"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!



Ұлыстың Ұлы күні ұлықталды

Тек адамзат қана емес, табиғаттың да жасарып, бой түзейтін шағы – Ұлыстың ұлы күнінің баршамыз үшін орны ерекше. Рухани жаңғыру дәуіріндегі қазақ елі биылғы жылы Әз Наурызды айрықша атап өтуде. Республикамыздың барлық аймағында ерекше мән берілген осынау мерекеде күн нұрына бөленген елдің көңіл-күйі де көтеріңкі. Қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Наурыз мейрамының түбінде біздің жаңа жылымызға айналатындығын тілге тиек етті.

Бас қаламыз – Астанадағы мерекелік шаралардың бірі қала әкімдігінің алдындағы қалалық алаңда өтті. Салт-дәстүрімізге сай жабдықтармен жабдықталған киіз үйлерде мерекелік дастархан жайылды. Осы күні алаңнан табылған жастар мен ересектер алтыбақан теуіп қана қоймай, арқан тарту, асық ату сынды ұлттық спорт түрлерінен жарысып жатты. Армрестлинг пен гір көтеруден күш сынасқандар шараның көрігін қыздыра түсті. Саябақ аумағындағы спорттық аренада қазақ күресінен өткен сайыстарға еліміздің түкпір-түк­пірінен келген спортшылар қатысып, жеңімпаздар бағалы сый­лықтармен марапатталып жатты.
Астана тұрғындары мен қо­нақтарына наурыз көже, бауыр­сақ пен палау таратылды. Наурыз мерекесінде Елорданың Мем­лекеттік академиялық филар­мо­­ниясының ұжымы, атап айтқанда Жаңабай Өтегенов, Гүлнұр Оразымбетова, Әсем Омарова, Ғани Жұмашева, Алекс Филатов, Нұрғали Тұр­лыбеков, Марал Ками, Қар­лығаш Әділбекова сынды вокалистер, «Сарыарқа», «Дабыл», «Диарт», «Дәуір», «Барыс» топтары шырқаған әсем әндер көпшілікті бір серпілтіп тастады.


Ұлыстың Ұлы күні Әз Нау­рыз – Жаңа жылымыздың алғашқы күні – 22 наурызда Алатау бөктеріндегі ажарлы қала Алматыға арайын төгіп-ақ тұр! Ұлттық киім кигендердің қарасы жылдағыдан көбейгені де көңіл сүйсінтеді. Еліміздің ең ірі мегаполисі саналатындықтан болса керек, Алматыда Наурыз кең көлемде аталып өтілуде. Жылдағы дәстүр бойынша қаланың барлық сегіз ауданында халықтық серуендер өткізілді. Қала жұртшылығы мен қонақтары «Астана» алаңы, Панфилов және Жібек жолы көшелері, Алатау ауданындағы Атлеттер ауылындағы «Алматы Аренада» ұйымдастырылған ме­рекелік шарадан табылып жатты.
Айтулы мейраммен құттық­таған Алматы әкімі Бауыржан Байбек наурыздың тарихына үңіле отырып, өзінің ақ тілегін білдірді.
«Астана» алаңындағы мере­келік шараға Роза Рымбаева бастаған «МузАРТ», «Дос Мұқасан» топтары қатысып, Үндістан, Өзбекстан, Иран, Ауғанстан мен Пәкістан, Қырғызстан елдерінен келген өнерпаздар өз өнерелерін ортаға салып, мейрамның кереметтей өтуіне өз үлестерін қосты.

Жібек жолы бойындағы ең ұзын «Құрақ көрпе» тігілген алаң көпшіліктің назарын өзіне аударды. Шеберлер құрақ көрпе тігуден «Гинесстің рекордтар Кітабының» жаңа рекордын жасау жолында еңбек етуде. Ұлттық «Құрақ көрпенің» ұзындығы 25 мың шаршы метрден асады деп күтілуде.
Жиылған жұртшылыққа наурыз көже мен бауырсақ таратылып, «Әлем халықтарының тағамдары» фестивалінің аясында өзге ұлттардың тағамдарымен жете танысып, дәм татты.
Сондай-ақ, Алатау ауданын­дағы «Almaty Arena» стадионы маңындағы «Наурыз – бүкіл­әлемдік мәдени мұра» бағдарла­ма­сының да берері мол болды.
Осы күні Алматы қаласы әкімшілігінің Наурыз мерекесі мен Қазақстан Жазушылар одағының Наурызы қатар келген­дігін де айтуға тиіспіз.


Жазушылар алдымен Алматы қаласы әкімдігі ұйымдастырған Наурыз мереке­сіне қатысып, қала әкімі Бауыржан Байбектің мерекелік баяндамасын тыңдады. Тек мемлекеттік тілде жасалған баяндама маңыз­дылығымен бау­рады.
Содан соң жазушылар Астана алаңынан аттам жердегі өз ғимараттарына келіп, өз Наурыз мерекесін бастады.
Жазушылар Одағы бұдан бұрын 1992 жылы ғана Наурыз тойын өткізіпті. Содан кейін 26 жылдан соң енді өтіп отыр екен.
Жазушылар Одағы тізгінін Ұлыстың Ұлы күні қар­саңын­да алған Ұлықбек Есдәулет қаламгерлерді Наурыз мере­кесімен құттықтады. Мәдениет министрі Арыстанбек Мұxаме­диұлы­ның қаламгерлерді Наурыз мерекесімен құттықтауын Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып оқып беріп, әр жазушыға табыстады. Ақсақалдар атынан Қабдеш Жұмәділ құттықтау сөзін айтып, Шерияздан Елеукен батасын берді. Белгілі күйші Секен Тұрысбек «Ақ жауын» оркестрімен күйден ақ жауын жаудырды. Маралтай, Аманғазы Кәріпжан, Ерлан Жүніс секілді ақындар жыр оқып, әнші-сазгер Қадырғали Көбентай ән шырқады.

Содан соң, қаламгер қауым Жазушылар одағы ғимараты алдына тігілген қос киіз үйге кіріп, мерекені жалғастырды. Наурыз көже ішіп, палау жеп, ақ тілектерін ақтарды.
Биылғы Наурыздың жылдағы­дан ерекше тойланғандығын атап өттік. Осы күні Қазақстан рекордтар кітабындағы көрсеткіштердің жаңарғаны жоғарыдағы сөзімізді дәлелдей түссе керек.
Арбат алаңында 2000 литрлік сыйымдылықтағы, биіктігі 2,5 метрден асатын 1 кесеге сүт қосқан шай дайындалды. Сосын еліміздегі рекордтық ең үлкен кеседен тұрғындарға шай таратылып берілді. Алматыда Нау­рыз мерекесін тойлау әлі де өз жалғасын табуда.
Әз Наурыз мерекесі айрықша аталып өткен аймақтың бірі – Оңтүстік Қазақстан облысы.
Қазығұрт тауының бөктерінде ұйымдастырылған «Наурыз Қазығұрттан басталады» атты ауқымды шараға 1 500-ге тарта өнер­паз қатысты. Шара аясында 40-тан астам киіз үй тігіліп, ұлттық ойындарымыз кеңінен насихатталды.
Мерекелік шараның шы­мылдығы «Тіршіліктің бастауы – Қазығұрт» қойылымымен түрілді. Қойылым барысында 230 биші хореграфиялық композиция арқылы жер жаһанды топан су басып, Нұқ пайғамбардың кемесінің Қазығұрт тауына келгенін баяндады. Мерекелік жиын бұдан әрі өзге де хореографиялық композициялармен жалғасын тапты.


Шара барысында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мерекенің мән-маңызына тоқтала отырып өзінің тілегін жеткізді.
Кең-байтақ қазақ даласының әрбір аймағы Жаңа жылымыз – Әз наурызды өте жоғары деңгейде қарсы алды. Қаймағы бұзылмаған салт-дәстүрімізді сақтай отырып, наурыздан наурызға аман-есен жете берейік!

Гүлмира САДЫҚ

qazaquni.kz




Осыған ұқсас:

  1. Алматыда марафон кезінде 18 жастағы жігіт қайтыс болды
  2. Денис Теннің өліміне күдіктінің анасы: Ұлымның адам өлтіргеніне сенбеймін
  3. ҚазПИ-дің іргетасына 90 жыл емес, 100 жыл толды
  4. «Өліспей беріспейміз»: Алматыда желтоқсан белсенділері қарсылық митингіне шықты (ВИДЕО)
  5. Мемлекеттік тілге миы жетпейтін адам қалайша «халық қалаулысы» бола алады?
  6. Вячеслав Вавилин: ТЕК ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕУГЕ ТИІСПІЗ! Ол үшін бүкіл БАЛАБАҚША ТЕК ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ болуы керек.

Facebook арқылы пікір жазу



Пікір жазылмаған

Пікір жазу
Әлі ешкім пікір жазған жоқ! Бірінші болып пікір жазыңыз!

Пікір жазу үшін тіркеліңіз немесе кіріңіз.