Қасым ҚАЙСЕНОВ: АЛДЫҢДА АҒАЛАРЫҢ АЗАЙМАСЫН

Сәуір айында Қазақстанның Халық қаһарманы, Халықаралық Фадеев атындағы сыйлықтың лауреаты, көрнекті жазушы, әйгілі партизан Қасым Қайсеновтің туғанына 100 жыл толады. Оқырман назарына көзі тірісінде аты аңызға айналған даңқты батырдан ертеректе алынған сұхбат ұсынылып отыр.

ӘКЕМНІҢ ҮЙІ ӨРТЕНГЕН ЖЫЛЫ ТУЫППЫН

– Аға, өзіңіз айтатын «олжа өміріңіздің» сексен бесінші көктемі құтты болсын! Қайса атаның жүзге жеткен жасын сізге де тілейміз! – Рахмет, қарғам, құдайым сендерге де ұзақ ғұмыр берсін! Мынау, «туған күнің – 23-сәуір» деп жүр ғой жұрт. Ол туған күнім емес. Бұл – өз өмірімнің ең мықты, қиын-қыстау кезеңіне жол ашқан, ес біліп, есейген кезімде үлкен өмір жолына қадам басқан күнім. 1938-жылы 23-сәуірде апаң екеуіміз Павлодар қаласына барып түстік. Өмірімнің жақсылығы да, болашаққа жол сілтеген сәтті күні де сол жерден басталды ғой деп ойлап жүрдім де, соғыстан оралған соң, жаңа паспорт алғанда туған күнім деп «23-сәуірді» жаздырғанмын. Әйтпесе, туған күнімді өзім қайдан білейін. Әкем де білмейді. Әкем арабша хат танитын әжептәуір сауатты адам болатын. Сөйте тұра, қалайда балаларының туған күндеріне мән бермеген. Мен кей кезде әкемнен сұрайтынмын: – Аға, осы мен қай жылы, қай айда тудым десем, ол айтады: – Сен біздің үй өртенген жылы туғансың, – деп. Оның үйі қашан өртеніп жүргенін кім білсін. Ал енді Павлодарда тұңғыш рет барып паналаған, жұмыс істеген жерім облыстық оқу бөлімі. Сонда инспектор болып орналастым. Облыстық оқу бөлімінің бастығы Маршинин деген орыс азаматы, оның орынбасары – Мұқылыс Баймағамбетов деген қазақ. Екеуі де тамаша адамдар еді. Солар, апаң екеуіміз қол ұстасып барғанда мені өздеріне қызметке алып, апаңды облыстық кітапханаға жұмысқа орналастырды. Қызметкерлеріне екеуіміз тұратын үй іздеттірді. Ол үй табылғанша облононың бастығы Маршинин, екеуіміздің уыздай жастығымызды аяды ма, әйтеуір, бізге ықыласы түсіп, маған: – Мынау менің кабинетім. Ертеңгісін 9-да келемін, кешке 6-да кетемін. 6-дан кейін үй табылғанша, сендердің үйлерің осы болады. Анау диванға жатасыңдар. Мынау графинге су құйып ішесіңдер, – деп кабинетіндегі дүниелерімен таныстырған. Солай қамқорлық жасады. Екеуіміз, шынында да, күніне бір-екі сәйкі (кішкене жұмсақ нан) сатып аламыз да, графиннен су ішіп жатамыз. Екеуіміздің арамызда үлкен бір жастық бар, құстөсек секілді. Одан басқа ешнәрсеміз жоқ. Соны кез-келген жерге саламыз да, үстімізге пальтомызды жамылып жата кетеміз. Сөйтіп, семьялық өміріміз басталған. Павлодардан 1939 жылдың басында мені ең алдымен «Фин соғысына алдық» деді. Облыстық оқу бөлімі үлкен құрметпен шығарып салды. Жолыма ақша, азық-түлік салып беріп, сәт сапар тіледі. Бірақ мені фин соғысына емес, әскери комиссариатта іріктеу кезінде әскери диверсиялық-барлау мектебіне алды. Москва түбінде орман ішінде орналасқан бұл мектепте де мен керемет адамдарға тап болдым. Арнайы мектептің оқытушылары өздері айтқан жоқ, естуімізше, әрқайсысы шетелде ондаған жылдар бойы барлауда болған, өз істерінің шебер мамандары екен. Олардың жан-жақты білімдері мен тәжірибелерінің молдығына оқу барысында көзіміз жете түскен. Жиырма шақты адам әртүрлі саладан сабақ берді, солардың шын аты-жөндерін білмеймін. Мектепте соғыстың ауыр жағдайында қалай барлау жасап, жаудың күшін іштен қалай талқандаудың айла-тәсілдерін үйретті. Қандай қиыншылыққа болсын төзетіндей сан сынақтан өткізді. Дене тәрбиесінің жаттығу­ларымен шынықтырды. Қолма-қол айқастың сан түрлі әдісін меңгертті. Бір көрген адамды, елді мекенді, жер-суды, жазу-сызу, цифрларды, картаны есте сақтау қабілеттерімізді ұштады. Парашютпен секіруді, әскери-азаматтық техникаларды жүргізуді, қару-жарақтың әр түрін пайдалануды, қаруды өзіңе дарытпауды үйретті. Жалпы, жау тылында қандай жағдайда болмасын, қала ма, дала ма, тау ма, орман ба, соның барлығында жауға соққы беруге дайындады. Біздерден бес қаруы бойында, сансыз айласы ойында аса қауіпті диверсант-барлаушыны дайындап шығарды. Сонымен бірге қара күш пен айланы ғана емес, саяси сауатымызды да жетілдіріп, жергілікті жұртпен қалай тіл табысып, оларды қалай ұйымдастыру керектігін оқытты. Оқу-жаттығу жылдарым әжептәуір соғыстан кем түспейтіндей өте ауыр болды. Біздің үкімет күткендегідей соғыс басталды. 1941 жылдың күзінде оқуды бітіріп, аға лейтенант шенімен оңтүстік-батыс майдан штабына келдім. Сол арада мені жау тылына аттандырды. Жау тылындағы көрген оқиғаларымды азды-көпті жазғаным жұртқа белгілі ғой. Ерекше бөліп айтатын нәрсе, партизандық өмірімде кездескен батыр командирлер: Ковпак Сидор Артемович, Примак Иван Кузьмич, Федоров, Тканко секілді өз елінің үлкен патриоттарының қанатының астында тәрбиеленіп, өзім де бірнеше рет отрядтар құ­рып басқардым. Майдандастым, соғыстым, есейдім. Соғыс аяқта­лып, ешқайда бармайтыным белгілі болған кезде Украинада қалып қала жаздадым. Украинадағы Ковпак бастаған үлкендер мені аяды, қимады. Еліме барған соң содыр­лық жасап, пәлеге ұшырайды деп ойлады. Украинада Ровно қаласы бар. Мені сол қаланың ет комбинатының директорлығына тағайындап қойған еді. Егер де партизандар штабынан документтерін алуға келіп, мен туралы естіп, жолыққан Жұмағали Саин болмағанда, тағдырым қалай болары белгісіз еді. Ровно қаласы батыс Украинада, ол жерде жергілікті ұлтшылдар көп. Бандеровшылардың қалдығы ел арасында, орман ішінде әлі де бар болатын. Олар кезінде неміс басқыншыларына қосылып, Совет өкіметіне қарсы соғысқан. Көбінің көзін біз де құртқанбыз. Соғыс толық аяқталмай, олардың сарқыншақтары әлі де жаулығын жасап, біз сияқты партизан командирлерін өлтіріп кетіп жатқан кез. Көп адамдар өліп кетті. Ровнода қызметке қалсам, бәлкім, мен де солардың бірі болар едім. Жұмағали екеуіміз танысып, оншақты күн бірге жүрген соң, ол Штаб бастықтарымен айтысып жүріп, мені алып қайтатын болды. Өзі өжет, бірбеткей жан екен, айтқанынан қайтпады. Сөйтіп, Жұмекеңнің арқасында еліме аман-есен оралдым. – Өмір жолыңызда кездескен жақсы адамдардың көп болғаны естелік әңгімелеріңізден белгілі. Қолыңызға қалам алуға да баулыған қаламгер ұстаздарыңыздан ерекше есте қалғандары кімдер? – Жұмекеңдей ақын алып келген­нен кейін Алматымен таныс­тығым ақын-жазушылардан басталды. Алғаш таныстырған адамы – Сәбит Мұқанов болды. Одан кейін Тайыр Жароков, Қасым Аманжолов, Мұқан Иман­жанов, Мұзафар Әлімбаев, Сәуірбек Бақбергенов, Хамит Ерға­лиев, Шахмет Құсайынов секіл­ді әдебиеттің аса дарынды өкілдерімен қауышуыма мүмкіндік туды. Бұл да тағдырымның сыйы, Құдайдың бір қолдағаны шығар деп ойлаймын. Мен оларға бауыр басып кеттім. Олар мені ертіп жүреді. Кейде өздері іздеп тауып алады. Әңгіме айтуымды сұрайды. Әлде менен материал алып жазғылары келеді ме. Алғашқылардың бірі болып Сейітжан Омаров, Ғабдол Слановтар жаза бастады. Ғабдол Сланов «Алтай баласы» деген повесть жазып шығарды. Кітабы бар. Сейітжан Омаров жазып-жазып, бір күні айтады: – Қасым, – дейді, – мен сені жазамын деп, міне, көрдің ғой қаншама қолжазбамды. Мен жаза алатын емеспін. Адам өзі қатысып, басынан кешірмегеннен кейін жазу қиын екен. Мына қолжазбаларым саған ескерткіш болсын, – деп, көп жазбаларын әкеліп берді. Осында бір жерде сақтаулы. Достарымның біразы жазбақшы болды. Мұқан Иманжанов та мен туралы жазғысы келді. Мұзафардан басқасының жасы менен үлкен еді. Бір күні бас қосып отырғанда маған: – Қасым, сен ғой әңгімені жақсы айтасың. Оны біз жазғанмен, дәл шындықты беру қиын. Сен өзің осы қалай әңгімелесең, солай жазшы. Біз соны үстінен қарап берейік, – дейді. Сөйтіп, мен жаза бастадым. Алғашқы жазғандарым онша жақсы болмауы да мүмкін. Ауызша айтқаннан жазған қиын ғой. Жазуымдағы кемшіліктерді түзейтін, қалай жазу керектігін үйреткен де сол достарым болды. Мен оларға мәңгі ризамын. Олардың ашық-жарқын мінездерін, әзілдерін, достыққа, шығармашылыққа адалдықтарын, бірге өткізген қызықты күндерімізді сағынышпен еске аламын. Елуінші жылдардың ішінде танысып, отбасымызбен араласқан қаламгер, өзі де майдангер Кемел Тоқаев еді. Кемел мен туралы «Ерекше тапсырма» деген повесть жазып, оны қазақ, орыс тілдерінде кітап етіп шығарды. Кемел туралы естелігімде жазғанмын. Аяулы азамат, талантты жазушы өмірден тым ерте кетті.

ЖАЛҒАН АТЫ-ЖӨНІМ – БУЛАТОВ ВАСИЛИЙ МИХАЙЛОВИЧ

– Аға, сізді партизандар қауымы және өзіңіз азат еткен Украина «Вася» дейді. Осы бүркеншік есімді қалай алып едіңіз? Бір әңгімеңізден сіздің бала кезіңізде әкеңіздің Василий деген дос-тамыры болғандығын, сол есімді өзіңіз ұнатқаныңыз жөнінде естіп едім. – А-а, иә, бұл «Васяны» да оларға айтқан өзім. Ол былай болды. Біздің жақта бір село – қазақ, бір село – орыс. Орыс селосында әкемнің Василий деген досы бар еді. Ол кезде біз кіре тасимыз. Сол кіре тасып келе жатып орыс селосына соғамыз. Бізді Вася үйіне қондырып, күтеді. Сондай дәм-тұзымыз жарасқан жақсы адам еді. Ал жау тылына жіберерде біздің қолымызға фиктивный – өтірік документ берген. Менің ол құжа­тымдағы аты-жөнім – Булатов Василий Михайлович. Жау тылында осы документпен жүрдім. Немістердің қолына түсіп қалған жағдайда сол құжатымды көрсе­темін. Содан «Вася» атанып кеттім. – «Орыс селосы» дегенде еске түсіп отыр. Ана бір жылы Сіздің ауылға барғанда өзіңізбен жасы қарайлас бір-екі ақсақалды көріп едік. Ол кісілер сіздің бала кезде «тентек қара» атанып, біраз ауылды шулатқаныңызды еске алысқан. Соның бірі балаларды ұйымдастырып, көрші орыс селосына «жорыққа» аттанып, бау-бақшасына түсіп, содан бір орыс шалға ұсталып «тұтқын» болған хикаяларыңызды естіп едім. Сіз «партизандық қимылды» сонау бала кезден-ақ бастап жіберген сияқтысыз ғой. Ол орыс шалдың аты кім еді? Ол да әкеңіздің бір тамыры болыпты ғой. (Қасым аға менің бұл сауалымды жақсылып тыңдап алды да, рахаттанып ұзақ күлді... Күлді де, көзі­нің жасын қолының ұшымен іліп тастап, сәл ойланып қалды. Сосын, алыста қалған балалық дәуренін есіне түсіргендей, жүзі мейлінше мейірлене, көңіл көзімен сол бір шақты көріп отырғандай, әңгімесін жәймен бастады.) – Иә, иә, ол да орыс... Біздің ауылдың іргесінде бір кезең бар – «Ақ кезең» деген. Соның аржағында Толшеевка, Карповка деген орыс селолары болды. Екеуі де кісі аттары. Мөлшері орыстар жер ауып келгенде бірінші болып қазық қаққан Толшей, Карпей дегендердің атымен аталса керек. Олар әдеттегідей бау-бақша өсіреді. Помидор, қарбыз, огуршік деген сияқтылар. Соған апам байғұс (өзімнің әжем), бір ауыз орыстың тілін білмейді, әлгі Карпей селосында, Толшеевка селосында тамырлары бар. Апам ол тамырларына хмель жинап, қолдарына қойдың терісінен жылы биялай тігіп береді. Олар апама бақшасынан жемістерін береді. Тіл білмесе де, солай алыс-беріс жасап, барып-келіп жүреді. Апам әкелген өністердің ішінде бізге, балаларға ұнайтыны – қарбыз. Сырты көкала, іші қызыл, өзі керемет тәтті, дәмді. Әлгінің көкала сыртына дейін жеп қоямыз. Сонда да тоймаймыз. Ауылымыздың 7-10 жасар балаларының «көсемі» де, «бастығы» да менмін. Қашанда балаларға қай бала содыр, сол бастық болады ғой. Сонан бір күні ақылдастық, «анау орыс селоларынан қарбыз ұрлап жесек қалай болады», – деп. Менің ұсынысымды бәрі мақұлдады. «Жарайды» десті. Сөйтіп, он шақты бала жорыққа шықтық. Ол кезде аяқ киім бізде болмайды. Жалаңаяқ жүреміз. Аяқ жарылып кеткен, шып-шып қан шығып жүреді. Ешкі терісінен шалбарымыз, кенептен тігіп берген көйлегіміз болады. Онан басқа бойымызда ештеңеміз жоқ. Содан айдап отырып бардық қой. Қарбыз дегеннің атын білеміз, ал басқа помидор, огуршік дегендерді ол кезде атын да білмейміз, өздерін де ажырата алмаймыз. Әйтеуір, әкелгенде жейміз. Айтты ма, кім білсін, есімізде болмады ма? Сонан Карпей селосы қашықтау, Толшеевка селосы тау түбінде, біздің ауылға іргелес еді. Соған бардық. Бау-бақшасына қойып кеттік. Қойып кетсек, құдай сақтасын... Теңкейіп-теңкейіп қарбыздар жатыр... Ойпырмай деп, бағана аламыз ғой. Әлгіні алайық десек жұлынбайды. Қатты. Әйтеуір әрең дегенде бірдеңе қылып жұлып аламыз. Бір-бірден көтеріп шықтық, екіден алып жүруге шама жоқ, кішкентаймыз. Енді бақшадан былай шөптің арасына барып жейік дейміз. Шөп қалың. Кесіп жейік десек пышақ та алмағанбыз, ойымызға келмеген. Тасқа періп кеп қаламыз. Періп кеп қалсақ жарылып қалады. Іші қызыл емес, сап-сары, тарамыс-тарамыс... Дәмін көрсек: дәм жоқ, тату жоқ бір нәрсе. Үйде жеген қарбызымызға ұқсамайды. Бұл піспеген екен деп ойлаймыз. (Сөйтсек ол – тыква – асқабақ екен ғой, оны кейін білдік). «Енді не істейміз» деп аңтарыл­ғанда, менімен жасты Бүркітбай деген бала бар еді, сол айтады, өзінің тілі сақау: – Не нәлсе қызыл болад – со піскен болад, – дейді. «Ойбай-ау, қып-қызыл нәрселер көп еді ғой. Айда, қайта соған кеттік... Барсақ, үлкен кісінің жұдырығындай жұмсақ қызыл нәрсе көп екен. Құдай сақтасын, жұлып алып, жартысын жеп, жартысын қойынға салып жатырмыз. Кенеп көйлегіміз белден ышқырланған ғой. Қойынға әжептәуір нәрсе сияды. Сөйтіп, абыр-сабыр ұрлық қып жүрген адамда не береке бар. Біреуін бітеудей, біреуін жартысын тістеп, жартысын қойынға жүйткітеміз. Онан аққан қышқыл су борбайды бойлай ағып шалбардың ішімен төмен қарай сан, тізе, сираққа құйы­лады. Жарылған сирақ пен аяқтың үстіне әлгі су тиген кезде тіпті ашиды... Содан бір уақытта қарасақ... Никанор деген шал бар еді. Үйге келіп жүретін. Бойы сорайып әлгі жүгіріп келе жатыр... Қолында ұзын таяғы бар: – Әй, бандылар, ұрылар, мен сендерді қазір... – деп жүгірді... Аяғы да, таяғы да ұзын, алпамсадай кісі. Біздерді тыпыр еткізбеді. Қойнымыз толған жүгіміз бар, қашайық дегенше тасыр-тұсыр жүгіріп келіп ұстап алды. Бәрімізді жинады. Таяғымен жасқап бізді бір жерге иіріп қойды да: – Бандылар, ұрылар, сендерді қазір селоға айдап алып барамын. Селода менің сендерді жейтін аюларым бар, шошқаларым бар, – дейді. Бәріміз жылай бастадық. Оған қарай ма, ұзын таяғымен қақпайлап топырағы борпылдаған шаңдақ жолға салып айдап келеді. Бағанағы су аққан аяқтарымыз, жылаған, терлеген бет-ауыздарымыз шаңға көміліп, бес баттам болып ұлардай шулап келеміз... Үйі селоның шетінде екен, әйтеуір. Бізді айдап келіп, ауласына кіргізді де: – Параска, Параска – деді айғайлап. Параскасы кемпірі екен. Бір уақытта кемпірі шықты: – Үйбай-ау, – дейді кемпірі қазақшалап, екеуі де қазақшаға ағып тұр, – анау Исаның баласы, мынау Қайсаның баласы ғой. Әкем-ау, бұларды қайдан айдап келдің? Кемпірдің сөзін біз жақсы көріп, құтқара ма дегендей: – Aпa, апа! – деп дауысымызды күшейтіп, жылауымызды үдете түсеміз. Шал бізді қолға түсіргенін қысқаша айтты да, ағашты қиып, төрт бұрыштап жасаған үйшігі бар екен, соған тықсырып жақындатты. Қарасақ: ішінде төрт-бес шошқа жүр... Тізелерінен асқан батпақ, иісі сұмдық жаман... Түрлері қорқынышты, «қорс-қорс» етіп, батпақты танауларымен түртпектеп, бірін-бірі итере кимелеп бірдеңе тауып жеп жүрген секілді. Өздері дүңкиген-дүңкиген семіз. Тыным таппай қозғалады. Зәреміз одан әрман ұшты. Үйшіктің терезе сықылды тесігі бар екен, тесігінің алдында ішкі жағында науа тұр. Қойнымыздағы олжамызды соған төктірді. Бәрін науаға төктік. Оны шошқалар апыл-ғұпыл жеп жатыр... Бәрін төктірген соң, енді бір кішкентай есігі бар екен «мынаған кіріңдер» деп шошқалар жүрген үйшікке қақпайлады. «Ананы жеп жатқанын көрдіңдер ғой, шошқалар енді сендерді жейді», – дейді. Ол бізді есікке тоғытпақшы болады, біз кірмейміз... Бәріміз зарлап, шулап ауланы басқа көтеріп, азан-қазан жылаймыз. Бір уақытта кемпірі үй жақтан шығып: – Қойшы зарлатпай, құрғыр­ларды, – дейді. – Бұларды шошқаға жегізу керек, бұлар тағы да келеді, бұлар қоймайды... – деп шал кіжінеді. Біз бақырып-шақырып, үйшіктің есігіне жоламауға тырысқан соң, «жарайды, онда былай жүріңдер» деп жылап-еңіреген біздерді айдап ауладан шығарып еді. Үйінің қасы тау ғой, соның бір бетін кесіп қора жасаған ба, үңгір секілді қуысы бар екен. Іші қараңғы. Соның қақпасын ашты: «Енді мынаған кіріңдер, ішінде екі аюым бар. Солар сендерді жесін», – дейді, әлгі шал. Біз зарлап, ұлардай шулап, кейін шегінеміз, ол ұзын таяғын көлденең ұстап алып, бәрімізді үңгірдің қақпасына итереді... Тағы да жалғыз кұтқарушымыздай кемпірді шақырып: «Апа, апа» деп біз айғай саламыз. Кемпір болса: – Қойшы, қойшы, зарлатпай, – дейді. Никанор шал бір кезде шаршады ма, «Жарайды, ендеше былай келіңдер», – деді. Келдік. «Қатар тұрыңдар», – деді. Тұрдық. «Ант ішесіңдер», – дейді. – Ішеміз, ішеміз!.. Жамырап ант іше бастадық. Бала кезімізде өзіміздің антымыз болушы еді: – Желкеміздің шұқырын көрмейік. Аяқтағы суға ағылып өлейін, көнектегі суға көміліп өлейін, – деп шулай жөнелдік... Никанор шал: – Ай, ол болмайды, мен не айтам, соны қайталайсыңдар, – дейді. – Бұдан былай ұрлық қыл­маймын! Қайталаймыз. – Огородқа түспейміз! Тағы да қайталаймыз. – Осы істеген ұрлығымызды әке-шешемізге айтып барамыз! Қайталап айтамыз. – Ал енді кете беріңдер, – деді. Ой, кеткенде, айдап кеттік бір... Өмірге қайта келгендей, қуа­нышымызда шек жоқ... Жарыс­қан күйі шаңдақ жолға түсіп, ауылымызды бетке алып, тарттық дейсің... Ауылға жақындадық, ауылға жақындағанда, ол кезде бұлақ көп қой. «Ақ кезеңнің» ар жағында бұлақ бар еді. Бұлаққа жуы­нып-ша­йынып, бет-аузымызды, аяқ-қолы­мызды жуып, түк көрме­ген­­дей, түк білмегендей ауылға келіп кірдік. Сонсын үйге келсем, әкем мені көрді де: – Әй, Қасым, сен жылапсың ғой, – деді. – Жыладық. – Неге? – Ұрлық қылдық. – Қайда ұрлық қылдыңдар? – Никанордың огородына түсіп, қарбыз ұрлап, сонан бізді қамап... – деп, бәрін айтамын ғой. Әкем ішек-сілесі қатып күледі. Менің сөзімді құлағы шалып қалған шешем, қатал еді: – А-а, ұрлық қылған екенсің ғой,– деп жүгіріп келіп жақтан салып қалды. – Әй, ұрма, бәрін өзі айтып тұр ғой, ұрлық қылғанын, – деп әкем қорғалады. Кейін білсем, менен басқалары үйлеріне айтпапты. Енді бір күні ауылға Никанор келеді. Бәрі тамырлар ғой. Өзге үйлерден де сұрайтын көрінеді. «Балаларың бірдеңе деді ме» деп. Ешқайсысы айтпапты. Біздің үйге келді. Никанорға әкем менің айтқандарымды айтып беріп, екеуі біраз күліп алды. Екеуі дос болуы керек, сөйтті...

БАУЫРЖАН ДЕГЕН ҚОЛ ЖЕТПЕЙТІН АДАМ БОЛАТЫН

– «Жас күнінде өлең жазбаған қазақ болмайды» деген сөз Сізді де айналып өтпеген секілді. Соғысқа дейін де, соғыстан кейін де өлең жазған екенсіз. Бірақ әлдебір себептермен қойып кетіпсіз. Соны айтуға бола ма? – Айтуға болады. Иә, өлеңді қойып кетуіме бір себептің бол­ғаны рас. Мен жас кезімде өлең жазған адаммын. Соғыстан бұрын Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстық газеттерінде өлең­де­рім басылып жүрді. Алғашқы шық­қан өлеңдерімнің біразы, газет қиындылары, әлі күнге сақ­таулы. Бірақ өлеңдерім онша мық­ты болмағанмен, әйтеуір, өлең жаз­ғанмын. Ал партизандық «эпопея­ға» түсіріп жіберген сол «себеп» бір­жағы бақытым ба деп те ойлаймын. Елуінші жылдардың басы. Жазушылар баспасында жұмыс істеймін. Ұмытпасам, Абай Құнан­баевтың 110 жылдығы қарсаңында Абайға арнап өлеңдер жинағы шығарылғалы жатыр екен. Ақын атаулы арнау өлеңдер жазуға кіріскен. Мен де бұл науқаннан қалғым келмей, өлең жаздым. Абай­дың «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» дегені бар ғой. Міне, соған үндестіріп үш-төрт шумақ өлең жаздым да, жұмыс үстелімнің үстіне тастап кеткенмін. Ол кезде әлі желбастау, бір орында байыз тауып тұрмайтын шағым. Бір келіп қарасам, әлгі өлеңімді үстінен біреу редакциялап кетіпті. Кімнің қолтаңбасы екенін ажырата алмадым. «Бір аяқ қымыздың екі аяқ желігі бар» дегендей, сол күні орнымызда отырмай, тағы да кеттік. Ертеңінде кеңсеге келсем, кешегі өлең жазылған қағаз жоқ. Оны кім алды деп жігіттерден сұрастырсам, ешкім жарытып ештеңе айтпады. Сөйтіп, сол өлеңді іздеген мен жоқ, ұмытып кеткем. Сөйтсем, біраз уақыттар өткенде өлендер жинағы шағын ғана кітапша болып шығыпты. Ол кітаптың шыққанын да білмеймін. Бір күні сол кітапты қолына алып Жұбан Молдағалиев келді. Түтігіп кеткен. Әбден ыза болған. Неге екенін кім білсін?.. Келе сала маған тіл тигізді: – Сен жүліксің, – деді. – Неге? – Міне, сен мен редакциялап кеткен дүниені өз атыңнан жіберіп қойыпсың. – Әй, мен оны білмеймін. Мен берген жоқпын. Сұра жұрттан, – десем, тыңдар емес. Екеуіміз сол күні қатты сөзге келдік. Ол маған қатты тіл тигізді. Оның сөзі жаныма батып кеткен соң: – Әй, Жұбан (ол менен екі жас кіші еді), сен жасыңнын кішілігіне қарамай, маған тіл тигіздің. Және нақақтан. Оны өзің біл. Бірақ енді мен өлең жазбай-ақ қояйын. Өлеңді сен-ақ жаз. Бірақ сен ақын болып ақындардың алдына шығасың ба – шықпайсың ба, білмеймін. Ал мен өзімнің бастан кешкен оқиғаларымды жазып-ақ, әлі жұрттың алдына шығамын. Осы есіңде болсын! Міне, бұдан былай бір ауыз өлең жазбасқа ант етемін, – дедім де, сол күйі өлеңді тастап кеттім. Өлеңді тастадым да, партизан тақырыбына көштім. Ал енді мақтанғаным емес. Мен сол кезде қандай іске бет бұрсам да, өзімнің далада қалмайтынымды сезетінмін. Мысалы, әнші болып кетсем де (оқуына түссем, тәп-тәуір дауысым бар-ды), әртіс болсам да, тіпті спортпен шұғылданып күреске барсам да, әйтеуір, елеу­сіз қалмайтындығымды анық се­зіне бастағанмын. Соған сендім. Енді, міне, көрмейсің бе. Қайта басылғаны бар, қазақша, орысша, украинша және басқа тілдер­де­гісі бар, жиыны отыздай кітап шығарыппын. Қазір осы партизандар тақырыбын қазақ әдебиетіне алып келген мен десем, оған ешкім дау айта алмас. Менің кітаптарым шығып жатқан тұста Әди Шәріпов те, Тоқтағали Жангелдин де бұл тақырыпқа бір ауыз сөз жазған жоқ болатын. Әди де, Тоқтағали да соғыстан бұрын жоғары дәрежелі білім алған, білімді адамдар еді. Біреуі министр, одан кейін премьер-министрдің орынбасары, екіншісі философия институтының директоры, ғылым докторлары. Мен қолтаңба жазып кітаптарымды апарып берген кезде Әди: Қасым, бізде де жазатын нәрсе бар еді. Бірақ мынадай жүмыстан қол тимейді, – дейтін. Мен оларға қалжыңдап: – Сендер мансап қуған төре адамсыңдар. Бірақ түбінде бұған оралыңдар, ұят болады, – деп жүрдім. Содан ақырында екеуі де партизандық өмірлерінен кітаптар жазып шығарды. Әди Шәріпов тіпті үдетіп жазды. Ал енді мен туралы жүз елудей ақын-жазушылар шығармаларын арнады. Журналистер қауымы жабыла жазды, теледидарда сөй­летті. Екі арнайы деректі кино түсірді. Сөзімнің соңында айтарым, олардың көбінің жасы менен кішілер ғой. Мені көп жазды. Жәйі келсе, Баукеңді мендей жазған жоқ шығар. Мен бұл арада менің батырлығым Бауыржаннан артқаннан көп жазды деп айтпаймын. Бауыржан деген недоступный адам болатын. Оған екінің бірінің қолы жете бермейтін. Ол – Баукеңнің былайғы жұртқа суықтығы, менмендігі емес, ол оның жаратылысының биіктігі, табиғатының өзгеше сиректігі. Баукең көпке ұқсаса, көптің бірі болса, бәлкім, ол Бауыржан да болмас еді. Сондықтан Баукең жөнінде қолы жеткендер ғана жазды. Ал менің көп жазылуымның себебі: жұрттың бәріне «дорогой» деймін. Үлкені де, кішісі де маған үйір. Бәрімен бірге жүре беремін. Сол үлкенді-кішілі қаламгерлердің барлығына рахметімді айтамын. Өйткені, олардың жазғандары маған қатты әсер етіп ойландырды. Олар да менің кішкентай болса да тәрбиешім бола білді. Дұрыс келе жатқан жолымнан ауытқымауыма, ақ жолдан таймауыма рухани күш берді, жігер қосты, сенімімді бекіте түсті. Мен туралы кім бір ауыз сөз жазса да, солардың барлығына ризамын. – Аға, 85-ке не дейсіз? – Ана бір жылы 80-ге келдім. «80-ге келдің» деп жұртшылық тойлады. Офицерлер үйіне жиналысқа апарғанға дейін мен 80-ге келдім деп сезінген жоқпын. Көңіл қартаймайды ғой. Мен сексенге келемін деп ойлаған жоқпын. Содан ел жиналған залға кірсем, сахна төріне «Қасым Қайсенов – 80» деп жазып қойыпты. Жиналыс барысында Ел Президентінен бас­тап Парламент басшыларынан құттықтау папкелер беріп жатыр. Біреуін ашып көрсем, бір жағына «Қасым Қайсенов 80-де» деп жазып суретімді басса, екінші жағында «80-ге келген жасыңыз құтты болсын!» деп құттықтау жазады. Артыма қарасам, сахна төріне тағы да жазып қойған. Амал жоқ, содан сол 80-ді мойындап отырдым. Ал қазір жұрт «85-ке келдің» деп жатыр. Оның енді аз екенін, көп екенін өзім де түсініп отыр­ған жоқ­пын. Бірақ, әйтеуір, қартай­ғандық қой. Әбден қарт адамның бірі болдық қой. Соны білем. Мына адам, алдыңда үлкен ағаларың болмаса, тез қартаяды екенсің. Менің алдымда енді екі-үш ағаларым қалды. Онан басқасының бәрінен үлкенмін. Құдай алдыңдағы ағаны азайтпасын деп тілеу керек жастарға. Әртүрлі жастар бар ғой, «85-ке келдің» деп жұрт айтып жатыр, біреулер «тойлайық» деп жатыр. Не істесеңдер де, еріктерің ғой. Кезінде 80-ді мойындасам, енді сексеннің бесеуіне «келсем келген шығармын» деп мойындап отырмын. Бұрын бата бермейтінмін. Енді бата бере бастадым: Менің жасыма кел, – деп бата беремін. Ал менің жасымнан артық Құдай тағы да өмір берсе, қалған жасқа жаяу жетесің! – деймін. Барлығыңа айтарым сол. Аман-сау болыңдар, өркендерің өссін! – Рахмет, аға, айтқаныңыз келсін!

Еркін НҰРАЗХАН, ҚР Суретшілер одағының мүшесі

qazaquni.kz