БҚО-да былтыр ғана салынған дамба жарылды (ФОТО)

Батыс Қазақстан облысында жаңадан салынған дамба жарылды.

Зеленов ауданы әкімдігі өкілдерінің хабарлауынша, су бөгетін салуға мемлекеттік қазынадан бақандай 71 миллон теңге бөлініпті. Алайда, ол ағысы қатты қар суының екпініне шыдай алмаған. Мамандар, биыл өңірге қар шамадан тыс қалың жауды, дейді. Онымен қоса күннің күрт жылынуы өзен суының көлемін екі есеге арттырған. Ал Переметный бөгеті 5 миллон текше метр суға шақталыпты, деп хабарлайды Евразия арнасы.

“Переметный бөгетін салуға қазынадан 71 миллон теңге бөлінгені рас. Оны жауапты компания 2017 жылдың 1 мамыр күні тапсырған. Алайда, биыл 8 сәуір күні су арнасынан шығып бөгетті шайып кетті. Қазіргі уақытта мердігер компанияның өкілдері оқиға орнында жұмыс істеуде. Ауыл-аймақтарға ешбір қауіп төніп тұрған жоқ» – дейді Зеленов ауданы әкімінің орынбасары Мұрат Залмұқанов.

Осылайша, бір жылға да жетпей іргесі сөгілген бөгет тасқынның — арыны басылған соң қайта қалпына келтіріледі, дейді әкімдік өкілдері. Барлық шығынды — нысанды салған жауапты мердігер компания көтермек. Әзірге Деркөл өзені маңында төтенше жағдайлар комитетінің қызметкерлері жұмыс істеуде. Оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылмақ. Ал, аталған дамба Переметное, Қаражар, Зеленое ауылы тұрғындарының өтініші бойынша салынған. Олар жиналған суды жазғы маусымда егістікті суғару үшін пайдаланбақ болған.