Расул ЖҰМАЛЫ: Қоғамдағы жарқышақ ашылып барады
2018 ж. 16 сәуір
3972
16
Қазақтың жеріне, елінің аумағына, оның тәуелсіздігіне, егемендігіне, ұрпағының болашағына алаңдайтын мәселе жеткілікті. 2018 жыл. 27 жыл – тәуелсіз мемлекетпіз. Бірақ көріп отырғанымыз – нағыз жүйелі дағдарыс. Бұған дейінгі дағдарысты жағдайлар – 1999, 2006, 2009, 2011 жылдармен салыстырғанда, бүгінгі жүйелі дағдарыстың қаупі де, қатері де, ықтимал салдары да әлдеқайда зор, оны жақсы білесіздер.
27 жылда, қалай болғанда да, Қазақстан саяси тұрғыдан тәуелсіз ел бола алған жоқ. Өзінің дербес саяси жүйесі былай тұрсын, экономикасын тәуелсіз ете алмады. Әлі күнге дейін әсіресе Ресейге тәуелдіміз. Экономиканы технология тұрғысынан сапалы деңгейге көтере алмадық, нәтижесінде шикізатқа қарап отырған жағдайымыз бар. Ақпараттық, идеологиялық, білім беру, мәдениет, қай саланы алып қарсаңыз да – дағдарыс. Тәуелділіктің сақталуы, отарлық санадан шыға алмағанымыз – жалпы ұлтты ұлт ететін идеологиялардың жоқтығы осы жағдайға жеткізді. Осы дағдарысқа алып келген қарама-қайшылықтың негізгісі – билік пен қоғам, билік пен халықтың арасындағы жарқышақ жыл санап алшақтап барады. Түсіністік жоқ. Арадағы дәнекерлер жоқ, өркениетті елдердегідей парламент, саяси партиялар, тәуелсіз сот, БАҚ жоқ. Оның орнына – күштік құрылымдар, түрлі арандатушылар бар. 27 жылда билік еш өзгерген жоқ, халық демография тұрғысынан, сана-сезім тұрғысынан өзгерді. Аһ ұратындай жағдайлар бар: кейбір жағдайда динамиканы да көрген дұрыс – өте баяу болса да, халықтың сана-сезімі өсіп, талабы күшейіп келе жатыр. Қоғамның, биліктің өзінің Кедендік, Еуразиялық одаққа, Байқоңырға, қазақ тіліне, латын әліпбиіне көзқарасы қандай еді, баяу болса да, арақашықтық алшақтаса да, нәтижесі болашақтың бірізді болатынына күмән көбейіп келеді. Әйтеуір бір өзгеріс болады, қатып қалған, мәңгілік ештеңе жоқ. Оның құны қандай болмақ? Билік үшін ғана емес, қазақ үшін, халық үшін. Үш ұлы қағида бар: революция, эволюция, деградация. Жағдай дәл осы қалыпта қалатын болса, деградациямен Солтүстік Кореяға жететін жолға түспесек болды, кезінде Түркіменстанға күлетін едік, бәлкім, сол жағдайға келіп қалдық па?.. Қалған екеуіне келсем, ревролюция жақсылыққа әкелмейтінін өзге елдердің тәжірибесінен көріп отырмыз, барлығымыздың ойлағанымыз – эволюция. Өркениетті жолмен жақсы бір келісім мен пәтуаға келу. Өкінішке қарай, ресми орындар осыны түсінбей отыр – қазақта сөз бар ғой: «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген.
Ұлт патриоттары саясаттың басы-қасында жүруі шарт емес. Кәсіпкерлікпен айналысып жүрген, қоғамға бей-жай қарамайтын белсенді өкіл ретінде араласатын жағдайда осындай форумның болғаны дұрыс. Өте маңызды мәселе – нәтижесі бекер болды деп айта алмаймыз. Бұған дейінгі жазылған мақалалар, сұхбаттар біреудің құлағына жетті, енді бірін ойландырды, бәлкім, біз ойлағандай қарқынды болмаса да, сең қозғалып келе жатыр. Осыған серпін беруіміз керек, оны кеңейтетін осындай форумдар, әлеуметтік желі сияқты мүмкіндіктерді бір жүйеге қойып, маңызды мәселеге жол ашады. Болашақ Конституциямыз қандай болады? Қолданыстағы Конституцияның бірталай мүмкіндіктерін пайдалана алмай келеміз, шетелдіктермен келісім жасау кезінде олармен келісім жасаудың талабы міндетті түрде ашық болуы керектігін пайдаланбаймыз. Көп мәселе қоғамдағы сана-сезімге байланысты. Дәл осындай трендтер топтарды қолдайтын болса, байқасақ, халықтың сана-сезімі осыған келе жатыр, қоғамдық пікір қалыптасуда. Кәсіпкерлердің көпшілігі өзін орыс әлемінің бір бөлігі сезінсе де, санасуға мәжбүр. Алаш зиялыларын қалталы азаматтар, көпестер қолдады. Халықтың өзі қалады. Кенесарының ұлт-азаттық көтерілісін би-сұлтандар қолдады. Осындай ойды халыққа ұялататын болсақ, Қазақстанның болашағы, тұрақтылығы, жарқын келешегіне жол ашады. Бұл тек қана белсенділердің ісі емес, әлдебіреу сырттан келіп, Еурокомиссия, Госдеп, т.б. істеп бермейді, бұл қазақтың өзінің шаруасы. Әркімнің өз деңгейінде атқарылатын шаруа. Ағартушылық, саяси сауаттылықты арттыру дейміз бе, жеткізудің көптеген жолдары бар, осындай форум өзінің септігін тигізсе, оған әркім шамасы-шарқынша үлесін қосса, жақсы жағдайға жетеміз. Форумды ұйымдастырған, мұрындық болған азаматтарға рахмет, өз басым үлесімді қосуға дайынмын.
Расул Жұмалы, "Дат" газеті