Оразаға дейін жасалуы тиіс 10 амал

Айлардың сұлтаны Рамазанның басталуына 12 күн қалды. Күллі мұсылман қауымның оразаға дейін жасауы тиіс 10 амалын назарларыңызға ұсынамыз.

1) Рамазан жайлы көп оқу

Рамазан айы жайлы білім алу "Оразаны не бұзады?", "Ораза ұстамай-ақ қойсам бола ма?", "Рамазан айында не істеу керек?" деген секілді сұрақтарыңызға жауап береді. Рамазан айы жайлы көп білген сайын сол біліміңізді амалға асыруға тырысасыз.

2) Рамазан айына жоспар жасау

Рамазан айы жөніндегі біліміңізге сүйене отырып жоспар жасаңыз. Күнімізді қалай өткіземіз? Құранды қай уақытта оқимыз? Ауыз ашар қашан береміз деген секілді Рамазан айында атқаратын істеріңіздің барлығын тізіп жазып шығыңыз. Тіпті жаман әдеттен арылып, жақсы қасиетті әдетке айналдырмақ болып жүрсеңіз, оны да жазып қойыңыз. Ең бастысы, мақсатыңыз айқын әрі анық болуы қажет. Ертеңгі күнді ұйқыға жатпас бұрын жоспарлаған жөн.

3) Құран оқуға жоспар құру

Рамазан – Құран айы. Бұл айда Құранды бастан-аяқ кемінде бір мәрте оқып шыққан дұрыс. Ол үшін әр намаздан соң Құран оқып отыру керек. Егер солай жасар болсақ, әр намаздан соң 41 аят оқып, бір айда Құранды толық хатым етіп бітіреді екенбіз. Рамазан айында Құран оқудан рахат алу үшін, қасиетті кітапты қазірден бастап оқуды қолға алған жөн.

4) Сүре жаттау

Рамазан айындағы ең жақсы уақыт – тарауық намазы. Егер тарауық намазын мешітте оқуға мүмкіндік болса, өте жақсы. Ал егер мүмкіндік болмаса, тарауық намазын үйде, отбасыңызбен оқыған абзал. Әрбір ракағатта бір сүрені қайталап оқи бергеннен гөрі қазірден бастап сүре жаттай берген абзал. Ал Рамазан айында жатталған сүрелерді қайталауға үлкен мүмкіншілік табасыз.

5) Ораза ұстауды бастау

Көреген адамдар кез-келген қиындыққа алдын ала дайындық жасайды. Рамазан айында дайындық жасау да сол секілді. Бірден ұзақ уақыт бойы нәр татпай жүрсе, ағзада үлкен өзгерістердің орын алуына әкеліп соғуы ықтимал. Сондықтан да ардақты пайғамбарымыз ﷺ Шағбан айында жиі ораза тұтқан. Бұл ол кісінің Рамазан айына жасаған физикалық әрі моралдық дайындығы болатын.

6) Ас мәзірін әзірлеп қою

Отбасыңызбен бірге ас мәзірін құрып қойған артық етпесі анық. Тұзды, майлы, қуырылған және газдалған өнімдерді мүлде алып тастаңыз. Рамазан айында ішетін асымыз сіңімді әрі жеңіл тамақ болғаны дұрыс. Рамазан басталмас бұрын қажетті әрі пайдалы өнімдерді әкеліп қойыңыз. Мүмкіндік болса уақытыңызды бөліп, түшпара, мәнті секілді жартылай дайын өнімдерді жасап қойған өте жақсы. Рамазан айы құлшылық айы болғандықтан, уақытты үнемдеудің түрлі жолдарын пайдаланған тиімді болмақ.

7) Үнемі дұғада жүру

Үнемі дұғада болып, Алла Тағаладан сұрауды әдетке айналдырыңыз. "Уа, Раббым! Біздерді аман-есен Рамазанға жеткізе көр" деп айтып жүріңіз. Мұсылман адам Рамазан айына есен-аман, рухани әрі физикалық тұрғыда дайын болған халде кіргені жақсы.

8) Қаза болған ораза болса, өтеу

Осы жылғы ұстаған оразамыз берекелі болсын десек, Рамазан айына кірместен, өткен жылдағы Рамазанда қаза болған ораза күндерін толықтырып қойған абзал.

Сонымен қатар, ақшалай қарыздарыңыз болса да, қайтарыңыз. Рамазан айын таза әрі жақсы көңіл-күймен қарсы алған абзал.

9) Алаңдатуы мүмкін істі аяқтап қою

Рамазан айын барынша құлшылықпен өткізу үшін аяқсыз алған жұмыстарыңыз болса, аяқтап тастаған дұрыс. Өзге елге қоныс аударуды жоспарлап жүрсеңіз, көші-қонды қазірден бастап әзірлеген абзал. Сауда-саттық жоспара болса, оны да, тіс дәрігеріне баруды ойлаған болсаңыз, оны да қазірден бастап қолға алған жақсырақ.

10) Тазалық – иманның жартысы

Үйіңізді Рамазан айына дайындаңыз, яғни толықтай тазалық жүргізіңіз. Киілмейтін қалың киімдерді жуып, оларды таса жерге жинаңыз. Сонымен қатар, Рамазан айының алдында толықтай ғұсыл алыңыз. Осылайша, он екі айдың сұлтаны болған Рамазанды таза көңілмен, салауатты тәнмен әрі ақ ниетпен қарсы алайық.

Дереккөз: Muftiyat.kz