Айдар Шәрібаевтың чемпиондық жекпе-жегі тікелей эфир арқылы көрсетіледі

Қазақстандық Айдар Шәрібаевтың (7-0, 6 KO) чемпиондық жекпе-жегін «Setanta Қазақстан телеарнасы» көрсетеді.

Еліміздің кәсіпқой бокс жанкүйерлері Айдар Шәрібаевтың чемпиондық жекпе-жегін «Setanta Қазақстан» телеарнасы арқылы тікелей эфирден тамашалай алады.

Естеріңізге сала кетейік, «Diamond ring» боксшысы өзінің кезекті кездесуін 12 сәуір күні АҚШ-тың Индио қаласында өткізеді. 10 раундқа жоспарланған бұл жекпе-жекте жерлесіміз америкалық Эндрю Кансиомен (17-4-2, 13 KO) айқасып, екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесіндегі WBA Intercontinental чемпиондық белбеуін сарапқа салынады.

«Golden Boy» промоутерлік компаниясының ұйымдастыруымен өтетін аталмыш кәсіпқой бокс кешін әлем бойынша ESPN телеарнасы көрсетеді. Ал қазақстандық бокссүйер қауым жерлесіміздің жекпе-жегін Астана уақытымен 08:00 сәуірдің 13-і күні «Setanta Қазақстан телеарнасы» арқылы тікелей эфирден тамашалай алады. Кештің басты айқасында екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесінің боксшылары мексикалық Франсиско Варгас пен америкалық Род Салка шаршы алаңға шығады.

Айта кетейік, бүгінде АҚШ-тың Майами қаласында жеке бапкері Дерик Сантос-Росариомен дайындығын пысықтап жүрген Айдар Шәрібаев үшін бұл кәсіпқой бокстағы сегізінші жекпе-жек болмақ.