ҚЫПШАҚТАРДЫҢ ГҮРЖІ ХАНДЫҒЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ РӨЛІ

Қазақ ғылымы зейін сала қоймаған армян қарпімен тасқа басылған қыпшақ тіліндегі қолжазбаларды зерттеудің қолжетімсіздігі өз алдына, машақаты да қалың. Біріншіден, бұл бағыттағы ғылыми жұмыстар айналымға ене қоймаған әрі пікір алмасатын мамандардың тапшылығы – өрістер ойды өрелей береді. Соған қарамай осы салаға саналы ғұмырын арнап, бір монография және үш кітап жазған түрколог ғалым, Халықаралық Қазақ-түрік университеті Түркология ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, Ақсу ауданындағы Қызылағаш ауылында туған ҚҰДАСОВ Сейсенбай Жолайұлымен тілдесудің орайы келді.

– Сіз Қазақ КСР Ғылым Академиясы Тіл білімі институтының «Түркология және қазақ тілінің тарихы» бөлімінде қызмет істеген 1981 жылдан бері ортағасырлық армян жазулы қыпшақ ескерткіштерін зерттеумен шұғылданып келе жатырсыз. Көне тарихтан көкейге түйгеніміз, қыпшақтар Армения жеріне тұрақтамас бұрын гүржі еліне табан тірейді. Содан кейін барып, әрі қарай дендеп ене береді. Осы жайында бір мағлұмат берсеңіз. – Қыпшақтар ХІ-ХІІ ғасырларда шығысында Ертіс өзенінен бастап, батысында Дунайға дейінгі ұлан-ғайыр даланы жайлаған. Олардың Еуразияны мекендеген халықтардың этномәдениетіне, саяси-әлеуметтік құрылымына өзіндік үлесін қосып, ықпал еткені көне тарихтан мәлім. Бұл мәселе жайында сол дәуірлер мен одан кейінгі кезеңдерден жеткен жылнамалардағы деректерді пайдалана отырып, кейде дұрыс, кейде сыңаржақ айтылған әр елдің тарихшы, археолог ғалымдарының пікірлері де назарға түседі. Шығыс Еуропа қыпшақтарының тарихына қатысты зерттеу жұмыстары баршылық. Ал Кавказ өңірінде, әсіресе Грузия, Армения жерін мекендеген, аталған елдердің саяси өміріне үлкен ықпал еткен қыпшақтар жайындағы деректердің негізінде жазылған дүниелер шамалы. ХІ ғасырдың 60-шы жылдарында қалың қыпшақтың Сары тайпасының (орыс жылнамаларында – шары) Дон өзені мен Азау теңізін жайлағаны, кейінірек Қырым, Солтүстік Кавказды уысында ұстағаны белгілі. Сол кездегі соғыс тәсілін жете меңгерген жауынгер қыпшақтармен одақтас болу Еуропаның барлық мемлекеттерінің, әсіресе, орыс князьдарының басты мақсаттарына айналғаны ақиқат. Осыдан келіп, саяси-әскери одақтастар, құдандалық қатынастар көбейіп, ол өз кезегінде қыпшақтар тарапынан шапқыншылыққа ұшырамаудың кепілдігі ретінде бағаланған. Және орайы келген ұрымтал сәтте қыпшақ әскери күшіне арқа сүйей отырып, өздерінің ішкі саяси жағдайларын реттеуге де мүмкіндік алған. Мұндай жағдай Кавказ елдерінің басында да болғаны мәлім. Қыпшақтардың грузиндерді шапқандары жайындағы деректер араб тарихшысы Ибн әл-Асир еңбегінде айтылады. Давид ІV билікке келіп, 16 жасында тақты иеленген (1089 ж.) кезеңде көшпелілер тарапынан үнемі шапқыншылыққа ұшыраған Шығыс Грузияның жағдайы өте қиын еді. Картли мен Кахетияның көптеген жері сол уақта қаңырап бос қалған-тын. «Мемлекет селжүк сұлтанына салық төлеп тұратын. Ел ішіндегі биліктегі феодалдар – дидебулдар бір орталыққа бағынған билікті – монархияны мойындамай, әрқайсысы өз қарауындағы жұртқа пәрмендерін жүргізуді мақсат етіп, ауызбіршіліктен айырылған еді», – деп жазады Грузия тарихында. Бұл жағдайды ауыздықтау Давид ІV билік құрған 1089-1125 жылдары ғана, белгілі дәрежеде, мүмкін болады. – Қыпшақ хандығының бір дәстүрі, жаулаған елдерінің басшыларына қыздарын беріп, татулықтың іргесін нығайтқан. Сол шапқыншылықтан кейін де қыпшақтың бір қызы гүржі еліне ұзатылмай ма? – Мұның алдында Давид патша өзінің алғашқы армян әйелімен ажырасып, Сары қыпшақтың атақты ханы Шаруқанның ұлы Артықтың (Атырақ – орыс жылнамалары бойынша) қызымен отандасқан, қыпшақ жұртына күйеу болатын.  Қыпшақ қызы Грузин елінде Гурандухт  (Турандот) патшайым деген атпен белгілі болады. – Көптеген мәліметтерде, әсіресе, ғаламтор жүйесінде Давид ІV Артықтың қызы емес, Шаруқанның қызын алған. Турандот Артықтың я қарындасы, я әпкесі сияқты баяндалады. – Ол жаңсақ пікір, Турандот Артықтың қызы. Бұл жөнінде Грузия тарихының дерек көздері жөніндегі комиссия мен Грузия тарихшыларының Ұлттық комитеті мақұлдаған «Картлис цховребе» (Грузия тарихы) кітабында нақты жазылған. – Қырымның оңтүстік-шығысындағы Феодосия шаһарына тұрақтап қалған Италия көпесі ұлына арнап өмір сүрудің нұсқаулығын жазып қалдырғаны тарихтан белгілі. Онда Ұлы Жібек жолы арқылы сауда жасау мақсатында Үндідегі Мог (Йаджуж) пен қиыр шығыстағы Магогқа (Маджуж) қалай бару жайы айтылады. Нұсқаулықтың соңында осы істі жүзеге асыру үшін не керектігіне баса тоқталады – сақалды өсіріп, қасыңа үш күтушіңді ертіп және қыпшақ тілін толық меңгеруің тиіс деген аманат жүктейді. Бұны айтып отырған себебім, гүржілер де қыпшақ даласына келгенде қыпшақ тілінде сөйлеген шығар. – Георгий ІІ патшаның ұлы Давид ІV Грузия мемлекеттігін құрудағы үлкен саясаткерлігі, әскери қолбасшылығы арқасында тарихта Давид Құрылысшы (Строитель) деген атаққа ие болған мемлекет қайраткері. Оның шығыс-христиан ғылымымен қатар араб, парсы тілдері мен тарихын жете меңгергені «Патшалардың патшасы Давидтің тарихы» деген сол кезеңде жазылған тарихи еңбекте жан-жақты баяндалған. Соған қарағанда ол қыпшақ тілін білмей қалуы еш қисынға келмейді. Бірнеше тілді меңгеру ол кезде де көкейкесті жайттардың бірі еді. – Грузия өзінің тәуелсіздігі мен хандығын сақтап қалу жолында қыпшақтардың әскери жәрдемі мен қыпшақ ханының қызы Турандот ханшайымға борышты деген де жазбалар ұшырасады. – Иә, қырықпышақ болып, өзара қырқысқан дидебулдардың елді жаулап алған селжүктерге қарсы күресуге дәрмені жоқ еді. Сондықтан, бір орталыққа бағынған біртұтас Грузия мемлекеттігін құру үшін патшаға сенімді, күшті әскери құрылым қажет болды. Мұндай күш – сол кезде Солтүстік Кавказ бен Дон, Қобан, Азау бойын мекендеген қабырғалы қалың қыпшақ елінің қайтпас қайсар жауынгерлері еді. Сонымен қыпшаққа күйеу Давид ІV жан-жағынан жау анталаған алмағайып заманда қыпшақ билеушісі Шаруқаннан жәрдем сұрауға мәжбүр болады. Қыпшақтардың мұнан бұрын да грузиндерге жалдамалы әскер ретінде көмек көрсеткендігі тағы бар. Давид патшаның алғашқы армян әйелімен ажырасуының негізінде де түбінде қалың қыпшаққа сүйенбей күшті мемлекет құра алмайтынын болжағандығы жатқаны көрінеді. Сөйтіп, Давид патша 1118 жылы қасына кеңесшілері мен нөкерлерін ертіп, Солтүстік Кавказды жайлаған қайын жұрты қыпшақтардан келіп көмек сұрайды. Сол жылы Шаруқанның ұлы Артық бастаған 45 мың үйлі қыпшақты Дарьял асуы арқылы Қап тауының арғы бетіне алып өтіп, Грузия жеріне, ру-руға бөліп орналастырады. «Грузия тарихында» әскери қызметке қажетті керек-жарақтармен қамтамасыз етілген ол қыпшақтардың екі жылдан кейін 40 мың атты әскер шығарғандығы, сондай-ақ, патша мен оның отбасын қорғайтын, монаспа деп аталатын, 5 мың адамдық ерекше гвардия құрылғаны айтылады. Сонымен Грузин-тарихшы-жылнамашысы жазғандай «сатқын», «екі жүзді», «басбұзар» дидебул-феодалдарға қарсы осындай күшке сүйенген Давид патша енді түрік-селжүктермен батыл шайқасқа шығады. Селжүк әскерлерінің құрамында оңтүстіктен барған мұсылман қыпшақтардың болғандығын және олардың Дербент маңын мекен еткендігін де айтпасқа болмайды. Ширван патшалығы мен Арменияны селжүктерден азат етуде қыпшақ қосындары алмас қылыштай жарқылдап, біртұтас Грузия мемлекетін құруда ерекше рөл атқарады. Осы қызметтері үшін Давид патша оларды ел басқарудағы маңызды орындарға тағайындайды. Қыпшақтар Грузия мемлекетінде үлкен саяси күшке айналады. Давид ІV патша өлгеннен кейін (1125 ж.) таққа отырған оның баласы Деметре І (1125-1156 ж.), немересі  Георгий ІІІ кезінде қыпшақтар грузин патшаларына үлкен сүйеніш болады. Георгий ІІІ патшалық құрған (1156-1184 ж.) кезеңнің 1177 жылы әмірсыпасалар Иванэ Орбели өзінің сыбайластарымен бірігіп патшаға қарсы көтеріліске шығады. Бұл дүрмекті қыпшақ әскерінің күшімен басқан патша Орбелидің орнына қыпшақ Құбасарды тағайындайды. Осындай үлкен қызметтер Апридон, Құтлы Арсылан, Чиабер сияқты сенімді адамдарына да беріледі. – Мемлекеттік ішкі саяси ахуал ушықты тұста қыпшақтар ықпалы қалай көрінді? – Георгий ІІІ өлгеннен кейін, 1184 жылы патша сарайындағы күрес оты қайта тұтанады. Георгий ІІІ патша көзі тірісінде ұлы болмағандықтан қызы Тамарды (жалпы жұрт Тамара деп кеткенімен оның есімі Тамар) тақ мұрагері деп жариялаған болатын. Тамар үлкен дау-дамаймен қыпшақтардың арқасында таққа отырады. Бірақ грузин дидебулдары Құбасар, Апридон сияқты Тамарға сүйеу болған тұлғаларды мемлекеттік биліктен кетіруді талап етеді. Жас патшайым олардың тілегін орындамасқа лажы қалмайды. Осы кезеңде қаржы министрі Құтлы Арсылан патшаға бағыныштылығы болмайтын қаржы мекемесін құруды ұсынады. Бұған қарсы шыққан дидебулдардың талабы бойынша Тамар патшайым Құтлы Арсыланды тұтқынға алады. Құтлы Арсыланның жақтастары (қыпшақтар) оның аман-есен босатылуын, болмаған жағдайда күш қолданатындықтарын айтып, патшайымға шарт қояды. Тіресерге сенімді серіктерінен айырылған Тамар «ханталапайға түсіп кетемін бе?» деп сескенгендіктен Шығыс халықтарының дәстүрін есіне алып, абыройлы, беделді екі әйелді елшілікке жібереді. Нәтижесінде екі жақ та келісімге келеді. Қыпшақ әскерлерінің араласуымен Давид ІV патша, оның ұрпақтары Грузияға ұзақ жылдар құзыретін жүргізеді, жау қолында кеткен жерлерін қайтарады. Қыпшақтар мемлекеттің ішкі-сыртқы билігіне араласады, пәрменді лауазым тұтқаларын ұстайды. – Сол кезеңдерде қыпшақтар толқын-толқын болып оңтүстік Кавказға өтеді деген деректер ұшырасады. – Артық ханның ордасы ХІІ ғасырдың 20-шы жылдарының аяғында, өзінің атақонысы Дон бойын жайлап жүргені аян. Кавказда қалған қыпшақтардың «Артықтың қыпшақтары» атанғаны тарихи шындық. Олар монғол шапқыншылығы кезінде, одан кейін де тарих сахнасынан орындарын  ойып алып отырған. Кавказдағы халықтардың этногенезіне араласып, құмық, қарашай, қабардин, балқар, әзірбайжан, қырым татарларының, башқұрттың ұлт болып қалыптасуында белгілі рөл атқарды. Қыпшақтарды Кавказға бастап барып, сонда тұрақтап қалған Артық ханның еліне оралуы туралы хикаяттың орыс жылнамаларында сақталғаны белгілі. Ағасы Сыртжанның елге шақыруын жырға қосып жырлаған жыршыға көңілі жібімеген Артықтың бір уыс жусанды иіскегендегі жан тебіренісі М. Симашконың, Қ. Салғараұлының кітаптарында әдеби-көркем түрде баяндалғандықтан бұл жерде қайталап жату артық. Бірақ ол оқиғаның болғаны тарихи шындық. – Қыпшақтар гүржі елінің саяси және геосаяси әлеуетіне ғана ықпал етіп қоймай мәдени, рухани саласына да із тастаған шығар. Мәселен, Армениядағыдай Гүржістанда да іс жүргізу қағаздарында қыпшақ тілі сіңісті болуы әбден мүмкін ғой. Сұлтандардың Тамарды «Гурджи-Хатун» деп атағаны да ақиқат. «Хатун» сөзі кімге тиесілі екені баршаға мәлім. – Тамар ханымның патшалық құрған тұсында сарай тілі қыпшақ тілі болды деген мәлімет бар. Алайда, оны кім зерттеп көрді дейсің? Гүржі филологиясымен айналысқан, нақтысында гүржі-қыпшақ мәдениетін зерттеген қазақта ежелгі тілді меңгерген маман жоқ. Грузияда жиырмасыншы ғасырдың жуан ортасына дейін «Боршалы», «Сығанақ» сияқты аудан атаулары болған. Ол бертінге дейін ел аузында қолданыста жүрді. Гүржі ғалымы М. Джикияның зерттеуінше, грузин тілінде екі жарым мыңдай кісі есімдері түркілік негізде екен. Оның қаншасы қыпшақ, қаншасы оғыз тілінің элементтері екендігі де анықтауды қажет етеді. – Қыпшақ Құтлы Арсылан гүржі хандығының қаржы жүйесін басқарып тұрғанда гүржі ақыны Шота Руставели қазына сақтаушысы болып қызмет еткен екен. Оның 1190 жылғы әлдебір актілік құжатқа қойылған қолы табылған. Мұнымен салыстырғанда мемлекеттік билікке мейлінше араласқан қыпшақтардың іс қағаздарда қолы ғана емес, тілдері де сайрап жатуы әбден қисынды дүние. – ХІХ ғасырда Гүржістан Ресейдің қарауына толығымен өткенде патша ағзамның пәрменімен, арнайы өкілдердің қатысуымен гүржі мұрағаттарына ыждағатты түрде ұзақ уақыт сүзгі жасалды. Болашақты ойлаған империялық саясат өздеріне тиімсіз құжаттардың бәрінің көзін жойып жіберді. Соның ішінде небір құнды деректер мен мәліметтердің жойылғаны сөзсіз. – Шота Тамар патшайымға ғашық болған, шығармаларын арнап жазған деген де уәж бар. Менің көкейімде тұратыны – «Жолбарыс терісін жамылған батыр» дастанының бір қисынсыз тұсы. Ол қисынсыздық – Гүржістан жерін жолбарыс мекендемеген ғой... – Шота Руставелидің қайда, қашан дүниеге келгені, тегі де белгісіз. Вахтанг VI патша 1712 жылы бастырған оның кітаптарын XVIII ғасырда патриарх Антоний І халықтың алдында отқа өртегені мәлім. Соған қарағанда Шота Руставелидің грузиндерге, олардың дінбасыларына жақпайтын біз біле бермейтін күңгірт тұстары болуы әбден ықтимал. Ал, Тамар патшайымға арнап хамса жазған адам Низами Гәнжауй. Низами «Жеті сұлу» дастанында Артықтың қызы Турандотқа да тоқталады. Ол бөлім «Турандот ханшасы» деп аталатыны жалпыға аян. Иран мен парсы тілін жетік білген ғаламат ақынның өзі де көшпелілердің күйеу баласы еді. Дербенттегі қыпшақ қызы Әппақпен отасқан болатын. – Жалпы, Гүржістандағы қыпшақтардың тарихи-әлеуметтік сілемі мен рухани мұраларының беті ашылмаған күйінде жатқаны қынжылтады. Осы іргедегі бай мұраны игеруді неге мемлекеттік тұрғыда қарастырып, дереккөздерді игілігімізге жаратудың орайын келтірмеске? – Қыпшақтардың Кавказдағы тарихы жайында, әсіресе, гүржі хандығына қатысты жүйелі ғылыми зерттеулер әлі де қолға алынбаған күйінде қалып келеді. Ал, армян тіліндегі деректер ішінара зерттелгенімен толық ғылыми айналымға түскен жоқ. Басты себебі – мамандардың даярланбағандығы. Деректер, негізінен, сол елдің тарихшыларының айтуынан белгілі болып отырғандықтан онда біржақты пікірлердің орын алуы заңды. Өйткені олар мемлекеттік, ұлттық мүдделері тұрғысынан қарастыратындықтан бұл мәселеде өздеріне қажетті деректерді ғана алып, өзге мәліметтерді назардан тыс қалдырып қоятыны белгілі. Сондықтан да қазіргідей өз қолымыз өз аузымызға жеткен тұста Кавказ елімен қарым-қатынаста қалыптасқан қолайлы жағдайды ұтымды пайдаланған көкейге қонымды-ақ. Осы мақсатта ұлтымыздың тарихының ақтаңдақ беттерін тарихи деректермен толықтыратын ұлдарымыз бен қыздарымыздан кавказтанушы-мамандар даярлауды қолға алсақ, тәуелсіздіктің мұраты үшін өте тиімді болар еді. – Солай болғанда, халқымыздың тарихи жадысының қалыптасуына бір қадам алға басар ек. Басты кейіпкерлері грузин мен армян ұлтының өкілінен тұратын «Мимино» көркем фильмі жиі есіме оралады. Есіңізде болса Фрунзик үлкен «БелАЗ» көлігін жүргізіп келе жатады, Вахтанг жанында. – Иә... – Бізде Дилижан деген қала бар. Шүмектеп су ағып тұрады. Әлемде екінші орын алады, – дейді армян жігіті. – Бірінші орында қай қала? – Сан-Франциско. – Боржоми қайда сонда?! – Вахтанг өңі бұзылып, шамдана сөйлейді. Осы көрініс сценарийде болмаған екен. Екі этностық болмысты көрсететін әрі ұтымды өрбіген әңгімені монтаждау барысында режиссер өзгеріссіз қалдыруды тапсырыпты. Мұны айтып отырған себебім, екеуінің де ойындағы нәрсе – туған еліне қатысты бір нәрсені жұртшылық назарына елеусіз енгізіп жіберу. Ал, біздегі кемшілік, өзіміздің ата-бабаларымыздың қолтаңбасы қалған тарихи деректерді көрсетуге тым шабанбыз. – Ғылым саласына асығыстық жүрмейді, уақыт келеді, білімді жастар шығады әлі. Оған сенімім мол. – Сол күндерге тезірек жетуді жазсын.

    Әңгімелескен Әділбек Ыбырайымұлы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

"Жетісу" газеті