ҰЛТТЫҚ ҚОРДА БОЛАШАҚ ҰРПАҚТЫҢ ДА ЕНШІСІ БАР

«Ақ жол» фракциясы Ұлттық қордың қаражатын барынша ұқыпты пайдалануға көшуді құптады. Бұл туралы Азат Перуашев 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын талқылау барысында мәлімдеді. «Ақ жол» партиясының жетекшісі мемлекет басшысының жолдауын және бес жаңа әлеуметтік бастаманы іске асыруға бағытталған бюджет түзетулерін қолдап, фракцияның ұстанымын білдірді. «Тауар нарықтарындағы ахуалдың жақсаруына және мұнай бағасының өсуі болжамының болуына орай Ұлттық қорды кезең-кезеңмен толықтыруға мүмкіндіктің пайда болу фактісі аса маңызды, көңіл көншітерлік жағдай. Сонымен қатар, Үкіметтің ағымдағы экономикалық мүмкіндіктерге сүйене отырып, Ұлттық қорға қосымша сауалдар жолдаудан бас тартқанын позитивті факт ретінде атап өту керек», – деді Перуашев. Ол өткен жылдарда түрлі мақсаттар үшін қаражат алу инвестициялық кірістерден анағұрлым асып түскен кезде және Қордың жинақтаушы бөлігіне қол сұға бастаған сәтте ел Үкіметінің шамадан тыс Ұлттық қордың трансферттерімен әуестенуін парламенттік фракцияның бірнеше мәрте сынға алғанын еске салды. «Сондықтан да, бүгінгі күні «Ақ жол» фракциясы Ұлттық қордың қаражатын барынша ұқыпты пайдалануға және оның кірістерін арттыруға көшуді сөзсіз құптайды», – деп атап өтті депутат. Перуашев бұл ақшаның бізге емес, қазақстандық болашақ жас ұрпаққа тиесілі екенін баса айтты. «Біздің міндет – Ұлттық қор қаржысын жұмсап тастау емес, оны арттыра түсу. Тек бір-ақ нәрсе түсініксіз, неліктен осы бір қарапайым ғана ақиқатты түсіну үшін осыншама ұзақ уақыт қажет болды?», – деген сұрақты да алға тартты. Бұдан басқа, «Ақ жол» партиясы жетекшісі Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасының бірқатар қоғамдық басымдыққа ие мәселелерді шешуге бағытталған қаражаттың бөлінуін айрықша атап өтті. «Жуырда ғана болған депуттаттардың өңірлерге сапары аясында осы бес бастаманы халықпен талқылау кезінде көпшілік үшін өзекті, аса қажетті екенін көрсетті. Біздің фракция бюджеттің осы баптарын қолдауға дайын», – деді Перуашев.

qazaquni.kz