Кафедегі лағман мен самсаның есек етінен жасалғаны әшкере болды (видео)

Өзбекстанның Ферғана қаласында есек сойып сатқандардың ісі әшкере болып, үлкен дау тудырды, деп хабарлады sputniknews.kz.

«Узбекистан 24» телеарнасы Ферғанадағы бірқатар қоғамдық тамақтану орны есек етін сатып алып, сиыр және қой етінің орнына пайдаланғаны туралы видеоролик көрсетті.

Қылмыстық банданың үш мүшесі есектерді 250-300 мың сумнан (шамамен 10 – 12 мың теңге) сатып алып, оларды боршалап, дәмханаға келісін 25-30 мың сумнан (шамамен 1 – 1,2 мың теңге) сатқан.

Олардың клиенті негізінен Тошлок ауданындағы «Ягона» дәмханасы мен Ферғанадағы Мурод Тургуновтың асханасы болған.

Бағдарламада есек етін басқа еттен түріне қарап та, дәмі мен иісінен де ажыратуға болатыны айтылған. Сондықтан аспаз бен мейрамхана бизнесімен айналысатын адам қандай жануардың етін сатып алып жүргенін жақсы білген.

Айта кетейік, Исламда есек еті лас болып есептеледі және тамақ ретінде пайдалануға тыйым салынады.