"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!

Смағұл ЕЛУБАЙ: МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МЕНСІНБЕЙТІНДЕРДІҢ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІ АТҚАРУҒА ҚАҚЫСЫ ЖОҚ

Қазақ тілінің мемлекеттік тіл болып жарияланғанына келер жылы 30 жыл толады. Күні бүгінге дейін биліктің тізгінін ұстаған кейбір азаматтардың орыс тілінде сөйлеп келе жатқаны халықтың әсіресе тіл жанашырларының жүйкесін жұқартып жібергені анық. Тіпті төзім де таусылып бітті. Ұлт жанашырларының көкірегінде тұншыққан ащы айқайды сезгендей жақында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Марат Тәжин мен Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевпен кездесу барысында қалың қазақтың жанайқайын жарыққа шығарды. Мемлекет басшысы өз сөзінде Үкімет пен Парламент бұдан былай мемлекеттік тілде жұмыс істеуі керек деп шегелеп айтты. Мұнда Елбасының қазақ тіліне деген жанашырлығы қайнап жатқанын айқын аңғаруға болады. Әрине, ол кісі Президент болғаннан кейін біз сияқты айқайлап айта алмайды. Осы сөзінің өзі қазақтың жанайқайы болып естілді. Бізді қайран қалдырғаны – Президенттің бұл ескертуіне қарсылардың бой көрсетуі. Бұл өте қорқынышты әрі қауіпті құбылыс. Яғни Қазақстанда қазақтардың өзі мемлекеттік тілді менсінбейді деген сөз. Олар ұлтаралық қатынасты бетке ұстап әбден үйреніп алған. Совет заманында да интерноционализмнің желеуімен жүзге жуық ұлттардың тілін өшіріп, мәңгілікке келмеске кетірген болатын. Бүгінгідей Тәуелсіз елде өмір сүре отырып, қазақтың тіліне деген идеологияның салқынын сезіну өте ауыр. Өкінішке орай мұндай дауыстар шенеуніктердің арасынан шықты. Мемлекеттік тіл заңының шыққанына 30 жылға жуықтаса да 30 ауыз сөз үйренуге құлқы жоқтардың бұл әрекеті олардың тіл үйренуге деген қарсылығы екендігі сөзсіз. Шамасы келсе жойып жіберуге дайын қазақтарды көзбен көріп жүргендігіміз де үлкен қасірет.
Әлі күнге дейін көптеген мекемелер әсіресе сот жүйесі, бизнес саласы орыс тілде жүргізіліп келеді. Солардың ықпалы болуы керек Үкімет те 15 министр жиналған жерде әлі күнге дейін орыс тілінде сөйлейді. Бұл зиялы қауым өкілдерінің ашу-ызасын туғызды. Біз мұны Тәуелсіздігімізге зияны тиіп кете ме деп айқайлап айта алмай, үнсіз тұншығамыз. Басқа не істейміз? Айтылған сөзді де олар құлаққа ілмейді. Президент айтқанда ғана өздерінің жаңылғандарын түсініп, табан астында қазақша былдырлай бастады. Сөйтсек бұлардың бәрі біледі екен. Кейбірі тіпті сайрап берді. Ал енді тіл білмейтіндердің қазақ тілін болашақта үйренеміз дегендері жәй әңгіме. «Тіл үйрену үшін біраз уақыт керек» деудің өзі қисынсыз. Қазақстанға келгеніне 5 ай ғана болған кәрістің, жапонның қыздары қазақ тілін өте жақсы үйреніп алған. Ал біздің шала қазақтарымыз қазақ тіліне қарсы осындай сұмдықты туғызып отыр. Қазақ тіліне деген қарсылық өз ұлтыңа, шынтуайтына келгенде Тәуелсіздікке деген қарсылық. Қазақтың Тәуелсіздігін күшейткен тілді олар өкінішке орай отқа жағып жіберуге де дайын. Ондай қазақтарды мемлекеттік қызметте қалай көтеруге болады? Мемлекеттің саясатын, мемлекеттің тәуелсіздігін, мемлекеттің тілін менсінбейтін, оны пайаланғысы келмейтін, тіпті көрге тығуға дайын шененуніктерді қалай түсінуге болады? Тәуелсіздік идеясына қарсы мұндай шенеуніктерден қайткен күнде де арылуымыз керек. Яғни мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік тілді білуге міндетті деген сөзді Елбасы аузынан көп ұзамай еститін болармыз деген үмітттемін.

Жазып алған:Гүлмира САДЫҚ

qazaquni.kz





12 пікір жазылған

Пікір жазу
  1. Арыс 17 Наурыз, 2018, 12:17

    Ия, қазіргі кезеңдегі ең күйіп тұрған мәселенің басты тақырыбы осы болып тұр!

  2. БОТАГӨЗ, ҚОСТАНАЙ 17 Наурыз, 2018, 16:57

    ҚЫЗЫҚ ЖАҒДАЙ, НАЗАРБАЕВ ӨЗІ ҚАЗАҚТЫҢ АНА ТІЛІН БІЛМЕЙТІНДЕРДІ ТАҒАЙЫНДАЙДЫ ДА, ОЛАР ТЕК ҚАЗАҚТЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛІНДЕ ЖҰМЫС АТҚАРСЫН ДЕГЕНІН ҚАЛАЙ ТҮСІНУГЕ БОЛАДЫ, СМАҒҰЛ ЕЛУБАЙ, ОСЫНЫ ДА ТҮСІНБЕЙ ОТЫР МА, ӘЛДЕ БҰЛ ШЫНДЫҚТЫ АЙТУҒА ҚОРҚЫП ОТЫР МА ЕКЕН. СМАҒҰЛ ЕЛУБАЙ, БІЛМЕСЕҢІЗ , БІЛІП ЖҮРІҢІЗ, БІЗДІҢ ЕЛДЕ ЖӘЙДАН- ЖӘЙ ЕШКІМ БИЛІКТЕ ОТЫРҒАН ЖОҚ, ХАЛЫҚ ОЛАРДЫ ТАҢДАҒАН ЖОҚ, ОЛАРДЫҢ БӘРІ ТАҒАЙЫНДАЛҒАНДАР. ХАЛЫҚ БОЛЫП ҚАНШАМА ЖЫЛ ҚАҚСАП КЕЛЕМІЗ, БИЛІККЕ ТЕК АНА ТІЛІН БІЛЕТІНДЕРДІ ЗАҢ ЖҮЗІНДЕ ӨТКІЗУ КЕРЕК ДЕП, СОНДАЙ ЗАҢ БҰЛ БИЛІКТІҢ ЗАМАНЫНДА ҚАБЫЛДАНБАЙТЫНЫНА КӨЗІМІЗ ЖЕТТІ, АЛ БАСҚА ЖАҒДАЙДЫ АЙТУДЫҢ ӨЗІ АРТЫҚ. БІЗДЕ СӨЗДЕР, ӘҢГІМЕЛЕР, ОДАН ӘРІ АСПАЙТЫН ЖАҒДАЙЛАР, ЕШТЕҢЕ ӨЗГЕРГЕН ЖОҚ. ӨЗДЕРІ ӨЗГЕРГІСІ КЕЛМЕЙТІНДЕР, ӨЗДЕРІ БАСҚАРЫП ОТЫРҒАН БИЛІК ЖҮЙЕСІН ӨЗГЕРТЕ АЛМАҒАНДАР, ӨЗ АНА ТІЛІН МЕНСІНБЕГЕНДЕР КІМГЕ ҮЛГІ, КІМГЕ КӨСЕМ БОЛҒЫЛАРЫ КЕЛЕДІ, ОСЫЛАР АНДА-САНДА АРТҚА ҚАРАП, БИЛІКТЕ ӨТКЕН ЖЫЛДАРЫНА ӨЗДЕРІ-ӨЗДЕРІНЕ СЫН КӨЗБЕН ҚАРАП, ЕСЕП БЕРЕДІ МЕ ЕКЕН. АТА-БАБМЫЗДАН ҚАЛҒАН ХАЛЫҚТЫҢ БАЙЛЫҒЫН САТЫП, БАЙЛЫҚТАРЫ ШІРІП ЖАТҚАНДАР ЖЕРКЕНІШТІ, ОЛАР ДА ӨЗДЕРІН ҚАЗАҚ ЕЛІНЕ ПАЙДАМЫЗДЫ ТИГІЗІП ЖАТЫРМЫЗ ДЕП ОЙЛАЙДЫ МА ЕКЕН? СОНДЫҚТАН ӨЗ ЖАҒДАЙЛАРЫНА БАСЫ АУЫРЫП ЖҮРГЕНДЕРГЕ ЕЛ, ЖЕР, АНА ТІЛ МАҢЫЗДЫ ЕМЕС, ОҒАН БІЗ – ХАЛЫҚ КУӘМІЗ.

  3. асан-кайгы 17 Наурыз, 2018, 22:10

    әрине заң қабылдау керек.

  4. Қолқоюсыз 17 Наурыз, 2018, 23:41

    Үкіметті басқарушылар-министірлер санасыз топас адамдар екендігі көрініп тұр.Әлде қашан айтқызбай ақ азаматтық ар намыстары оянып ақ ана тілдерінде іс жүргізіп жатқан болуға тйіс еді.Жоқ бұлар ондай бола алмады.Шамасы осылар неандартал ұрпақтары басым көбі ау Селекция жасау да керек!

  5. Әбу 18 Наурыз, 2018, 12:41

    Егер мемлекеттік тілдің – қазақ тілінің заңды құқын құрметтеу керек болса, әрине, керек!, ол ең бері қойғанда 2001-жылы шешілер еді, бірақ шешкісі келген билік жоқ. С.Елубай мырза оны жақсы біледі, алайда «президенпен кездестім» дегенінде тіліміздің халін айтқан жоқ, одан кейін де айтқан емес. Бүгін ғана сөйледі. Ал президент «үкімет қазақ тілінде сөйлеуге міндетті» деп алды да, үш күннен кейін парламенттің екі палатасы мәжілісінде сөзінің 90 пайызы орыс тілінде болған жоқ па? Одан кейін басқа республикалардың Астанаға келген басшыларымен орыс тілінде сөйлесіп жүрді. Сонда біз өзінің мемлекеттік тілі жоқ елміз бе, Ресейдің губерниясымыз ба?

  6. Arystan 19 Наурыз, 2018, 09:28

    Қазіргі билікте отырғандар тек паспорт бойынша қазақ, ал шын мәнінде орыс немесе америка құлдары. Бастарында тек мансап, ақша, жалған абырой.

  7. Қолқоюсыз 19 Наурыз, 2018, 12:54

    Бұны айта бергеннен ешнәрсе шықпайды. Егерде Қазақ өзінің Тілін-Қазақ Тілін құрметтеп осы Тілмен Мемлекетін жүргізбесе, ол әрине Ресейдің бір губерниясы болады,соған кетіп барамыз. Жоғары қызметте отырған басшылар Ана Тілін-Қазақ тілін құрметтеп алға басбасақ жуырда бұл өте өкінішті жағдай болады. Бірақ бұл кісілер Қазақша сөйлеуге намыстанып жүр. Әй, Ел болуымыз өте қиын…

  8. Ертуған 19 Наурыз, 2018, 16:06

    Бүкіл билік ауысу керек деп ойлаймын . Əйтпесе сол бір жартас , сол жартас

  9. өзбек 19 Наурыз, 2018, 20:47

    Елбасының осы бұйрық райдағы сөзін заңға айналдыру керек.

Пікір жазу үшін тіркеліңіз немесе кіріңіз.