Қазақ жігіті Тайсонды қуып жүріп сабады

Бүгін Алматыда FIGHT NIGHTS GLOBAL 86 аралас жекпе-жек турнирінің басты айқасында қазақстандық Жалғас Жұмағұлов америкалық Тайсон Нэмге қарсы шықты, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА.

Спортшылар 56,7 келі салмақ дәрежесінде күш сынасты. Бірінші раундта Тайсон Нэм Жалғасты аяғына жуытпай тіке тұрып шабуыл жасауға мәжбүрледі. Жұмағұлов қарсыласының осы әрекетіне көніп, қарсыласымен жұдырық алмасты. Нэм сол қолмен тура соққыларды және бүйірден соққыны көбірек жұмсаса, Жалғас көбінесе апперкот жасап, айналып соқты.

Бес раундқа созылған айқас екі спортшыға да оңай соқпады. Бір мәрте Жалғас аяқтан шап беріп, алып жықты. Тайсон үйреншікті нокаутқа түсіретін соққысын жасауға қанша оңтайланғанымен Жалғас қарсыласынан оңай сытылып кетіп, оған мүмкіндік бермеді. Нэмнің әр қателігі Жалғастың ауыр соққысымен аяқталып жатты.

Жекпе-жек соңғы раундтың аяқталғанын білдірген дабыл соғылғанша жалғасты. Жекпе-жектің жеңімпазы Жалғас Жұмағұлов деп танылды.

Қазақстандық осымен 11-ші мәрте жеңіске жетсе, оның қарсыласы Тайсон Нэм спорттағы мансабында тоғызыншы мәрте жеңіліске ұшыраған.