Қытайларды жамандап, теріс ақпарат таратқан Арқалық тұрғыны 12 млн теңге айыппұл төлеуі мүмкін

Қостанай облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, 30 мамырда WhatsApp желісінде «қытайлар бейіттерді қиратып жатыр» деген жалған ақпарат тарады.

Полиция ақпаратты Арқалық тұрғыны 33 жастағы әйел адам екенін анықтады. Келіншек желіде Арқалықтың Ашутасты ауылында «қытайлар бейіттерді қиратып жатыр» деген хабарлама келгенін айтады. Кейін ол ақпаратты сақтап, WhatsApp желісі арқылы таратқан.

«33 жастағы Арқалық тұрғынына қатысты ҚР ҚК-нің 274-бабы 2-бөлігінің 3 тармағы (телекоммуникация желілері арқылы көрінеу жалған ақпарат тарату) бойынша сотқа дейін тергеу амалдары басталды», - делінген баспасөз хабарламасында.

Аталмыш бап бойынша бес мың айлық көрсеткіш түрінде айыппұл немесе дәл сол көлемдегі түзеу жұмыстары немес екі жылдан бес жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе дәл осындай уақытқа бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары өңір тұрғындарына күмәнді және дәлелденбеген ақпаратты таратпауға кеңес берді.

Басылымда айтылғандай, Ашутасты ауылындағы зират қиратылған. Бұл вандалдық әрекетті оқушылар жасағаны анықталды.

Дереккөз: Қазақпарат