Өзіңен баста: Оғыз Доғанды сынаған экс-депутатты Түсіпбаева орнына қойды

Екі күннен бері Qazkom банкі айналасындағы дау сейілер емес. Сенатор Бірғаным Әтімова қазақ мүддесін қорғап жүрген түрік азаматы Оғыз Доғанды жақтап, екінші деңгейлі банктің қазақ тілінде қызмет көрсетуге міндетті екенін алға тартса, экс-депутат Тәңірберген Бердоңғаров «қазақ қыздарының намысына тиетін сен кімсің» деп Доғанды «жағадан алды». Бердоңғаровтың бұл әрекетіне әнші Түсіпбаева қайшы пікір білдіріп, оның өзін тіл меңгеруге шақырды. Бұл туралы sn.kz жазды.

«Тәке, кешіріңіз қате кетсем.  Сіздің анаңыз кәріс емес пе? Тілге деген құрмет ана сүтімен берілетінін білеміз. Бірақ елбасымыз мемлекеттік тілге деген ұстанымын жақында ғана айтты ғой? Ал өзіңіз неге ана тілін жетік меңгермегенсіз? Соған қарағанда Нұрсұлтан Әбішұлының сөзін дұрыс тыңдамағансыз-ау. Өкінішті. Сізге айтарым – алдымен бәрін өзіңізден бастаңыз!», – деді эстрада жұлдызы өзінің Instagram-парақшасындағы жазбасында.

Еске сала кетейік, 25 сәуірде Астана қаласындағы «Сары-Арқа» банк бөлімшесінде Оғыз Доған өзіне қазақша қызмет көрсетпеген қызметкерлерді видеоға түсіріп, желіге жүктеген. Содан кейін БАҚ құралдары бұл ақпаратты жарыса жазып, соңы дауға айналған.

Күні кеше Qazkom банкінің өкілдері қазақша қызмет көрсете алмағаны үшін Оғыз Доғаннан кешірім сұрап, видеомәлімдеме жасаған. Тіпті, банк қызметкерлеріне осы олқылық үшін арнайы тренинг өткізетіндерін де мәлімдеген.