Балалар латын әліпбиін үйреніп алғанша ағылшын тілін оқытуға тиым салу керек

Саясаттанушы Дос Көшім – еліміздегі өзекті мәселелерге батыл пікір білдіріп жүрген азаматтардың бірі. Оның тіл, жер, діл және дінге қатысты ойлары қазақ қоғамын бей-жай қалдырған емес. Matritca.kz саясаттанушымен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынады. – Жуырда ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедияұлы еліміздегі халықтың 83 пайызы қазақ тілін меңгерген деп мәлімдеді. Бұл көрсеткіш бөркімізді аспанға атып қуанатын жағдай ма, жоқ әлде «әттеген-ай» дейтін тұстарымыз әлі де бар ма? – Бұл қуанатын жағдай емес. Өйткені кеңес елдерінен шыққан республикалар бізден әлдеқайда алға шығып кетті. Менің ойымша, мемлекеттік тілді білу жөнінен ең соңғы орындамыз. Оның объективті және субъективті себептері бар. Объективті түрде қарасаң елімізде орыстандыру саясаты жүргізілді деп ақталуға болады. Алайда өзге республикалар секілді "Мемлекеттік тіл туралы" заң қабылдағанда, қазақ тілін білетіндердің саны 100 пайыз болмаса да, 95 пайызға жетер еді. Сондықтан да мен еліміздегі халықтың 83 пайызы қазақ тілін меңгергенін жетістік деп есептемеймін. – Жалпы ағылшындар «ең үлкен өтірік – статистика» дейді ғой. Мәселен, бұған дейін президент «2020 жылға дейін қазақстандықтардың 95 пайызы мемлекеттік тілді меңгеруі керек» деп тапсырма берген болатын. Министр айтқан статистика жұмыс жасалып жатыр деп қазақ қоғамын тыныштандыру үшін айтылған сөз емес пе? – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та, тіпті Мұхтар Шаханов та «Қазақтың жартысынан көбісі өзінің ана тілін білмейді» деп айтып қалады. Бірақ екеуі де нақты зерттеу жұмыстарына сүйенбей, жай айта салған секілді. Мәселен 2009 жылғы санақта 98 пайыз қазақ мемлекеттік тілді білемін деп көрсеткен. Қазір біздің халықтың үлес салмағы 70 пайыздан асса, онда 70 пайыз адам мемлекеттік тілді біледі деген сөз. Қазіргі таңда елімізде 19 пайыз орыс, 12-13 пайызы өзге ұлт өкілдері тұрады. Менің ойымша солардың 1/3 қазақ тілін жақсы біледі. Мәселен қырғыздар, өзбектер, ұйғырлар сынды түркі және мұсылман халықтарын есептейтін болсақ, шынында біздің елде 80 пайызға жуық адам қазақ тілін біледі. Алайда министр айтқандай, халықтың 83 пайызы қазақ тілін біледі дегенге сене қоймаймын. – Сондай-ақ, министр еліміздегі Мемлекеттік БАҚ ақпаратының 71 пайызы қазақ тілінде екенін айтты. Алайда орыс тілді БАҚ саны мен сапасы жөнінен бізден басым болып отыр. Ал қазақ тілінде БАҚ саны көп болғанымен, сапалы және жүйелі жұмыс жүргізіп жатқан жоқ. Бұған Үкімет кінәлі ме, жоқ әлде БАҚ басшылары мен журналистер жауапты ма? – Бұған ең біріншіден мемлекеттік саясат кінәлі. Себебі біз Ресейдің ақпараттық кеңістігінен әлі күнге дейін шыға алмай отырмыз. Шынында еліміздегі БАҚ-тың үлес салмағы 70 пайыздың шамасында шығар. Ал енді Ресейден келетін БАҚ-ты есептегенде, біз оның жартысына да жетпей қаламыз. Ең басты мәселе - қазақ БАҚ-ның 70 пайыз болып отырғаны емес, біздің азаматтардың Ресейдің газет-журналдарына телміріп отырғандығы. Кез келген кітап сататын дүкенге барсаңыз, ондағы өнімнің 10 пайызға жетер-жетпесі ғана қазақ тілінде. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы жағдай да осыған ұқсас. Жалпы Тәуелсіздік алғанына 27 жыл болған мемлекеттің ақпарат құралдарының үлесі небары 70 пайыз болып отырғаны - қуана қоятын жаңалық емес. – 2016 жылы 1 сыныпқа барғандардың 89% - қазақ сыныбына, ал 10%-дан асар-аспасы орыс сыныбына барған екен. Бәлкім осы көрсеткішке қуануға болатын шығар... – Бұл, әрине, жақсы көрсеткіш. Ал енді 2017 жылы бірінші сыныпқа барғандардың 90 пайызы қазақ мектебіне барған деген дерек бар. Мен мұны Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың аузынан естідім. Ең бірінші "2016 жылы 89 пайыз бала 1 сыныпқа барған" деген дерекке сенбей, бұл туралы Білім және ғылым министрлігінде жұмыс жасаған Жолтаева апайдан сұрадым. Сонда ол аталған деректің рас екенін мәлімдеді. Шын мәнісінде, бұл қуанатын жағдай. Өйткені мектеп оқушыларының 90 пайызы қазақ тілінде оқып жатқаны -мемлекеттік тілдің болашағы бар екенін көрсетеді. Бірақ қазақ тілін ауылдық жердегі ағайын көтеріп отырғанын ескерген жөн. Ал Астана, Алматы сияқты ірі қалаларда қазақ тіліне деген бетбұрыс жоқ. Қайта керісінше, қалада орыс мектебіне баласын оқытатын мысалдар көбейіп кеткенін байқайсың. Жалпы қалай болған күнде де, жағдай жақсарып келеді. Алайда біз Еуразия экономикалық одағына кірмегенде қазақ тілінің үстемдігі одан сайын арта түсер еді. Кейбір ата-аналар орыс тілі әлі де болса сақталып қалады деген ойменен баласын көршінің тілінде оқытып жатыр. – Өзіміздің кейбір түркі тілдес бауырларымыздың балаларын орыс мектебіне беріп отырғаны жасырын емес. Мұның себебі неде? – Осыдан оншақты жыл бұрын "ұйғырлардың 7 пайызы ғана қазақ, 57 пайызы баласын орыс мектебінде оқытады" деген дерек болған. Сонда ұйғыр бауырларымызға «Неге сендер балаларыңды қазақ мектептеріне бермейсіңдер?» деп сұрақ қойдым. Олар «Біз онсыз да қазақ тілін білеміз. Екі тілді білсін деген ниетпен баламызды орыс мектебіне береміз» деп жауап берген болатын. Шын мәнісінде өзге ұлт өкілдерінің арасында қазақ тілін білетін азаматтар баршылық. Алайда сол білген тілді қоғамдық ортада пайдалану жағы кемшін түсіп жатыр. Біз басшыларымыздың бәрі орыс тілінде сөйлейді деп ренжіп жатамыз ғой. Шын мәнісінде, олардың барлығы бірдей қазақ тілін біледі. Мысалы облыс әкімдеріміз жиындарда орыс тілінде, ал мен мемлкеттік тілде сөйлеймін. Бір қызығы, олар түсте тамақтанып отырғанда қазақша әзіл-қалжыңдар айтып отырады. Мен «Сіз қазақ тілін жақсы біледі екенсіз ғой. Ендеше неге қазақ тілінде баяндама жасамадыңыз» десем, «Маған орыс тілінде ойымды жеткізу ыңғайлы» деп жауап береді. Егер қазақ тілінің қажеттілігін арттыру "Мемлекеттік тіл туралы" заң арқылы жасалса, онда қазақ тілінде сөйлейтін адамдардың саны күрт көбейер еді. Басшылардың көпшілігі мемлекеттік тілді білгенімен, сөйлегісі келмейді. – Білім және ғылым министрлігі 2020 жылы даярлық сыныптары латын әліпбиінде оқиды деп жатыр. Латын әліпбиіне көшуді жеделдету дұрыс па, жоқ әлде асықпай әрекет еткен жөн бе? – Былтыр латын графикасын дайындайтын жұмысшы тобының мүшесі болдым. Білім және ғылым министрілігінің ерте бастан қимылдағаны дұрыс. Шын мәнісінде латын әліпбиіне көшу ұзаққа созылады. 2000 жылы Әзербайжанның астанасы Бакуге бардым. Сонда газет сататын дүңгіршектегі 5 газеттің 2-уі латын тілінде, ал 3-уі бұрынғы кирил жазуында екенін байқадым. Бұл латын әліпбиіне көшкеніне 9 жыл болған Әзербайжанның көрінісі. Негізі латын әліпбиіне көшу 10-15 жылға дейін созылады. Алайда біз жаңа латын әліпбиімізді әлі нақтылаған жоқ сияқтымыз. Әлі де болса «әттеген-ай» дейтін тұстарымыз баршылық. Соны шешіп алғаннан кейін латын әліпбиіне көшуді бастай бергеніміз дұрыс. Өкінішке қарай, біз латын әліпбиімен бірге үш тілде білім беруді қатар оқытайын деп отырмыз. Менің ойымша үш тілде білім беруге 10-15 жылға дейін мораторий жариялай тұрған жөн секілді. Өйткені бірінші сыныпта ағылшын тілі және ағылшын жазуына ұқсас латын әліпбиін үйретсек, балалардың миы ашып кетеді. Сондықтан да, балалар латын әліпбиін әбден үйреніп алғанша ағылшын тілін оқытуға тиым салған жөн секілді. – Латын әліпбиінің нұсқасы әлі де болса көңілден шықпай отыр. Билік неге Мемлекеттік тіл институты ұсынып отырған жобаны қабылдамай, шала-жансар графиканы ұсынып отыр? – Жалпы ұлт тағдырына қатысты реформа жасалған кезде оны 100 пайыз халықтың қолдауы мүмкін емес. Бұл бір. Екіншіден, біз әлі күнге дейін өзіміздің қандай төл дыбыстарымыз бар екенін анықтап алғанымыз жоқ. Мәселен бір ғалым 26 таңба ұсынса, екіншісі 28, тіпті үшінші топ 32 әріпті графика ұсынып жатыр. Біз әу баста «Мына дыбыстар ғана бізге қажет» деп қажетті әріптерді таңдап алуымыз керек еді. Мысалы мен "в" мен "ч" сынды әріптердің латын әліпбиіне кіргеніне таңғаламын. Өйткені аталған дыбыстар қазақ тілінде жоқ. Алайда біздің басшылар аталған әріпті мемлекет басшысын «Нұрсұлтан Абишевич» деп айтуы үшін кіргізген тәрізді. Менің ойымша, ең бірінші өзіміздің төл дыбыстарымызды анықтау керек. Таңбалардың кейбіреуіне көңіліміз толып, кейбіреуіне толмайтын шығар. Алайда барлық әңгіме мұнда емес. Әбден үйреніп кеткеннен кейін оқуға да, жазуға да латын әліпбиі ыңғайлы болады. Тәуелсіздік алғашқы жылдарында мемлекеттік ту ретінде 10 шақты ту ұсынылған болатын. Сол кезде әркім әртүрлі ұсыныстар айтып жатты. Алайда қазіргі туды көрген кезде жүрегіміз шым ете қалады емес пе? Ал кезінде «Не көк емес, не жасыл емес» деп қазіргі туға ешкім риза болған жоқ. Сол сияқты ертең латын әліпбиіне де көзіміз үйреніп кетеді. Сұхбаттасқан Серік Қожагелді