Айк Халатян: Еревандағы көтеріліс — халықтың жеңісі

Армениядағы «бархыт революциясының» қазіргі ахуалы, маңызы мен ЕАЭО-ға қатысты ел саясатына әсері туралы VERELQ ақпараттық-аналитикалық орталығының сарапшысы, Еревандық саяси шолушы Айк Халатян Tengrinews.kz порталына өзекті сұхбат беріп, өткір мәселелерді көтерді. Newsasia.kz ақпарат агенттігі сұхбаттың қазақша нұсқасын оқырман қауымға ұсынды. Айк Халатянның айтуынша, қазіргі уақытта Ереванда болып жатқан оқиғалар — бұл сөзсіз халықтың жеңісі болып табылады. — Халық билікке елдегі ахуалға — күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайға, биліктегі жемқорлыққа төзіп отыра бермейтіндігін, көшеге шығып өз құқығын қорғауға дайын екендігін көрсетті. Сондықтан, бұл сөзсіз халықтың жеңісі болып табылады. Әрине, бұл жерде саясаттың да бары белгілі, түрлі саяси күштер мұны өз пайдасына шешуге тырысады. Бірақ, соған қарамастан, халықтың өз күшін көрсетуі үлкен жетістік, — деді сарапшы. Тағы бір атап өтерлігі, халықаралық БАҚ-та Саргсянға қарсы ереуілге бұқара халық ғана емес, полицейлер, әскерилер де шықты деген хабарлар  тараған еді. Халатянның айтуынша, бұл жаңсақ пікір. Себебі, Еревандағы көтеріліске әскерилерден небары он шақты ғана адам қатысқан. — Ол әскерилер қарусыз келді және митинг ұйымдастырушылардың өздері олардың бөлімшеге қайтуын сұраған болатын. Ал, ІІМ-не қатысты айтар болсам, ереуіл кезінде екі-ақ полицей көшеге шықты, оның біреуі отбасылық зорлық-зомбылық бөлімінен, екіншісі де  аса маңызды емес бөлімнен. Сондықтан, әскерилер мен Ішкі істер органдарының қызметкерлері көтеріліске шықты деп айтуға болмайды, — деді Халатян. Сарапшының пікірінше, Армениядағы сайлау жүйесінің өзіндік механизмі бар. Сайлау кезінде саясаткерлер қылмыс әлемінің серкелеріне ақша төлеуге дейін барады екен. Өз аудандарында үлкен беделге ие олар халықтың дауыс беруіне әсер етеді. Қазіргі уақытта Арменияда үкімет басшысы орынтағына талас жүріп жатыр. Айк Халатянның пікірінше, негізгі талас билік басындағы үш кланның арасында өрбиді. — Оппозиция өкілі Пашинян премьер боламын деп санайды, Армения республикалық партиясыныңлидері Саргсян биліктен кетсе де, олардың парламентте 58 мандаты бар. Ал, Премьерді сайлау үшін 53 депутаттық дауыс қажет. Бұл жерде үшінші күш бар — Армениядағы ең ауқатты олигарх Гагик Царукян. Оның «Царукян» фракциясы мандат жағынан Парламентте екінші орында тұр. Осы үш күштің арасында тартыс жүріп жатыр, — дейді Халатян. Сұхбаттасқан: Сауле Смагулова