ШЕТЕЛ символикасы - ГЕОРГИЙ ЛЕНТАСЫН заңсыз таратуға НЕГЕ жол беріледі?!

Осыдан төрт жыл бұрын Керекудегі Руза Бейсенбайтегі бастаған қоғам белсенділері шырқырап жазған шындықтан соң бүгінде не өзгерді екен? Төрт жылдық мерзім кейбір мемлекеттерде бір президенттік уақыт. Осыншалық уақытта Павлодар облысында да, солтүстік облыстарда да, тіпті Астананың өзінде де өзгерістер бар ма? Жалпы еліміз бойынша алға басушылықтар байқала ма? Сондықтан осындай оймен осы билікке жазылған Ашық хатты қайта жариялап отырмыз.

 

Ресей мүддесіне жұмыс істеп жатқан кейбір мемлекеттік қызмет басындағылардың әрекеті қашан тоқтатылады?

Қазақстан Үкіметіне,

Парламент депутаттарына,

Павлодар облысының әкімі Қ.Бозымбаевқа

 

АШЫҚХАТ

Қазақ елінің азаматтары ретінде «Отан қорғаушылар» күнін атап өтпекші ниетпен көк жалаушаларымызды алып, Керекудегі облыс әкімшілігі алдындағы барлық мемлекеттік мерекелер тойланатын алаңмен өтпек болғанбыз. Әкімшілік ұйымдастырса, солармен бірге немесе өзіміз өтеміз деп келістік. Кішкене форматтағы көк байрақтарымызды сатып алмақ ниетте 5-6 дүкенді, бутиктерді аралағанымда таң қалғаным, барлығында дерлік көрші елдің, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысы да жоқ империялық символы – Георгий ленталары толып тұр. Екатерина екінші патшайым ХҮІІІ ғасырда тағайындаған «Орден святого Георгия», «Георгиевский крест» – осы лентаға бекітілген аталмыш марапаттар. Негізінен, жер аударушылардың жат жұртты, өзге халықтарды жаулап алушылық, басқыншылық жорықтарында беріліп келген марапат. Мысалы, «За походы в Центральную Азию», «За взятие г.Чимкента» ордендері секілді кете береді. Әулие Георгий ордендерімен, кресімен 1916 жылы Исатай-Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтерілісінде қазақ ауылдарын адамдарымен түгін қалдырмай өртеп жібергендер, Әулиеата (Тараз) тұрғындарын қырған генерал Черняев, Жетісуды алғандар, патшалық орыс озбырлығынан Қоқанға қашқан қазақ босқындарын қырып салғандар марапатталған. Өткен ғасырдың басындағы Георгий лентасындағы марапаттарды ақ гвардияшылар пайдаланған, Екінші дүние­жүзілік соғыс кезінде неміс жағына шыққан Генерал Власов, КОНР («Комитет освобождения народов России»), РОА («Русская освободительная армия») қолданған. 1943 жылы Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағы Гвардия жолағы ретінде кеңестік ордендер мен медальдарын сол лентаға таққан. Кейіннен 1992 жылдан бастап, қазіргі Ресейде қайтадан империя символы ретінде Георгий кресі марапаттарға енгізілген. 2005 жылы Георгий лентасын Ресей журналистерінің бастамасымен 1941-1945 жылдары соғыстағы – Жеңіс белгісі ретінде пайдалану акциясы пайда болды да, Ресей оны «кезінде біздің отарымыз болғандарыңды ұмытпаңдар» дегендей, барлық посткеңестік аймақтарға таратып, жергілікті биліктердің қолдауы арқылы өз мүддесіне пайдалануға кіріскендей.(Әйтпесе, Гвардиялық емес, Георгий ленталарын таратуларын басқаша қалай түсіндіруге болады). Сөйтіп, өзіміздің көк туымызды бір ғана «Эврика» дүкенінен тауып алдым. Бірақ, менің: «Неге Георгий ленталарын тағып алдыңыздар, егер Қазақстан азаматы болсаңыздар, бүгін «Отан қорғаушылардың күні» деп ленталардың шығу, қолдану тарихын айта бастап едім, «Ничего не будем продавать, уходи отсюда!» деп қуып шықты. Осындай жайттарға байланысты бірінші сұрағымыз: – Қай мемлекетте мемле­кеттік рәміздерінің орнына көрші мемлекеттің империялық, кезінде жерлерін отаршылыққа алғандағы марапат символикаларын тағы қояды және тегін таратылуына жол беріледі? Бұл азат Қазақ елін, қазақ жері үшін қасық қандары қалғанша күресіп өткен батыр бабаларымыздың әруақтарын ашықтан-ашық қорлау емес пе? Негізі 1,9 мамыр күндері қаланың бас алаңында жүздеген адамдардың қатысуымен керемет шоу-шаралар өтеді де, 7-сінде, мамырдағы мерекелердің ең маңызды мерекесі – қаладағы мәдениет ошақтарына тығып тасталынған. Қазақ еліне әуелі тәуелсіздік қымбат, ал сол тәуелсіздігіміздің кепілі – Отан қорғаушыларымыз екенін түсіндіру артық болар. Құрметті Президент мырза, жуықта Сіз де «басты құндылығымыз – Тәуелсіздік» дегенсіз. 6-сы күні, алаңнан өте бергенде, ондағы 9 мамырға дайындық, орыс тіліндегі дайындық аяқталып жатты да (мемлекет тілде ешуақытта болған да емес), өткізіп жатқан адам: «Все, спасибо, расходимся, завтра жду в 16-00» деді. Қызығы, 7-мамырда сағ.10-ның төңірегінде, алаңдағы мерекелік шараларды алыстан қарап, бәрекелді, «Отан қорғаушылар» күнін тойлап жатқан екен, қосылу керек деген ниетпен алаң маңына келсем, Отан қорғаушылар мерекесі емес, 9 мамырға дайындық екен! Ұққаным, мемлекеттік мереке – «Отан қорғаушылар күні» көк байрақшаларымызбен (митинг туралы сөз де болған жоқ), алаңмен бір квартал өтетінімізді біліп, 7-мамырдағы сағат 16.00-ға белгіленген дайындықты, алаңмен бізді өткізбеу мақсатында таңертеңгі сағат онға шегергенге ұқсайды. Бұлай деуімнің себебі, екі адаммен: М. Қалиев пен Т.Қоңыров ағалармен Нәйлә және әкім аппаратынан бейтаныс біреу «Алаңға неге шықтыңдар?!» деген сарында әңгіме құрған. Осы жағдайға байланысты екінші сұрақ: – Қай мемлекет өз туын алып, өз мерекесін ұлықтайтын адамдарға тосқауыл қояды? Мерекелік күн полицияға арыз жазумен аяқталды. Ішкі саясаттан шығып, үйге беттеген жолда Георгий лентасын таққан адамды кездестірдім. Оған да сатушыларға айтқан сөздерімді және осынысымен қазақтарды, мемлекетті ашық басынып тұрғанын айттым. Ол «Русская империя лучше чем Казахстан» деді. Мен интернеттен алынған KZ_ONLINE сайтына сілтеме жасалған, «в РК не рекомендованно носить эти ленты...» дегенді көрсеткен едім, «Мало ли чего ваш Назарбаев будет говорить» деген соң, полицияны шақыруға мәжбүр болдым. Бірақ, алдындағы ашықхатта жазғанымдай, полиция осыным үшін керісінше мені сотқа сүйрей жөнелсе таңданбаймын. Өйткені, үстінде жазылған­дардан көзі ашық адам, ел басындағылардың осы мем­лекеттің емес, көрші мемлекеттің сойылын соғып отырғанын көреді. Оған қосымша төменгі сұрақ-дәлелдер: – Қай мемлекетте төл­құжаттарын, жеке куәліктерін, әдейі, қазақша мүлдем түсінбейтін оралмандарға да орысша бланкі толтыртып, соның негіздемесінде орысша жаз деп мәжбүрлейді? Әр мемлекетте, ол елдің азаматтарының бірінші құжаты тек сол мемлекет тілінде емес пе? Тек сыртқа шығатын төлқұжаттар бірнеше тілде толтырылуы мүмкін. – Қай мемлекет өз жерін ластандыруға қарсы шығатын азаматтарды жазалайды? Бұл да Ресей мүддесіне жасалып отырған шаруа екенін әр адам көріп отыр. – Былтыр қазақ көші тоқталып қалғаны да Ресей мемлекетінің басқыншылық мүддесіне қарай, шекаралас территориямыздың ашық қалуы үшін істеліп жатқан жағдай деп ойлауға толық құқымыз бар. Себеп – Украинадағы жағдай. Аллаға шүкір, араларыңызда осы мемлекетті ойлайтындар барлығынан көш қайта жаңғыртылады екен. Бірақ та биліктегі ресейшілдер, олай айтуға осында тізіліп өтілген, қалып қойған да масқарашылықтарға байланысты толық құқымыз бар, көштің нақты орындалу механизміне кедергі жасап созып отыр. Өйткені біршама уақыт өтті, кейбір маңызы жоқ (аз) қаулылардың жүзеге асу механизмінің лезде іске асатынын ескерсек, тактикалық, стратегиялық жағынан да, ел қауіпсіздігіне тікелей маңызы бар шара, енді ғана облыстарға ақпарат ретінде ғана жеткізіліп отыр. Қашан, қалай іске асатыны белгісіз. Неге? Бұл тағы тәуелсіз мемлекеттілігіміздің мүддесіне сай емес. Неге? – Байқоңыр қаласы, басқа да Ресей полигондары алып жатқан миллиондаған гектар қазақ жері халықпен келісілмей, Ресейге берілген. Оның артық, тым құрығанда олармен пайдаланбайтын жерлерді қайтаруға ниет білдіретін қазақ тәуелсіздігінің кепілі, рухты да батыл ұлдарымыз бен қыздарымыз не үшін жазаланады? – Неліктен мемлекеттің ауқымды аймақтарында, қоғамдық, басқа да қарым-қатынас, аудармасыз іс қағаздары 90 пайыздай орыс тілінде? Неліктен бюджеттің, бізден – салық төлеушілердің қаражатынан құралған қаржы, мемекеттік тілді тұғырына қондыратын желеумен бостан-босқа құрдымға кетеді? Бұл қылмысқа, оның құрамында қазақты орысқа ассимиляциялау пиғылы тікелей кім жауап береді? Не 2020, не 2025 жылдар тіл тұғырына қонбақ емес. Өйткені 70-80 пайызға дейін балабақшалар мен мектептер орыстілді, не араластілді (араластілді-орыстілді екенін, барша мәдени-тәрбие ісі орыс тілінде жүргізілгендіктен, баршаға аян). Осы елдің тілінде сөйлеген адамға: «националистка, провокатор, фашистка» деген айдарлар тағылуына, қызмет көрсетілмей қуылуына жағдай жасап отырған жергілікті билікті ҚР мемлекеттілігін, тәуелсіздігін нығайтуға әрекет жасап отыр деп кім айтады? – Билік неліктен өткен ғасырдың 20-30 жылдары бүкіл қазақ қаймағын, Алаш ардақтыларын атып тастаған НКВД формасын киген, қанішер НКВД-ны насихаттаушыларды жазаламай, оларға жұрттың көзінше «Аңыз адам» сияқты журналымызды өртеуге рұқсат береді? Олардың журналда не жазылғанын оқымағандығы барша жұртқа әйгілі болды емес пе? Бұдан айқын көрініп отырған қорытынды: бұл көрші мемлекеттің империялық пиғылын біздің елде іске асырушылардың билік тарапынан қолдаушылыққа ие екенінің көрінісі. Жириновский, Лимонов сияқты тәуелсіздігімізді талқандап, Қазақстанды қайтадан колония етуге құлшынып отырғандармен, көрші, өздеріне бауырлас Украинаның жерлерін басып алғандармен одақ болу – оларды нақтылы сол арманына жеткізу деп есептейміз. Қазірдің өзінде еститініміз: «Я живу в Омской губернии, почитайте интернет, никакой это не Казахстан», алдындағы ашықхатқа жазғанымыздай, «Скоро здесь будет Россия, а вы со своим казахским языком идите в свои степь, пасите своих баран!», «Скоро ваш язык никому не нужен будет, мы объединяемся с Россией!». Осындай орын алған жағдайларға тосқауыл қойыла ма? Соңында, жоғарыда жазылған жайттарға байланысты қорытынды сұрақ: Ресей мүддесіне жұмыс істеп жатқан кейбір мемлекеттік қызмет басындағылардың әрекеті қашан тоқтатылады? Құрметпен, Р.Бейсенбайтегі – Павлодар облыстық «Желтоқсан ақиқаты» филиалының төрайымы, М.Қалиев – ОСДП партиясының мүшесі, Қ.Нұрбаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қ.Баязитов – құрметті теміржолшы, Қ.Нәбиев – қоғам қайраткеткері, Ш.Бұрхат, заңгер, Г.Cейдалиева, жұмысшы, А.Тоқтасын – бала күту демалысындағы әйел, Г.Мырзағали – студент, Г.Дүйсенбина – зейнеткер және тағы басқалар. 14 мамыр 2014 жыл qazaquni.kz