Балалар латын әліпбиін үйреніп алғанша ағылшын тілін оқытуға тиым салу керек

Бөлісу:

Саясаттанушы Дос Көшім – еліміздегі өзекті мәселелерге батыл пікір білдіріп жүрген азаматтардың бірі. Оның тіл, жер, діл және дінге қатысты ойлары қазақ қоғамын бей-жай қалдырған емес. Matritca.kz саясаттанушымен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынады.

– Жуырда ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедияұлы еліміздегі халықтың 83 пайызы қазақ тілін меңгерген деп мәлімдеді. Бұл көрсеткіш бөркімізді аспанға атып қуанатын жағдай ма, жоқ әлде «әттеген-ай» дейтін тұстарымыз әлі де бар ма?

– Бұл қуанатын жағдай емес. Өйткені кеңес елдерінен шыққан республикалар бізден әлдеқайда алға шығып кетті. Менің ойымша, мемлекеттік тілді білу жөнінен ең соңғы орындамыз. Оның объективті және субъективті себептері бар. Объективті түрде қарасаң елімізде орыстандыру саясаты жүргізілді деп ақталуға болады.

Алайда өзге республикалар секілді «Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылдағанда, қазақ тілін білетіндердің саны 100 пайыз болмаса да, 95 пайызға жетер еді. Сондықтан да мен еліміздегі халықтың 83 пайызы қазақ тілін меңгергенін жетістік деп есептемеймін.

– Жалпы ағылшындар «ең үлкен өтірік – статистика» дейді ғой. Мәселен, бұған дейін президент «2020 жылға дейін қазақстандықтардың 95 пайызы мемлекеттік тілді меңгеруі керек» деп тапсырма берген болатын. Министр айтқан статистика жұмыс жасалып жатыр деп қазақ қоғамын тыныштандыру үшін айтылған сөз емес пе?

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та, тіпті Мұхтар Шаханов та «Қазақтың жартысынан көбісі өзінің ана тілін білмейді» деп айтып қалады. Бірақ екеуі де нақты зерттеу жұмыстарына сүйенбей, жай айта салған секілді. Мәселен 2009 жылғы санақта 98 пайыз қазақ мемлекеттік тілді білемін деп көрсеткен.

Қазір біздің халықтың үлес салмағы 70 пайыздан асса, онда 70 пайыз адам мемлекеттік тілді біледі деген сөз. Қазіргі таңда елімізде 19 пайыз орыс, 12-13 пайызы өзге ұлт өкілдері тұрады. Менің ойымша солардың 1/3 қазақ тілін жақсы біледі.

Мәселен қырғыздар, өзбектер, ұйғырлар сынды түркі және мұсылман халықтарын есептейтін болсақ, шынында біздің елде 80 пайызға жуық адам қазақ тілін біледі. Алайда министр айтқандай, халықтың 83 пайызы қазақ тілін біледі дегенге сене қоймаймын.

– Сондай-ақ, министр еліміздегі Мемлекеттік БАҚ ақпаратының 71 пайызы қазақ тілінде екенін айтты. Алайда орыс тілді БАҚ саны мен сапасы жөнінен бізден басым болып отыр. Ал қазақ тілінде БАҚ саны көп болғанымен, сапалы және жүйелі жұмыс жүргізіп жатқан жоқ. Бұған Үкімет кінәлі ме, жоқ әлде БАҚ басшылары мен журналистер жауапты ма?

– Бұған ең біріншіден мемлекеттік саясат кінәлі. Себебі біз Ресейдің ақпараттық кеңістігінен әлі күнге дейін шыға алмай отырмыз. Шынында еліміздегі БАҚ-тың үлес салмағы 70 пайыздың шамасында шығар.

Ал енді Ресейден келетін БАҚ-ты есептегенде, біз оның жартысына да жетпей қаламыз. Ең басты мәселе – қазақ БАҚ-ның 70 пайыз болып отырғаны емес, біздің азаматтардың Ресейдің газет-журналдарына телміріп отырғандығы. Кез келген кітап сататын дүкенге барсаңыз, ондағы өнімнің 10 пайызға жетер-жетпесі ғана қазақ тілінде.

Бұқаралық ақпарат құралдарындағы жағдай да осыған ұқсас. Жалпы Тәуелсіздік алғанына 27 жыл болған мемлекеттің ақпарат құралдарының үлесі небары 70 пайыз болып отырғаны – қуана қоятын жаңалық емес.

– 2016 жылы 1 сыныпқа барғандардың 89% – қазақ сыныбына, ал 10%-дан асар-аспасы орыс сыныбына барған екен. Бәлкім осы көрсеткішке қуануға болатын шығар…

– Бұл, әрине, жақсы көрсеткіш. Ал енді 2017 жылы бірінші сыныпқа барғандардың 90 пайызы қазақ мектебіне барған деген дерек бар. Мен мұны Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың аузынан естідім.

Ең бірінші «2016 жылы 89 пайыз бала 1 сыныпқа барған» деген дерекке сенбей, бұл туралы Білім және ғылым министрлігінде жұмыс жасаған Жолтаева апайдан сұрадым. Сонда ол аталған деректің рас екенін мәлімдеді. Шын мәнісінде, бұл қуанатын жағдай.

Өйткені мектеп оқушыларының 90 пайызы қазақ тілінде оқып жатқаны -мемлекеттік тілдің болашағы бар екенін көрсетеді. Бірақ қазақ тілін ауылдық жердегі ағайын көтеріп отырғанын ескерген жөн. Ал Астана, Алматы сияқты ірі қалаларда қазақ тіліне деген бетбұрыс жоқ.

Қайта керісінше, қалада орыс мектебіне баласын оқытатын мысалдар көбейіп кеткенін байқайсың. Жалпы қалай болған күнде де, жағдай жақсарып келеді. Алайда біз Еуразия экономикалық одағына кірмегенде қазақ тілінің үстемдігі одан сайын арта түсер еді.

Кейбір ата-аналар орыс тілі әлі де болса сақталып қалады деген ойменен баласын көршінің тілінде оқытып жатыр.

– Өзіміздің кейбір түркі тілдес бауырларымыздың балаларын орыс мектебіне беріп отырғаны жасырын емес. Мұның себебі неде?

– Осыдан оншақты жыл бұрын «ұйғырлардың 7 пайызы ғана қазақ, 57 пайызы баласын орыс мектебінде оқытады» деген дерек болған. Сонда ұйғыр бауырларымызға «Неге сендер балаларыңды қазақ мектептеріне бермейсіңдер?» деп сұрақ қойдым.

Олар «Біз онсыз да қазақ тілін білеміз. Екі тілді білсін деген ниетпен баламызды орыс мектебіне береміз» деп жауап берген болатын. Шын мәнісінде өзге ұлт өкілдерінің арасында қазақ тілін білетін азаматтар баршылық. Алайда сол білген тілді қоғамдық ортада пайдалану жағы кемшін түсіп жатыр.

Біз басшыларымыздың бәрі орыс тілінде сөйлейді деп ренжіп жатамыз ғой. Шын мәнісінде, олардың барлығы бірдей қазақ тілін біледі. Мысалы облыс әкімдеріміз жиындарда орыс тілінде, ал мен мемлкеттік тілде сөйлеймін. Бір қызығы, олар түсте тамақтанып отырғанда қазақша әзіл-қалжыңдар айтып отырады.

Мен «Сіз қазақ тілін жақсы біледі екенсіз ғой. Ендеше неге қазақ тілінде баяндама жасамадыңыз» десем, «Маған орыс тілінде ойымды жеткізу ыңғайлы» деп жауап береді. Егер қазақ тілінің қажеттілігін арттыру «Мемлекеттік тіл туралы» заң арқылы жасалса, онда қазақ тілінде сөйлейтін адамдардың саны күрт көбейер еді. Басшылардың көпшілігі мемлекеттік тілді білгенімен, сөйлегісі келмейді.

– Білім және ғылым министрлігі 2020 жылы даярлық сыныптары латын әліпбиінде оқиды деп жатыр. Латын әліпбиіне көшуді жеделдету дұрыс па, жоқ әлде асықпай әрекет еткен жөн бе?

– Былтыр латын графикасын дайындайтын жұмысшы тобының мүшесі болдым. Білім және ғылым министрілігінің ерте бастан қимылдағаны дұрыс. Шын мәнісінде латын әліпбиіне көшу ұзаққа созылады. 2000 жылы Әзербайжанның астанасы Бакуге бардым.

Сонда газет сататын дүңгіршектегі 5 газеттің 2-уі латын тілінде, ал 3-уі бұрынғы кирил жазуында екенін байқадым. Бұл латын әліпбиіне көшкеніне 9 жыл болған Әзербайжанның көрінісі. Негізі латын әліпбиіне көшу 10-15 жылға дейін созылады.

Алайда біз жаңа латын әліпбиімізді әлі нақтылаған жоқ сияқтымыз. Әлі де болса «әттеген-ай» дейтін тұстарымыз баршылық. Соны шешіп алғаннан кейін латын әліпбиіне көшуді бастай бергеніміз дұрыс.

Өкінішке қарай, біз латын әліпбиімен бірге үш тілде білім беруді қатар оқытайын деп отырмыз. Менің ойымша үш тілде білім беруге 10-15 жылға дейін мораторий жариялай тұрған жөн секілді. Өйткені бірінші сыныпта ағылшын тілі және ағылшын жазуына ұқсас латын әліпбиін үйретсек, балалардың миы ашып кетеді. Сондықтан да, балалар латын әліпбиін әбден үйреніп алғанша ағылшын тілін оқытуға тиым салған жөн секілді.

– Латын әліпбиінің нұсқасы әлі де болса көңілден шықпай отыр. Билік неге Мемлекеттік тіл институты ұсынып отырған жобаны қабылдамай, шала-жансар графиканы ұсынып отыр?

– Жалпы ұлт тағдырына қатысты реформа жасалған кезде оны 100 пайыз халықтың қолдауы мүмкін емес. Бұл бір. Екіншіден, біз әлі күнге дейін өзіміздің қандай төл дыбыстарымыз бар екенін анықтап алғанымыз жоқ.

Мәселен бір ғалым 26 таңба ұсынса, екіншісі 28, тіпті үшінші топ 32 әріпті графика ұсынып жатыр. Біз әу баста «Мына дыбыстар ғана бізге қажет» деп қажетті әріптерді таңдап алуымыз керек еді. Мысалы мен «в» мен «ч» сынды әріптердің латын әліпбиіне кіргеніне таңғаламын.

Өйткені аталған дыбыстар қазақ тілінде жоқ. Алайда біздің басшылар аталған әріпті мемлекет басшысын «Нұрсұлтан Абишевич» деп айтуы үшін кіргізген тәрізді.

Менің ойымша, ең бірінші өзіміздің төл дыбыстарымызды анықтау керек. Таңбалардың кейбіреуіне көңіліміз толып, кейбіреуіне толмайтын шығар. Алайда барлық әңгіме мұнда емес. Әбден үйреніп кеткеннен кейін оқуға да, жазуға да латын әліпбиі ыңғайлы болады.

Тәуелсіздік алғашқы жылдарында мемлекеттік ту ретінде 10 шақты ту ұсынылған болатын. Сол кезде әркім әртүрлі ұсыныстар айтып жатты. Алайда қазіргі туды көрген кезде жүрегіміз шым ете қалады емес пе?

Ал кезінде «Не көк емес, не жасыл емес» деп қазіргі туға ешкім риза болған жоқ. Сол сияқты ертең латын әліпбиіне де көзіміз үйреніп кетеді.

Сұхбаттасқан Серік Қожагелді

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Сайтта 18 пікір жазылған

  1. Ансар 10 Сәуір, 2018 14:21 Жауап

    Ештеңені де кейінге қалдыруға болмайды. Барлық ұрпақ ағылшынша еркін білуі керек.

    • Қолқоюсыз 11 Сәуір, 2018 10:14 Жауап

      Осы Қазақтар шет елге құмар. Осы шет елге қараймыз, еліктейміз деп Қазақ жастары канализацияға түсіп кетіп жатыр. Біз қай Мемлекетте тұрып жатырмыз – ҚАЗАҚ ЕЛінде ия !, яғни осы Қазақ Мемлекетінде тұрып жатқан Халық барлығы бірінші Қазақ Тілін білулері керек, оның ішінде Қазақша сайраулары керек.оқулары керек 1 сыныптан бастап,содан барлық оқушылардың бастарына 1 класста Қазақ Тілі ол Мемлекеттік тіл деп үйреткен соң, ары қарай орыс,ағылшын, еврей, корец тілдерін үйрете беру керек. Егерде Шет ел күшті, ағылшын тілі күшті Халықаралық тіл деп қуа берсек скоро очень даже скоро Қазақ Елі нағыз мал ел болады, егерде Тіліңді сақтамасаң, Дініңді сақтамасаң, Салт-Дәстүріңді сақтамасаң. Басқа Тілді білу оқу керек бірақ ОРНЫМЕН әй Қазақтар ОРнымен.

  2. Камкор 10 Сәуір, 2018 14:21 Жауап

    Біз неге білімнен балаларды қашқақтатамыз. Балалардың болашағын ойлайық.

  3. Қолқоюсыз 10 Сәуір, 2018 15:43 Жауап

    Тілді меңгерудің бірнеше деңгейі бар: қарапайымнан жоғары деңгейге дейін. Тек ас үй тілінде ғана сөйлей алатын адам мемлекеттік, яғни ресми тілде сөйлей, жаза алмайды. Сондықтан сексен бірдеңе пайыз қазақша біледі деген мүлдем дұрыс емес …

  4. Бек 10 Сәуір, 2018 16:03 Жауап

    Алдымен орыс тілін қолдануды толық шектеп, сосын латын қарпін тұтас меңгеріп барып, ағылшын тілін оқуға жаппай көшіру керек. Орысты орысшаға үйрететін деңгейдеміз қазір, ала шапан ағайын бекер әжуаламайды – орыс болғың келсе, алдымен қазақ бол деп!

  5. Талап 10 Сәуір, 2018 16:13 Жауап

    Бөбектеріміздің басын қатыру. Жас ұрпақтарымыздың білім алуына, тіл үйренуіне жұмсақтық қажет. Бəрін бірден алып келіп тықпылаудың қажеті жоқ. Үш тілділік деп бір шықты, химия, физикана, биология т.с.с пəндерді ағылшынша оқытамыз деп тағы шықты. Мұғалімдердің де басын қатыру. Тіл білемін деген адам үйреніп, тауып өзі-ақ оқып алады. Кейбір мектептерде Қытай тілі бар. Масқара бұның бəрі! Ана тілімізде үйрете, сөйлете алмай отырғанда, бұл ұлтқа жасалған- ҚИЯНАТ. Қазақ ұлтына, тіліне жаны ашып отырған білім министрлігі жоқ. Тек президенттің көңілінен шықса болды. Барлық министр президент үшін жұмыс жасайды. Халық оларға жай инструмент.

  6. Қолқоюсыз 10 Сәуір, 2018 20:38 Жауап

    Жалпы алганда хазахстандагы охыту программасы 60 жастан асхан шалдар немесе билим министри ози гана тусинетин программа. Асиресе бастауыш сыныптар программасын билим минстринин озиде тусинбейди бирах биликке жагыну ушин солай истемесе тагы болмайды. Мен кейде ойлаймын. Ел басыларды ана дуниеге шахырардын алдында алла тагала бирер ауыр тапсырма береди гой деймин. Агар халхына 3 не одан жогары тил уйретпесен ужымахха кирем деп ойлама деп. Жане халхынды аш жаланаштау бир кун бар бир кун жохтау типти орайы келсе халхынды аштауыт устасан типти жахсы. Айтпесе семиздик дертине шалдыгады деп.

  7. Amangeldi 10 Сәуір, 2018 20:53 Жауап

    Латын һәрпінің жыры әлі толық шешілмегені рас. «Ч» мен «В»-ның түкке керегі жоқ. Оның орнына «Щ» әрпі ауадай қажет. «Ащы, тұщы» деген сөздерді қалай жазамыз? «Ш» әрпі «sh»-деп берілді. Сонда «ащы» деген үш таңбалы сөзді – «ashshy» – деп бес таңбамен жазамыз ба?

  8. Амантай 11 Сәуір, 2018 09:18 Жауап

    Латын әліпбиінің соңғы жобасы да қоғам күткен деңгейге жетпеді. Өзгеруге тиісті дүниелер әлі де көп. Осы тұрғыда жасалған әрбір жоба неге қателіктер мен кемшіліктерден көз ашпай отыр деген сұрақ туындайды? Менімше бұл жерде әліпби жасаушы жекеленген топтар өз нұсқаларын ең дұрыс деп бағалап, мамандық, кәсби деңгейдегі, қоғамдық пікірлерді жете ескермей отырғандығында . Қарапайым адамдар да, ғалымдар да осы саланың мамандары да қаншама, пікір, ұсыныстар айтып жатыр, осының барлығын зерттеп, сарапқа салып талап деңгейінен шығатын әліпбидің соңғы жобасы жасалуы қажет. Қоғам, халық күтір отыр..

  9. Arystan 11 Сәуір, 2018 10:53 Жауап

    Біздің мемлекет ақпарат кеңістігін қатаң бақылау тиісті. Республика аймағында шығатын барлық теле, радио, газет, журнал,интернет сайттары және кинотеатрда көрсетілетін барлық кино, мультфильмдер тек Қазақ тілінде шығып, таратылу керек. Осы арқылы біз тұтас елді қалыптастырамыз.

  10. қазақтегі 11 Сәуір, 2018 23:08 Жауап

    «кемеңгер зиялылар», өздерің де малтықтыңдар, одан қоймай елді де, қоғамды да малтықтырдыңдар.

  11. олжас 12 Сәуір, 2018 09:32 Жауап

    латын әліпбесі бәзге мүлде қажет емес, заман талабы деп бізге азғын батыстың әліпбесін кіргізеді, сосын қазақ тілін ағылшын тілі ауыстырады. біздің басшылар осыған алып келеді. бірінші сыныптан ағылшын тілін кіргізу қате, бала өз тілінде жазып,оқып үйренбей,өз тілі мен мәдениетін бойына сіңірмей ешқандай шетел тілі оқытылмауға тиіс. Тағы бір өкініштісі бір халықтың әліпбесін ауыстырғысы келетіндер референдум өткізіп халықтың пікірін сұрамай ма. Өз басым қазақ тілін латын әліпбесіне ауыстырса баламды орыс мектебіне беремін

    • Қолқоюсыз 12 Сәуір, 2018 11:28 Жауап

      не қажеттілік,әкетіп бара жатқан,осы кириллдің әліппесіменде асықпай шығар белестерге шыға берсе болады ғой,ниет,ынта,талап,жігер дұрыс болса.
      бұнысымен қай пұшпаққа шығарайын деп асығып-үсігіп,желпеңдеп отыр.
      ауысқандарының жетісіп жатқандары шамалы.тіпті сол үшін қатардан қалып қалатындай.

        • Қолқоюсыз 12 Сәуір, 2018 14:40 Жауап

          Балаларымыз уыз ішкендей ауызданып,маңызын,мәйегін сорып,майын шығарып ембесе,ана тілін,қазақ тілін,қалай елін,тілін,жерін,отанын сүйген азамат боп өседі.

Пікір немесе жауап жазу