ОҚО-дағы «зорлау оқиғасына» қатысты бірнеше шенеунік қызметінен босатылды

[caption id="attachment_82542" align="aligncenter" width="640"] Фото: tengrinews.kz[/caption]

Жеті жастағы баланың «зорлануына» байланысты ОҚО-да бірнеше шенді қызметінен босатылды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Бұл туралы Шымкентте өткен отырыста облыс әкімі Жансейіт Түймебаев мәлімдеді.

«Сарыағаш ауданы жергілікті полиция қызметінің басшысы Бердалы Оразгелдиев қызметінен бостатылды. Сарыағаш ауданы мен Абай ауылының жергілікті полиция қызметі бөлімінің басшылары жұмыстан шығарылды. ОҚО әкімінің идеология жөніндегі орынбасары Ұласбек Сәдібеков қатаң ескерту алды. Сарыағаш ауданының әкімі қатаң сөгіс алды. Аудандық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықов сөгіс алды», - деді Түймебаев.

Сондай-ақ облыс әкімі Сарыағаш ауданының әкімінен аудан әкімінің идеология жөніндегі орынбасарына қатысты шара қолдануын талап етті.

Бұған қоса, ІІД басшысының бұйрығымен мектеп инспекторы Нариман Жұмабаев қызметінен босатылды. Ал №73 және №74 мектеп директорлары істің мән-жайы анықталғанша қызметтерінен шеттетілді.

Бүгін Шымкентте облыс әкімнің төрағалық етуімен Сарыағаш ауданы Абай ауылындағы оқиғаға қатысты отырыс өтіп жатыр.

Күні кеше бала құқықтары жөніндегі уәкіл, депутат Зағипа Балиева Шымкентке барып, зардап шекті делінген баламен кездесіп қайтты. Ол журналистерге берген сұхбатында баланың жағдайы тұрақты екенін, алайда қауіпсіздігі үшін баланы әзірге ешкіммен кездестірмеу керегін ескерткен еді. Ал баланы жақындарымен бірге Астанаға апаратын болып шешті.

Айта кетейік, «ОҚО-дағы Сарыағаш ауданы Абай ауылының жеті жастағы тұрғыны зорлықтың құрбаны болды» деген хабар БАҚ-тың назарына ілініп, әлеуметтік желілерде қатты талқыланып жатыр.