Әблязов пен Тоқмади Бишімбаевты құрту үшін тапсырыс берді: Қорғаушының нұсқасы
2018 ж. 17 мамыр
5561
0
Қорғаушы Ермек Бектасов Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық істе өз нұсқасын ұсынды. Ол Мұратхан Тоқмади мен Мұхтар Әблязов Бишімбаевты үкіметке жағымсыз жағынан көрсету үшін «тапсырыс берген» деген ойда.
Бұл туралы Sputnik Қазақстан-ға сілтеп, Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Бектасов қамаудағы кәсіпкер Тоқмадиден жауап алу керек деп санайды.
«Тапсырыс берді деген нұсқаға қатысты барлық дәлелдер келтірілген. Бұл дәлелдер, осы қылмыстық істің нақты бастамашысы кәсіпкер Тоқмади екенін көрсетіп отыр. Мен оның сол уақытта тұтқындалғанын және басқа жерде болғанын түсініп отырмын. Бірақ қазір техникалық құралдар ғаламтор желісі арқылы онлайн тәртібімен жауап алуға мүмкіндік береді. Одан жауап алынбады. Бұл нұсқа бірінші сатыдағы сотта қаралмады», – деді Бектасов.
Бишімбаевты қорғау нұсқасы бойынша, қашып жүрген олигарх Мұхтар Әбілязовтың Тоқмадиге әсер етуі мүмкін екенін жоққа шығармау керек.
«Біздің өз нұсқамыз бар. Ол өмір сүруге құқылы. Қазіргі уақытта Тоқмади шетелде қашып жүрген Әбілязовпен байланыста болғанын мойындады. Бұл Әблязовтың Тоқмади арқылы тапсырысы болды ма? Яғни, қандай да бір түрде Бишімбаевты үкіметке жағымсыз жағынан көрсету»,-деді қорғаушы.
Айта кетейік, сәрсенбіде Астана қаласының соты Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты апелляцияны қарайды. Бірақ бұрынғы министр және басқа да сотталушылар сот отырысына қатыспайды.