Сырттағы қазақтың құқығын қорғауымыз керек - Мақсат Жақау

Өкінішке орай деп бастайын, өйткені расымен қолымыз байлаулы, аузымызды ашсақ дым істей алмайтын халде сияқтымыз...

Әлеуметтік желіден және біршама БАҚ-да, Қытайда қазақ ағайындарының хал-жағдайы туралы жүректі ауыртар ақпараттарды естіп келеміз. Ол туралы біраз осы соңғы 3-4 айдың көлеміндегі БАҚ өкілдерінің жаңалықтарынан көрсеңіздер болады. Бұл жөнінде еліміздің Сыртқы істер министрлігі де, "Ақ жол" партиясының өкілдері де, "Жаңа Қазақстан" деген қозғалыс та, "Болашақ" жастар қозғалысы да, не керек, анау Еуропалық Парламентте де сөз етіп, қоғамда көтерді. Енді осыған Қытай Халықтық Республикасы тарапынан қандай да бір ресми жауап болды ма? деген сауал туады. Өткен жолы Қазақстандағы ҚХР консулы да осы мәселеге араласамын деп қалғанын естіп едік. Жалпы Қытайда тұратын қазақ бауырларымыздың хал-жағдайы осы күндері қандай деңгейде, әсіресе абақтыға қамалғандарының тағдыры алаңдатады.

Екіншіден, ҚХР-ң ішкі ұлттық саясатының барысы келешекте қалай болмақ, болған жағдайда бізге де бір әрекетке көшу керектігін стратегиямызды ойлануымыз керек.

Кезінде Мао билікке келіп жатқан кезінде, "Қытай аумағындағы барлық этникалық ұлт өкілдеріне тиісті автономиямен еркін ұлттық құндылықтарын сақтап өмір сүруіне жағдай туғызамын" деп кіріскен еді. Бірнеше рет Қытайға сапар шеккенімнен бұл жағдайдың бұлыңғыр екеніне көзім жетті. Жалпы ол жақтағы емес, өзіміздің болашағымызға да белгілі-бір қауіптің төнетіні тағы бар.

Бір барғанымда, Үрімшінің "Үйсін" кафесінде Роза Рымбаеваның орындайтын "Жаңбырлы түн" әнінің авторы, сол жақтағы жергілікті қазақ ағамызбен дәмдес болып едік. Сол ағамыз да жақында абақтыға қамалыпты деп естідім, рас-өтірігін қайдам?! Дегенмен, ондай мәдениет қайраткеріне кезінде Қытай тарапы жақсы баспана, әлеуметтік жағдайын жақсартып берген еді. Егер сол жақтағы жергілікті зиялы қауымының ахуалы қиындап жатса, шынымен ұлттық саясатының қиындай бастағаны ғой...Өкінішті!

Жалпы соңғы кездері сырттағы ағайынның құқықтары мен жағдайына қалай уайымдаймыз деп бас қатырып кеттік. Бұның бір жауабы бар, бірақ ол үшін біз ядролық держава болуымыз керек шығар. Бұлай дейтінім, Осыдан 5-6 жыл бұрын Ресейдің билігіне қайта келген В.В.Путин мынадай заңын шығарған, "біз, Ресейден тыс өмір сүріп жатқан ұлты орыстарды ағайын деп танимыз, сол үшін олардың құқықтарының, мәдениетінің, тілінің тиісті деңгейде дамуын және сақталуын қолдаймыз һәм қорғаймыз" деген екен. Бұл олардың ішкіден бөлек, сыртқы ұлттық саясаты ғой. Бұл заңның аясында олар Қырымға, Латвияға қыр көрсете бастады. Ақырында Қырымның қалай шешілгенін жақсы білесіздер. Бұл олар үшін жақсы заң, алайда бізде де 25 пайыз орыс ағайынның барлығын ұмытпауымыз керек.

Десек те, бәлкім осындай заңды бізде де жасалса қайтер екен?! Ол заңның күшін Шанхай Ынтымақтастық Ұйымында халықаралық деңгейге қисынын қиыстырып көруге де болатын шығар. Ойланатын мәселе ғой...

Жалпы Қытай әлемдегі екінші алып экономикалық державаға айналып келе жатқан ел. Ол елмен Жібек жолы белдеуі Батысқа қарайғы жаңа экономикалық бағыттағы келісімдер бар. Сол үшін де аймақтағы тыныштықтың сақталуы керек дүние, Ал ұлттық мәселенің тұрақтылығы екі ел арасында жоғары сатыға көтерілуіне ықпалын тигізеді. Қытай тарапы жергілікті қазақ ағайындарына, сонымен қоса Қытайдағы бүкіл мұсылман жұртшылығына тісін батыра беруден түк таппайтын сездіру қажет бізге, бұл деген қарсылық пен агрессияны туғызатын әрекет деп есептелетінін ұқтыру керек ғой оларға.

Халықаралық адам құқықтарын қорғайтын ұйымдардың араласуын қажет ететін мәселе болып тұр.

Қазақ билігі жоғары да аталған мәселелерді ойластырып көрсе екен. Өзге елдегі ағайындар ата-бабаларының сүйегі жатқан жерлерін тастап, өре-түрегеліп көшіп кете қоймайтыны анық қой, десе де олардың хал-ахуалына алаңдаушылық білдіретін ресми құжаттарды, заңдарды қабылдау керек шығар бізге.

Біздікі ұсыныс, әйтпесе кешегі 19 ғасырдағы аталарымыз сықылды атқа қонып, атойлайтындай тым өркениеттеніп кеттік қой, қазір қағаз бен дипломатия сөйлейтін заманда қолдағы бар нәрсені ұтымды пайдаланып көрелік!

Мақсат ЖАҚАУ,

"Абай жолы" ұлттық құндылықтар мектебі"