ЛАТЫН ҚАРПІНДЕ ТІЛІМІЗДІҢ ҰЛТТЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ ЕСКЕРІЛСІН

Алматы қаласы әкімдігінде Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшірудің өзекті мәселелері» атты ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Конференция жұмысына қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия мүшелері, танымал тілші ғалымдар, білім, ғылым мекемелерінің белгілі мамандары, мемлекеттік органдардың тіл мәселесіне жауапты қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты. Біздің қоғамда қазақ әліпбиін латын қарпіне ауыстыруға байланысты түрлі пікірлер айтылып, қызу талқылануда. Солай болу керек те, өйткені, бұл қазақ үшін маңызды мәселе. Біреулер латын әліпбиінің оңтайлы тұстарын алға тартса, енді біреулер бұл істе асығыстық жасамайық деп сақтандырады. Мұндай пікірлердің орын алуы заңды. Соның арқасында көпшілік осы бір күрделі мәселеге орай өзінің көзқарасын қалыптастыра бастады. Бір мәселе анық – қазақ тілі мін­детті түрде латын әліпбиіне көшеді. 2025 жылдан бастап, латын әліпбиін қолданысқа енгізу туралы нақты жоспар жасалып, соны іске асыруға кірісіп те кеттік. Енді ешқандай шегініс болуы мүмкін емес. Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру – бүгінгі қоғам талабы. Осы бірегей жобаны іске асыру барысында Президент әкімшілігіне 300-ден астам үндеу мен ұсыныс келіп түсуі, әлеуметтік желілерде халықтың сан мыңдаған жазбалары жарияланғаны соның нақты дәлелі. Латын қарпіне көшірудің бірнеше нұсқасы ұсынылып, бұл маңызды істе көпшілік белсенділік танытып келеді. Бұқараның негізгі талабы – латын графикасында жазуымыз ыңғайлы, ықшамды болғанын қалайтыны белгілі болып отыр. Бұл бағытта біздің отандық тілші ғалымдарымыздың алдында қыруар жұмыс тұрғаны түсінікті. Тәуелсіздік туын көтергеннен бастап тұрақты сөз болып келе жатқан қазақ тілі мәселесі, былтырдан бері қызу талқыланып жатқан латын қарпіне көшудің хал-жағдайы қарастырылған отырыс жоспарлы шеңберде өтті. Өкініштісі қатысушылардың сұрақтары мен ұсыныс айтуына уақыт жеткіліксіз болды. Ең бастысы, тіл мамандары мен түрлі сала өкілдері латын графикасына көшудегі көпшілікті толғандырған сұрақтарға жауап беруге, оны шешудің тиімді жодарын ұсынуға барынша тырысты. Отырысты жүргізген Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахат Шимашева тіл саласы мамандарына сөз беріп, баяндамашылар өз ұсыныстарын ортаға салды. Ғылыми конференция Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы, қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі Әлімхан Жүнісбектің «Жаңа латын әліпбиінің сингармологиялық талданымы» тақырыбындағы баяндамасымен басталды. Сол сияқты қазақ тілінің майталман мамандары, белгілі ғалымдар Зейнеп Базарбаева - «Латын графикасындағы орфографияның негіздері», Фаузия Оразбаева – «Латын әліпбиін игерудің әдіснамалық ерекшеліктері», Бағдан Момынова – «Гибрид сөздер: тарихы мен қазіргі кездегі орфограммалануы», Бижомарт Қапалбек «Латын қарпіне өтудің төте жолдары» тақырыбына толығырақ тоқталды. Тіл маманы ретінде осы аталған ғалымдар қазақ әліпбиін латын қарпіне көшірудегі кейбір қиындықтар мен оны шешудің жолдарын жиналғандар назарына ұсынды. Конференцияға өзге де мамандық иелері қатысып, латын графикасына көшкенде өз саласында тілге қатысты кездесетін түйіткілдерді атап көрсетті. Астана медицина университетінің мемлекеттік тілді дамыту және тіл саясаты бөлімінің басшысы, медицина ғылымының кандидаты, профессор, терминологиялық жұмыс тобының мүшесі Мұхамбедия Ахметов, С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің доценті Төлеубек Зайсанбаев медицина саласында терминдерді аудару мен оларды латын әліпбиімен жазудағы кейбір ерекшеліктеріне тоқталды. «Қамшы» кз. ақпараттық агенттігінің жетекшісі, қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіруді техникалық және ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Біләл Қуаныш латын әліпбиінің техни­калық мүмкіндіктерін, шараны бұқаралық ақпарат құралдарында дұрыс түсіндіру жағын сөз етті. Бұл жерде біз алдымен нені ескеруіміз керек? Латынға көшу арқылы қазақ тілінің табиғи, таза қалпын сақтай аламыз деген сұрақ бірінші кезекте тұруы қажет. Екінші, әліпбиді латынмен алмастырғанда ұтатын және ұтылатын тұстарымызды анықтап алғанымыз жөн. Ордалы жиынға қатысқан ғалымдарымыз бен мамандардың айтуынша латынға көшкенімізде ұтатын тұстарымыз төмендегідей екен. Біріншіден, тіл тазалығы мәселесі. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Екіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің біразы қысқаратын болады. Ол өз кезегінде мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді және қолданыста ыңғайлы болып, уақыт пен қаржы да үнемделеді. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына, қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады. Төртіншіден, түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латын қарпін қолданатыны белгілі. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, өзге де саладағы түрлі тығыз байланысты күшейтуімізге мүмкіндік береді. Бұл келтірілген дәйектерді де жоққа шығара алмаймыз. Ашығын айтсақ, бір жылға жуық талқыланып жатқан осы мәселенің оңай іске аса қоймасы көрініп тұр. Әлі де бір байламға келмеген сыңайымыз бар. Кейбір өзбек ғалымдарының «Қазақтар өз тілдерін әлі үйреніп болған жоқ. Латын әліпбиіне көшсе тілдерін өлтіреді» деген пікірлерін де естіп жатырмыз. Бұл ретте өзбек ағайындарға өкпе артудың өзі артық. Біздің білуімізше оларда да кейінгі жастар латынды тез қабылдағанмен, бұрынғы аға буын әлі күнге кирилицаны қолданады екен. Дегенмен олар латын графикасын енгізді емес пе? Дәп содан олар өз тілдеріне нұқсан келтірген жоқ. Өйткені олардың ұлттық тілі кеңестік кезеңнің өзінде кең қолданыста болды. Өзбекті былай қойғанда онда тұратын өзге ұлт өкілдері де жергілікті тілде сөйлейтін. Ал, қазақтың барлығы қазақ тілінде сөйлейді, жазады, іс-қағаздарын жүргізеді деп ешкім айта алмайды. Бұл – шындық, керек десеңіз – қасіретіміз. Сондықтан да қазақ тілінің мәселесі тәуелсіздік алғаннан бері күн тәртібінен түсіп көрген емес. Қазақтың барлығы қазақ тілінде сөйлемеген жағдайда латынға көшудің кейбір қиындықтары болары даусыз. Бұл туралы да жиында сөз қозғалды. Мысалы, біздің қазақ тіліміз теориялық және қолданыс жағынан осы күнге дейін толықтай жүйеленбегені айтылды. Басқасын айтпағанда, тіпті сөздердің жазылу емілелері бір ізге салынып бекітілмеген. Айталық, қарапайым ғана қос сөздерді бірге не бөлек, немесе сызықша арқылы жазудың өзі дауға айналған. Сондықтан, әркім өз бетінше, білгенінше жазып жүр. Бұрып жазуды біреулер жаңалық ашқандай етсе, сән көрсе, енді біреулер білместіктен барады. Тіпті сонау кеңестік кезеңнен қалыптасқан ережелердің өзі бұзылған, бұрмаланған. Оның бәрін теория жүзінде дәлелдеп бір ізге түсіру неге екенін атқарылмай жатыр. Бұл тіл мамандарының кінәсі ме, әлде мемлекет тарапынан жеткілікті көңіл бөлінбей жатыр ма? Аударма саласы да ақсап жатыр. Шет тілден келген сөздерді аудару қалай болса солай жүргізіледі. Әзірге аударуға келмесе ертеңгі күні іске асатыны анық. Оған асығудың қажеті жоқ. Ал, асығыс аударылған сөз бәрібір қолданысқа кірмей қалатынын көріп жүрміз. Атамзаманнан келе жатқан «Әліппе» оқулығын – «Сауат ашу» деп сандырақтаған секілді біздің тіл саласында бұдан басқа кемшіліктер жетіп артылады. Бір қарағанда бізде тіл мамандары баршылық, тіпті таяқ лақтырсаңыз ғылым докторының басына тиері анық. Енді не жетпейді? Сонда қалай болғаны, қоғамдық жүйемен бірге біздің тіліміздің де ауысқаны ма? Жоқ, капитализм болсын, коммунизм болсын біздің тіліміз – тек қана қазақ тілі, солай бола бер­мек те. Қазақ тілі мен жерінен айырылса ұлт болудан қалады. Орыс тілінен енді құтылдық па дегенде, бүгінгі ағылшын тіліне ес-түссіз, алаңсыз берілуіміз қазақ тіліне келешекте қауіп төндіре ме деген күдіктің бар екенін жасыра алмаймыз. Бүлдіршіндерімізді балабақшадан бастап ағылшын тілімен ауыздандырсақ оған да жетерміз. Баяндама жасаған ғалымдардың бірі «Жоғарыдағылар латын қарпінде қазақ әліпбиі 26 әріптен аспасын деп ұсыныс беріп жатыр» дегенді айтып қалды. Біз түсінбей қалдық, олар кімдер? Жоғарыдағы дегендер – өздері қазақ тілінен мақұрым біздің билік маңындағы, түрлі министрліктегі шенділер мен шекпенділер ме? Орыс тілінің орынан шыға алмай жүрген, қазақ тілінің кең қолданысқа кіруіне кедергі жасап отырғандар ма? Бұл неғылған шектеу? Кешірерсіздер лауазымды мырзалар, анамыздың ақ сүтімен дарыған тілімізге келгенде ханның да, патшаның да әмірі жүрмейтінін ұмытпаңыздар. Бұл сіздерге бұйрықпен бұра салатын, керек болған жағдайда өздеріңіздің ыңғайларыңызға қарай күнде өзгерте салатын қолдан жасалатын заң-зәкөн емес. Қазақ әліпбиіне қанша әріп керектігін сіздер шешпейсіздер. Қазақ тілін білмейтіндер бұл жерде ұсыныс айтуға қай жағынан алсақ та құқығы жоқ. Ақыл айту үшін алдымен ана тілін жетік меңгеру керектігін естеріңізге сала кеткен артық емес шығар. Сондықтан бұл бағытта тіл мамандарының нәтижелі жұмыс істеуіне кедергі келтірмеңіздер. Бар қиындық біздің ұлттық ерекшелігімізді білдіретін ә,ө,ү,ұ,ң,қ,і сияқты қазаққа ғана тән дыбыстарға байланысты болып отыр. Өзге дыбыстар латын қарпінде болғандықтан дау тудырмайды. Төбесіне ноқат қойып, құйрық жалғап оны латынға кіргізгенмен кім оны қабылдайды? Қазақ латын әрпіне көшті екен деп біздің төл дыбыстарымызды кім қоданбақшы? Оны олар қолдана да алмайды. Ол тек қана біздің дыбыс белгілеріміз, біздің еркшелігіміз бен мақтанышымыз. Мұрнынан сөйлейтін ағылшындар мен Р-ға тілі келмей жатқан француздар біздің ә мен ө-ні өлсе де айта алмайды. Кезінде кирилицаға көшкенде біздің төл әріптерімізді орыстар әліпбиіне қосып па еді? Сондықтан мәселені күрделендірмей төл дыбыстарымздың белгісін бұрынғыша қалдырсақ деген пікірлерді де естіп жүрміз. Қалай болғанда да біз өз ұлттық ерекшелігімізді көрсететін дыбыс белгілерін сақтап қалуымыз керек. Сақталмайтыны бар латын графикасының түкке де қажеті жоқ. Өйткені төл дыбыстарымыз болмаса біз кекеш, тұтықпа, сақау ұлтқа айналамыз. Бұл жиынға белгілі ғалым, «Қаным қазақ болмаса да, жаным- қазақ!» дейтін Асылы Осман қонақ ретінде қатысты. Қазақ тілінің қадірін көптеген қазақтан артық білетін Асылы апайымыз да латын қарпіне көшкенде ана тіліміздің құндылықтарын жоғалтып алмау жағын ерекше ескертті. Қазақ тілінің жаңа әліпбиін баяғыда жасап алуға болатынын да жеткізді. Осындайда белгілі жазушы, шебер аудармашы, қазақ, орыс, неміс тілін жетік меңгерген Герольд Белгердің жоқтығы көрініп қалады. Қазақ тілінің кереметтігін, түпсіз байлығын айтумен тамсанып өткен, қазақ тілінің шынайы жанашыры Герағаң тірі болса осы орайда өзінің құнды пікірін айтар еді-ау деген ой мазалайды... Ия, бұл қазақты өте-мөте ма­залайтын мәселе, сондықтан оған атүсті қарауға болмайды. Редакциямызға хабарласқан тоқ­саннан асқан Әбілхан деген қарияның «Шүршіт графикасына көшсеңдер де біздің ұлттық ерекшеліктерімізді білдіретін төл дыбыстарымызды жұтып қоймаңдар. Бұл әріптер өзгеде жоқ біздің мақтанышымыз, қазақтығымызды білдіретін елтаңба мен көк байрағымыз секілді белгіміз» – деген-ді. Қарияны қате айтты деп кіналай алмаймыз. Әңгіменің ашығы да сол. Сондықтан, сақ болғанымыз абзал. Сөз соңында мына бір мәселені айтпасақ болмайды.Әкімшілік атаулыға ұялы телефонмен кіруге рұқсат жоқ екен. Бұл не, әкімдік ерекше құпия әскери нысан ба? Біздің өзіміз сенім артқан билік өз халқынан қорқатын болған ба? Қазіргі заң бойынша кез-келген қаупі бар ақпаратты таратқан, әлеуметтік желіге жүктеген адам заң алдында жауап береді. Бүгінгі күні телефондар суретке түсіретін және дыбыс жазатын қондырғылармен жабдықталған, журналист үшін негізгі жұмыс құралына айналды. Онсыз соқыр, мылқау болып қалдық. Әлде биліктегілер жұмысына телефонсыз кіретін өз қызмет­керлеріне сенбей ме? Олай болса өз мамандарының қойын-қонышын тінтіп, галстук таққан-тақпағанын, бұрынғы премьер-министріміз Кәрім Мәсімов секілді аяқтарына екі түрлі шұлық кигенін өздері тексере берсін, онда біздің жұмысымыз жоқ.Қарапайым халық әкімдікке лауазымдыларды сағынғаннан емешегі үзіліп бармайды. Мұқтаждықпен, жұмыспен, қызмет бабымен барады. Сондықтан мұндай мән-мағынасыз, сырттай қарағанда күлкіге қалдыратын ережені алып тастау керек.

Зейнолла АБАЖАН

qazaquni.kz