ЕЛІМ деп ЕҢІРЕП КЕЛГЕН ҚАЗАҚ ӘЙЕЛІН ҚЫТАЙҒА ҚАЙТАРУ - АЖАЛҒА АЙДАУ!
2018 ж. 28 мамыр
23617
26
Ауласына кіріп кеткен аң-құсқа да жанашырлық танытатын Қазақ емес пе едік?

ШЕКТЕН ШЫҒА БЕРЕТІН ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІНЕ ШЕКТЕУ БОЛА МА ?
Дәл қазіргі уақытта Қытайдан Қазақстанға заңсыз өтті деп, тұтқындалып, тергеліп жатқан Сайрагүл Сауытбайдың елден араша сұрап, баспасөз мәслихатын өткізген жұбайы Уәли Сілам да, видеоүндеумен жар салған қайнысы Нұрболат та қоғамдық ұйымдардың телефондарына жауап бермей, жасырынып жүр. Бұны ел олар ҰҚК тергеушілері қысымынан қорыққандықтан, жасырынуда деп ойлауда. Сайрагүл Сауытбайдың өзінің қайда ұсталып отырғанынан да бәріміз бүгінге дейін хабарсыз болып келдік. Сайрагүл Сауытбайдың құқығын қиындық көрген әр қазақтың қасынан табылатын белгілі заңгер, адвокат Абзал Құспан қорғайтын болады. Ол қазақ әйелін Қытайға жібермеу үшін барын салатынын айтуда. Бүгін заңгер Абзал Құспанның Сайрагүлдің Қорғаста қай жерде отырғанын білу үшін оның күйеуін де, қайнысын да таппай отырғандарын жазып, сондықтан «Тіл жанашырлары» тобында сұрау салуына байланысты Желтоқсан ардагері, қоғам белсендісі Жанат Мырза өзінің байланыстары арқылы Жаркент қаласына, Қорғас кеденіне шығып, жан-жақты іздестіріп, Сайрагүл Сауытбайдың Жаркент қаласындағы Панфилов аудандық ішкі істер басқармасының уақытша ұстау изолияторында жатқанын анықтады. Куәлердің айтуынша Сайрагүлді жалаңаяқ, жөнді киімсіз сүйреп алып келген. Оның хәлі ауыр, өзі қатты ауру, қайда екені белгісіз болғандықтан изолияторға артынан бір де бір адам іздеп келмеген әлі. Оған алдымен киім кешек керек екен. Тергеушісі Влад Антонов деген орыс ұлты өкілі көрінеді. Мен мына хабарды естіп, біраз қан қысымым көтеріліп, есеңгіреп отырып қалдым... Қазақ елінен араша сұрап, осындағы отбасын іздеп келген Қазақ әйеліне Қазақтың ҰҚҚ Шекара қызметі тергеушілерінің көрсеткені осы ма? Сонда біздің тергеу орындарының ол жанталасып қашып келген Қытайдың «саяси үйренуіндегі» сұмдықтардан қай жері артық? Мына түрімен, бұлар Қазақстанның тиісті орындары мен қоғамдық ұйымдары араша түсіп, айқай көтермесе, Қытайға «тапсырмаларыңызды тастай қылдық» деп, құлдық ұрған қуанышты түрде өткізіп жіберетін сыңайы бар ма деп күмәнданасың.. Сонда біздің шекарашылар шекараның ар жағындағы елге қызмет ете ме, бізге ме? ҰҚК Шекара қызметінен Сайрагүлден жауап алатын бір қазақ әскери тергеушісі табылмаған ба? Өзіміздің қазақ министрлер мен әкімдер қазақшаны Елбасы тапсырмасынан кейін енді үйреніп жатқанда (ешқандай елде болмайтын масқара!), Шекара қызметінде қайдан қазақ тілін білетін орыс тергеушісі болады?!. Сайрагүл орысша білмейді, 27 жылдан бері Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің тергеушісі мемлекеттік қазақ тілін білмейді, (ешқандай елде болмайтын масқара!) сонда олар қалай сөйлеседі? Сайрагүлдің құқы қалай қорғалады? Мен біздің Ұлттың қауіпсіздігін қорғайды деген ҰҚК ұлтты қорлайды ма деп, Шекара қызметінің қатыгез қарекеттері мен тасжүрек пиғылдарынан қорқайын дедім. Өйткені, өткенде ғана ҰҚК Шекаралық бақылау қызметі Қазақстанға ықтияр хаты болса да, аяғы ауыр болғандықтан, кезекте тұрып құлап қалған қазақ қызы Жайнагүл Ғажапқызын Алматы әуежайынан кері қайтарып жіберіп, бүкіл қазақ шулап жүріп, Қытайға жібермей қайтарып алдық. Әлі де оның тағдыры белгісіз болып тұр. Сонда Қазақ қыздары Сайрагүлдер мен Жайнагүлдерді кім қорғайды? Енді бүгінгі Тәуелсіз Қазақ елінде болып жатқан ҰҚК Шекара қызметінің шектен шыққан осындай әрекеттеріне кім жауап береді? Сол кезде «Қазақ үні» порталында ақын, қоғам қайраткері Алмас Ахметбекұлының: «Шекара қызметінің кешегі әрекеті – ҰЛТТЫҚ ТРАГЕДИЯ» атты сұхбатын жарияландық. Сонда біздің көтерген «Шыңжандағы ҚАЗАҚТАР ШЕКАРАНЫ кесіп өтсе НЕ БОЛАДЫ?»-деген мәселеге: «Бұл мәселені ұлттық деңгейде көтеруіміз керек. Бұдан кейін де мұндай жағдайдың талайы болады. Қазір Шыңжандағы жағдай қиын. Ол жақтағы қандастар жаны қысылып, бір күнде шекараны кесіп өтіп шығатындар шығып жатса не істеуіміз мүмкін? Біз Шекара қызметін, Ұлттық қауіпсіздік қызметін осыған дайындауымыз керек.»-деген жауап алған болатынбыз. Біз айтып, ауыз жиғанша, Қытайдағы қысымға шыдамай, арғы беттен Атамекенін аңсап, өзінің отбасын, жары мен екі баласын бір көруге шекарадан заңсыз болса да кесіп өтіп жеткен Қазақтың анасы Қазақтың елінде кеудесінен кері итеріліп, тағы азап көріп, ажал аузында жатыр... Яғни, бұдан бұрын жазғанымыздай, біз Шекара қызметін, Ұлттық қауіпсіздік қызметін осыған дайындай алмай отырмыз! Ауласына кіріп кеткен аң-құсқа да жанашырлық танытатын Қазақ емес пе едік? Біз Панфилов аудандық ішкі істер басқармасына хабарласып едік, кезекшіліктегі полиция майоры Олжас Сопанов Ішкі істер басқармасы басшысы Рауан Ахметов те, оның орынбасарлары да ауданда кісі өлімі оқиғасы болғандықтан орындарында жоқ екенін жеткізді. Бірақ Сайрагүл Сауытбайды тергеу үшін екі айға тұтқындауға санкция берілгенінен хабардар болдық. Сонымен бірге ол бұл іске Алматы облысы Қорғас шекара қызметі 20/88 әскери бөлімі жауап беретінін, қазір Сайрагүлді тергеу үшін солар алып кеткенін хабарлады. Ал Қорғас шекара қызметінің басшысы Алмас Тілеубайға хабарласу үшін 872831-33-210, 33220 телефондарына соғып, 20/88 әскери бөлімнің тергеуге дейін анықтау бөлімі бастығы міндетін атқарушы Влад Антоновтың көмекшісі, сержант Серік Рахметжановпен сөйлесіп, Сайрагүлдің жағдайын сұрадық: -Сайрагүл Сауытбайға екі айға санкция берілген, қазір тергеу жүріп жатыр, -деді ол. - Сіздердің әскери бөлімде қазақ тергеуші жоқ па, неге орыс ұлтының өкілі тергеуде. Ол қазақша, Сайрагүл орысша білмейді ғой. -Иә, бізде сол жалғыз тергеуші. Оның үстіне Сайрагүл «қытай тілінде жауап беремін , сол ыңғайлы» деді. -Сонда аудармашы арқылы алынып жатыр ма тергеу? -Иә, солай. -Бізге куәгерлердің айтуынша, Сайрагүлдің үстінде жөнді киімі де жоқ, жалаңаяқ алып келген екен изолияторға. Сонда тергеушіліер үйінен ай-шайға қарамай сүйреп шыққан ба, неге бұлай? -Енді үстінде қандай киімі бар, солай келді ғой, киімдері бар, жалаңаяқ емес бірақ. Кеше күйеуі келген, оған да айтып жібергенбіз керек киімдерін әкеліңдер деп. -Ең бастысы елім деп еңіреп келген қазақ әйелін Қытайға жібермеу керек қой. Ол жаққа барса не болатыны белгілі ғой. -Енді ол мәселені сот шешеді ғой, біздің құзырымызда емес. Біз Сайрагүл Сауытбайдың басынан өтіп жатқан сұмдықты естігесін, оралмандар құқығын қорғап жүрген «Атажұрт» жастар қоғамы төрағасы Қыдырәлі Оразұлы мен Серікжан Біләшұлына шұғыл телефон соғып, олар Жаркентке киім кешек алып баратын болды.
Сайрагүл Сауытбайға саяси баспана сұрау керек!
«Сайрагүл Сауытбайдың ҚР аумағына кіретін заңды құқығы болмаған. Себебі оның ҚКП (Қытай коммунистік партиясы болар) мүшелеріне шетелге шығуға мүмкіндік беретін төлқұжаты тартып алынған (балабақша меңгерушісі болып жұмыс істеген). Сәуір айында Қытайдың шекара қызметіндегі жемқор шенеуніктердің көмегімен «Қорғас» ШЫХО-ға кіретін жалған рұқсатнама жасап алып, шекараны заңсыз кесіп өткен» – дейді. Енді осы сөздерге назар аударсақ, шекараны кесіп өту фактісі екі айға жетпейтін уақыт аралығында, яғни сәуір айында орын алған. Сонда қалай, осы уақыт ішінде Қытай жағы «шекара қызметіндегі жемқор шенеуніктерді» анықтап, оларға сот үкімін шығартып, ол заңды күшіне еніп үлгерген бе? Қытайда сот үкімі шығарылмаған адамды айыптап сөйлеуге заң мүмкіндік бере қалған жағдайдың өзінде, Қазақстанның заңы бойынша ол мүмкін емес, бұл жерде біздің ҰҚК өз заңымызды басшылыққа алуы керек. Одан кейін, балабақша меңгерушісі Қытайдан шығуға болмайды, оның төлқұжаты тартып алынған деген не сөз? Біз сонда шынымен Қытай жағының бұл уәжімен келісіп, өз қандастарымызды осылай оп-оңай жығып бере салмақпыз ба? Егер ол Қытайдың қауіпсіздік органдарында қызме етсе түсінуге болады, ал балабақша меңгерушісі біз білмейтін қандай мемлекеттік құпияны жария етуі мүмкін? Сонымен қатар, Қытайдан Қазақстанға төлқұжатсыз, бір реттік рұқсатнамамен өте алады дегенге өз басым сенімсіздікпен қараймын. Қолданыстағы заң талаптарына сәйкес, адамның жеке басын сәйкестендіру (идентификация личности) төлқұжат арқылы жүзеге асырылады. Ал, рұқсатнама төлқұжатты алмастыра алмайды. Осыған байланысты, Қазақстан тарапынан шекара қызметі өкілдеріне қатысты Сайрагүл Сауытбайдың ҚХР-дан ҚР-ға мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды ма екен, әлде іс тек қана Сайрагүлге ғана қатысты қозғалып отыр ма деген заңды сұрақ туындайды менде. Әрине, әзірге ол іске тікелей араласа алмаған соң, қолда бар ақпарат бойынша болжам жасау ғана қолдан келеді, дегенмен қазір барлық БАҚ өкілдері бұл мәселені барынша таратып қоғамназарына ұсынбаса, ҰҚК шекара қызметі Сайрагүл Сауытбайды Қытайға беріп жіберуі әбден мүмкін нәрсе, ол өздерінің профильді заңдарымен нақты көзделген. Сондықтан, заңгер ретінде Сайрагүл Сауытбайға немесе оның туыстарына менің тарапымнан нақты ұсыныс, ол – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссия алдында Сайрагүл Сауытбайға саяси баспана сұрау! Қытайдағы қазақтардың қысымға ұшырап жатқаны қазіргі таңда бүкіл әлемге мәлім, оның үстіне ҰҚК жауабынан ақ көрініп тұрғандай балабақша меңгерушісі қызметін атқарғаны үшін, елден шығуға тиым салу фактісінің өзі ақ, Сайрагүлдің азаматтық құқығын аяққа таптау болып табылады. Сонымен қатар, бұл мәселеге адам құқықтары жөніндегі уәкіл, яғни омбудсмен Асқар Шакировтың да назарын аудару қажет. Сайрагүлдің мында, Қазақстанда заңды некедегі күйеуі және кәмелетке толмаған балалары бар екенін есте ұстайық. Сайрагүл Сауытбайдың өзі әзірге Қазақстанның азаматы емес шығар, бірақ ол бірінші кезекте АДАМ! Әншейінде, боқтан өзгенің бәріне араласатын, ал қазақ мәселесіне келгенде жұмған аузын ашпайтын омбудсменнің біз үшін пайдасы бар ма, жоқ па сыналатын кезі келді. Бұл мәселені, бір Сайрагүлдің туыстарының мойнына артып қоймай бүкіл ел болып, қоғам болып көтеруіміз қажет! Сонда ғана нәтиже болуы мүмкін! Сонда ғана қандасымызды АЖАЛДАН АМАН АЛЫП ҚАЛА АЛУЫМЫЗ мүмкін…» - деп жазған болатын белгілі заңгер. Иә, Қытайдың ауыр қысымынан Атамекенге Елім деп еңіреп жеткен Қазақ қызын паналатып, саяси баспана бере алмасақ, елдігіміз қайсы?!. ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚ ЕЛІМ БАР ДЕП, ПАНАЛАП КЕЛГЕН ҚАЗАҚ ӘЙЕЛІН ҚЫТАЙҒА ҚАЙТАРУ - АЖАЛҒА ӨЗ ҚОЛЫМЫЗБЕН АЙДАУ! Ендеше, бұл Қазақ әйелінің тағдырына бәріміз атсалысып, мүмкіндігіміз келгенше, қол ұшын созып, қарлығаштың қанатымен су сепкендей септігімізді тигізейік, Ағайын!