Әмірхан әдебиет үшін жаралған жан - ақынның жары

Мәдениет порталы «Қаламгердің жары» айдары бойынша  ақын, әдебиеттанушы, сыншы, аудармашы Әмірхан Балқыбектің жары Мархабат Шойбекова сұхбат жасады. Сұхбат екі жұптың әуел бастағы таныстығынан бастап өрбиді.

– Мархабат апай, амансыз ба? Немерелі болып жатыр екенсіз, бауы берік болсын! 

– Аманбыз, шүкір. Рахмет, Әсел. Иә, отбасымыздағы ең үлкен жаңалықтың бірі немерелі болып, қуанып жатқан жайымыз бар. Алла нәрестемізді ғұмырлы етсін!

– Сіз қазақ әдебиетіне жасындай жарқылдап келіп, өз қолтаңбасын қашап қалдырған Әмірхан Балқыбектей тұлғаның өмірлік серігі болдыңыз. Қаламгердің жары болудың салмағы қандай? 

– Шығармашылық адамының жары болу оңай деп айта алмаймын. Ақынның бірде дана, бірде бала болатын кездері көп болады. Әйел адам сабырлылық, төзімділік, шыдамдылық таныта білмесе отбасында түсініспеушілік болуы мүмкін. Сосын қосағыңның қабағына қарап, оның шығармашылығымен айналысуына мүмкіндік жасамасаң болмайды. Әмірхан мінезді жігіт болғанмен, мені ренжітіп алса, қайтымы тез еді. Ондай кезде мен үндемей асүйдегі тірлігімді жасап жүрем. Жарты сағат өтер-өтпестен келіп «Мәкішім менің» деп бетімнен сүйіп кететін.

– Өзіңіздің бір сұхбатыңызда Әмірхан ағамен «Парасат» журналында қызмет істеп жүргенде таныстық деп айтқаныңыз бар екен. Біздің порталдың оқырмандарына осы жайында толығырақ айтып өтсеңіз...

– Иә,  Әмірханмен «Парасат» журналында таныстық. «Парасаттан» бұрын «Халық Конгресі» деген газетте Қалихан аға Ысқақовпен бірге қызмет істегенмін. Кейіннен ол кісі «Парасат» журналына ауысты да, мені сол жаққа жұмысқа шақырды. Мені Әмірханмен таныстырғаннан кейін, оған айтқан екен «Осы қыз саған әйел болады» деп. Сол жылы Әмірханның алғашқы кітабы «Метаморфоза» жарыққа шыққан болатын. Маған арнаған өлеңімен қолтаңбасын жазып, кітабын ұсынды. Әмірханның отты жанары жанымды бірден баурап алды. Сол таныстығымыз көп ұзамай үлкен махаббатқа ұласты. Екеуміз жұмыстан бірге қайтатынбыз. Қанша жаяу жүрсек те шаршамайтынбыз. Бір қызығы, ол маған ертегі айтып беретін, ертегі аяқталғанда пәтерге де жетіп қалатынбыз. Сонымен ойласа келе, 8 наурыз мейрамы қарсаңында бас қосатын боп шештік.

– Қыздарыңыздың есімі Қасиет. Ерекше есім. Әмірхан аға өзі қойды ма? Қасиет дүниеге келгендегі ағаның ең алғашқы әсері, көңіл күйі қандай болып еді?

– Қасиеттің есімін атамыз қойған. Әмірханның әкесі. Ол кезде ұялы телефон деген жоқ. Ауылмен пошта арқылы сөйлесеміз. Біз тұратын пәтердің иелерімен қабырғалас тұрдық. Ауылдан атамыз жиі хабарласып, жағдайымызды біліп тұратын. Бізге хабарласқанда, пәтеріміздің иесі қабырғаны қатты-қатты соғып белгі береді. Содан жүгіріп барып атамызбен сөйлесетінбіз. Қасиет туылғанда да солай байланысып, есімін Қасиет деп қоямыз деді. Әмірхан қызын менен бұрын көрген. Яғни, бөпені анасына емізуге әкелмес бұрын, медбикелердің тілін тауып, ішке кіріп, қызын көріп шыққан екен. Сол кішкентай қызына арнаған өлеңі:

Қызым Қасиетке

Кіргізетін кішкене үйдің қызуын,

Қызым менің, кіп-кішкентай қызығым.

Қазір сенің былдыр қаққан бесігің,

Ашар ертең кең дүниенің есігін.

Аспан, күнді өз көзіңмен көрерсің,

Жаратқанның құдіретін сезерсің.

Ой ойларсың ұзақ түнге жатып ап,

Не болмаса сол ойлыны бақылап.

Тек әйтеуір адал болсаң болғаны,

Осы болды жан әкеңнің арманы.

Жағалауға жүзген жандай жан сала,

Басы қатты ой-қиялдан қаншама.

Сол ой-қиял сені де алып кетердей,

Міне, отыр ол қасыңда

жөтел қысса да жөтелмей

Тілек айтпас дана бол деп ол саған,

Тілек айтпас бала бол деп ол саған,

Ерте ме кеш балалық шақ өтеді,

Бір ғұмырға бір балалық жетеді.

Кезің келер таным-талғам толысқан,

Тек аман бол, өз ісіңе бекем бол,

Бір адамға бір ғұмырға жетер сол.

Жан әкеңдей сыйла туған тіліңді,

Тіл деп жүріп жүрегі оның тілінді.

Мінезімен ұқсап қалған далаға,

Оған емес, ұқсашы ана анаңа.

Көшесіне әкең ойы шашылған,

Мына қала сипамайды басыңнан.

Бір тұрғанда дала желі әкелген

Өзгерек бол, кішкентайым, әкеңнен.

Алда талай сырласар сәт бар әлі,

Шешең сынды болсаң алғыр жарады.

Ниеті мен пейілін де бірге алғын,

Әлі талай жазылатын жырымда,

Екеуіңді егіз қылып жырлармын.

Қызым менің, кіп-кішкентай қызығым,

Кіргізетін біздің үйдің қызуын.

Сол кішкентай қызымыз бойжетіп, тұрмысқа шықты. Алланың үлкен сыйы – бөпелі болып жатыр. Осы қуаныштарда Әмірхан жанымда болса, ерекше қуанар еді...

– Біз білетін Әмірхан Балқыбек  ақын, жазушы, интеллигент,  әдебиетші, сыншы, аудармашы, бір сөзбен айтқанда, энциклопедия адам. Ол кісінің кітаптарын ашпадым деген адамның өзі жай ғана берген сұхбатын оқыса бір томды төңкеріп тастағандай білім алатыны анық. Ал, біз білмейтін Әмірхан Балқыбек қандай еді өмірде? 

– Әмірхан ешкімге ұқсамайтын дара мінез иесі еді. Таным-түсінігі, мінез-құлқы, өмір салты бөлек болатын. Оның жеке өз әлемі – Әдебиет әлемі бар-тын. Сол Әдебиет үшін жаралған жан еді. Одан басқа ештеңеге қызықпайтын. Той-томалаққа шақырғандарға да барғысы келмейтін. Ондай кезде: «Босқа уақытымды өткізгенше, кітап оқығаным жақсы», – дейтін. Өз ауылындағы ағайын-туыстар қуаныштарына шақырса да, мені жіберетін.

– Әмірхан ағаның өмір сүру салтында өзгеше бір ұстанымдары, әдеттері болды ма? Бір інісіне өзіңіз айтқан екенсіз, алғашында Цойды тыңдайтын, кейін Высоцкийге ауысты деп. Ағаның қызығушылықтарына тоқталсақ...

– Таңертең жұмысқа шығарда атасының (Балқыбек атамыздың) тері сіңген тақиясын иіскеп, сосын Абайдың кітабын ақтарып, бір шумақ өлеңін оқып барып жолға шығатын. Көбіне тарихи фильмдерді көретін әрі дискпен жинайтын. Кітап жинағанды жақсы көретін. Кітап сөресіндегі кітап ескіріп немесе бір жері жыртылып қалса, соны жаңалап немесе кейінгі жылдары шыққан сол автордың кітабын сатып әкеп қоятын. Әмірханның кітапханасында қандай кітап жоқ дейсіз! Әлем әдебиеті, тарих, ЖЗЛ сериясымен шыққан том-том кітаптар, суретшілер жайлы кітаптар, классикалық музыканың фавориттері Моцарт, Бетховен, Бах, т.б. тұлғалар жайлы дисктер – бәрі-бәрі осы кітап сөрелерінде жинаулы тұр.

– Жазуда күй талғайтын ба еді? 

 Көбіне тыныштықты қалайтын. Сосын жазуға түнде отыратын. Үстелдің үстін тап-таза етіп жинап, темекісін күлсалғышымен қоса, қаламсабын, бәрін дайындап қоятынмын. Біз ұйқыға жатқанда, ол жазуға кірісетін. Қолымнан келгенше шығармашылығымен айналысуына мүмкіндік жасадым. Қазірде сол жазу үстеліне отырып, темекісін тұтатып, ойланып отырған сәті сағынышқа айналды...

– Әмірхан аға қанатының астына талантты жастарды жинап жүретін еді ғой. Ол кісі қайтқаннан кейін де інілері өзіңізді ағаның көзіндей көріп, сыйлап, құрметтеп жатқанын естіп-біліп отырамыз. Әмірхан ағаны өз замандастары түсінбегендіктен, жастармен бірге жүрді деп айта аламыз ба?

– Замандастары дұрыс түсінбеді деп айта алмаймын. Бәрімен де сыйласып, араласып жүрді. Кейбір замандасының кемшілігін бетіне айтса, ол дұрыс қабылдамай, кикілжіңге баратын кездері де болған (бұл жерде әдебиетке байланысты әңгіме). Ал, жастар жағы Әмірханды қатты құрметтеді, «еркелігін» де көтере білді. «Менің баһадүрлерім» дейтін. Әлі күнге дейін біздің жағдайымызды біліп, хабарласып тұрады. Өткен 19 мамыр туған күнінде Ақберен Елгезек бастаған бір топ жастар маған гүл шоғын сыйлап, ауызашарға шақырды. Рамазан айында жасаған сауапты істеріне Алланың нұры жаусын.

– Қайбір жылдары «Алаш» әдеби сыйлығының иегерлері қырықтан асып жығылды. Сол кезде Әмірхан ағаның үзеңгілестерінің көпшілігі алды осы сыйлықты. Бірақ тізімде Әмірхан аға болған жоқ... Неге? Жалпы, Әмірхан аға көзі тірісінде өз бағасын ала алды ма?

– «Алаш» әдеби сыйлығын қатарластары алған жылы Әмірханның кітабы жарыққа шығып үлгермеді. Сондықтан тізімде жоқ болатын. Ал өз бағасын алды ма дегенге келсек, өз бағасын алған жоқ. Әлдеқандай бір сыйлық алуға да қызықпады. Хоббиі кітап жинайтын еді дедім ғой. Бір арманы – Ұлттық кітапхананы басқарсам ғой дейтін.

– Әмірхан ағаның Ерлан Жүніспен сұхбатында «Бала күнімде қолыма Джек Лондонның жартылай автобиографиялық «Мартин Иден» деген кітабы түсті. Сол кітапты жазып жатқанда Джек Лондон да роман кейіпкері секілді өзін-өзі өлтіретінін білді ме, жоқ па? Кім білсін? Мені осы сауал ойландырады. Кітапхана сөресіндегі осы кітапқа көзім түскен сайын біртүрлі алағызулы күй кешемін», – деп айтқаны бар екен. Әмірхан ағаның ішінде де бір Мартин Иден өмір сүргені анық қой, солай ма? Қалай ойлайсыз, ішінде қандай өкініші кетті екен?

– Әмірханның ішінде тек Мартин Иден ғана емес, Есениннен бастап Юкио Мисима да өмір сүрді десем, қателеспейтін шығармын. Аласапыран күй кешкен сәттерінде Абайдың кітабын оқып сабырға келетін. Адамның ойын оқитын дәрежеге жеткен жоқпын ғой. Десек те, көп жылдан бері роман жазам деген жоспары болған. Соны жаза алмай кеткені өкінішті. Келесі 2019 жылы Әмірхан 50 жасқа толар еді... Соған біраз жоспарымыз бар. Алла қаласа, 50 жылдығына кітап шығарып, біршама іс-шаралар өткізсек пе деп отырмыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Әсел Кәрібай,

Дереккөзі: madeniportal.kz