ТАРИХИ ӨРЛЕУ БАСТАУЫНДАҒЫ АСҚАРАЛЫ МІНДЕТТЕР

Өткен жылы еліміздің саяси өмірінде тың үрдістерге бағытталған аса маңызды тарихи оқиғалар болды. Айталық, Президент Н.Назарбаев 2017 жылғы 31 қаңтардағы дәстүрлі халыққа Жолдауында Қазақстанның үшінші жаңғыруы басталғанын жария етті. Осылайша, әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылуға бағытталған айқын мақсат жолындағы қайта түлеудің айрықша маңызды екі процесі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыру қолға алынды. Елбасының 2017 жылғы 12 сәуірде «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын халқымыз ұлттық рухани өсіп-өркендеуіміз бен кемелденуіміздің айқын бағдарламасы деп қабылдады. Президент бұл бағдарламалық мақаласында мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруіне, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс екеніне, мұның саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналатынына баса назар аудара отырып, қуатты ел болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы ой-пікірлері мен қөзқарастарын ортаға салды. Мемлекет басшысы еңбегінің ең басты идеясы – Мәңгілік Қазақ елінің рухани тұғырын негіздеп, алтын арқауын ширата түсу болғандықтан халық арасында барынша кең қолдау тауып, уақыт өткен сайын жаңа қырларымен жарқырай түсуде. Елбасымыздың рухани жаңғыруға бағытталған тебіреністі ой-толғамдары мен тұжырымдары жасампаз белестерге бастауда! Мемлекет басшысы Н.Назарбаев­­тың жыл соңында жарық көрген «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабы да халқымыздың құрмет-қошеметіне ие болып, зор өрлеу туғызды. Шын мәнінде Елбасы­ның бұл жаңа еңбегі еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде елеулі оқиға болып табылады. Тәуелсіз еліміздегі саяси тұрақ­тылық пен қоғамдық келісімнің арқасында экономикамызды, сая­са­тымызды және санамызды жаңғыруға кіріскен қазіргі шақта Президент Н.Назарбаев Қазақстан халқына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын жариялады. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауына қатысты Мәлімдемесінде адамзаттың жаңа өнеркәсіптік революция дәуіріне аяқ басып отырғанын, заманауи технологиялар дүниені өзгерістерге ұшыратып, жаһандық технологиялық ілгерілеушіліктер өзімен бірге сын-қатерлерді де алып келгенін, бұл – біздің әлемдегі аса дамыған елдің қатарына жедел ену үшін тарихи мүмкіндігіміз екенін паш етті. Жолдауда нақты атап көрсет­кен­дей, еліміздің әлеуметтік-эко­номикалық табыстарының негізі – біздің басты құндылықтарымыз ретінде қала беретін азаматтық бейбітшілік, ұлтаралық келісім. Елбасы жаңа әлем көшбасшыларының қатарына қосылу үшін Қазақстанда қажетті нәрсенің бәрі бар екенін назарға ала отырып, алдымызда жүзеге асыратын 10 негізгі міндетке жеке-жеке тоқталады. Осынау қадау-қадау міндеттер индустрияландыруды жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналдырумен, ресурстық әлеуметті одан әрі дамытумен, агроөнеркәсіп кешенін өркендетумен, көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттырумен, құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияны енгізумен, қаржы секторын «қайта жаңғыртумен», адами капиталды жаңғыртумен, тиімді мемлекеттік басқарумен, жемқорлықпен күреспен және заңның үстемдігімен, «ақылды қалаларды» өңірлік дамудың локомотивтеріне айналдырумен өрнектелетінін алға тартады. Президент Жолдауының толық мәтінінде егжей-тегжейлі мазмұндалған алдымызда жүзеге асыратын 10 негізгі міндет елімізді Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамытуға бағытталып отыр. Жолдаудағы «Ақылды техноло­гия­­лар­дың» агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамытудағы рөліне баса назар аударылған үшінші міндет ауқымында аграрлық саясаттың еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы өскелең өмір талабына айналып отыр. Ауыл шаруашылығын өнімнің сапасы мен экологиялық тазалығын сақтай отырып, қарқынды дамыту, бүкіл әлемге танылатын «Қазақстанда жасалған» табиғи азық-түлік брендін қалып­тастыру арқылы алдағы 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауылшаруашылығы өнімінің экспортын, тиісінше, кем дегенде 2,5 есеге арттыру тапсырмасы берілді. Ауыл шаруашылығының алдында тұрған міндет осылайша нақты белгіленіп отыр. Бұл оңайлықпен жүзеге асатын шаруа емес. Ол үшін ең алдымен негізгі асыраушымыз, киелі жеріміздің қожайыны саналатын ауыл еңбеккерлерінің мәдени-тұрмыстық жағдайын жақсарта түсуіміз керек, қарапайым ауыл тұрғындары мұқтаждық көрмеуі тиіс. Сонда ғана күнкөріс қамымен үлкен қалаларға қарай ағылатындарға тосқауыл қоя аламыз. Диқаншылық пен малшылық кәсіптің абырой-беделін асқақтата түсуіміз керек. Аудандар мен ауылдардағы әкім қаралар жерді барынша тиімді игеретіндерді, төрт түлік өсірудің шынайы шеберлерін әрдайым ынталандырып, үлгі етіп отыруы тиіс. Дамудың даңғыл жолына түскен елімізде ауыл-селоларды көркейте түсуге барынша көңіл бөлініп, қамқорлық жасауда. Жолдауда ауылдық елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін Үкіметке бұл іске барлық қаражат көздерінен жыл сайын кем дегенде 100 милиард теңге қарастыру жөнінде тапсырма берілуі осының айқын дәлелі болып табылады. Сондай-ақ, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2 мыңнан астам адам тұратын аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар мен ауылдық округтерде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншігін енгізу заң жүзінде белгіленген. 2020 жылдан бастап бұл нормалар барлық елді мекендерде күшіне енеді. Жолдауда нақты атап көрсетіл­гендей, салықтық және салықтан тыс басқа да түсімдердің 7 түрі, сондай-ақ шығындар­дың 19 бағыты ауыл бюджетіне берілді. Бұл жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу үшін халықты тартуға мүмкіндік береді. Жолдауда жаңғырудың негізі болып табылатын адами капиталды жан-жақты дамыту негізгі міндеттердің бірі ретінде қарасты­рылып отыр. Бұл орайда білім берудің жаңа сапасына баса назар аударылған. Осы орайда білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту тұрғысындағы міндет жаңа дәуір талабынан туындап отыр. Сондықтан да жоғары оқу орындарына білім беру бағдарламаларын жасауға көбірек құқық беріп, олардың академиялық еркіндігін заңнамалық тұрғыдан бекітуге мүмкіндік туғызылды. Батыл түрде қолға алынып отырған бұл ізгілікті шаралар ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамытып, осылайша «рухани жаңғырудың» мән-маңызын айқындай түсуге бағытталған. Елбасының «Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тіллдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс» деген сөздерінің мәні де тереңде жатыр. Осы тұрғыдан келгенде қасиетті Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде атқарылып отырғанн игілікті істер ауқымы назар аударады. Қазіргі таңда білім ордасында халықаралық деңгейдегі білім беру бағдарламалары жасалуда. Бұларда, ең бастысы, бакалавр және магистрлік бағдарламалар санын көбейту, білім беру сапасын арттыру, материалдық-техникалық және әлеуметтік инфрақұрылымдарды одан әрі дамыта түсу көзделуде. Негізгі ғылыми бағыттар медицина, жаратылыстану, гуманитарлық, әлеуметтік, инженерлік және ақпараттық технологиялар салаларында жүзеге асырылып келеді. Киелі топырақта бой көтерген оқу орны Италияның Болон университетінде үдерістің негізі болып қаланған университеттердің Ұлы хартиясына қосылып, білім берудің әлемдік кеңістігіне енді. Болон деклорациясының талаптарына сәйкес, құрылымға бірсыпыра өзгерістер енгізіліп, жаңа страте­гиялық бағыттар белгіленеді. Осыдан үш жыл бұрын университет ректоры Орталық Азия мен Қазақстандағы жоғары оқу орындары ішінен республикада екінші болып, Халықаралық университет ректорлары қауымдастығына (International association of University Presiolents (LAUP)» қабылданып, білім ордасы әлемдегі ЖОО-мен еркін қарым-қатынас орнатты, осылайша өзара тәжірибе алмасып отыруға қол жеткізді. Оқу орнының білім беру жүйесіндегі жетістіктері әлем университеттерінің «гринметрик» рейтингінде жақсы нәтиже көрсетті. Қатарынан үш рет рейтингтің тізімінде болып, Ресей, Болгария, Румыния, Чехия, Польша, Венгрия, Түркия, ТМД елдері университттері ішінде үздіктер тізіміне ілікті. Білім ордасы БСКА (НКАОКО) агенттігінің рейтінгісінде де соңғы төрт жылдан бері ұдайы алға жылжытып, алғашқы ондықтың ішінде келеді. Өткен жылы «Республикалық рейтинг агентігі (РРА)» ұйымдастырған (ЖОО бас рейтингі – 2017) шарада оған қатысқан 50 жоғары оқу орындары арасында 7-ші орынды иеленді. Бакалавриат-магистратура-докторантура білім беру бағ­дарламалары рейтингі (үздік үштіктер) бағыты бойынша республика жоғары оқу орындары арасындағы байқауға оқу орнынан 19 бағдарлама ұсынылып, оның 7-еуі үздік үштіктер қатарынан орын алды. Жолдауда жоғары оқу орын­дары­ның шетелдердің жетек­ші университет­терімен, ғы­лыми орталықтарымен, ірі кәсіпорындарымен және трансұлт­тық корпорациялармен бірлескен жобаларды белсенді түрде жүзеге асыруларына айрықша мән берілген. Білім ордасы халықаралық мәртебесіне сай академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша да білім тарататын, тәжірибе алмасатын орталыққа айналып келеді. Университет 45 шетелдік жоғары оқу орнымен, сондай-ақ «Erasmus+» бағдарламасы бойынша 5 шетелдік білім ордасымен келісім-шарт жасаған. «Мәулана» академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Түркияның алдыңғы қатарлы университеттерімен, оның ішінде Хаджетепе, Гази, Ерджиес университеттерімен де екіжақты келісім-шарт жасасқан. Жолдауда алға қойылған тоғызыншы міндет жемқорлықпен күреске және заңның үстемдігіне арналып отыр. Жемқорлықтың алдын алуға бағытталған күрес үздіксіз жалғасып келеді. Сөз орайы келгенде айта кетейік, Президент Н.Назарбаев егемендігіміздің алғашқы жылдарынан бастап-ақ министрліктер мен облыс әкімдіктерінің басшылығына тамыр-таныстықтан, сыбайлас жемқорлықтан қолы, рушылдықтан санасы таза адамдарды тартуды тереңнен ойластырып, осы бағытта жұмыс жүргізіліп келеді. Өкінішке қарай, жемқорлықтың тыйылатын түрі жоқ. Сыбайлас жемқорлық деген тіркес құлаққа сіңісті болып кеткен. Сыбайласа жасалатын жемқорлықтың тамыры тым тереңдеп кеткен секілді. Жолдауда келтірілген мына мәліметтер шошытады: Соңғы 3 жылда ғана жоғары лауазымды шенеуніктер мен мемлекеттік компаниялардың басшыларын қоса алғанда, жемқорлық үшін 2,5 мыңнан астам адам сотталды. Осы уақыт ішінде олардың 17 миллиард теңге көлемінде келтірген залалы өтелді. Әбден күйінгендіктен болар, Елбасы осындай мәліметтерді келтірді. Бұл дегеніңіз бер жағы ғана ғой. Дегенмен де сыбайлас жем­қорлық­қа қарсы саясатты іске асыру барысында жан-жақты жүйелі әрекет жасалып келеді. Мемлекет басшысы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы «Жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, сонымен бірге жаңа заңнамалар әзірлеу» бөлігінде көрсетілген тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында республика Парламенті «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң қабылдады. 2014 жылы тамызда Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құрылды. Бір сөзбен айтқанда, елімізде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен оның жолын кесуге бағытталған заңнамалық шаралар ұдайы жетілдіріле түсуде. Көзі ашық көкірегі ояу кез-келген қоғам мүшесі сыбайлас жемқорлықтың көріністері қоғамның мүддесіне зардабын тигізіп, мемлекетімізге орасан кедергі келтіретінін біледі. Ал, қоғамға мерез болып жабысқан осы сыбайлас жемқорлық атаулының биліктің жоғары эшолонында бастау алатыны жасырын емес. Соңғы кездері елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерінде халықаралық тәжірибелерге сүйеніп, әртүрлі шаралардың жүргізіліп отырғаны халықты үміттендіреді. Қазақ қоғамы қолы таза, адал адамдардан кенде емес. Жемқорлықпен қарсы аяусыз күресте адалдықтың туын жоғары ұстаған жандардың абырой-беделінің мықты қалқан болатынын естен шығармауға тиіспіз. Елбасы Жолдауға қатысты Мәлімдемесінде оныншы міндетке қатысты «Смарт Сити» технологияларын енгізу өсіп келе жатқан қалалардың проблемаларын тиімді шешуге мүмкіндік беріп, олардың инвесторлар үшін тартымдылығын арттыратынына баса назар аударды. Ал, Жолдауда «Ақылды қалалардың» өңірлік дамудың, инновацияны таратудың және еліміздің барлық аумағында тұрмыс сапасын арттырудың локомативтеріне айналатыны нақты айтылды. Осы тұрғыдан келгенде, қазақ хандығының астанасы болған ежелгі Түркістан қаласының алар орны ерекше екенімен ешкім де дауласа алмайды. Президент «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын әзірлеу барысында мәдени маңыздылығы тұрғысынан келгенде Түркістан мен Алтайдың ұлттық немесе құрлықтық ғана емес, жаһандық ауқымдағы құндылықтар екеніне айрықша мән беруді тапсырды. 2017 жылы Түркістан күллі түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды. Иә, адамзат баласы тарихындағы түркі әлемі деген қастерлі ұғым-түсініктің рухани қара шаңырағы, ұлы бабамыз Қожа Ахмет Ясауидің отаны қасиетті Түркістанда бабалар рухы жаңғырып жатыр. Түркістан тегі бір, ділі бір, діні бір түркі халықтарының рухын асқақтататын руханият орталығы, рух астанасы. Түркістанды өзінің тарихи орнына сәйкес биікке көтеру басты міндет болып табылады. Соның бірі – Түркістан қаласына лайықты мәртебе беру мәселесі. Түркістан атырабында ескі шаһарлар тұтасып жатыр. Қазба жұмыстарын кең бағытта жүргізу қажет. Яссауи музейі қажет. Осында жерленген хандарға, батырлар мен билерге арналған ашық аспан музейі іске қосылса, қала мәртебесінің биіктей түсері сөзсіз. Бір сөзбен айтқанда, ежелгі Түркістанды туристік шаһарға айналдырудың уақыты жетті. Қазақ елінің тарихи өрлеу бастауын­дағы асқаралы міндеттері тұжырымдалған бұл Жолдау жасампаздық пен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлттық идентификация мен ұлттық бірегейліктің, ұлан-байтақ жердің иесі – әр қазақтың жан-дүниесіндегі «Мәңгілік ел» ұғым-түсінігінің тұғырнамасына айналуы тиіс. Олай болса, Президент айтқандай, «Аталған міндеттерді орындау үшін бүкіл қоғамның бірлігі мен ынтымағы керек. Отанымыздың көркеюі әркімнің жаңа «цифрлық дәуір» талаптарына сай болуына байланысты. Осыны әрбір қазақстандық терең түсінуі керек».

Cейдулла САДЫҚОВ, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры

qazaquni.kz