"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!



АСЫЛДЫҢ СЫНЫҒЫ АСЕКЕҢ (фото)

 

Былтыр күзде «Ақ жол» партиясының Жамбыл облыстық филиалы төрағасы болып Асан Әнуарұлы Қошмамбетов сайланғанда, партия төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев  «Әділдік үшін күресіп жүрген қайраткер» деп таныстырып еді сыртынан.  Асекеңнің шын мәнінде жақсы  бағаға лайық жайсаң азамат екенін осыдан үш күн бұрын Тараз қаласында болғанда көзіміз жетті.

«Мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілді білуі тиіс» деген депутаттық сауал жасаған Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембимен осы сауалдың барысы жөнінде сөйлесіп қалғанда, Таразға тойға келе жатқанымды айтып едім, «Ол жерде Асекең бар ғой, Мен қазір хабарласайын, сізге өзі хабарласады» деді.  Ұзамай-ақ Асекең телефон соғып, «Неге алдын ала хабарласпайсыз, күтіп алар едік. Қазір қай жердесіз, барайын» деп, біз құдалыққа кіріп енді жайғаса бергенде жетіп келді. Жайраңдай амандасып, хал-жағдай сұрасқасын, бірден: «Кешке үйде боласыздар, қанша адамыңыз болса да» деді. Мен кешке ләжі болса, тойдан соң Шымкентке өтіп кетуіміз керек еді» деп едім, «Жоқ, ондай бомайды, Қазеке! Таразға бірінші рет келіп тұрсыз, бірге жұмыс істегелі, үйді көрмей кетпейсіз. Ешқандай қонақүйдің де керегі жоқ, үйде бар жағдай жасалған. Шымкентке ертең өзім жеткізіп тастаймын, көлік дайын» деді.

Қазақша еркін сөйлеп тұрғанмен, негізі орыстілді ағамыздан мынадай қазақы қонақжайлық күтпеген мен, риза болып қалдым.

Тойдан соң өзі келіп алып кетті. Хан сарайындай үйінде, шынында да қонақтарға бар жағдай жасалған екен.  Көгалмен көмкерілген аулада футбол алаңына дейін бар. Ал үйдің астыңғы қабатындағы  спорт алаңында биллиард, тенис, тренажер құралдары, бокс қапшығы, тіпті караоке  бұрышы да бар, жаныңызға не керек, бәрі табылады. Жайлы жер іздеп қалған қайнағам Әсет Мырзаев  ағам  мен Бәтес тәтеміз де,   Болат қайнағамыз да көңілдері жайланып қалды. Асекеңнің асыл жары Айдинаның  ашық қабағы мен жақсы қарсы алуын көрген Әсет ағамыз: «Түсі игіден түңілме деген. Жүздеріңе қарап-ақ жайсаң жандар екенің көрініп тұр» деп разылығын білдірді.

Біздің бірден көзіміз түскені, екінші қабаттағы  мұражай бұрышы еді . Сөйтсек, Асан Әнуарұлы Қошмамбетов  Әулиеата өңірінде кеңес үкіметін орнатуға зор үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері Қарымбай Қошмамбетовтың туған немересі екен. Қарымбай Қошмамбетов Қазақстанның Батыс өлкесін басқарып, алғаш рет мұнай бұрғыларын орнатуға атсалысқан губерния басшысы, кейін Сауда министрінің орынбасары  болған жалынды қайраткер екен. Алматы облысы Іле ауданын да басқарыпты. Ғұмыры қысқа болып, қанды репрессияның алдында 33 жасында төтеннен келген кеселден қайтыс болып кетіпті.

Былтыр Қарымбай Қошмамбетовтың 120 жылдығына республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, ас беріліпті. Қазір Қарымбай Қошмамбетовтың атында Алматы облысында Қошмамбет  ауылы мен жалпы мектеп,  Жамбыл облысында бірнеше мектеп пен көшелер және ескерткіші бар.

Әкесі Әнуар Ұлы отан соғысына қатысыпты. Сол кезде оқ тесіп өткен комсомол билеті  осы үйдегі  мұражайда  сақтаулы тұр. Асекең тіпті, соғыс кезінде әкесіне ғашық болған 18 жасар орыс қызының хатын да қабырғаға қастерлеп іліп қойған…

Әкеден 2  жасында қалған Асанды төрт баламен шешелері жалғыз өзі өсіріп, тәрбиелепті. Асекеңнің көрген қиындығы аз болмапты. Шешесі тігіп қойған шұлықтарды  базарға апарып сатып, өзі де 14 жасынан бастап, бас киім, джинси шалбар тігіп, кәсіпкерліктің қыр-сырына  бала кезден қанығып өсіпті.

Соның нәтижесі, Асан Қошмамбетов бүгінде облыстық мәслихаттың 3 рет депутаты болған, облысқа белгілі кәсіпкер. Асекеңнің пікірімен  шенеуніктер де, әкімдер де санасады. Бәрі де кәсіптің нәсібін көздеген, әділдіктің орнауын қалаған талабын  орындауға тырысады. Орындамасқа Асекең де қоймайды.

Ағасы Асқар Қошмамбетов қазір Алматыда тұрады, орыс тілінде жазатын прозаик.

Бейжің олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаевтың  спорттың биік шыңына – Олимпиада биігіне көтерілуіне Азат Перуашевтың зор үлес қасқаны белгілі. Сол кезде  Өзбекстан азаматы Бақыттың Қазақстан азаматтығын алуы кезінде Асекең де өз көмегін тигізіпті. Соның арқасында, Бейжің Олимпиадасындағы жалғыз алтын алған қазаққа  ие болдық. Ал әйгілі боксшымыз Қанат Исламның тура осы азаматтық мәселесі шешілмегендіктен де, Қазақстан атынан Олимпиадаға қатыса алмағаныы белгілі…

Таңертең бізге сәлем беруге құдасы, техника ғылымының докторы Сәбит Баубеков ағамыз келді. «Қасиетті Тараз қаласына жолыңыз түсіп қалыпты. Классик ақындарды тірі кезінде көріп қалайық, деп, сәлем беруге келдік»-деген алғашқы сөзінен-ақ әңгімеміз жарасып кетті. Сөйтсек, өзі де өлең жазады екен. Өткен күзде  «Ақ жол» партиясы Орталық комитеті хатшысы Арман Сқабылұлы жазған «Путинді  жеңген қазақ» осы кісі болып шықты. Жұбайы Күнсұлу ханым да жайсаң жан екен, мамандығы  мен секілді суретші болып шықты.

Асекең жасаған мұражай бөлмесінен көп нәрсе үйреніп, талай тағылым алуға болады. Әке-шешесі ұстаған барлық бұйым, тіпті өздері дүниеге келгенде табандары тиген еден-тақтайшаға дейін сақтап қойған. Төрт бала тербелген ақ бесік ерекеше әспеттеліп сақтаулы тұр.  Құнды жәдігерлермен бірге  бізді Асекеңнің қызы Меруерт пен ұлы Аймер суретке түсіріп алды.

Менің бұлардың бәрін тәптіштеп жазып отырғаным, бүгін  27 наурыз күні Асан Әнуарұлының 57 жасқа толып отырған туған күні!

Мерекең Берекеге ұласып, Асылдың сынығы ретінде жарқырай бергін, Асеке! Әділдік үшін күресің жетістікке жеткізе берсін!  Ұл-қыздарыңның жұлдыздары жана берсін! Алла жар болып,  әрдайым алдыңнан Ақ жол ашылып, Қазақ үнін биіктен шырқай бер!

Алла алдан Ақ жолын аша алатын,

Әр күн болсын жақсылық жасалатын.

Асылдың сынығысың – жарқырай бер,

Асқақтай берсін дәйім Асан атың!

Қазыбек ИСА

Qazaquni.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

 




Осыған ұқсас:

  1. Азат Перуашев журналистерді кәсіби мерекелерімен құттықтады (ФОТО)
  2. Көрнекті ақын Қазыбек Иса Республикалық мүшәйраның Бас жүлдесін жеңіп алды
  3. БЕКЗАТ-САТТАРХАН – «АЛТЫН БЕЛГІ» ИЕГЕРІ
  4. Дариға Назарбаеваның қызының тойынан фотолар жарияланды
  5. Алдарыңнан ашылсын, Ақ жол дәйім!
  6. ЖАЙСАҢ ЖАН ЕДІ…


3 пікір жазылған

Пікір жазу
  1. Белгісіз 27 Наурыз, 2018, 19:17

    АСЫЛДЫҢ СЫНЫҒЫ ДЕСЕ ДЕГЕНДЕЙ ЕКЕН! Туған күніңіз құтты болсын!

  2. Белгісіз 27 Наурыз, 2018, 19:17

    Қошмамбеттің немересі болса, әрине мықты болады. Туған күн құтты болсын!

  3. Белгісіз 27 Наурыз, 2018, 19:19

    «Бейжің олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаевтың спорттың биік шыңына – Олимпиада биігіне көтерілуіне Азат Перуашевтың зор үлес қасқаны белгілі. Сол кезде Өзбекстан азаматы Бақыттың Қазақстан азаматтығын алуы кезінде Асекең де өз көмегін тигізіпті. Соның арқасында, Бейжің Олимпиадасындағы жалғыз алтын алған қазаққа ие болдық. Ал әйгілі боксшымыз Қанат Исламның тура осы азаматтық мәселесі шешілмегендіктен де, Қазақстан атынан Олимпиадаға қатыса алмағаныы белгілі…» Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаевқа азаматтық алып берудегі еңбегіңізге рахмет Асеке!

Пікір жазу үшін тіркеліңіз немесе кіріңіз.