"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!

Қажымұқан Ғабдолла: Шахановтың шындығы – Жамбылды жетімсіретпейді

Поштама «Қажымұқан Ғабдолла мырза, сіз неге үндемейсіз?!.» деген хат келді…

Шолпан Ханым (Sholpan Hanym) Фейсбуктегі парақшасында былай депті: «…Желіде тарап жатқан, осы күнге дейін құрметтеп келген Мұхтар ағамыздың атына небір ауыр сөздерді оқып, көңілім құлазып отыр… «Болатын елдің баласы бірін бірі: «Батыр!» дер. Болмайтын елдің баласы бірін бірі: «Қатын!» дер…»

«Кім айтты саған?

Тұлпарды сүрінбейді деп,

Асауды мінілмейді деп,

Ақкөйлекті кірлемейді деп,

Қара ешкі мүжіген ағаш

Қайтадан гүлдемейді деп?

Кім айтты саған?

Жұрттың бәрі мейірбан, арайлы деп,

Жұрттың бәрі шындықты қалайды деп,

Биікті ардақтайды деп,

Асылды қорлатпайды деп…»

Халқымның кешегі күні шалыс бас­қан ел алдында жүрген аты дардай азаматтарды кешіргенде, тіл үшін жан пида еткен Мұқтар ағамызды неге сонша жерден алып, жерге салып отырғанын түсінбедім… «Жаңыл­майтын – жақ, сүрінбейтін – тұяқ жоқ» деген… «Бір мұсылманды мақтай алмасаң, ең болмағанда, жамандама… Пайдалы бола алмасаң, ең болмаса, зияныңды тигізбе…Қуанды­ра алмасаң, ең болмағанда, ренжітпе…»

…Ә дегенде, бұл тартыс, қарбалас – замандас-құрдас достардың ара­сындағы әзіл-қалжыңдай көрінді маған. Бірақ, желді күнгі қамысқа ти­ген оттай лезде лапылдап шыға келді…

Алғашқы толқын – айтыс ақыны Жамбылға «Сталиннің түплиін жалатқан», ақиық ақын Мұқағалиды «маскүнем» деген сыңайда өлең жазған ақын Мұхтар Шахановқа қарсы өре түрегеліп, жонбаған жебесі, атпаған оғы қалмады…

Іле-шала ұлттық ұран-байрақты желбіретіп жүрген ақынның алдына «Қытай қорғанын» орнатқан ордалы топ пайда болды…

Не айтылмады дейсің: рушылдық­тан бастап, ұлтшылдыққа дейінгі (кей­де оның да кернеуінен асып…); пенде­шіліктен бастап, пайғамбарлыққа дейінгі майда-шүйде, өсек-аяң, жала-күйе түгелімен тізімге алынып, тізбекке салынды…

Ештеңе қалған жоқ… Тура боқтап, боққа тоқтау ғана қалған…

Сөйтсек, «Жазушылар Одағының мүшелігінен шығару» деген тағы бір мүмкіндік ұмыт қалыпты. Жылдам іске асыру керек. Топ жинап, тобыр құру қажет. Сөйтті де…

Жалпы, Жазушылар Одағының мүшелігіне кез келген қаламгерді белгілі деңгейдегі шығармашылық жетістігі үшін қабылдамай ма? Демек, қаламгердің шабыты тасығанда немесе ар-ұяты қамшылағанда, тіпті, пәни жалғаннан ертерек өтіп кет­кен пенделердің (біліп-білмей істеген…) кемшіліктері оттай қызған қаламының ұшына (кездейсоқ немесе ой тасқынының дүмпуімен…) ілігіп кетсе, кінәлі бола ма? Сол үшін қаламгердің мойнына қамыт кигізіп, мүшеліктен шығарып тастау керек пе?..

БІРІНШІДЕН, Мұхтар Шахановтың Жамбыл мен Мұқағали және басқа­лар туралы жырлары ойдан шыға­рыл­ған ба, әлде, өмірдің шындығы ма?

Әрине, шығармашылық адамы өмірдің қасаң шындығын ғана емес, ой-қиялынан да ақиқатқа татырлық туынды тудырса, оған қарсылық жоқ. Бірақ, бүгінгі жағдайда Мұхтар Шаханов – Жамбыл мен Мұқағали (және басқалар туралы) ойдан ештеңе құрамапты. Тіпті, әріптес ақындарына құрмет көрсетуді де ұмытпаған…

Яғни, әлгі «Мұхтар Шахановтың – Жазушылар Одағының мүшелігінен шығарылуын…» талап етіп, әділет іздеп, шарқ ұрған топтың мақсаты – ащы шындыққа қарсы шығу ма? Ежелгі, кешегі, бүгінгі және ертеңгі шындықты тұншықтыру ма, айтқызбау ма?..

ЕКІНШІДЕН, Мұхтар Шаханов – Жамбыл мен Мұқағали (және басқалар туралы) ойларын БҮГІН, БІРІНШІ рет айтты ма?.. Біздіңше, Мұхтар Шаханов талай мәрте ақиқатты айтамын деп, от басып келеді. Керек десеңіз, қайбір жылы қазақтың бас ақыны Абайдан – азаматтық рухы үшін Махамбет батырды «артық көргенде…», әділсүйгіш әлеумет бір сілкініп, байыпты байыз тауып еді…

Күн озып, пенде өзгерген сайын тым кінәмшыл, тым қатыгез, кешірімсіз әрі кеще кейіпке тереңдеп барады. Мұқаңның өзі бір кезде:

«Көзімді алмай маздап жанған оттардан,

Саған сенем, саған сенім артамын.

Қорықпаймын түсінігі жоқтардан,

Жүрегі жоқ адамдардан қорқамын…» – деп тебіренсе де, сірә, жақсылық пен ізгіліктен қарасын үзе алмай, әуре-ау… Қазір жүрегі жоқтардың заманы әлдеқашан туған жоқ па?!. Әйтпесе, қазақтың баласы мен даласы шыңғырған шындық айтқан жұмыр басты қашан алалап, күстаналап еді?..

ҮШІНШІДЕН, Мұхтар Шахановтың қара жер жүзін жасырып, баяғыда бақилық болған марқұмдарды (мейлі, қарапайым қойшы болсын…) сөз қылып, пендешілік кемшін-мінде­рін жаһанға жариялауы – дұрыс па?..

Біздің қазақ – марқұмның рухын қастерлеген халық. Өлгендер – қайтып келмейді де, ешбір уәжіңе жауап бермейді де. Оған мүмкіндігі жоқ. Дегенмен, бақилық бейшараның денесі жойылса да, рухы өлмейтін көрінеді. Мұхтар Шаханов Махамбет батырды ажал алдында былайша сөйлетеді:

«Туған елім, құдыретімсің аңсаған.

Алдан жарқын күн шыққанша,

Кескініңді көрмейінші шаршаған.

Дулығаны қақ жарып гүл шыққанша,

Жер астынан қарап жатам мен саған!..»

Демек, алаштың алып ақыны Аб­айдың, жырау Жамбылдың, ақ­иық ақын Мұқағалидың рухтары­ның да «жер астынан қарап жат­пағандығына» ешкім кепілдік бере алмайды. Демек, үнсіздің үстіне салмақ басып, топырақ шашу – әдепсіздік қана емес, ерекше ерсілік.

ТӨРТІНШІДЕН, егер менің құлағым шалыс естімесе, Мұхтар Шаханов «Шындықты айтқаным үшін кешірім сұраймын!» депті…

Бұл лақап рас болса, бұл – ұран­шыл­дардың жеңісі емес, Мұхтар Шахановтың кезекті ерлігі. Мұхтар Шаханов – «Жазушылар Одағының мүшелігінен шығып қалармын» деп, әсте қорықпаса керек. Мұқағали ақынның өзі жаны ауырып, жүрегі сыздағанда, анайылау жолдар арнаған Одақ мүшелігінен шығу – дүниенің соңғы қасіреті болмас.

Бұл қылығымен, яки, қалың қазақтан кешірім сұрауымен – зор рухты азамат ақын – бүгінгі қазақ қоғамының (тәуелсіздігін алғанына ширек ғасыр астам уақыт өтсе де…) әлі де құлдық санадан құтыла алмай жатқандығын айқын дәлелдеді.

Қалай десеңіз, әралуын жиринов­скийлер мен телібековтер (басқа да толып жатқан ішкі-сыртқы дұш­пан­дар…) қазақтың ар-ұятын табанға таптап жатқанда, аузын ашпаған туған қан, туыс бауырларымыз – Мұхтар Шахановтың аяғы сүрініп, шалыс басқанда, дереу біріге қалып, бірлесе қарсы шықты…

Күні кешегі қазақтың қыран ақыны Қасым Аманжоловты бағалай алмаға­­нымызда жас жігіт Мұхтар Шаханов:

«Ең айбарлы ақынды жаны көктем,

Албырт, алау таңдарға әні кеткен.

Ең айбарлы ақынды,

Ең айдарлы ақынды,

Туған халқын жанып сүйген ақынды,

Туған елдің гүлі болған,

Заманының үні болған ақынды,

Мұқаттым деп, мақтануға бола ма?» – деп айқайлады!..

Шындығында, басқасын айтпайын: қабырғалы ұлтымызды – дүдәміл-дүбәра «қазақстандық ұлт» болудан һәм ата-бабамыздың асыл мұрасы қасиетті жерімізді – қытайдың қара соясының қаптауынан (т.с.с.) – жаралы жан, сырқат жүрегімен сақтап қалған арыстан-азаматты, «Заманының үні болған ақынды, Мұқаттым деп, мақтануға бола ма?..»

Жеңіс тұғыры тағы да жатқа бұйырды: дұшпан жеңді, дұшпандық жеңді. Қазақтың бірлігі мен бітімі жеңілді. Қазақтың рухы мен шындығы жеңілді…

БЕСІНШІДЕН, кім де болса, шындықтан биік емес! Кеше де, бүгін де, ертең де! Мұхтар Шахановтың шыңғырған шындығы – Абайды асқарынан аласартпайды, Жамбылдың жетістігін жетімсіретпейді, Мұқағалидың мұзарттарын құлдыратпайды… Кез келген құндылық – ақиқаттан су ішіп, шындықтан шөл қандырғанда ғана өміршең де өскелең!

…Кенен бабамыз «Мені құртқан – Көкшолақ» десе, қазақтың аяғындағы қосқабат тұсау – өтірікті қорғап-қолпаштау мен туған қандасқа қатыгездік!

…Ызғарлы тұстан шығып, қан сасыған балтасымен киелі топырағымызды таптаған хас дұшпан бойымызға сіңіріп, ойымызды улаған осы өтірік пен қатыгездіктен құтылсақ қана – құлдық сана, майлайлық мінезден біржола құтыламыз!

Сонда ғана ел таныған, жұрт шырқаған бір әуезді әннің сөзінде Мұхтар Шаханов жазбақшы:

«Ар алдында адал, ақпыз десек те,

Сан сұрақтар алар кейде жағадан.

Мүмкін, бізді таңар шулап өсекке,

Мүмкін, бізді түсінбейді көп адам…» – деп, мұң меңдеп, жүрек сыздамайды… Әзірше, абайша «Біріңді қазақ – бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос!» – дейміз де…

…Өліге өзеуреген пендешілік – тірінің қадірін қалай ұқсын?!.

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА,

 

Орал-Самара-Алматы.





21 пікір жазылған

Пікір жазу
  1. admin Author 12 Сәуір, 2018, 16:50

    Қажымұқан Ғабдолла: Шахановтың шындығы – Жамбылды жетімсіретпейді

    «Мұхтар Шахановтың – Жазушылар Одағының мүшелігінен шығарылуын…» талап етіп, әділет іздеп, шарқ ұрған топтың мақсаты – ащы шындыққа қарсы шығу ма? Ежелгі, кешегі, бүгінгі және ертеңгі шындықты тұншықтыру ма, айтқызбау ма?..

    Ендеше, Қазақстан Жазушылар Одағын – «Қазақстанның ӨТІРІК Жазушылар Одағы» деп атай салсақ жараспай ма, бұдан былай?..

    https://www.qazaquni.kz/2018/04/12/83447.html

  2. Серік 12 Сәуір, 2018, 18:46

    Мұхтар Әуезовте,Мұқағалида, тіпті олар жайында шындықты(мейлі өтірік болсада) жазған Шахановта ҰЛЫ ТҰЛҒА!

    • Шыншыл 14 Сәуір, 2018, 12:59

      Шындык жазгыш болса, тирилер туралы жазып , беттерине айтсын.Бетке айталмаган шындык шындык емес.Аруактар туралы айтканы, аузына ата сакал биткен адамга УЯТ.Мухтардын китаптарын окып, Мухандай жазушы болсам , деп армандайтын, Мукагалидин жырларын жатка айтып, Мукагалидай акын болсам деген жеткиншектегрге, мына Шахановтын шындыгы калай асер етти?Шындыкты шынбайына тигизип тиринин козине айтады.Ал мынау аруактар туралы оттау.

  3. Бердалы ОСПАН 12 Сәуір, 2018, 20:16

    Жазбагер кімді жақтайтыны бірден білінді. Оқу қызық емес. Қарсылардың бәрінікі дұрыс болмауы мүмкін емес.

  4. Қолқоюсыз 12 Сәуір, 2018, 20:40

    Ұмытылды-ау дегенде қайта-қайта бір нәрсені мыжып неге жаза бересіңдер?!
    Болды ғой енді! Жалығып кеттік,әлде сіздерде Шахановтан басқа тақырып жоқ па?!

  5. Қайырхан 12 Сәуір, 2018, 20:58

    Ресей теледидарын Шурыгина, Виталина/Джигарханян асырайтын еді, енді қазақ сайттарды Шаханов асырайтын болды.

    • Қолқоюсыз 12 Сәуір, 2018, 21:25

      Шахановтың қасында, олар кімдер ?
      одақтан шығарыпты, кімді, Шахановты !

      тфу, үйткен одағыңа.

    • Жəкен 13 Сәуір, 2018, 08:37

      Шахановтан садаға кет қайыршы

      • Апай 14 Сәуір, 2018, 13:05

        Оу, мадениеттен журдай Жакен,Шахановты ешким даттаган жок.Сау басына сакина тилеп, аруактарды козгады.Болып жаткан ис сол, тилинен тапкан жазасы.Киеси урды аруактардын.

  6. ҚАЗАҚ 12 Сәуір, 2018, 22:35

    Шындықты мойындау ерлік. Мұқаң айтса өзін көрсетейін деп емес еліне ақиқатын айтып қалайын деді. Әркім өзінің орнында отырып ұлтына риясыз қызмет қылса, қазақ мәңгі боламыз. ал ана төбедегі мәңгүрттерге неге солай қарсы шықпайсыңдар, оларда билік бар болған соң ба?

    • Гульшат 14 Сәуір, 2018, 20:09

      Қандай ақиқатты айтып тұрсыз. Қайдағы шындық. Қазақ халқының ақындарын даттау да шындық па? Қайта олардың еңбегін айту, мойындай білу ерлік, бүкіл Жамбыл мен Мұқағалиға ұқсап ақын болам деген жастар мен олардың алдында төмендет кеткені де ерлік пе? Халық мойындап, бетке ұстаған Жамбылы мен Мұқағалиының ұстінен ғайбат айтып өзінің атын шығармақ болған М. Шахановқа – бұл мәдениетсіз, ой-өрісінің төмендеуі, қартайып бара жатқанының белгісі болар… Ұят-ай…

  7. Секен 12 Сәуір, 2018, 23:23

    Таңқаларлық нәрсе: М.Шахановты жақтаушылар оның айтқанына сүріне-құлай сенеді. Анайылап айтқанда: қазақтар өлілерінің сүйектерін тепкілеуге, тірілерінің көтін шұқылауға шеберміз, оны ұят-ау демейміз. Мұхаммед пайғамбардың марқұмдарды жамандамау туралы өсиетін керек етпейміз. Ал Шаханов Жамбылды, Әуезовті, Мұқағалиды… жамандады, сонда қай арманына жетті? Әлде ақындық шабыты еселенді ме? Сол арзан сөздерін айтпай-ақ, жұртты бүгінгідей шулатпай-ақ қоюына болатын еді ғой?.. Ол Мағжанның өлер сәтте Зылиханың құлағына өзінің түбіне Әуезовтің жеткенін сыбырлап үлгіріпті. Сол туралы айтқан кітап үйінде тұр екен. Па, шіркін! Оу, логика қайда? Әуезов пәленбайды сатыпты, үстінен арыз жазыпты деген дерек ырымға жоқ! Шахановтың қолындағы кітапты жазған сандалбай Әуезовті мұқатуды өліп-тіріліп көксеуші емесін қайдан білді? Орыстардың «Ко мне, Мухтар» деген киносында итке ол аттың қойылуында да бір пәлекеттік болса ше?!. Одан кейін: Мағжан төрт-бес ай түрмеде отырды, оған ешкімді жолықтырмады, хат жаздырмады, содан 1938-жылы 19-наурызда атылды. Олай болса, әйеліне қашан сыбырлап үлгірді? Мен Зылиха жеңгеміздің молда ағайынымен жолдас болдым, оны жеңгеміз қайнысындай жақсы көретін. Жиі барып, оны-мұны жұмысына көмектесіп, әңгімелесіп жүргенімізде Зыхаң Мұхтар Әуезовті аузына алған емес, Әбділда Тәжібаевты жирене атайтын, «Сәбит Мұқанов бірінші айдаудан келген Мағжанға алғашқыда жақсылық жасап жүрді, бірақ, қалай болғанын білмеймін, біз Қызылжарға амалсыздан көшіп барған соң, үш айдан кейін ғой деймін, Мағжанды соңынан жамандады», деп кейіген. Молда жолдасым қазірде марқұм, атын атамай-ақ қояйын.

  8. Марат 13 Сәуір, 2018, 03:31

    Тап-таза *боқ жеп* кетіпсің,Ғабдолла дәл осы жолы.Сенен өзге *мать Тереза* болмаса да мына дүниеде.Өлілермен алысып,сонысымен өзін дәріптемек болған ақын тұрмақ,әулие-әнбие болса да ол есі дұрыс,өзін-өзі сыйлар адамның қылығы емес.Ол өзін-өзі жоғалтудың басталуының белгісі.

    • Нұрлан 13 Сәуір, 2018, 08:43

      Сенің ойынша қол сүйіп арқасын ысқандардың қызметі өсіп үй алғандарын дəріптеуіміз керек екен ғой,онда жетістік.

      • Қолқоюсыз 13 Сәуір, 2018, 09:06

        портфель тасып,малай болғандардың,басын иіп,өтірік жылмиған-дардың,қол сүйіп,не айтсада мақұл,тақсыр,жәрайды,әлбетте,сіз генийсіз деп арқа қағып,жалбақтағандардың,қауашығы саңғырап тұрсада,жолы болып тұрғаны.

    • Гульшат 14 Сәуір, 2018, 20:11

      Өте дұрыс айтасың Марат.

  9. А? 13 Сәуір, 2018, 07:13

    Кодарды урсуга бомайт десенши, аруагы ренжип калама?

  10. Қолқоюсыз 13 Сәуір, 2018, 10:39

    Автор өте дұрыс жазған. Кезінде біздер ірі деп жүрген адамдардың талай адамдарды жазықсыз атқызып, Колымаға жер аудартып жібергені өтірік пе? Жансүгіровтың қызы Үміт бір жиналыста әкесін аттырған адамдар осы залда отыр, оның бірі Тәжібаев, екіншісі Қаратаев деп бадырайтып қойып айтты. Сонда Қаратаев қозғалақтап, олай емес, олай деп үнсіз қалды. Осы сайтта жарияланған С.Қирабаевпен сұхбатта да Сәкеннің өліміне Қаратаевтың қатысы барлығы айтылады. Олардың қылмысын айту неге күнә. Өткен жылы А.Жұбановтың қызы әкесін жазықсыз қудалап, сарсаңға сал-ған адамдардың есімін жариялап еді, олардың балалары қарсы шықты.Неге архив документтері жабық, оның деректерін қазір жарияласақ елде қырықпышақ болатынын Президент сан мәрте ескертті. Ресейде де осы. Өткен жылы Ресейда НКВД-ның адам жазалағыштарының аты-жөндерін сайт жариялап еді, олардың ұрпақтары Путиннен архив дерегін жабуды сұрады. Қазір орыстар мен біздер мақтап жүрген, «Жеңіс Маршалы» атанған Жуковтың қанқұйлы істерін «История ХХ Века» деген 114 сериялы документалды фильмде жан-жақты суреттейді. Қазақстанда құрылған көптеген дивизиялардың Ржев түбінде жоқ болып кетуіне, Украина да қырылуына кінәлі Жуков екенін дәлелдейді. Фильмде «қанды қол маршал» деп суреттейді. Бір ғана Тухачевскийдің өзі түрмеде отырғанда 4 мыңнан астам адамды ұстап берген. Соның кесірінен өмірде жолы тоғыспаған Рокоссовский жазықсыз отырған. Міне, осындай біздер ұлы санайтын адамдардың қылмыстары көп. Ол шындықты айтқаны үшін Шаханов кінәлі ме? немесе Есенберлинге Лениндік сыйлықты бергізбей қойған кім? Ол да біздің қазақ. Солардың аты-жөндерін қазір жазайықшы, олардың руластары мен ұрпақтары қарсы шығып, сотқа сүйрейді. Неге біздер шындықты білуге тиісті емеспіз. Бір ғана Мұқановтың өзі қаншама адамды жамандап ұстап берген. Сәкеннің ұсталуына да Мұқановтың қатысы бар деп жүр білетіндер. Сондықтан ағайын өтірік рулыққа баспай-ақ шындықтың бетіне тура қаралық. Жамбыл атамыз Сталинді мақтап өлең жазғаны үшін кінәлі емес, оны жаздыртқан сол кездегі басшылар. Ол үшін Шахановты сотқа сүйреудің керегі жоқ. Өткенде тарихшы , академик Афанасьев Сталин туралы жазғанда егер біз архив документін ақтарсақ, қазір біз мақтап жүрген адамдардың халықты қалай қырғаны анықталады. Мен секілді бүкіл өмірін архив документтеріне арнаған адамды Ресейден таба алмайсыз. Қазіргі кезде архивтің маңын көрмеген адамдар Сталин туралы өтірік мақала мен кітаптар жазып, кино түсіруде. Әрине, өтірік жағынан деді. Сондықтан, қазір Ресейде де өтірік жазушылар архивті ашқызбауға күш салуда.

  11. Сағнұр 13 Сәуір, 2018, 11:54

    Талай адамның көзі ашылып, санасы жібіген шығар, ризамын, кереметсің Қолқоюсыз! Жарадың Нұрлан! Қажымұқан толық сізбен келісемін! «Әділеттің жолы – әлжуаз, Шындықтың жолы – шырғалаң» оның түбіне біздің қоғам жете қояр ма, екен, әй қайдам.

  12. Мен қазақ 18 Сәуір, 2018, 17:15

    Біз не дейміз, әрине айтылмаса сөз жетім, – деген халқым, дегенмен үлгі тұтқан, әлемге аты шыққан дардай, атпалдай бетке ұстар адамдар туралы айтылған сөздер жанға тікенше батады, ел арасына іріткі салады, бұл іс кімге қажет, кімнің жанына жағып отыр? Мәселе сонда болып тұр. Екіншіден, ойланбй айқайлау жақсылыққа жетелемейді, үшіншіден, кімді үлгі тұтып, ұрпақ алдында мақатаным? Ойланайқ, ағайын!!!

Пікір жазу үшін тіркеліңіз немесе кіріңіз.