БҚО-ның лауазымды шенеуніктері Астанаға қызмет ауыстырды

«Өңірден – орталыққа» ротациялық жобасына орай бұған дейін Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған Арман Өтеғұлов және Батыс Қазақстан облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Бақытжан Нарымбетов Астана қаласына – республикалық деңгейдегі мекемелердің жауапты лауазымдарына қызмет ауыстырды.

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның шешімімен Арман Өтеғұлов Қазақстан Республикасы Ауыл Шаруашылық министрлігіндегі комитет төрағасы қызметіне ауысса, Бақытжан Нарымбетов енді Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары міндетін атқаратыны белгілі болды.

Жоғары білімді мал дәрігері және экономист Арман Кәрімұлы мемлекеттік, басшылық қызметте көпжылдық тәжірибе жинаған маман. 54 жасар шенеунік бұған дейін Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе, Теректі аудандарын, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасын басқарды. 2014 жылы облыс әкімінің орынбасары, 2015 жылдан бері бірінші орынбасар қызметін атқарды.

Ал 30 жастан жаңа асқан Бақытжан Хаберұлы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетін, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясын бітірген. Соңғы бес жылдан бері әуелі Орал қалалық, кейін Батыс Қазақстан облыстық Ішкі саясат басқармасын басқарды.

БҚО әкімінің бірінші орынбасары қызметіне осыған дейін облыс әкімі орынбасары қызметін атқарған Игорь Стексов тағайындалды. Ол 2015 жылдан бері облыс әкімінің кәсіпкерлік, индустриялық-инновациялық және сыртқы байланыстар жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. Енді бұл орынға 2017 жылдың қаңтарынан бері Батыс Қазақстан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасын басқарған Миржан Сатқанов тағайындалды.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген Айбатыр НҰРАШ