"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!

Шығыстың шенділері кәсіпкерлікті ҚОЛДАЙ МА, әлде ҚОРЛАЙ МА?

«Атамекен» ҰКП Президенті

Т. Құлыбаевқа

Елбасы Н. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарияланғаннан бері еліміздегі мәдени өмірде серпілістер байқала бастады. Әсіресе, әдебиет саласында жағымды жаңалықтар көп. Мысалы, қазақ қаламгерлерінің шығармаларын шет ел тілдеріне тәржімалау секілді бастамалар көптің көңілінен шыққаны сөзсіз.

Елбасының өзекті бағдарламасы қазақ руханияты үшін үлкен демеу екенін мойындаймыз, алайда осы бағдарламаны жүзеге асыру барысында көптеген шикіліктер кездесіп, соның салдарынан жалпы бағдарламаға қатысты сын-пікірлеріміз көбейсе, оған ең алдымен шенеуніктер кінәлі шығар…

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі де бұл бағдарламаны өзінше насихаттап, қойылған талап пен тапсырмаларды өз дегенінше орындап әлек.  Шығыстағы кейбір шенеуніктер бұл бағдарлама аясында ойына келгенін істеп жүргені тағы бар.

Осы туралы ашық айтайын.

Мәселен, менің бірер жылдан бері медиа нарықта қызмет етіп келе жатқан «Tasqara Media Group» атты компаниям түрлі бағытта (жарнама, аударма, медиа насихат, аутсорсингтік қызмет түрлері) жұмыс істеп, бірқатар ірі жобаларды жүзеге асырып үлгерді.

Сөйтіп, ШҚО әкімдігінің ұйытқы болуымен өскемендік жазушы, табиғат зерттеушісі Борис Щербаковтың «Восточный Казахстан – Сердце Евразии» атты кітабын қазақ тіліне аудару бойынша келісімшарт жасасқан едік. Энциклопедия көлемі 1200 бет. Тапсырыс берушілер аударманың 2-3 айда бітуін сұрап, олардың айтқанын орындадық. Актіге қол қойылды.

Ал, содан кейін қызықтың көкесі басталды. Бізбен жұмысты жүргізген ШҚО әкімдігі Ішкі саясат басқармасы жанындағы Қоғамдық кеңестің Рухани келісім бойынша бас хатшысы Геннадий Пуссеп еді. Соның айтуымен біз «Восток-Печать» атты компаниямен келісімшарт жасастық. Жұмыс былтырғы жылдың қараша айында біткен. Содан бері бұл сабаздар түрлі қитұрқы әрекеттерге басты.

Жеті ай көлемінде Мәслихат бізге ақша аудармай жатыр деп ақталған бұл екеуі бізге көптеген сұмдық жайттардың бетін ашып берді.

Біріншіден, бұл іске Мәслихаттың қандай қатысы бар? Сөйтсек, ШҚО әкімдігі жанында «Парыз» атты қор бар екен. Біздің түсінігімізше керекті анау-мынау шаруаға қаржы жұмсау үшін арнайы ашылған әкімдіктің қоры. Пуссептің айтуынша, қордың жұмысы Мәслихат хатшысы В.М. Головотюктің бұйрығы арқылы ғана жұмыс істейді.

Картинки по запросу владимир головатюк

Мәслихат хатшысы В. Головотюкті де (суретте) таныстыра кету керек. Бұл кезінде бүкіл елге аты шыққан шенді. Ресей және Қазақстан елдерінің азаматтығын қатар алды деп айыпталған Головотюкке қатысты дау көптің есінде болар. Анық-қанығын білмегесін, ол жағын қазбаламаймыз.

Сөйтіп, біз мәселенің мән-жайын нақты білу үшін ШҚО әкімі Даниал Ахметовтың өзіне арнайы хат жазып жібердік. ШҚО әкімі аппараты басшысының м.а. Б. Закирьянова ханымнан келген жауапта әкімдік «Рухани жаңғыру» аясында бұл кітапты шығартқанын мойындады және Ішкі саясатқа қарасты Қоғамдық кеңес мүшесі Г. Пуссептің осы іске қатысы барын растады. Өз кезегінде әкімдіктің заңгерлік бөлімі Пуссепке түсініктеме жаздырды. Сөйтіп әкімдік ақыры бәрін осы байғұсқа аудара салып, «ақшаны бермесе барып сотқа беріңдер» деп қолдарын сілтей салды. Хаттың шығыс нөмірі: 29.03.2018 №ЖТ-Т-218.

Осы тұста ерекше атап өткім келетін бір жайт бар. Жергілікті орыс авторлардың шығармаларын қазақ тіліне аударып насихаттау және өзге де жұмыстарға деп былтырғы жылы осы жұмысқа 23 милллион теңге бөлінген болатын. Бұл туралы ШҚО Әкімдігінің Ішкі саясат басқармасының сайтында есептік құжаттарда анық айтылған. Ол қаржының көбі бізбен келісімшарт жасасқан «Восток-Печать» фирмасына аударылды. Алайда, қаржы өзге мақсаттарға жұмсалып қойғандықтан, біз биылғы жылғы транштан дәмелі болуымыз керек екен. Биыл тағы 18 миллион бөлінбек. Үзінді келтірейін есептерінен:

«При содействии Общественного совета Восточно-Казахстанской области в текущем году было выделено 23 млн.тенге на издание книг лучших региональных авторов о нашем крае. Изданы книги: Б. Щербакова «Звёздная степь Жидебая», «Восточный Казахстан – сердце Евразии»; М. Немцева «Ну народ!», «Алтай зеленоглазый»; А. Серова «Поскрёбыш»; К. Первушина «Курится батюшка белок»; Г. Гребенщикова «Егоркино детство»; «Седьмой континент А. Лаптева»; Е. Титаева «По утренней росе», номер областного литературно-художественного альманаха «Изумрудный Алтай»за 1 квартал 2017 г.»

Сонда не деген бітпейтін «Рухани жаңғырудың» қаржысы бұл… Және аудармаға деп бекітілген қаржы қайда жұмсалып кетті сонда?

Біз өз тарапымыздан сотқа арыз жіберетінімізді айтып қалып едік, жаңағы фирма директоры А. Гужвин бізге «қарызды қайтарып беремін» деп кепілхат жолдады бірден. Алайда, кейін телефон арқылы сөйлескенімізде Гужвин бізбен ешқандай келісімшартқа қол қоймадым деп айды аспанға бір-ақ шығарды.

Головотюктің осы іске дәлелі барынының нақты айғағы: біз бұл мәселе бойынша бизнес қауымдастықтың қамқоршысы «Ақ жол» партиясының төрағасы, ҚР Мәжіліс депутаты, «Атамекен» ҰКП кәсіпкерлікке қарсы әрекеттермен күрес Кеңесінің төрағасы Азат Перуашев пен «ақжолдық» Мәжіліс депутаты, Шығыс өңірінің тумасы Б. Дүйсембі мырзаларға шағымдандық. Берік Дүйсембинов ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Аманұлына қоңырау шалып, бұл іске көмектесуін сұрады.

Нұрымбет Аманұлының бізге жіберген смс-жауабында ол Головотюкпен сөйлескенін, және Головотюктің мүлдем басқа тапсырыс бойынша қарызды өндіріп беретінін айтқанын жеткізді. Алайда, кейін Н. Аманұлы Ұлан ауданының әкімі болып тағайындалып кетті.

Неғылған бітпейтін тапсырыс, Головотюк мырза?!.

Мен осы орайда жазған әрбір сөзіме құжат арқылы дәлел бере алатынымды ескерткім келіп отыр! Оның ішінде қаржылық құпия саналатын құжаттар бар болғасын, жарияламауды жөн көрдім.

Елбасы әрдайым кәсіпкерлікті қолдау керектігін айтып келеді. Бірақ, Елбасы тапсырмасын әркім әрқалай түсінетін секілді. ШҚО шенділерінің бұл әрекеті кәсіпкерлікті қолдау ма, әлде қорлау ма, ол жағын түсінбедім.

Қазір уақыт өзгерді, заман өзгерді. Қолында билігі бар шенеуніктер ойына келгенін істейміз десе қатты қателеседі. Халық қаласа хан да түйесін соятынын ұмытпаса екен…

Азамат Тасқараұлы,

«Tasqara Media Group» директоры,

«Қазақ үні» порталының Бас редакторы

МАҚАЛАНЫ КӨШІРУГЕ ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ!!!





1 пікір жазылған

Пікір жазу
  1. akku_15 7 Мамыр, 2018, 19:39

    Акимат ешкашан касипкерлермен тикелей келисимшарт жасаспайды. Осылай левый фирмалар аркылы. Сосын кан ишеди. Рухани жангыру жаксы болды шенеуниктерге. Жыртыктарын жамап алатын багдарламалары секилди. Дал осылай канша касипкер жур акиматтардын сонында. Егер бпри ашык жазса не болады екен. Бунын шын манинде кандай батпан куйрык екени белгили болар еди. Кожамжаровка жазу керек бул туралы.

Пікір жазу үшін тіркеліңіз немесе кіріңіз.