ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫ НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІН ТОЙЛАДЫ

Бөлісу:

Жазушылар Одағы 1992 жылдан бері 26 жылдан соң ғана Наурыз мерекесін  енді өткізіп отыр екен…

 

 

Ұлыстың Ұлы күні Әз Наурыз – Жаңа жылымыздың алғашқы күні -22 наурызда Алатау бөктеріндегі ажарлы қала Алматыға арайын төгіп-ақ тұр! Ұлттық киім кигендер көбейіпті. Көпшілік жейдемен жеңіл жүр.

Алматы қаласы әкімшілігінің Наурыз мерекесі мен Қазақстан Жазушылар одағының Наурызы қатар келіпті.

Алдымен Жазушылар Алматы қаласы Наурыз мерекесіне қатысып, қала әкімі Бауыржан Байбектің мерекелік баяндамасын тыңдады. Тек мемлекеттік тілде жасалған баяндама маңыздылығымен баурады.
Содан соң жазушылар Астана алаңынан аттам жердегі өз ғимараттарына келіп, өз Наурыз мерекесін бастады.
Жазушылар Одағы бұдан бұрын 1992 жылы ғана  Қалдарбек Найманбаевтың басшылығы кезінде ғана Наурыз өткізгенін, содан кейін 26 жылдан соң енді өтіп отыр екен…
Жазушылар Одағы тізгінін Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында алған Ұлықбек Есдәулет қаламгерлерді Наурыз мерекесімен құттықтады. Мәдениет министрі Арыстанбек Мұxамәдиұлының қаламгерлерді Наурыз мерекесімен құттықтауын Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып оқып беріп, әр жазушыға табыстады. Оның біреуіне біз де ие болдық. Ақсақалдар атынан Қабдеш Жұмәділ құттықтау сөзін айтып, Шерияздан Елеукен батасын берді. Белгілі күйші Секен Тұрысбек «Ақ жауын» оркестрімен күйден ақ жауын жаудырды. Маралтай, Аманғазы Кәріпжан, Ерлан Жүніс секілді ақындар жыр оқып, әнші-сазгер Қадырғали Көбентай ән шырқады.
Содан соң, қаламгер қауым Жазушылар одағы ғимараты алдына тігілген қос киіз үйге кіріп, мерекені жалғастырды. Наурыз көже ішіп, палау жеп, ақ тілектерін ақтарды.

Бұл бір Ұлыстың Ұлы күні Жаңа жыл мерекесімен қаламгерлер қанаттанған рухани шара болды.

Қазыбек ИСА

qazaquni.kz

 

 

 

 

 

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

18 + 12 =