ДАЛА ЭТИКАСЫ

немесе батыр Бауыржан сабақтарынан

  Ата қандай тақырыпты бастаса да, мәресіне жеткізіп, тиянақтамай қоймайды. Кеше басталған сәлем жайлы әңгіменің де аяғы сұйылмай жалғасатынына күмәнім жоқ еді. Тек күндіз жайбарақат көсіліп отырып сөз тыңдауға мұрша бола бермейді. Келімді-кетімді кісі бар, дайындайтын ас-суың бар, арасында дүкенге жүгіресің, әкелі-балалы Момышұлының апарып беретін, алып келетін жұмыстары да менің үлесімде дегендей, әйтеуір, күндіз тыным аз. Сондықтан түнді асыға күтіп жүрем. Онда да ата өз көңілінің қалауымен сені шақырып сөз бастамайды, әншейін кіріп барсаң: «мен сені шақырғам жоқ» дейтіні бар. Өткен жолы жұбайымның артынан ілесе кіргенімде баласына қарап: «Нөкеріңді ертіп неғып жүрсің?» – дегенде бөлмеден ытқып шыққам. ...Атам бүгін өзі қасына шақырып бір қалыпты қоңыр дауыспен әңгіме тиегін ағытты. – Саған сәлемнің ең ұлысын айтып берейін. Ол – шаңырақ сәлемі. Кісі үйіне келген адам үйде біреу болсын, болмасын амандасып кіреді. Үй иелерімен сыртта ұшырасып, есік алдында есен-саулық сұрасып алса да, табалдырықтан аттай бере, сол үйдің шаңырағына, отының басына сәлем беріп кіреді. Қазақ халқы шаңырақ пен табалдырықты, бесікті қасиетті санайды. Үй табалдырықтан басталады, шаңырақпен еңсе көтереді, бесікпен ұрпағы өседі. Әркімнің от жаққан, ұрпақ өсірген үйі – өзіне құтхана. Сондықтан келген адамның кісі үйін сыйлауы шаңыраққа сәлем беруден басталады. Алда-жалда сәлем бермей кіріп келуді қазақтар надандық, менмендік көреді, немесе ниет-пиғылы бұзық дұшпандар, әдейі бәле іздеп келгендер сәлем бермейді. Ерте кезде болжаусыз келіп қалған құдайы қонақ кісі үйіне баса-көктеп кіріп келмейтін. Ат үстінде тұрып: «Кім бар-ау!» деп «тілдес!», «сөйлес!» деп үй сыртынан дыбыс беріп, есік алдында адам тұрғанын білдірген. «Сыйласаң сыйысымды боларсың» демекші, бұл да өзгенің үйін қадірлеуі, шаңырағын құрметтеуі. Үй иелері аса бір пейілі тар, сараң, жөн білмейтін парықсыз болмаса, не орнынан тұра алмайтын сал болмаса, сырттан дыбыс естілген соң кешікпей далаға шығады. Сырттан келген мейманды Сәлем беріп қол алсаң, Бірінші – еткен құрметің. «Түсіңіз» деп түс беріп, Шылбырына оралсаң, Екінші еткен құрметің. Есік ашып енгізіп, Көрпе төсеп құп алсаң, Үшінші еткен қызметің, – деген екен Айдабол шешен. Қазақтар әдептен аспай, кісі шаңырағын сыйлай білетін адамнан сәлемін де, ықылас-пейілін де аямаған. Бұл – ға­сырдан ғасыр асып келе жат­қан дала этикасы. – Осы қонаққа байланысты ырымдарды білесің бе? – деп сұрады аяқ астынан сөзін шұғыл өзгертіп. Құлағым қалқиып тыңдаушы болып, бейқам отырғанда, тосыннан қойылған сауалға сасып қалдым. Жылдам жауап қайтаруға есіме жарытым­ды ештеңе түсе қоймай, бөгеле бердім. Дегенмен, жауап беруім керек. – Қонаққа ас әкелгенде үй иесі тамақтың дәмін алдымен өзі татуы керек. Ол, адал ас дегені, – дедім ойыма алғаш оралғанды айтып. Осымен құтылдым ба десем, менен көзін алмай «тағы не дейсің» дегендей салмақ сала тікірейіп қарап отыр. – Келген қонақ бірдеңе жеп, аузы шайнаңдап үйге кірмейді. Керісінше, қайтар кезінде бір түйір құрт па, ірімшік пе, мейіз бе жеп, есіктен аузы қимылдап шығуы жөн дейді. Дәм тартып және жүздесуге жазсын дегені екен, – дедім. Атада үн жоқ. Қапияда адамды тұқыртып тастайды да осылай үнсіз бақылайды. Атаның отты жанарынан жасқанып өлермендікпен тағы сөйледім. – Қонақты қарсы алғанда үй иесі есігін өзі ашады, қонақты үйге алдымен кіргізеді. Қонақ кетерінде есікті қонаққа ашқы­зады. Өйткені, үй иесі өзі есік ашса, қонағын қуғандай, қо­­на­ғынан құтылғанша асыққанмен бірдей саналады дейді. Мәнерлеп, сүзгіден өткізіп сөйлеуге шама қайда? Ойыма түскенін әупірімдеп айтып шыққаныма шүкір. – Ы-ы-м, – деді ата. Қоштағаны ма, ұнатпағаны ма, ажырату қиын. – Қонақтың түр-түрі бар, – деді сәлден кейін. Сөзін өзі демдеп мені жайыма қалдырғанына қуандым. – Қазақтың қонағын Төле би бабамыз төртке бөліпті: Арнайы қонақ, құдайы қонақ, қыдырма қонақ, қылғыма қонақ... – Арнайы қонақ – ат арылтып шалғайдан арнайы келетін бауыр-туыс, нағашы, жиен, құда-құдағи, қимас дос, жақсы жолдас секілді жақындар. Бұлар – сыйлы қонақтар. Құдайы қонақ – жолаушылап жүріп ат басын тіреген кездейсоқ қонақ. Үй иесі оны танымайды, бұрын көрмеген. Бірақ «Қырықтың бірі – Қыдыр» деп есігіне келген соң құрмет көрсетеді. Бұл – сауап болатын қонақ. Қыдырма қонақ – ауыл-ауылды аралап, езуі көпіріп бір жердің сөзін бір жерге тасып, ет пен қымыз ішу үшін сабылып жүретін далбаса қонақ. Қылғыма қонақ – қайсы үйдің түтіні шықса, сол жерден табыла кететін адам. Қолына ілінгенді жейді, аузына түскенді қылғиды. Тамақ аңдып, толымды дастарқан іздейтін сұғанақ қонақ. Міне, қасиетіңнен айналайын Төле жарықтық қонақ­тарын осылай жіліктепті, – деп ата мүштегіне темекі кигізді. Біздің үйге де қонақ көп келеді, бәрі атаны іздеп арнайы келеді. Өйткені ата ай мен күн секілді көпке ортақ адам. Ай мен күннің мейірім-шапағаты баршаға ортақ болғанмен, жерде қыбырлап жүрген пенделер сан алуан. Біреу тойып жүреді, біреу тоңып жүреді, енді біреу озып, біреу азып жүреді. Әркімнің өмір дейтін ұлы көшке ілесуі әр деңгейде, басып өтер сүрлеу-соқпағы да әр қилы. Сондай бір-біріне ұқсамайтын адамдардың ата алдына келулері бірдей болғанмен, кетулері бөлек. Кейбіреу қандай қамалға тірелерін білмей келіп, шығар есікті таба алмай қалатын да кезі болады. Кеше ғана үйімізге сіріңке қара арық жігіт келді. Мен есік ашып амандасқан соң, өзінің біздің елге жиен болып келетінін бірден ескертті. Жиенмін деп еркінсу ме, әлде мінезі солай ма, қимыл-қозғалысында, сөз саптауында бір кердеңдік бар. Арық адамның шіренгені қызық көрінетінін бірінші рет байқадым. Содан атама барып бір жігіттің келіп түрғанын хабарладым. Ата басын изеді. Қонақ жігітті атаның бөлмесіне кіргіздім де, бері келіп шай қойдым. Әдетте ата алдына сотқар монтиып, мықты именіп қойдан қоңыр, қозыдан жуас болып келуші еді. Мына жігіттің екпіні өзгеше көрінді. Мүмкін батылдық үшін бірдеңе ұрттап алды ма екен? Тілім жазықты, ондай да ұшырасады. Біраздан соң ата­ның дауысы үйді көтеріп тас­тардай қаһарлы естілді. Не болып қалды екен деп есікке жақындағанымда: – Өсекті өсекшілер жеткізеді! Есі дұрыс еркек өсек айтпайды! Пошел вон дурак! – деген атаның зілді сөздерін естідім. Қазулы тұрған орға өзі құлағысы келген адам болмаса, мұндайда аулақ кеткен жөн. Кері бұрылып зытып бердім. Іле-шала жаңағы тәкаппарлығынан жұрнақ та қалмай, салы суға кеткендей иіні түсіп әлгі жігіт бері шықты. Не бүлдіргенін қайдам, өзін аяп кеттім. – Шай ішіңіз, – дедім. «Мынаның есі дұрыс па?» дегендей аларып бір қарады да, сыртқы есікке беттеді. ...Атаның дауысынан ойым бөлініп кетті: – Осы үйдің қазір майлығы да, сулығы да өзіңсің. Сондықтан Момышұлын іздеп келген адамнан «кімсің» деп сұрамағын. Есік көзінде кісіні тұрғызып қоймай «үйге кіріңіз» де. Үйге кірген соң «төрге шығыңыз» деп ізетте. Кісі үйіне келген адам қанша асығыс болса да, тізе бүгуі керек. Қазақ салты солай. Асып-төкпе ас бермесең де, қуыс үйден құр шығармағын. Тым болмаса нан ауыз тигіз. Ал қадірін кетіріп жатқан жөн білмес қонақ болса, қалай шығарып салуды маған қалдырғын. Сен келіндік жолыңды жасай бергін, – деді. Атамның мына сөздері мені абдыратып тастады. Өзі қуып шығады, маған құрметте дейді. Түк түсінсем бұйырмасын. Бір жағынан, көңілім қолаңтақсып жасып қалдым. Ақ пен қараны түс тоқтатып түсінгеннен бері жаңағы ата айтқан қазақ ырымдары құлаққа әбден сіңісті болған. Әлімше орындап та жүрген секілді­мін. Онда, істегенімнің бәрі елекке құйған судай баянсыз болғаны ма? Бір шалағайлық жібергенмін-ау шамасы. Кім білсін, аңғармай қалып жөн-жобаны белден бастым ба? – Әй, балам! Мен сені жөн білмейді деп отырғам жоқ, – дегенде аңырайып атаға қараппын. Таңғалмай көріңіз! Ойым­дағы өңіме жазылып қала ма, бір емес, екі емес, ылғи осылай сырым әшкере. Атамның көрместі көріп, білместі біліп қоятыны, көкейінде тұрған көлденең ойды жобаламай дөп басатыны маған түсініксіз. Әрі содан қатты қорқамын. – Жалпы келін болу қиын, – деп тағы бір тұтқиыл сөз айтты. – Оның ішінде қазаққа келін болу оңай емес. Ал қазақтың ішінде мен сияқты қыңыр адамға келін бо-о-лу... – деп көзін аударып-төңкеріп, екі қолын екі жаққа жайды да: – Понятно? – деп дауысы көтеріліп кетті. – Понятно! – «Құрттың атын малта қойды» деген осы. Атаны тура қайталағанымды аңдамай қалдым. Ата қарқылдап күліп жіберді. Мен, әдетте ешқашан үйде орысша сөйлемеймін, былайынша да ағып тұрғаным шамалы. Сондықтан менің орысша жауап қатқаным қызық естілген секілді. – Кіруге бола ма? – деп осы арада Бәкең бөлмеге бас сұқты. – Кіргін, – деді ата. – Өзің бүгін қыздай сызылып, сыпайы болып тұрсың ғой? – деп атаның дауысы жадырай шықты. – Аударманы бітірдім, – деді баласы да көңілді үнмен. – Жақсы болған екен. Көрдің бе еңбектің қасиетін! Рахаттанып жаның жай тауып тұр. Ертең автор сенен бетер қуанады, риза болып, рахмет айтады, – деп ата баласын қолпаштап жатыр. – «Бір серкешке екі ер талтаңдайды» деген секілді, – деп Бәкең жымиды. – Не? Қайта айтшы, – деді. Алматының асфальтында туып-өскен баласының аузынан күнде айтыла бермейтін таза қазақы сөз тіркесін естігеніне таңырқап қалғандай болды. Орысша сөйлеп, орысша жазғанда суда жүзген балықтай із түсірмей кететін Бәкең, қазақшаға келгенде сүрінетін тұстары баршылық еді. – «Бір серкешке екі ер талтаңдапты» деп Бәкең қайталады да: – Мен бұл сөзді апамнан – Зейнептің мамасынан естігем. Оның мәнісін апам маған былай түсіндіріп еді. Баяғыда бір жолаушы тұманды күні адасыпты да, өзі де әбден қалжырап келе жатып таудың қуысында отырған жұпыны үйге тап болыпты. Үй иесі жалғыз атты кедей екен. Маңырамадан бір серкеші ғана болыпты. Отағасы сол серкешін сойып, жолаушыны қонақ етіп күтіп, қондырып ертесі бір-ақ аттандырыпты. Қонақ кеткен соң үй иесі аспанға қарап қолын жайып: – О, жаратқан ием! Шаңы­рағыма мейман жібергеніңе тәуба! Азаматтың алдында жерге қарамай, марқа болмаса да серкеш сойып, бұйырған несібесін бергеніме шүкір! – деп Жаратушыға да, өзіне де риза болып көңілі көлдей шалқыпты. «Тәңір жарылқасынды» қайта-қайта айтып аттанған жолаушы ауылына аман-есен келген соң ауылдастарына: – Тәңірім мені кісі қадірін білетін текті үйге кез келтірді. Құдайдың онысына шүкір. Үй иесі серкеш сойып, ағыл-тегіл пейілмен күтті, – деп көңілі көк аспанға шыға мақтаныпты. Сөйтіп бір серкеш екі ерді талтаңдатыпты, – деп Бәкең жатқа білетін әңгімесін айтып шықты. Ата бала секілді мәз бола күлді. Атам осылай мейірленіп күлгенде, көзге көрінбейтін ғажап бір сиқырлы сәулелер үйге толып кеткендей айнала көріктеніп сала беретін. – Тек қазақтың жаратылысына сыятын қасиет қой бұл! – деп ата ұшатын қыран­дай қомданып, екі иығы көтері­ліп кетті. – Құдайдың құдіреті, әлгінде біз қонақ жайлы біраз әңгіменің басын шалып едік. Сенің серкешің соның жалғасындай жарасып кетті. Бар болса берген жақсы. Әжем марқұм: «Берген үйде береке бар. «Береке» деген періштенің аты. Бермейтін үйде біте бар. «Біте» деген шайтанның аты. Жаны таза, пиғылы түзу адамның бергенінің есесін Алла өзі толтырады, пейілден тарылмаңдар», – деп отырушы еді жарықтық. Айналып келгенде, мұның барлығы халқымыздың желісі үзілмей келе жатқан даралығы мен дархандығы. Солай ма Баха? Ата көңілді отырғанда баласын осылай атап жарылқап қоятын. – Солай, солай ғой, папа. Бірақ қонағы қожайын боп, өзі табалдырықтан ары сырғып кететін де осы қазақ емес пе? – деді Бәкең. «Шынымен айтып отыр ма осы» дегендей баласына қадала қарап қалды. Әлгінде ғана жазыла сөйлеп, жадырап отырған атаның бет-пішіні күреңітіп, екі қасының ортасындағы қос сызық бұрынғыдан тереңдеп кеткендей көрінді. – «Кезек екі, Тәңір бір, есең бүгін кетсе, ертең қай­тады» деген бабаларың. Астамшылдық аспаннан құлатады. Қанша қожайын болып қоқандағанмен, шындық көзге бір шұқиды. Кірменің аты кірме, оның да кететін күні болмай қоймайды. Жердің өз иесі, елдің өз киесі бар, – деп ата терең бір күрсінді де: – Доклад окончен. Мен демалам, кетіңдер, – деді. Бізден тезірек құтылғысы келгендей үні сұсты шықты. Атаның көңіл-күйі неге күрт бұзылды, әңгіме неге шорт үзілді, ол жағын аса саралап жатпай күнделік дәптеріме естігенімді қаз-қалпында жаза садлым. Ол 1973 жылғы қарашаның он тоғызы, дүйсенбінің түні болатын. ...Одан бері талай жыл өтіпті. Талай су жерге сіңіпті. Ойың түгіл, түсіңе кірмеген ғаламат өзгерістер өмірге келіпті. Ата-бабаларымыз армандаған, армандап қана қоймай найзаның ұшымен, қылыштың жүзімен қорғаған бостандық, еркіндікке қолымыз жетіпті. Лайым ұзағынан, түпкілігінен берсін деп тілейік. Менің бүгінде ақылым жетпей қайран қалатыным – атаның сөзі. Қонақ пен үй иесі жайлы қарапайым әңгімені астарлай келіп, құламастай көрінген алып мемлекеттің, болаттай берік деген қоғамдық құрылыстың құрдымға кетерін сол кезде қалай болжаған? Көзге бір шұқымай қоймайтын шындықтың келерін қандай құдірет аузына салған? Бұл сыр атамен бірге кетті. Ал мен үшін шешуі табылмаған жұмбақ. Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған ана тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, бар тарихымызды ұмыту. *** Ата-ана қадірін білмеген – ел қадірін біле алмас, Ел қадірін білмеген – ата-ана қадірін біле алмас. *** Ана тілімізге мән бермеушілік, оны құрметтемеу – шынайы патриоттар тәрбиелеу жұмысына үлкен зиян. *** Әділдікті мойындау – адал кісінің ісі. *** Бақаның бағынан сұңқардың соры артық. *** Батырлық тәуекел мен ақылдың есебінен шығуға тиіс. Тәуекел кейде ақылды да ақтап алады. Ал ақылсыз тәуекелді ештеңе де ақтап ала алмайды. *** Белдескеннің – белін сындыр, тірескеннің – тізесін бүктір. *** Дүниеде баланың у-шуына жетер не бар?! Одан асқан сазды әуен ойлап табу мүмкін емес. *** Жерге – тер төгіп, халыққа – қан төгіп қызмет етуден тайсалма! *** Жақсы сөз жанға – жақын, құлаққа – жағымды, ойға – қонымды келеді. *** Ерлік – елдің қасиеті, жүректілік – жігіттің қасиеті. *** Ешкім іштен батыр болып тумайды: батырлық та, мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады. *** Ерлік – тайсалмас табандылық пен қайыспас қайсарлықтан шығады. *** Ептілік те – ерлік. *** Именіп жүріп көрген игіліктен – қарсыласып жүріп көрген бейнет артық. *** Күншілдік – өзгенің мықтылығы мен өзіңнің әлсіздігіңді мойындаудан туған құбылыс. *** Қайратыңа – әдісіңді жолдас ет, әдісіңе – ақылынды жолдас ет. *** Қайрат етер кезінде – жүк көтерер нардай бол, ақыл айтар кезіңде – жүз жасаған шалдай бол. *** Қазақ тілі – сұлулығымен бой балқытып, тамыр шымырлататын, жан жүйеңді жандырып, құлақ құрышын қандыратын, өткірлігімен қысылтаяң тұста ер мен елге бірдей медет беріп, адам түгіл жағдайдың өзінің аузына құм құятын ғажайып кемел тіл. *** Қазақ тілі еш уақытта өзімен көрші халықтардың тілдерінен сорлы болып, қатардан қалмағаны, өз сыбағасын ешкімге жібермегендігіне мың жылдық көне тарих куә. *** Қуыс кеуде болғаннан артық қорқыныш та, қорлық та жоқ. *** Қарабет болып қашқанша – қайрат көрсетіп өлген артық. *** Қолбасшы болсаң сондай бол – жосылып жатқан жолдай бол. *** Намысты нанға сатпа. *** Отбасының өнегесі – Отан өнегесі. *** Опасыздық – ойсыздық. *** Өтіріктің балын жалап тірі жүргенше – шындықтың уын ішін өлген артық. *** Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу – сатқындық. *** Өршіл рухтан – өлмес ерлік туады. *** Сөз жылата да, жұбата да алады. *** Сұлу сөзге құл болма – зерлі ой онда көп болмас. *** Тіл – ұлт қасиетін айқындайтын белгі, ұлттық салт-сана өзегі. *** Тіл – елдің елдігінің, оның ғылымы мен мәдениетінің, өнеркәсібінің, қоғамдық құрылысының, салт-санасының, жауынгерлік дәстүрінің, ұлттық мұрасының қай дәрежеде екенін білдіріп тұратын көрсеткіш. *** Тіл тазалығы үшін күрес – ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес. *** Тілекке – еңбек тірек. *** Терлеп еңбек етерсің – тілегіңе жетерсің. *** Тәрбиелі – тәртіптің құлы, тәртіпті – елдің құлы. *** Тіл – ұлт қасиетін айқындайтын белгі, ұлттық салт-сана өзегі. *** Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген ел – құл болмайды. *** Үмітін жоғалтқан жан – ешқашан үміттеніп көрмеген жан. *** Үміт – өрге тартады, үмітсіздік – көрге тартады. *** Халықтық тәжірибе – бүгінге ғана емес, ертеңге де керек қазына.                       Зейнеп АХМЕТОВА, жазушы, Бауыржан Момышұлының келіні qazaquni.kz