Назарбаев: "Сағадиев дұрыс жолда келе жатыр"...

Сағадиев дұрыс жолда келе жатыр! Ақордаға Білім министрін шақыртқан Елбасы осылай деді.  Еліміздің бас мұғалімін мақтаған президент оған ерекше үміт артып отырғанын да жасырған жоқ.

Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Білім беру жүйесінде жаңғыру жүріп жатыр. Жалақысын көбейтіп жатырмыз мұғалімдердің. Жоғарғы білім беру саласында қанша мәселелер бар. Оңай емес барлығы. Сенің мойныңда үлкен жүк бар. Өте көп міндет бар, өте көп үміт бар. Мен білем жұмысты істеп жатқаныңды барлық жағынан. Көп нәрсені өзгертіп жатырсың, дұрыс жолда келе жатырсың.

Жылы сөзге жаны семірген Сағадиев та қарап алмады. Елбасының жұмыс үстеліне қағазға басылған жоспарларын жайып жіберіп, біраз көсілді. Сөзіне сенсек, биыл балаларды бақшаға орналастыру қиындығы толық шешіледі. Үш ауысымды жою мен тоз-тозы шыққан мектептерді жөндеу де біртіндеп азайып келе жатқанын айтты.

Сондай-ақ Ерлан Сағадиев 2019 жылдан бастап 10,11,12-ші сыныптарда химия, физика,информатика,биология пәндерінің ағылшын тілінде оқытылатынын еске салды.

Бұл үшін мұғалімдер қазіргі таңда жаппай курстарға жазылып тіл үйреніп жатыр. Осы жерде Білім министрі ағылшын тілінде бала оқытатын ұстаздардың жалақысына 35 мың теңге қосымша ақша төленетінін айтуды ұмытқан жоқ.