Ақтөбеде сәбиі шетінеген ана министрлікті кінәлап отыр

Ақтөбеде жас босанған ана сәбиінің шетінегеніне Денсаулық сақтау министрлігін кінәлап отыр. Өйткені онда бекітілген ережеге байланысты толғағы қысқан әйелді 24 сағатқа толмай тұрып босандырып алуға дәрігерлердің құқығы жоқ деп хабарлайды КТК телеарнасы.

32 жастағы Мейрамгүл Өтепбергенова суы кетіп, қиналғанын айтып дәрігерлерден көмек сұраған. Бірақ олардан қайыр болмай, ақыры шақалақ іште жатып тұншығып өліпті.

Ақтөбелік келіншек тоғыз ай көтерген бөбегін бір күн де болса бауырына басып үлгермеген. Жатырда жатып тұншыққан шақалаққа дәрігерлер дем салғанымен, ақыры жансақтау бөлімінде шетінеп кетеді.

Жас босанған ана жүктілік кезінде денсаулығының еш сыр бермегінін айтады. Қаншама рет қан тапсырып, тексеруден де өткен.

«Анализ дұрыс, скрининг бойынша 3 УЗИ өттім, оның алдында 39 апта болғанда тағы УЗИ істеттім, өзім үшін. Бәрі дұрыс, бүйрегі, өкпесі, аяқ-қолы, басы баланың - бәрі сәйкес келіп тұрды. Туылғанда да салмағы 3 келі 428, бойы — 54 см. Жетіліп тұрған бала ғой енді», — дейді Мейрамгүл.

Келіншек толғағы қысып, перзентханаға түскенде жатырының ауырғанын айтып дәрігерлерден көмек сұраған.

Бірақ олар тура бір тәулік өтпей босандыра алмайтынын айтыпты. Өйткені денсаулық сақтау министрлігі бекіткен бұйрық солай.

«Суымның түсі өзгере бастағанын байқадым. Медбикелер ондай болады деді. Қаншама бала өлу керек сол протоколды өзгерту үшін?», — деп ашынды Өтепбергенова.

Ал перзентханадағылар өздеріне шаң жуытар емес. Олар керсінше келіншекті кінәлап отыр.

«Созылмалы гипоксия болған балада аяғы ауыр кезінде. Тізімде тұрған, дәрігерлерге қаралған. Анализдері жақсы болмады. Дәретінде лейкоцитоз болды», — дейді Қарғалы қалалық ауруханасы босандыру бөлімінің меңгерушісі Дариға Осмағанбетова.

Толғағы қысқан келіншекті 24 сағатқа толтырмай ерте тудыруға тыйым салынған. Осы ережені қарастыратын хаттаманы денсаулық сақтау министрлігіндегілер осыдан төрт жыл бұрын қабылдапты.

Сол құжатқа сәйкес суы кеткен әйел бір тәулік ішінде өзі босана алмаса ғана дәрігерлер басқа шара қолдана алады. Бірақ көп жағдайда, әсіресе, сәбидің аман туылуы үшін көмек беруге тым кеш болады екен.