Қазақстан Жазушылар Одағы сол жердегі 20-30 адамның жекеменшігі емес - белгілі жазушы

Осыдан 3-4 жыл бұрын Жазушылар Одағында таныс журналист ініме жолығып қалдым. Амандық-саулық сұрасқан соң, «Жазу жағы қалай? Не істеп жүрсің?» деп ем, інім жақында «Код да Винчи» кітабын аударып, 5 мың доллар қаламақы алғанын айтты. Айтуынша, тапсырысты «Тұран» университетінен алыпты. Үлкен іс бітіргеніне ризашылық білдіріп, тілектестік танытқанмен, көңілде «Тұран» университетінің көркем аудармаға қандай қатысы бар деген сұрақ қалды...

Жасыратыны жоқ, көбіміз ауылдан шықтық. Әлем әдебиетімен әуелі осы аудармалар арқылы таныстық. Бірде елге бара жатып, жолда ермек болсын деп Джеймс Х. Чейздің «Із қалмасын» кітабын ала шыққам. Әлемдік классика, танымал жазушы – өкінбеспін деп ойлағам. Өкінішке қарай, кітапқа енген екі романның екеуін де 10-15 беттен артық оқи алмадым. Нашар аударма. Кітап ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің бағдарламасы бойынша, «Шытырман оқиғалар және фантастика» сериясымен 2002 жылы Астанадағы «Аударма» баспасынан шығыпты. Аударғандар – Сейтжапар Арпабеков пен Жұмағали Жұмаділов. Кітапқа автордың «Із қалмасын» және «Тұзақ» атты екі романы еніпті. Өкінішті.

Бұл – тек бір ғана мысал. Мұндай жағдайлар жетіп-артылады. Жалпы, қазіргі кітап сапасы туралы мәселе – арнайы сөз етуді қажет ететін күрделі тақырып. Науқандық бағдарламалармен алаулатып-жалаулатып басталып, ақыр аяғы құмға сіңген судай құрдымға кететін қайран ақша! Не обалы, не сұрауы жоқ халық қаржысы!.. Бұл не?! Бәрі – жауапсыздық пен жүйесіздіктің кесірі. Іс бітті, қу кетті.

Біздің айтпағымыз – егер осындай ұлттық бағдарламалар мен жобалардың басы-қасында Қазақстан Жазушылар Одағы да болып, белсене ат салысса жағдай басқаша болар ма еді?! Тағы бір жайт. Марқұм Таласбек Әсемқұлов қайтыс болған соң, «Абай kz» порталына зайыбы Зира Наурызбаеваның естелігі шықты. Зира сонда Таласбектің жазғанынан жазбағы, бергенінен берері көп еді дей келе, қайтып келмес қаншама алтын уақытының қу тірлік қамымен аударма жасауға кеткенін өкінішпен еске алады.

«Тым болмаса еңбегі лайықты бағаланса ғой, әкімшілік пен телеарналарға арнап 10 мың беттен астам аударма жасапты. Беті сол тұстағы бағамен – 200 теңге» дейді. Рас, кезінде ақысын алып, әжетіне жаратқан шығар. Бірақ, ойлап көріңізші, 10 мың бет аударма – 500 беттен 20 кітап. Ертеде, 1978 жылы, екінші курста оқып жүрген кезімізде «Қазақ әдебиеті тарихынан» дәріс беретін аяулы ұстазымыз Мұхтар Мағауиннен «Сүлеймен патшаның кеніші» кітабын қалай аударғанын сұрағанбыз. Әлі есімде, сонда Мұхаң «Тірлік қамы ғой!.. Әйтпесе оның орнына бір әңгіме жазғаным әлдеқайда артық болар еді!..» деп еді.

Сөзді сөз, ойды ой қозғайды. Менің де аударма саласына араласқаныма 13-14 жыл бопты. Есептеп қарасам, аударған дүниелерімнің жалпы саны 11-12 мың беттен асып жығылады. Негізінен телеарна аудармалары. Көркем фильм, деректі фильмдер, бағдарламалар, телехикаялар мен мультфильмдер т.б. (Редакциялаған материалдар бұған кірмейді). Телеарна дегеніңіз тоқтамай тынымсыз жүріп тұрған конвейер тәрізді. Нағыз жұт. Әуелде соңында атымыз аталатын, бүгінде ол да қалды. Қысқасы, не керек сайда саны, құмда ізі жоқ – еш тірлік. Бірақ, амал жоқ!.. Мәңгілік ешкім жоқ... Ертең біз де кетеміз. Кейінгі ұрпағымыз «Бар бітіргені осы ма? Сонда бұлар не істеген?!» демей ме?..

Жалпы, бұл салаға қатысты әңгіме – өз алдына бір төбе. Өзекті мәселелер – шаш етектен. Реті кеп тұрған соң бәрін болмаса да, бір-екеуін айта кетелік... Бос сөз болмасын.

Қаламақы аудармашыларға бетіне қарай төленеді. Бір ғажабы осы күнге дейін аударма беті әр жерде әртүрлі есептеледі. Бағасы да солай. Сонда бұны кім реттейді?! Бәлкім сіз телеарнаның Жазушылар Одағына қатысы не дерсіз? Келісемін... Алайда, өз басым қалам ұстаған қауымның мақсаты бір, міндеті ортақ деп есептеймін. Рас, қазір белгілі-белгісіз себептермен өріс-ортасы, министрлігі бөлек болғанмен, меніңше қазақтың «Қазаны бөлектің қайғысы бөлек» деген мақалы бізге жүрмейді. Қазақстан Журналистер Одағының куәлігінде «Владелец настоящего билета находится под защитой Союза журналистов Республики Казахстан» деген қызыл мөр басылған. Жазушылар Одағы кімнен кем?!

Енді мемлекеттік тапсырыспен кітап шығару мәселесіне байланысты бір-екі ауыз пікір білдірсек... Өткенде де айтқанбыз, тағы қайталаймыз – Қазақстан Жазушылар Одағы сол жердегі 20-30 адамның жекеменшігі емес. Түсінемін, қарыстан сүйем жақын. Дегенмен, шек болу керек. Ұят. Соңғы кітабымның шыққанына биыл 13 жыл болды. Содан бері үш рет ұсындым. Нәтиже жоқ. Әйтеуір сәті түспейді. Себеп те, сылтау да көп. Көріп, біліп отырмыз. Ең бастысы, ниет жоқ. Әйтпесе, осы уақыт аралығында сондағы жігіттердің талай кітабы жарық көрді. Білеміз, мүмкіндік шектеулі... Бола қалса, өздерінен артылмайды. Құдай ақы, қазір баяғыдай жарыс жоқ, қаптатып кітап шығару да сән емес. Сапа санмен өлшенбейді. Десе де, әр нәрсенің жөні бар емес пе? Реті. Сен де ешкімнен сорлы емессің!..

Атын атап, түсін түстеп жатудың қажеттігі болмас... Ылғи солар. Атақ та, ат та – солардікі. Сый да, сияпат та соларда. Асып бара жатса дау қанша?.. Одақтың бар қызығын көру тек солардың маңдайына жазылмаған шығар?! Әділдік қайда?..

Оның үстіне бүгінде баяғыдай емес, жағдай түзеле бастады. Кітап мемлекеттік тапсырыспен шықса, бір баспа табағына 150 мың теңге қаламақы төленеді. Көп емес, әрине... Дегенмен, жоқтан жақсы. Ал енді сол мемлекеттік тапсырыспен шығатын «әлеуметтік маңызы зор шығармалар» қалай сараланады? Комиссия құрамында Жазушылар Одағынан кімдер бар? Олар Одақ мүшелерінің мүддесін қалай қорғап жүр? Біз үшін жұмбақ. Қай жылы министрліктен «Кітабыңыз өтпеді, келіп тапсырған материалдарыңызды алып кетуіңізге болады» деп хабарласқан соң, ақыры осындамын, көрейінші деп арнайы бардым. Шала қазақ қыздар бір-біріне сілтеп жүріп шаруамды зорға бітірді. Онда да жартысы табылып, жартысы сол жерде қалды. Қарап тұрғанша бұлар мемлекеттік тапсырыспен қандай кітаптар шығарып жатыр екен деп атаулы сөреге үңілдім. Сіздерге өтірік, маған шын – не жоқ дейсіз!.. Еріксіз таң қалдым. Облыс энциклопедиясы, мерейтойлық кітаптар, Шыңғыс хан шежіресі (орыс тілінде) – бұл не?! Сонда арнайы қаржы бөлініп, мемлекеттік тапсырыспен шығатын әлеуметтік маңызы зор шығармалар осылар болғаны ма?!

Тағы бір байқағаным, әлгі кітаптардың бір-екеуін Бүркітбай Аяған басқаратын «Мемлекеттік тарих институты», Қазақстан Республикасының Президенттік мәдениет орталығы шығарыпты. Мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітап мемлекеттік мекеменің үлесіне тиген. Міне, ғажап!.. Ал біз таласып жүрміз...

Бұның бәрін не үшін жазып отырмын. Біріншіден, ішті ірітпей сыртқа шықсын. "Сен жақсы, мен жақсымен" ештеңе өзгермейді. Екіншіден, өткен өтті, қайтып келмейді. Қателік қайталанбасын. Жазушылар Одағының жаңа басшылары өткеннен сабақ алып, Мәдениет министрлігімен бірлесе отырып есе жібермей, «Рухани жаңғыру» Жобасын жүзеге асыруға белсене ат салысып, өз мүшелерінің мүддесін қорғай білсе деген ой. Тілегіміз де – осы. Іске сәт!..

Тұрмағамбет Кенжебаев, Қазақ үні