды көрінуі мүмкін еді, – дейді Қадыр аға.
– Ал енді Бердібек Соқпақбаев ше? Бұл шын мәнінде кезеңнің құрбаны болған адам. Алматыда алдымен осы кісіге ескерткіш қою керек еді. Бұл өте таза болған кісі. Бір қарағанда мұңдылау көрінгенмен, қалжыңға да күшті еді. Әкесімен де қалжыңдаса беретін. Үйінде қонақта болдым. Әркімнің алдына үлкен ақ қағаз жайғызады. Қиқым-сиқымның бәрі сол қағазға түседі.
Сосын өзі соны ерінбей жинап алады. Біздің ұқыптылығымыз ол кісінің алдында жіп есе алмай қалатын, – дейді Қадыр аға.
Өзі талантты адам таланттың жайын көп ойлайды. «Алматы Ақшамында» Ісләм Жарылғапов туралы көп жазылды. Сол дүниелердің бәрін арнайы кітап етіп те шығардық. Орыс тілінен, өзге тілдерден енген сөздердің қазақша баламасын табуда бұл кісінің алдына түсетін кісі кем де кем. Бір заманда Мұхтар Әуезовті құтқарып қалуға көп еңбек сіңірген Ісләм аға Қадағаңа 50 жылдығында ғажайып өлең жазды. Сол ағаның жанкешті еңбегі, әсіресе кітапханасы туралы көп ойлайтын. Тіпті, Ісләм ағаның үйге сыймай, ашылмаған күйі босағада қалған кітаптарының тағдырына көп алаңдап жүрді.
Райымбек Сейтметов қайтқанда көп қайғырды.
– Бір күні Райымбек желпініп келді. Қадыр Мырзалиевпен танысыпты. Ол кезде Қадыр өте танымал еді. Мені, Әнуарды, Райымбекті әлі ешкім білмейді. Әуелде Райымбекке сенбедік. Бірақ, ол сендірді. Содан біз де таныстық. Ол біз үшін үлкен мереке болды, – деп еді бірде Асанәлі Әшімұлы.
Қадыр поэзиясын жатқа білетін, «сахнаның ақыны» атанған Райымбектің қазасы да ақынға оңайға соққан жоқ еді.
Осындайда талантты тек қана талант түсінетін заман да өтіп кеткен-ау дейсің.
«Умный талант»
Ал, Қадыр ағаның күнделікті тіршілігінде де, әдеби өмірінде де кызықты сәттер аз болмаған. Өзі жиі айтатын тұлғалар, енді өзі туралы не айтқан дейсіз ғой?!
Бірде ол Хамаңның «Құрманғазысы» туралы 17 бет мақала жазыпты. Сонда Хамаң: «Қадыр көп білетін бала. Бірақ, осы баланың не мақтап, не даттап отырғанын білмейсің» депті. Хамаң осылай десе, Әбең – Әбділда Тәжібаев не деген сонда?
«Қадыр деген бір бала бар. Сол Хамиттың «Құрманғазысындағы» «Толқын» тарауын Айвазовскийдің «Тоғызыншы валына» теңепті. Сұмдық қой» дейді.
Міне, осы екі түрлі пікірдің өзі тұлғаны тануға жетіп жатыр. Мәселен, уақытты пайдалануда Қадырдан озған адам кем де кем шығар. Кейде дүйсенбі күні телефон шалып, «Құдайдың берген жалғыз күнін пайдаландың ба?» дейтін. Сенбі, жексенбіні айтып тұр ғой. Онда да сенбі міндетті түрде қонақпен кететінін біліп, жексенбіні сұрайды. «Қайдан аға, қонақтан қонақ» дейсің. «Ол рас, кейде сені аяймын. Газет жеп тастайды ғой. Мен баяғыда осы газеттен қашып құтылмағанда, қонақ дегенді ұмытпағанда бүгінгі тындырғанымның 50 пайызын да істей алмас едім» дейді.
Онысы рас. Қадағаң кейінгі уақытта болмаса, бұрынырақта қызмет пен қонақтан қашып жүрді. «Социалистік Қазақстанның» Бас редакторы Ұзақ Бағаев әдебиет, өнер бөлімінің меңгерушілігіне қызметке шақырады. «СҚ»-да істеу ол кезде көп қаламгерге қол жетпестей арман болатын. Сыйлас азаматтың көңілін қайтару тағы да қиын. Содан ойлана келе бас тартады. Әйтсе де, Ұзақ аға «орныңа кімді ұсынар едің?» дейді. Қадағаң Зейнолла Серікқалиевті ұсынады. Осынау көңіліне қонған ұсынысқа Ұзақ аға қатты қуанады.
– Сөйтіп бір кұтылып едім, – деп кеңк-кеңк күледі Қадағаң.
Шынында да, Қадағаң өмір бойы қызметтен қашып жүрген. «Қазақ әдебиеті» де орынбасарлыққа шақырған. Одан да қашқан. Ойын-тойлардан, тіпті, қарындасының да, Әбіштің де тойына бармай өлең жазды. «Қайтесің, біреу ренжиді, өкпелейді, бірақ соның бәрі кейін түсінеді» деп отыратын. Айтса айтқандай, уақыттың қадірін біз білмейміз. Енді міне, жасында көп қызық қумай, жақсы өлең жазған, қазір бүкіл қазаққа мол рухани олжа, қазына болған Қадыр аға өзінің талантты інілерінің тағдырына да көп алаңдайтын. Аманхан мен Қасымхан, Есенғали, Темірғали туралы көп айтатын. «Осы Жарасқанды айтамын. Исключительный талант. Өзін бағалай білмеді», «кеше Сауытбек звандады. Оны да аяймын. Көп оқиды. Әдебиетті жақсы біледі. Өте сауатты, ойлы, мәдениетті, газет жеп қоя ма деп қорқамын. Менің бақытым газетте істемегенім» деп отыратын. Айтса айтқандай, Қадыр аға қайтқанда, қаралы жиында Сауытбек Абдрахманов «Ең көп оқылған ақын» деп биік бағасын берді. Иә, уақытты солай пайдаланбаса, бәлкім, біз қазір Қадыр ақын туралы осылай жазар ма едік. «Адам ет пен сүйектен емес, жүйкеден жаратылған. Бәрі жүйкеге тиеді. Он минуттың өзі бір ғұмырға айналады ғой, өте шығады ғой дүние. Атақ та, абырой да жетеді, бірақ мүмкіндік жоқ. Сондықтан уақыттың қадірін Қадыр білуі керек» дейтін жарықтық.
Орыста Белинскийден асқан сыншы болды ма? Сол Белинский бірде Герцен туралы «умный талант» деп жазыпты. Шынында, Белинскийдің сол сөзін Александр патшаның өзі растаған. Бірде патша министрлерін шақырып алып «бәрің өтірік айтасыңдар. «Полярная звезданы» оқыңдар, мен бәрін содан аламын» депті.
Сол айтпақшы, талантты адамдардың өзі әртүрлі. Шындықты әркім өз деңгейінде, әртүрлі айтады, әртүрлі жеткізеді. Сол шындықты айту арқылы мінезі көрінеді, болмысын бағамдайсыз. Ал енді Қадырды оқыған адамның сол шындықпен нұрланып шыға келетіні рас қой. «Умный талант» деген осы емес пе?! Есенғали ақын бір сөзінде: «Қазіргі қоғамда кейін айтылатын сөздер көп» депті. Кім біледі, сөзді кім айтып тауысқан?! Ал Қадырды оқысаңыз қазірге де, кейінге де айтылтын сөз қалмаған тәрізді. Әсіресе, афоризмдерін айтамын. Оның газеттік емес, кітаби нұсқасын оқыған адам, одан бәрін табады.
Есениннің өліміне ұқсайды
– Қалай дегенде де қазақтың кейбір біртуар тұлғаларының тағдыры да оңай болмаған. Кезеңнің құрбаны болғандар бар екені ақиқат десек те дәлелге келгенде тілімізді тістеп, күмілжіп қаламыз. Мәселен, балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың тағдыры туралы да әрқилы пікір айтылып жүр. «Жазмышта» Бекең басқаша қырынан көрініп еді… Сізде ол кісінің тағдырынан не хабар бар?
– Жақында мен «Жазмыштың» соңғы кітаби нұсқасын қайта қарап шықтым. Енді ол сол күйінде жариялануға тиіс. Көптеген өзгерістер енгіздім. Ең бастысы – толып жатқан жаңа мәліметтермен толықтырдым. Жасыратыны жоқ, енді бір естелік кітабын жазсам ба деген ойым бар. Соған байланысты қазақ жазушылары, өз замандастарым қақындағы кейбір дүниелерді кейбір тұстарда іркіп қалған да сәттерім жоқ емес-ті. Бірақ осы Бердібек ағамыздың өлімі туралы білетіндерімді, естігендерімді «Жазмышқа» кіргізгенді жөн көрдім. Ол кісінің өлімі жайында кезінде жарияланған хабар негізінен, қып-қызыл өтірік боп шықты. Мен оған өз басым кезінде де сенбегенмін. Әлі де сенбейтін жақтарым көп. Өз көздерімен көрген куәгерлердің айтуларына қарағанда, Бердібек Соқпақбаев асылып өлгенге ұқсайды. Әрине, асылып тұрған жерінен босатып алғандарына сенесің. Бірақ оның өз еркімен асылып өлгеніне бәрібір сенбеймін, сене алмаймын. Бұл өзі Сергей Есениннің өліміне ұқсайды. Ең соңғы құрылған комиссия ұлы орыс ақынын алдымен өлтіріп, сосын барып асып кеткен деген қорытынды жасады. Бердібек Соқпақбаев өзін-өзі өлтіретін адам емес-ті. Жалпы, күдік келтіретін өлімдер өте көп. Соның бірі – Жұбан Молдағалиевтің өлімі. Жұбағаң ол кезде ешкім бара алмаған батырлыққа барды. Жүрегің дауаламайтын, аузыңа сыймайтын алапат үлкен шындықты айтты. Содан кейін оның жер басып жүруге қақы болмай қалған болуы керек. Оның өлімі, не болса да, Колбиннің мойнында. Логика солай дейді. Әйтпесе оның ауруы кісі өлетін ауру емес-ті.
– «Жазмыш» осымен бітті ме? Әлде жалғастырмақ ойыңыз бар ма?
– Бітті деуге әбден болады. Діттеген жеріме жеттім. Мақсатым, негізінен, орындалды. Енді одан әрі мыжи бергенде не шығады? Күйіс қайыру – малдың шаруасы. Малдың асылы – жылқы. Оның өзі күйіс қайырмайды. Рас, таза шығармашылық процесс ақындардың қайталанбас даралығы, мінез-құлқы, адами ерекшеліктері, өзгелерге түсініксіз табиғаты, шығармашылықтың құпия сырлары туралы да бірдеңе жазбақ ойым бар. Ол өз алдына жеке дүние, сөйте тұра «Жазмыштың» жалғасына да ұқсайды. Бірақ оның жазылу-жазылмауы бір ғана менің қолымда емес. Құдай біледі…

«Патшалар мен пәтшағарларды» жазбақшы еді

Екі алыптың сондағы кеңкілдей күлгенін еске алсам, дәл қазір де жүрегім жылып коя береді. Екеуінің сол сәт жүректің шамындай болып төңіректі жап-жарық нұрға бөлеп жібергені есіме түссе, қазақтың жақсы-жайсаңдары бір-біріне ұдайы неге осылай жарық түсіріп жүрмейді екен деген ойдың да маңайын мамырлап кетесің. Қадыр аға «Жазмышты» жазғанда әлем қаламгерлерінің тағдырын каузады. «Иірімді» жазғанда өзіміздің қаламгерлердің өміріне терең барды. Пендешіліктерін де жасырмай жазды. Кейін осы кітапқа байланысты Қадағаңнан үлкен сұхбат алғаным бар. Сонда ақын: «Мен өмірге екі келмеймін ғой. Көп ойланып-толғанып бәрін жазып кетуді ұйғардым. Бірақ бір өтірігі жоқ. Қайтесің енді. Өмір ғой. Біз неге оны жасырамыз?» деген еді. «Айту үшін шындықты, өтірік қостым аздаған» деген өлең жолдарын ұлтқа қатысты шындықты жеткізу үшін жазғаны болмаса, шынында да мен білетін Қадыр аға ешқашан өтірік айтқан емес. Қалай дегенде де «Жазмыш» пен «Иірім» қазақ рухани кеңістігіндегі соны құбылыс болған туындылар. «Ақиқат жөтел сияқты, жыбырлап тұрар тамақта» деп өзі айтпақшы, бұл екі кітап сол ақиқаттың алтын көзіндей еді. Оның кереметі сонда – одан әркім өзін айнадағыдай көре алатын еді. Өмірінің соңғы жылдары «осы екі дүниемен рухтас «Патшалар мен пәтшағарлар» деген кітап жазсам, материалдар дайын, тек мойын жар бермей жүр. Бітірген бойда «Алматы Ақшамына» ұсынамын» дейтін. Сөз жоқ, бұл кітап та Қадыр атына сай болар еді.
Жоғарыда айтқан екі жанның бірі менің кіші шешемдей болып кеткен аяулы жеңгем, мұғалима Рыскүл Мағзомқызы Мұртазина еді. Сол күндері осы екі кісі де жан сақтау бөлімінде жатты. Бірі – Алматыда, бірі – Таразда. Қадыр ағаның ауруханаға түскен күні ертеңіне «келіп кетесің бе, қайтесің» дегені есіме түссе, әлі күнге ет жүрегім езіліп кетеді. Көңіл шіркін жамандыққа қисын ба, әдеттегі тексерілу болар, бүгін-ертең кіріп шығармын деп жүріп, екі күннен кейін барып едім, жан сақтау бөліміне түсіпті, кіре алмай қайттық. Тек Салтанат жеңгейді ғана жіберді.
Қадыр ағаға топырақ салған күні елден жеңгем кайтты деген хабар келді. Әрине, бұл кісілер бір-бірін білмейді. Қадыр ағаны олардың бәрі біледі. Олар маған көңіл айтты. Жеңгем марқұм әдебиетті көп оқыған, әсіресе мен сияқтыларға бесінші кластан бас­тап «Огонёкті» оқытқан, бір кездері Сарысу ауданының бірінші хатшысына «Мен Сарысуда мұндай адам бар екенін неге білмеймін, хатшының орны осы кісінікі екен ғой» деп бармақ шайнатқан жеңгем Қадыр ағаның маған рухани демеу, ұстаз болып жүргенін елден ерек мақтан тұтатын еді. Топырағың торқа болғыр жеңешем сол бір қиналып жатқан күндері қасында болмағаныма ұстазымның басындағы жағдайды білгенде кешіріммен қарар еді-ау деп және ойлаймын.
Бұл жолы келмеске кеткен көркем күн­дер­дің бір сәтін қаз-қалпында ғана көктей шолып айттық. Ақын туралы терең толғап жазар күн әлі алда. Әлі талайлар Қадыр туралы қалам тербейтініне шүбә жоқ.
Қазір қаралы көңіл бәріне сенгендей.
Бүгінде осы бір рухани тағдырлары ұқсас жандар салған азаптың ауылы да алыстап бара жатқандай еді. Солай екен ғой деп жүрген бір күні редакцияға бір қазақ телефон шалып: «Енді Қадырдың афоризмдері тоқтай ма?» деді.
Мен: «Өкінішке орай, Қадыр тоқтамайды ғой» дедім.
Телефон шалған қазақтың не кінәсі бар? Енді ақынның афоризмдерін оқымайтынын ойлағанда оның да өзегі өртеніп тұрған болар-ау.
Иә, Қадыр тоқтаушы ма еді. Бір де бір күні ойсыз, жазусыз өтпеген Қадыр тоқтаушы ма еді. Ол телегей-теңіз, мұхит қой.
Білетіндер «Жұмақтың сегізінші есігі – сағыныш» дейді. Маңайыңнан мейірім маңып бара жатқан мына қасап заманда біреу біреуді сағынар ма екен?! Кім білсін?!.
Ал, рухани әкеміз Қадырды сағынудың көкесі енді басталарына еш күмән жоқ. Ол бізді әлі талай-талай аңсататын болады.

Ұлылардың өлген күні болмайды

Бала Евтушенко Пастернактың үйіне жиі барады екен. Оның келгенін ақынның әйелі жақтырмайтын көрінеді. Өйткені, әр келген адам көңіл-күйін бұзып кететін болса керек. Евтушенко сонда да түрлі сылтау тауып келе береді. Тіпті, оны бір күн көрмесе тұра алмайтын күйге жетеді. Ал, Пастернактың жағдайы қиын. Артына шала байланған кез. Ұлы ақынның әңгімесіне әбден ұйып, есі кеткен бала ақын бір күні оның ашулы сәтіне тап болады. Әңгіменің бір шырқау сәтіне келгенде ұлы дарын: «Мен туған күнімді өле-өлгенше жек көремін» дейді.
Осы сөздің астарын бала ақын Евтушенко жылдар өткен соң түсініп, ұлы естелік жазды. Бұл әңгімеден қандай сыр аңдауға болады? Ұлы ақын туған күнін қанша жек көрсе де, өлген күні ертесіне-ақ аңызға айналатынын сезді ме, сезбеді ме, ол жағын кім білсін, бірақ Нобель сыйлығын иеленіп, тарихта қалды. Қазір есімі тарихи тұлғалармен қатар жиі аталады. Бүкіл қазақ жақсы көретін Қадыр Мырза Әли туралы ойлағанда мен де сол Евтушенконың күйін кешемін. Әрине, жан дүниеміздегі қайшылықтарда ұқсастық болмаса, Евтушенко қайда, біз қайда, мүлдем басқамыз ғой. Бірақ, Пастернактың парасаты­на бас иген Евтушенкодай болғанымыз рас.
Қадыр ағаның қасында көп жүрдік. Жәй жүріп қойған жоқпыз, көп әңгімесін көңілге түйдік. Өзі кейде «мен жақсы ақын болмаған күнде жақсы оқырман болатын едім» деуші еді. Біз де, бәлкім, жақсы тыңдаушы, оқырман болған шығармыз, өйткені, ақын туралы әрдайым айтқымыз келеді де тұрады. Ол кісінің белгілі, белгісіз нәрсеге, жұмбақ жаратылыстарға, құбылыстарға деген көзқарасы, пікірі, жауабы әркез дайын тұратын. Себебі, Құдай берген дарынымен қоса, ұшан-теңіз білім иесі еді. Кім өзін қаражаяу сезінсін, әйтсе де біз тосылған болсақ, осы кісінің алдында әңгіме айтуға, білгішсінуге тосылған шығармыз. Шығармыз емес, шын мәнінде солай.
Бүгінде қазақта «Қадыр айтқандай» деп басталатын әңгіме көп қалды. Қайда бармаңыз, Қадыр алдыңыздан шығады. Қуанышта да, тіпті, қайғыда да Қадыр сөзі бізді демеп, жебеп жатады.
«Кім қарапайым жазады, оның оқырман­дары көп, кім күрделі жазады, оның тек түсіндірушілері бар» деген екен А.Камю.
Сол кісі айтпақшы, Қадыр күрделілікке ұрынып, түсініксіз болған жоқ. Қарапайым жазды, терең жазды, сонысымен есте қалды. Содан да болар, ол Сауытбек Абдрахманов айтпақшы, ең көп оқылатын ақынға айналды.
Қадыр ақынды даладағы бақташыдан бастап, жоғарыдағы ұлықтарға дейін жас­танып оқуы да содан. Ұлықтар демекші, «Алматы ақшамында» ақынның афоризмдері өзі өмірден өткенге дейін жарияланды. Сонда талай шенеуніктің сол нөмірді жібермей оқығанының да куәсі болып едік.
Бүгінде тек біреудің аяғын басып, түнде көлеңке іздеп, кектеніп, тістеніп жазатындар ғана ақиқатты айтады деп есептейді қоғам­ның бір бөлігі. Бұл, шынтуайтына келгенде, мәдениетсіздіктің, білімсіздіктің салдары, әлсіздіктің белгісі. Айтқың келсе, биік парасатпен, зор біліммен айт. Талантыңды соған жұмса. Ұлтты өшірудің емес, өсірудің жолы осы. Ол үшін Қадырды оқу керек. Әсіресе, кек­шіл құлдар оқыса дейсің. «Ақиқат жөтел сияқ­ты, жыбырлап тұрар тамақта» деп өзі айт­пақшы, ақиқаттың көкесін Қадырдай ай­тып кеткен ақын көп те емес, аз да емес қазақта.
Қадыр бәрін айтып кеткен. Поэзиялық туындыларын былай қойғанда, «Иірім», «Жаз­мыштың» өзі не тұрады! «Алмас жерде қалмас» атты афоризмдер кітабын оқыған адамның жоғары оқу орнын бітіруі міндетті ме, жоқ па деп те ойлаймын кейде. Бүгінде ойын-тойда, үлкен форумдарда жиі шырқалатын «Атамекен» әнінің әуенін былай қойғанда, сөзіне қарадан-қарап көңілі босаған жандардың талайын көрдік. Бірде бір дәрігер достың «күннің өзі ұясына, қимай оны батады екен» деген сөзіне қатты толқығанының куәсі болып едім. «Осындай сөз жазған адамдар да жер басып жүр-ау» деп еді әлгі дос. Ол-ол ма, осы әннің сөзінің құдіретімен елге оралған қандастарымыз да бар.
Қадыр – телегей-теңіз. Оның артында қалған аса бай өз рухани мұрасы, жиған кітаптары, егер өз атына кітапхана беріліп, не мұражай-үй ашылса, қазынаның қазынасы сол болар еді. Бұл Қадырын сағынған ел үшін де қазына аралы болар еді. Қазына дегеннен шығады, «Қазығұрт» баспасы қайсыбір жылы Қадыр Мырза Әлидің 18 томдық таңдамалы шығармалар жинағын шығарды. Осы еңбек баспаға әзірленіп жатқанда біреу Қадекеңнің еңбектерінің 18 томға жететініне күдік келтірсе керек. Әлгі пақыр сол 18 томға Қадағаңның 10 томнан асатын аудармалары сыймай қалғанын қайдан білсін. Бірде Чеховқа бір оқырман «Не арманыңыз бар?» деген сауал қойыпты. Сонда Чехов: «Бір арманым – 28 томды 8 томға түсіре алмай барамын» депті. Толстой қысқа жазуды армандаса, қысқа жазуды өзінің басты қағидасы етіп ұстанған Чеховқа бұл тән шығар, ал, шығармашылығының өнебойында бір фальш табылмаған Қадырдан кандай дана редактор болса да, қысқартатын бір жол таба алмас еді. Қадыр сонысымен Қадыр еді ғой.
«Күніне бір рет езу тартып күле алмасаң, онда ол күнің зая» депті ғой Гюго. Ал, біздің Қадағаң күлкінің де кені еді ғой. Кейде тұнжыр күндерде Қадағаңа телефон шалсаң болды, әйтеуір, бір сөз тауып айтып, көңіліңді де, көзіңді де шайдай ашар еді. Жай айта сал­ған сөзінің өзі де біз сияқты газетшілерге бір тақырыпқа жүк болар еді. Бір мысал айтайын.
Таяуда сайлау науқаны аяқталды. Мен Алатау ауданының №26 сайлау округінен қалалық Мәслихатқа депутаттыққа түстім. Сол күндері Қадыр ағаны жиі есіме алдым. Сайлаушылар тарапынан түрлі сұрақтар қойылды. Біріне берген жауабың тапқыр шықса, енді біріне жалпылама жауап бересің. Сондайда «шіркін, қасымда Кадыр аға болғанда қалай қатырып жауап берер еді» деп те ойлаймын. Бір кездесудің соңында бір кісі менің шыққан тегіме қызығушылық білдірді. Ол кісіні кінәлаудың қажеті жоқ. Бұл да болса қазақылықтан қалған бір белгі ғой. Әйтсе де сол сәтте Қадағанның бір әзілі тіл ұшымда тұрса да, ол кісіні естімеген болып, әлдекімдермен сөйлескен болып, сұрағына жауап бермей кеттім.
Ол қандай әзіл еді?!
Қадыр аға қайсыбір жылы өзінің туған өңірі Орал жақтан Жоғарғы кеңеске депутаттыққа түседі. Облысты аралап келіп, өзі туған ауданға келеді. Жұрт жапырылып қарсы алады. Дембіл-дембіл кездесулер өтеді. Сондай бір кездесуден соң дастархан үстінде бір совхоз директоры руын сұрап қоймайды. Қадағаң естімеген болып отыра береді. Сәлден соң ел аяғы басылып, оңаша қалғанда, енді сәті келген шығар деп совхоз директоры әлгі әңгімені қайта бастайды. Сонда Қадағаң: «Әй, бауырым, депутатта ру болса болатын шығар, ал, депутатқа кандидатта ру болмайды» депті.
Міне, «қайда барсаң да Қадыр алдыңнан шығады, талайларды Қадыр құтқарып жүр» деген сөзге мұндай мысалдар жетіп-артылады.
Осындай адамды өлді деуге бола ма? Ақынның ең соңғы өлеңі «Жоқ, өлмеймін!» деп аталады.
Дананың аты – дана. Біз секілділердің күйбең тірлікпен қалам тартуға уақыты бола қояр ма екен деді ме, өмірінің соңғы күн­дерінде жазған өлеңінде де өзі айтып кеткен екен:
Көк дауылмен жағаласып кемеміз,
Көк мұхитта қақпақыл боп келеміз.
Өстіп жүріп бір күні
Өлеміз-ау, Өлеміз-ау,
Өлеміз!
Кейбіреулер соны неге ұқпайды,
Қадалады жүрегіме мық-қайғы.
Мен де өлемін,
Менің бірақ есімім
Жазушылар
тізімінен шықпайды!
Пендемін ғой,
Тау болсам да шөгер ем,
Гүлдей солам,
Бірақ қайта көгерем:
Тірілердің көзіне оттай басылар,
Талай-талай немерем мен шөберем.
Өліп-өшкен ғашық жігіт
Күніне
Мендік көзбен қарар сүйген гүліне.
Мен болмаспын,
Бірақ сөзім оралар
Сайрап тұрған шешендердің тіліне.
Жүрек неге,
Өкпе неге алқынды?
Қимайды ма өте шыққан бал күнді?
Әдемі әзіл бір кездері мен айтқан,
Әлі талай ду күлдірер халқымды.
Амал қанша!
Татар дәмім таусылды,
Қабірстан құшағымен қаусырды…
Жоқ! Өлмеймін!
Елім талай естиді
Лентаға жазып алған даусымды!
Кейбір жырым дән ұшырып қырманда,
Кейбір жырым бақташы боп жүр маңда.
Жоқ! Өлмеймін!
Правом жоқ өлуге,
Сөз сыйлайтын халқым аман тұрғанда!
«Ұлылардың туған күні ғана болады, өлген күні болмайды» деген рас.

 

Қали СӘРСЕНБАЙ,
Қазақстанның Еңбексіңірген қайраткері

qazaquni.kz




Осыған ұқсас:

  1. «Адамзатқа бүгін біз тіл қатайық…»
  2. Мекемтас Мырзахметұлы: Көп адам Абайды түсіне алмайды
  3. ӘМІРХАН БАЛҚЫБЕКТІҢ 50-жылдығына ДАЙЫНДЫҚ БАСТАЛДЫ
  4. ДУЛАТ ИСАБЕКОВ КІТАПХАНАСЫ АШЫЛДЫ (ФОТО)
  5. Қазақ әдебиетінде ұрлықтың мыңдаған мысалы бар…
  6. Қабдеш Жұмаділов: Исі қазақ екі қатын алғанды ар көрмеген

Facebook арқылы пікір жазу



1 пікір жазылған

Пікір жазу
  1. Зейнолла 10 Маусым, 2018, 20:20

    Қайран Қадір Мырза Əли! Керемет ақын еді ғой

Пікір жазу үшін тіркеліңіз немесе кіріңіз.