Астаналық азамат ұлын ойнап жүрген балаларды ұруға мәжбүрледі

Әлеуметтік желілерде ер адам аулада ұлын ойнап жүрген балаларды ұруға мәжбүрлегені туралы видео тарады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі newtimes.kz сайтына сілтеме жасап.

Бейнеролик Instagram әлеуметтік желісінде жарияланған. Видеода 9-10 жасар бала әкесінің жөн сілтеуімен өзі қатарлас балаларға күш көрсетпек болады. Көріністі видеоға түсіріп тұрған әкесі «Ұр оны! Ұр, тоқтама! Бетінен ұр, басынан ұр! Ұр дедім мен саған! Басынан ұр!» деп ұлын қайрап тұр.

Астана қалалық ІІД бұл жағдайдың болғанын растады.

«41 жастағы қала тұрғынына қатысты процессуалдық шешім қабылданды. Бұл жағдай Тәшенов көшесіндегі үйдің ауласында болған», - дейді полиция қызметкерлері.

Әлеуметтік желідегі бейнероликті көрген интернет қолданушылар ер адамның әрекетін құптамай, талқыға салды.

«Өзі есерсоқ екен, баласына да соны үйретіп жатыр. Қартайған кезде ұлынан да таяқ жейтін болады», - деп жазды қолданушылардың бірі.