Серік ҚАСҚАБАСОВ: Қазақстанда халықтың баскетболға қызығушылығы өте жоғары

«Астана» – «Автодор» кездесуінен кейін матч туралы пікірін білдірген «Астана» Президенттік кәсіби спорт клубының басқарушы директоры Серік Қасқабасов халық арасында баскетболдың маңызы өте жоғары екендігін айтып, спорт түрін жан-жақты қолдайтынын жеткізді.

* Халықтың баскетболға деген қызығушылығы жалпы алғанда өсіп келеді. Мұны біз ойынды тамашалау үшін залға жиналған көрермендердің көптігінен де байқап отырмыз. Бұған таңғалуға да болмайды, бәрі де заңды. Бүгінде баскетбол еліміздегі ең танымал бұқаралық спорт түрлерінің бірі. Өз кезегінде «Астана» Президенттік кәсіби спорт клубы бұқаралық спортқа өте зор көңіл бөліп отыр. Соның ішінде баскетболдың танымалдылығын арттыру арқылы мектеп оқушылары мен студент жастардың арасында салауатты өмір салтын қалыптастырып қана қоймай, ұлттық құрамамыздың негізін құрайтын «Астана» баскетбол клубына да барынша қолдау көрсетілуде. Айта кету керек, осы маусымда «Астана» ВТБ Біріккен лигасында өте сапалы ойын үлгісін көрсетті. Бүгінде елордамызда «Астана» Президенттік баскетбол клубының аясындағы балалар академиясы сәтті жүзеге асқан жобаға айналып, академияда тәлім алғысы келетін жеткіншектердің саны еселеп артты. Сондықтан, салауатты өмір салтын қолдау және талантты балаларды баскетболға тарту мақсатында елордамыз бен аймақтарда баскетболмен айналысатын жеткіншектер үшін спорттық инфрақұрылымды дұрыс жолға қою мәселесі өте маңызды болып тұр.

Естеріңізге сала кетейік, ВТБ Біріккен лигасының соңғы туры аясында өткен ойында Саратовтың «Автодор» командасынан өз алаңында ұтылып қалған «Астана» баскетбол клубы үшін биылғы маусым аяқталды.