Төртінші өнеркәсіптік революция – қазақтың өркендеу дәуірі

4257
9
Бөлісу:

Ғажайып цифрлық әлемнің беретін орасан мүмкіндіктерімен бірге, алдымыздан тосатын күтпеген қатерлері мен тұзақтары да аз емес.

Қазіргі ұлттық қасиеттерімізді сақтап, тіліміз бен ұлттық рухымызды болашақ ұрпақтарға аманат етіп тапсыру – мәңгілік ел боламын деген халықтың басты мұраты екенін жиі айтамыз. Бұл туралы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ел Президенті Н.Ә.Назарбаев тарқатып түсіндіріп берді.

Бүгінде жиі айтылатын өнеркәсіптік революцияның әрбір кезеңінде өндіруші күштер ғана емес, өндіріс пен ғылымның тығыз ықпалдасуы туындап, дамуға жаңа серпін беріп отыр. Қазіргі тілмен айтқанда өнеркәсіпке енгізілген инновациялық технологиялар тауардың өзіндік құнын төмендетіп, экономикалық тиімділікті еселеп өсірді.

Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумның президенті Клаус Швабтың «Төртінші өнеркәсіптік революция» кітабында экономика мен технология салаларында аттары танылған сарапшылардың, трансұлттық корпорация басшыларының тәжірибесі мен көзқарастарын қорытып, «инновациялық қызмет әлемдегі мемлекеттер мен мыңдаған компаниялардың бәсекелесу алаңына айналды» деген тұжырым жасайды.

Адамның өміріндегі ең алғашқы ілгерілеу терімшіліктен егіншілікке көшіп, жабайы жануарларды қолға үйретуден басталғаны белгілі. Тұрмыстағы бұл өзгеріс 10 мың жыл бұрын басталып, аграрлық революцияға жол ашты.

Ал, бірінші ӨР (өнеркәсіптік революция) кезеңі 1760-1840 жылдардың аралығында индустриаландыру, темір жол салу, бу двигателін ойлап табумен, жіп иіру машиналарының пайда болуымен сипатталды.

Осы кезеңде Ұлыбританияда механикалық өндіріс дамып, аграрлық қоғамдар индустриалдық қоғамға трансформацияланды. Бұл үрдіс АҚШ пен Еуропаның басқа мемлекеттеріне тез тарады. Өндірісте машиналар қолданылды, жұмыс күші дамыды, урбанизация жылдам жүрді, еңбек өнімділігі артты, экономикалық өсім жоғарылады.

Екінші ӨР XIX-ғасырдың екінші жартысы мен XX-ғасырдың басын қамтыды. Электр энергиясын қолдану, конвейердің пайда болуы, темір жолдың таралуы, химия өндірісіндегі инновациялар нағыз технологиялық революцияға негізделіп жасалынды. Бұл кезеңдегі экономикалық дамуға ғылымның жетістіктері ерекше серпін берді.

1960-жылдан бастап компьютер мен дербес компьютерлер, өнеркәсіптік роботтар, цифрлық технологиялар мен Интернет өмірге ене бастады.

Үшінші ӨР-дің дәуірі осылайша басталып, өндірістегі басты процестер түпкі тауар өндіретін зауыт пен фабрикалардың цехтарынан бағдарлама жазатын IT-мамандар, инженерлер мне дизайнерлер отырған офистерге көшіп жатыр.

Ал, адамы жоқ цехтарда үнсіз өнеркәсіптік роботтар арнайы алгоритм бойынша тауар жасаумен айналысады. Соңғы екі ғасырда негізгі пайда

тауарды өндіру мен сату кезеңінде жиналса, жаңа дәуірдің ерекшелігі – басты пайда өнімді зерттеу мен жобалау кезеңінде жинақталады. Яғни, бүгін ресурстың басым бөлігі түпкі өнімді шығаруға емес, оны ойлап табуға, өндіріске дайындауға жұмсалады.

Энергетикалық революция мен коммуникациялық серпіліс сәйкес келгенде ғана керемет технологиялық жаңалықтар ашылып, жаңа экономикалық модельдер жасауға мүмкіндік туады. Үшінші ӨР бұрынғы өнеркәсіптік революциялармен салыстырғанда ауқымы мен табиғаты мүлдем өзгеше болып дамып келеді. Интернет-коммуникация адамның өмір сүру ортасын ғана емес адамның дағдылары мен мәдениетін, таным-түйсігін өзгертіп жіберді.

Адамды өзгерткен Интернеттің саясатқа да, экономикалық парадигмаларға да ықпалы үлкен. Әсіресе, әлемдегі барлық жастардың бойында ешқандай саяси партияларға қосылмайтын, капитализм немесе социализмге қызықпайтын, ешбір идеологияны ұнатпайтын көңіл-күй үдеп барады. Каир мен Мәскеуде, Париж алаңдары мен Уолл-стритке шыққан жастар: «Біз бүгінгі экономикалық жүйеден үміт күтпейміз. Жұмыс жоқ, энергия қымбат, экологиялық, табиғи апаттар мен қатерлер көп. Өзіміз үшін ешқандай экономикалық мүмкіндіктер көріп тұрған жоқпыз» дейді. Интернет кеңістігіндегі қағидалар мен құбылыстар, мінездер де қазақ жастарына әсер етпей қоймайды.

Ұлт алдындағы борышын түсінбейтін, мәдениеті мен рухани сұранысы жұтаң, тек экономикалық табыс қызықтыратын ұрпақтың қолына саяси билік тисе елдің тәуелсіздігі мен мемлекет тағдыры қандай болатыны да ойландыратын мәселе. Бүгінгі 15-20-дағы жастарымыз өздерін ертеңгі цифрлық дәуірдің байырғы тұрғыны санатына қосып, жауапсыздық пен толық еркіндікке бой алдырып ала ма деген үрейдің арты қалыңдап барады.

Осы айтылған төрт ӨР-дің даму кезеңдерінде ұлтымыздың қалай өзгергенін, қандай жетістіктерге жылдам қол жеткізгенін кескіндеп (экстраполяция), қазақ жеріне ӨР-лер қай кезеңдерде, қандай ауқымда таралғанын сараптап көрелік.

Бірінші ӨР біздің даламызға 1,5 ғасыр кеш келді. Қазақ жеріне алғашқы теміржол 1894-1895 жылдары төселді. 1906-жылы 1668 шақырым болатын Орынбор-Ташкент теміржолы іске қосылды. Бу қазандықтары қолданылған алғашқы фабрикалар да тек 1900 жылдары жұмыс істей бастады.

Екінші ӨР де қазақ экономикасына 70 жылдан 100 жылға дейін кешігіп жетті. Алғашқы мұнай 1899 жылы алынса, электр жүйелері, темір жолдың дамуы XX-ғасырдың басында көрініс таба бастады.

Үшінші ӨР-ге тән өндіріс пен технологиялар, компьютерлер де Қазақ еліне жаппай қолданысқа 30-50 жыл кешігіп енгізіле бастады.

Дербес компьютерлер 1980-жылдардың соңында, Интернет 1994 жылы, өнеркәсіпте роботтарды қолдану, цифрлық технологиялар соңғы 10-15 жылда ғана пайда бола бастады.

Осылайша барлық ӨР-ге біз ұдайы кешігіп ілесіп келдік. Бұның бәрі ұлттың өркениет көшінің басынан көрінуіне де кері әсерін тигізді.

Міне, енді жаңа тарихи кезеңде біздер, қазақтар, төртінші ӨР-ге ғана тиянақты дайындықпен келіп отырмыз. Бірнеше дәлел мәліметтер келтірейік.

Елдегі сауаттылық көрсеткіші 99,8%, еліміздің 127 жоғары оқу орындарында 463 мың студент оқиды, 10 мың қазақстандық дүниежүзінің беделді университеттерінде білім алып, елге қызмет етуде. Республиканың 73% тұрғыны Интернетті күнделікті қолданады, олар кемінде 2 құралмен ғаламдық желіге орташа алғанда секундына 19,3 мегабит жылдамдықпен қосылған. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2025 жылға дейін 28 500 шақырым оптикалық-талшықтық кабельдер жүргізіліп, 3,5 млн. ауыл тұрғыны кең жолақты Интернет желісіне қосылатын болады.

Бұның бәріне біз адами капиталды дамытып, ой еңбегінің, ғылым мен білімдегі жетістіктеріміздің, жоғары технологияларды игеруге деген қабілетіміздің және қазақ жерінің байлығының көмегімен жеттік. Ең озық технологияларды жасау (генерациялау) мүмкіндігіміздің әзірше шектеулі болуын кемшілік, шешілмейтін проблема деп айтуға болмас. Бұның бәрі әлемдік еңбек бөлісіне байланысты туындаған шындық.

Цифрлық технологиялар – заманымыздың басты тренді. Барлық прогрессивтік мемлекеттер даму көкжиегін осы бағдарға сәйкестендіріп,

стратегиялық тұжырымдарында басымдық беруде.

Қазіргі цифрлық технологияларға сүйенген дәуірде жеке адамға, мәдениетке, тіл мен ұлттық өнерге төнген қауіптің жойқындығын әлемдік ойдың шыңына көтерілген тұлғалар жарыса айтуда. Өмірі мен қызметі цифрлық ортаға тәуелді қауымды Интернет арқылы жаппай аңду технологиялары адамзаттың болашағына алаңдаған мамандардың наразылығын тудыруда.

Қытайда әлеуметтік сенім жүйесі жасалынып, әрбір азаматты нақты уақыт режимінде қадағалап, бағалау қолға алынған. Олар Интернет ресурстарын сүзгіден өткізіп, жеке адамдардың рейтингін жасамақшы. Рейтингі жоғары азаматтар үшін экономикалық, әлеуметтік жеңілдіктер беріліп, рейтингі төмен сенімсіз адамдар үшін түрлі ықпал шаралары мен шектеулер қойылмақшы. Ресейлік компаниялар ата-анаға көмек деген желеумен балаларды әлеуметтік желілерде аңдуға рұқсат алса, Сбербанк 2018 жылдан бастап өздерінің қарыз алушыларын психометриялық қалыптары бойынша таңдап, күмән тудыратын контентке, әуендер мен суреттерге әуес адамдарға қарыз беруден бас тартатындарын жариялады. «Өзімнің баламды роботтарға сеніп тапсырмас едім» деген Нобель лауреаты экономист Кристофер Писсаридес жасанды интеллект басқаратын көліктерге жарылғыш заттар толтырып, адамдардың көп жиналған жерінде жарып жіберуге болатынын ескертеді. Дубайда пилотсыз дрондар такси қызметін атқара бастады. Жасанды интеллект басқаратын ұшқышы жоқ аппаратпен ұшуға сіз дайынсыз ба?

Осылайша өмірдің барлық саласын цифрландыру адамзаттың үйреншікті табиғи іргесін сөгіп, әрбір адам санасын қалпына келмейтіндей өзгерістерге ұшыратуға зор қауқары барын Германия, АҚШ, Оңтүстік Корей елінің ғалымдарының зерттеулері көрсеткен. Бас ми қабығының зақымдануы ұмытшақтыққа, зейіннің жойылуына, эмоциялық әсерлердің төмендеуіне, аддиктивті әрекеттерге ұрындыратыны дәлелденген.

Дәрігерлер цифрлық деменция немесе цифрлық жарыместік сияқты паталогиялардың көбейіп жатқанын, Интернетте өте белсенді әрбір адамда мидың зақымдануы кездесуі мүмкіндігін айтады. Бар жоғы 18,16 млн. адамы бар мемлекеттің болашағы ұлттық қауіпсіздік тұрғысында үлкен алаңдаушылық туғызатын төтенше мәселе.

Ғаламдық цифрлық маркерлерге сәйкес блокчейн, криптографиялық технологиялық арналарға бұрылған ұлттық экономика мен қаржы секторына, әлеуметтік салаларға, ұлттың активтері мен ресурстарына, энергетика жүйесіне, қорғаныс пен қауіпсіздік нысандарына ертең кибер жүйелер арқылы шабуыл жасалса мемлекет суверенитеті мен тұтастығына қаншалықты ауыр соққы болатынын болжаудың өзі қиын.

Бүгіннен бастап қауіпсіздік жағынан сенімді технологияларды таңдау арқылы ұлттың болашағын анықтап алудың қажеттігі мемлекетіміздің цифрлық күн тәртібіндегі ең басты проблемасы болып белгіленгені жөн.

Елдегі қабылданып жатқан цифрлық бағдарламалардың да басты нысаны – ақпараттық жүйелердің жоғары дәрежеде қорғалуы болғаны абзал.

Енді 5-7 жылда қазір тек теориялық тұрғыда жобаланып жатқан квант-компьютерлер (кванттық компьютерлер) қолданыстағы классикалық үлгідегі компьютерлердің орнына келеді.

Осыдан 25 жыл ғана бұрын квант-компьютер жасау идеясын ғылыми ортаның өзі де қабылдамаған болатын. 1994 жылы ғылымда 2 революциялық жаңалық ашылды. Оның бірі америкалық математик Питер Шордың есімімен байланысты болса, екіншісі физикада ашылған жаңалық.

Шор өзінің кванттық алгоритмін жасап қазіргі криптографияның негізін құрайтын факторлау тәсілін жаңартса, эксперименталды физикада атомды суыту, қарапайым бөлшектерді оқшаулау әдістері табылды.

Айтылған 2 жаңалықтың арқасында 1994 жылы кванттық компьютер жасауға болады деген тұжырым теориялық тұрғыда дәлелденді. Енді ғалымдар оны нақты жүзеге асырып, алғашқы прототиптер де жасалуда. Тіпті, Қытай мемлекеті 11,5 млрд. АҚШ долларын бөліп жаңа кванттық орталық ашуға қадамдар жасауда. Соның көмегімен олар ең керемет қорғалған компьютерлік жүйелерді бірнеше секундта бұзып, ақпаратты көшіріп немес өшіріп, өз мүдделеріне пайдалана алады. Міне, ғылыми жаңалықты деструктивті бағытта да қолдануға болатынының тағы бір дәлелі осы.

Америкалық RAND корпорациясы өзінің «форсайт» технологиясының көмегімен стратегиялық болжау мен жоспарлау әдістерін ауыстырып, кез-келген ұлтты суверенитетінен айырып, даму траекториясын қауіпті жолға бұрып жіберуге болатын іс-әрекеттердің жиынтық технологиясы. Бұл

технологиялар қоғамдық формацияларды қиратып, мемлекетті күйрету үшін бірнеше елдерде қолданылып жүр.

Сондықтан да, қабылданған әрбір цифрлық бағдарламада адам, қоғам және мемлекет үшін туындайтын тәуекелдер мен қауіптерді түгендеп, олардан келетін зиянға тосқауыл қою тетіктерін қатарлас жүзеге асырған дұрыс. Тұтастай цифрлық экожүйенің жеке тұлға мен мемлекеттің суверенитетіне төндіретін қатерлерін сараптау, бағалау болашақта ұлттық қауіпсіздіктің ең басты мәселесі болары анық.

Тарихтағы эволюциялық өзгерістер – адамның өз өмірін, тұрмыс-тіршілігін жеңілдету, оңтайландыру мақсатымен жасалады. Адамзат өркениеті осылайша, өмірі мен тұрмысын жеңілдетемін деп санасы мен рухын, Жаратушы сыйлаған адамдық қасиеттерін жоғалтып, жансыз, ойсыз, сезімсіз темір роботқа ұқсап кетуі де, адами құндылықтар ұмытылып, қатыгездік пен рухани құлазу осылайша басталуы да мүмкін. Цифрлық технологиялардың дамуындағы келеңсіз құбылыстар соны көрсетуде.

Төртінші ӨР-дің алдыңғы 3 кезеңнен айырмашылығы оның ауқымында. Сонымен бірге, төртінші ӨР адамзат тарихын жылдам және мүлдем күтпеген бағытқа бұрып жіберу қаупін де жоққа шығара алмаймыз.

Цифрлық эволюцияның барар жерін дұрыс болжау арқылы Қазақ елінің даму бағыттарын ұлттық мүддеге сәйкестендіріп жасау үшін мемлекет пен қоғамның біріккен жігері қажет. Өйткені, өзін-өзі жетілдіруге қабілетті жасанды интеллектпен қоршалған Адам өзі жасаған роботқа тәуелді болып, оған бағынышты болу қаупі де қиял-ғажайыптан шындыққа айналу ықтималдығын ғалымдар да жоққа шығара алмауда.

Міне, дүниеде болып жатқан технологиялық өзгерістердің қарымы, күштілігі жағынан, адамзат тарихындағы дәуірлерде ешуақытта болмаған. Цифрлық әлемнің берер мүмкіндіктері де керемет, ықтимал қауіптері де жойқын.

Бұл қауіптерден сақтанудың басты иммунитеті – Елбасы айтқандай «ақылды ұлт өзінің ұлттық рухынан, тілі мен дінінен ажырамай цифрлық ортаға бейімделуі». Сонда ғана Төртінші ӨР қазақтың бағын ашып, өркендеу дәуіріне айналады.

Ұлбосын Есенбекова,

қауымдастырылған профессор,

Қазақстан Республикасының «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері

«Егемен Қазақстан»

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Сайтта 9 пікір жазылған

  1. БОТАГӨЗ, ҚОСТАНАЙ 28 Наурыз, 2018 18:16 Жауап

    ХА-ХА-ХА-ХИ-ХИ-ХИ-ХО-ХО-ХО СӨЗ ЖОҚ, БІРДЕН ТӨРТІНШІГЕ ШАУЫП КЕТКЕНДЕРІ СҰМДЫҚ ЕНДІ, БҰЛАР ҚАЙ ЕЛДЕ ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТҚАН ӨНЕРКӘСІПТІК РЕВОЛЮЦИЯ ЕКЕН

    • Қолқоюсыз 29 Наурыз, 2018 08:49 Жауап

      Үкіметтің саясаты дұрыс емес, дұрыс емес, әншейін көз бояушылық. Елдің ішінде қандай бардак болып жатыр. Оны төртінші құлдырау революциясы деп атау керек.

    • Қолқоюсыз 29 Наурыз, 2018 10:12 Жауап

      Бәр байлықты ит-құстың қолына ұстатып жіберіп,түк өндірмейміз,алып-сатып,басқалардың қаңсықтарын сатып алып,ішіп-жеп,өмірі таусылмайтындай ел байлығын шашып жатып,нешінші бір кезеңге,өркениетті елдердің алдына,қатарына қосыламын деу…???
      экспомен айға ұшып,қонып атырмыз.ааа.

  2. Жәннат Мырза 28 Наурыз, 2018 19:11 Жауап

    «Ұлт алдындағы борышын түсінбейтін, мәдениеті мен рухани сұранысы жұтаң, тек экономикалық табыс қызықтыратын ұрпақтың қолына саяси билік тисе елдің тәуелсіздігі мен мемлекет тағдыры қандай болатыны да ойландыратын мәселе. Бүгінгі 15-20-дағы жастарымыз өздерін ертеңгі цифрлық дәуірдің байырғы тұрғыны санатына қосып, жауапсыздық пен толық еркіндікке бой алдырып ала ма деген үрейдің арты қалыңдап барады.» Ең үлкен қауіп осы!

  3. Қолқоюсыз 28 Наурыз, 2018 23:42 Жауап

    Осы мақаланың тақырыбы мазмұнына сәйкес келмейді, Мен ойлап жүруші едім, сандық технологияны игерсек көсегеміз көгеретін шығар-деп, ал оның қатері де көп екен.Қарапайым тілмен,болатын қауіп- қатерден сақтанудың жолдарын айтып түсіндіруіңізді сұраймын, яғни Ел басшысының айтқан сөзін жете талдап түсініктеме берсеңіз.?

  4. Кемел 30 Наурыз, 2018 08:47 Жауап

    Өте байыпты, танымдық дүние болыпты. Ұлбосын Есенбекова неге тасада жүр деп ойланушы едім. Ізденісіңіз құтты болсын. Қазақты алға сүйреуге қызмет етсінші…

  5. Әбдімәжит 31 Наурыз, 2018 16:52 Жауап

    Біз цифрландыруға көшіп жатырмыз немесе көштік дегендерден үйрену керек.Педагогикада оқушы боп қалмай оқытушы бола алмайсың деген ұстаным бар.

Пікір немесе жауап жазу

сегіз − үш =