"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!



БАНКТЕРДІҢ ТОЙЫМСЫЗ ТӘБЕТІНЕ ТЕЖЕУ ҚОЙЫЛДЫ

АСАП ҮЙРЕНГЕН АУЫЗ БҰҒАН ЕНДІ НЕ ДЕР ЕКЕН?

Жылдар бойы қарапайым халықтың қалтасын қағып, жұртты жоғары үстеме пайызбен зар жылатып келген біздің банктердің тойымсыздығы туралы «Қазақ үні» газеті аз жазған жоқ. Баспаналы болу үшін несие алып, санаға сиымсыз жоғары пайыздық мөлшерлемені төлеуге мүмкіншілігі болмаған қаншама адамдар алған пәтерлерінен айырылып, өз-өзіне қол жұмсауға дейін барған күндерді де көрдік. Қарыздарды күштеп қайтаратын, керек болса есігіңді бұзып кіріп, үйіңнен тепкілеп қуып шығатын «коллектор» деген құбыжықтан кірерге тесік таппай қалғандар халық қалаулыларынан қорған іздеді. Тіпті Елбасының атына жүздеген хат жазып, сауға сұрауға дейін барды. Енді міне мемлекет басшысы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін жария еткен соң несие қамыты мойнын қажап қансыраған қарапайым халық еркін бір тыныстауға сәл де болса мүмкіндік алды…

Осының алдында ғана Үкі­мет­тің кеңейтілген отырысында Елбасы біздегі банктердің жұмысына біраз сын айтқанын білеміз. Сол әсер етті ме, жұрттың жанайқайын естіп, жанашырлық сыңай танытқысы келді ме, бас банкир Данияр Ақышев онлайн-конференция өткізіп, салымшылары мен алымшыларына бірнеше кеңес беріп, ақшаны өзгелерге қарағанда дұрыс санай білетінін байқатты. Онысына да рақымет, көпшіліктің көптен бері көкейінде жүрген бірқатар сұрақтарға жауап берді. Банк қызметіне қатысты қаржы қыспағын көрген тұрғындар сұрақты қарша боратты деуге болады. Он күн ішінде үш жүзден астам сауал түскен екен. Берілген үш сағат уақытта жүздеген сұрақтың бәріне толықтай жауап қайтарып үлгермесі белгілі. Дегенмен халықты толғандырған басты-басты мәселелерге қатысты түсінік беруге тырысты бас банкир.
Тұтынушылардан ең көп арыз-шағым түсетін мекемелердің көшін Ұлттық банк бастап келе жатқаны бұрыннан белгілі. Негізгі мәселе алымшылар мен салымшыларға тікелей қызмет көрсететін екінші деңгейлі банктерге байланысты болып отыр. Елімізде 5,1 миллионнан астам адам несие алған. Орта есеппен әрбір үшінші адам деуге болады. Оның 1 миллион 102 мыңы қарызын төлеуге дәрменсіз. 837 мың несие алушының ісі қарыз өндіру үшін коллекторлық агенттіктерге берілген екен. Жиі жарияланып тұратын мәліметке сәйкес қайтарымсыз қалған қарыз несиелер көлемі триллион теңгеге таянғанға ұқсайды. Бұл нақты дерек болмаса да осы санның өзі аздық етпес. Ал шетелдерге қанша қарыз болғанымыз – өз алдына жеке жыр, ол туралы сөз қозғаудың өзі қорқынышты.
Біздің қаржы саласының соңғы ширек ғасырлық тарихына үңілсеңіз түңіліп кетесіз. Несиелерді жаппай оңды-солды тарата бастаған сонау 2000 жылдан бастап есептеген күннің өзінде тұрғындарымыздың мойнына триллиондаған теңгенің қаржы қамыты киілгені анық. Миллиардтаған қаржы жемқорлар мен тойымсыздардың қалтасында кетті. Демек, құйтырқы әдіспен біреулер есепсіз байыса, есесіне қарапайым халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы әлсіреді деген сөз. Басында тездетіп несие алу үшін банк қызметкерлеріне алатын соманың «шапкісін» шешіп беретін үрдіс болғаны да шындық. Сол кездерде біздің елімізде банкирлерден «беделді» адам жоқ болатын. Жұрттың бәрі ұл-қыздарын қаржыгерлік оқуға беруге ұмтылды. Сол үшін несие алғандар да болды. Нәтижесінде елімізде экономистер мен қаржыгерлер қаптап кетті. Ақырында солардың көбі жұмыссыз қалды. Қор болған ата-аналардың ақшасы-ай!
Ешбір елде жоқ жоғары пайыздық мөлшерлеме жұртты әбден титықтатып жіберді. Оған банктің «түрлі қызметі» мен айыппұлды қосқанда алған ақшасын екі есе етіп қайтаруға мәжбүр болды. Бұл туралы Мәжіліс депутаттары да дабыл қаққан-ды. Содан барып қарыз қақпаны қарапайым халықты қыса түсті. Оны төлей алмағандардың баспанасын сот арқылы тартып алу басталды. Оны орындаушы коллекторлар күш көрсетіп жұрттың зәресін алғаны осы күнге дейін есімізде. Кейбіреулер бұл қорлыққа шыдай алмай өздеріне қол жұмсауға дейін барды. Осы коллекторлар туралы заң жобасын Мәжілістің қарауына ұсынғанда депутаттар түгелге жуық қарсы шыққаны белгілі. Әсіресе қайтарылған қаржының жартысы коллекторларға берілетінін естігенде халық қалаулыларының төбе шашы тік тұрған-ды. «Ол қаржыны қайдағы бір коллекторларға бергенше халықтың қарызын кешіре салмаймыз ба?» деген заңды сұрақ қойғаны бар депутаттардың. Расында, қарызын кешірсек те ол өз адамдарымыз ғой. Ал банк болса сол алымшылардың арқасында күн көріп отырып, оларға күш көрсетіп, сол үшін «рэкет» жалдағандай біреулердің қалтасына ақша салмақ болды. Сырттай қараған адамға банк жауларында кеткен кегін еселеп қайтарып жатқанға қатты ұқсайды. «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заң жобасын таныстыруға Мәжіліске әкелген Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев сол жолы оңбай сынға ұшыраған-ды. Міне біздегі банктердің халыққа көрсеткен «қызыметі» осындай. Бұл халыққа қызмет емес, халықты аяусыз тонаған тойымсыздық демеске амалымыз жоқ. Оның да себебін түсіндіре кетелік.
Ол үшін әлемдегі өзге елдердің банк қызметіне бір сәт көз жүгіртуге тура келеді. Мысалы, ипотекалық несиенің жылдық пайыздық мөлшерлемесі Жапонияда – 1,68, Швейцарияда – 1,75, Финляндияда – 1,83, Германияда – 1,90, Люксембургте – 2,00 пайыз көлемінде екен. Байлы-бақуатты, төлеу мүмкіншілігі жоғары халқы бар елдердің өзі біздегідей «жетістікке» жете алмағанын көреміз. Ал, Қазақстан халқы миллионерлерге ұқсап, 20-30 пайызбен, айыппұлды қосқанда ақшаны екі есе қайтаруға тиісті. Тіпті дәулетімен мақтана алмайтын Кипр, Хорватия сияқты ергежейлі елдердің өзінде банктік мөлшерлеме 4-5 пайыздан аспайды. Біздің шаңымызға ілесе алатын ел – Украина ғана екен. Оларда несие 20 пайызбен беріледі. Осының бәрі елдің экономикасына тікелей байланысты деген уәж айтады біздің бір білгір экономистер мен қаржыгерлер. Рас, қаржы ел экономикасына тікелей тәуелді, екеуі тығыз байланысты, оған ешкімнің дауы жоқ. Сонда біз өзімізді Украинамен салыстыруымыз керек пе? Табиғи қазба байлығы жоқтың қасы, саяси тұрақтылықты түпкілікті жоғалтқан, көшесінде күнде ереуіл өтетін Украинамен өзімізді салыстыру – қай жағынан алып қарасақ та көрсоқырлық дер едік. Біз дамыған 50 елдің ішінде жүрген, әлемге танымал мемлекетпіз. Жердің пайдалы қазба байлығымыз бойынша кем дегенде әлемдегі ең мықты 20 мемлекеттің қатарындамыз. Құдайға шүкір, саяси тұрақтылық пен ұлтаралық татулық жағынан да өзгелерге үлгі көрсетіп, кеудесін соғатын мықты елдердің өзіне сабақ беріп келеміз. Оған бүкіл дүниежүзі куә. Олай болса біздің банктер неге бұғаусыз кеткен? Бұған да жауап іздеуге тура келеді.
Жауап біреу ғана – тағы да сол тойымсыздық. Басында өзара адал бәсеке болады, соның нәтижесінде лайықты қызмет көрсетіліп, пайыздық мөлшерлеме төмендейді деген желеумен отыздан аса банкті бірінен соң бірін ашып тастадық. Өкінішке орай, мөлшерлеме төмендеген жоқ, керісінше көтеріліп сала берді. Долы доллар бағамы еркіне жіберілген соң оны тоқтату ешкімнің қолынан келмей қалды. Шынын айтсақ мөлшерлемені түсірем деген ниет те болған жоқ. Өйткені сол банктердің негізгі иелері билік басындағы не соның қасындағы адамдар. Олар жеп отырған нанын біреуге бере салады дегенге сену қиын. Сондықтан бұл жерде Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевті бассалып кінәлау да артықтау. Бас банкир биліктің айтқанын орындайтын бар-жоғы қуыршақ қана. Оның өзі екі өрттің ортасында қалып отыр. Әйтпесе соңғы онлайн-конференцияда халыққа құнды кеңес беремін деп өз сөзіне өзі қарсы шығар ма еді. Естеріңізге сала кетейік, Данияр Ақышев «Дегенмен зейнеткерлерге бірнеше кеңес бергім келеді. Біріншісі – ақшаны үйде емес, банкте сақтаған жөн. Бұл ақшаның түгел тұруын қамтамасыз етеді. Бұған қоса, қазіргі уақытта мемлекет он миллион теңгеге дейін депозитке кепіл береді. Екіншісі, Ұлттық банк лицензия бермеген компанияларға сенбеу керек. Үшіншіден, ақшаны бөтен адамдарға сеніп тапсырмаңыздар. Төртіншіден, несие алмаңыздар» деп ақыл айтқан-ды.
Біз де саусақпен санап берейік. Біріншіден, банкке салатын ақшаны зейнеткерлер қайдан алады? Тамағы мен коммуналдық төлемнен артылмайтын, дәрі-дәрмегіне үнемі жетпей жататын зейнетақыны қай зейнеткер депозитке салмақшы. Екіншіден, бөтен адамға ақша беретіндей біздің тұрғындарымыз соншалықты байып кеткен жоқ, есінен де ауысқан жоқ. Үшіншіден, лицензиясыз жұмыс істеуге бізде рұқсат бар ма? Ол қай заңда жазылған? Лицензиясыз бізде шағын кәсіпкерлікпен де айналыса алмайсыз. Сонда бізде миллиардтаған қаржы айналымын жүргізетін заңсыз банктердің бар болғаны ғой. Оған Үкімет неге көз жұмып қарайды? Оны қадағалайтын Ұлттық банк басшысының бұл сөзі нені аңғартады? Төртіншіден, банкирдің біздің банктерден несие алмаңдар деуін бірінші рет естіп отырмыз. Алым, салым пайызымен күн көріп отырып, өзін-өзі қаржыдан қағу барлық банкирдің қолынан келе бермейтінін осы жерде лайықты түрде ерлік ретінде атап өткеніміз жөн. Рас, Ақышевтің осы жерде халыққа жаны ашығандығы анық көрініп тұр, тұрғындарды сақтандырғысы келген. Ал, мөлшерлемені төмен түсіру оның қолынан келмейді. Сондықтан бұл жерде ойындағы бар шындығын ашып тастағанын көруге болады.
Айтпақшы, мөлшерлемені төмен түсіру бас банкирдің қолынан келеді, бірақ көп емес. Жақында, 5 наурызда «ҚР Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 9,75-тен 9,5 пайызға дейін төмендету туралы шешім қабылдады» деген «ҚазАқпарат» хабарын ұмытып барады екенбіз. Бұл кез-келген төмендетуге байланысты айтылған жалпылама дәлел. Бас банкир жасқанып, жалтақтап жүргенде Елбасы банктік мөлшерлемені жеті пайызға бір-ақ түсіріп берді. Бұл шешім бүкіл халықтың қолдауын тапты десек қателеспейтін шығармыз.
Мемлекет басшысының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі жария етілісімен қызу талқыланып, жұрт ризашылығын білдіруде. Оны редакцияға хабарласқан оқырмандарымыз да айтып жатыр. Әрине, жылдар бойы банк­терге жем болып келген жұрттың қуанышын түсінуге болады. Бірақ сонымен бірге кейбір күдіктерін де білдіріп жатқандар бар. Онысы «Бізде халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған қаншама құнды бағдарламалар қабылданып жатады. Соның бірқатары орындалмайды. Елбасының бұл жолғы үндеуін төмендегі орындаушылар тағы да аяқасты етіп жүрмей ме?» дегенге саяды. Енді қаржы қайраткерлерінің құлағына «алтын сырға» болсын деп оқырмандарымыздың сол сұрақтарын рет-ретімен айтып берейік.
1. Бізде ақша аударуға 1 пайыз ұсталады, кейбір елдердің жылдық пайыздық мөлшерлемесімен бірдей. Бұл жұмыс бәрі электронды түрде атқарылатыны белгілі. Осы қызмет құны қашан төмендетіледі?
2. Бұрын Елбасының үндеуіне дейін несие алғандар алдағы уақытта 7 пайызға көшіріле ме?
3.Несие бергенде «ішкі қызмет» деген сияқты артық ақша жинайтын амалдары көбейіп кетпей ме? Олардың еркіне жіберсек банкке кіргенің мен шыққаның үшін де ақша алудан тайынбайды. Коммерциялық құпия деп ішкі ісіне ешкімді жуытпай, білгендерін істейді. Банктің осы бағыттағы жұмысын кім бақылауға тиісті?
4. Банктер арасында ашық, адал бәсеке бола ма? Бізде отыздан аса банктер бар екен. Олардан қандай пайда? Мөлшерлемені өз еркімен түсіріп, халыққа адал қызмет ететін банктер бізде жоқ. Бәрі де өз клиенттерін аш қасқырша талауға дайын тұрады. Сондықтан осы пайдасыз банктердің санын қысқартып, жұмыс сапасын арттыру керек. Үнемі сынға ұшырап жатқан қаржы саласында қашан тәртіп орнайды?
Ия, біз жылдар бойы жазып келген банктердің тойымсыз тәбетіне тежеу табылған секілді. Бұл жолы да Елбасының араласуымен іске асты. Оған да шүкіршілік дейміз. Бірте-бірте өзге елдердегідей пайыздық мөлшерлеме тағы да төмендейтін шығар деп үміттенеді көпшілік. Енді осы Елбасының үндеуінде айтылған тапсырмалар нақты іске асырылса болғаны. Тойымсыз тәбетті бірден тежеу де оңай емес. Асап үйренген ауыз бұған не дер екен? Бұл сұраққа жауап беру әлі ертерек секілді…

Зейнолла АБАЖАН

qazaquni.kz




Осыған ұқсас:

  1. Ұлттық банк теңге құлдырайды деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді
  2. САҚТАНДЫРУ ШАРАЛАРЫН ЖЕТІЛДІРУ КЕРЕК
  3. ВАЛЮТАЛЫҚ ИПОТЕКАЛЫҚ НЕСИЕЛЕРДІ ҚАЙТА ҚАРЖЫЛАНДЫРУ – ДҰРЫС ШЕШІМ
  4. Ұлттық банк төрағасы ұлты орыс депутаттың қазақша сауалына дұрыс жауап бере алмады (ВИДЕО)
  5. 500 теңгелiк банкноттағы «Москва» бизнес орталығының еш символдық мәнi жоқ – депутат
  6. ҚАРЖЫ САЛАСЫ «СОЗЫЛМАЛЫ СЫРҚАТЫНАН» АЙЫҒА АЛА МА?


26 пікір жазылған

Пікір жазу
  1. Белгісіз 10 Наурыз, 2018, 12:18

    НЕМЕНЕГЕ ЕЛБАСЫ ДЕП ҚАҚСАЙ БЕРЕСІҢДЕР, ҚАНШАМА ХАЛЫҚ ТОНАЛҒАНДА ЕЛБАСЫ ҚАЙДА БОЛҒАН, ОЛ БАНКТЕР КІМДІКІ ЕКЕНІ ДЕ БЕЛГІЛІ ҒОЙ, СОНДЫҚТАН ҰРАНДАТЫП, АЛАУЛАТЫП, ЖАЛАУЛАТЫП ТАБЫНУДЫ ДОҒАРЫҢДАРШЫ, ЖЕРКЕНІШТІ. БҰЛ ҒАСЫРДА ЖАҒЫМПАЗДЫҚ ДЕРТІНЕН ҚҰТЫЛА АЛМАЙДЫ ШЫҒАРМЫЗ . ӘҢГІМЕЛЕРІҢЕ ЕЛБАСЫН ҚОСПАСАҢДАР СӨЗДЕРІҢ КЕЛІСТІ ДЕ, ЖАҒЫМДЫ БОЛМАЙДЫ ДЕП ОЙЛАЙСЫҢДАР МА? ӘЙТЕУІР, ПРЕЗИДЕНТТІҢ ЕСІМІН КӨРІНГЕН ЖЕРГЕ ТЫҚҚЫШТАУ ӘДЕТКЕ ЕМЕС, АУРУҒА АЙНАЛЫП БАРА ЖАТЫР.

  2. Белгісіз 10 Наурыз, 2018, 16:02

    Елбасын тықпалау әдетке айналды. Дегенмен жұрттың көкейіндегі біраз мәселені көтеріпті. Банктер әлі де халықты алдауға тырысатыны белгілі. Түрлі желеу тауып жеті пайызды 17 жеткізіп алуы мүмкін. Сондықтан бұларға қатаң бақылау керек. Редакция ос мәселені есте ұстағаны дұрыс.

  3. Белгісіз 10 Наурыз, 2018, 16:05

    Шетелшіл болсақ, қит етсе соларды алға тартады екенбіз. Олай болса банктік пайызды неге шетелдер сияқты 1-2 пайызға түсірмейміз?

  4. Белгісіз 10 Наурыз, 2018, 16:12

    Ақшаны аударуда тым көп комиссия алатыны рас. Бір пайыз өте көп. Олардың қол ұшы тиіп кетсе – ақша. Ұят деген жоқ қаржыгерлерде.

  5. 10 Наурыз, 2018, 16:14

    Банктер биліктегілердікі болған соң Ақышев ештеңе істей алмайды деген автордың пікіріне қосыламын. Банк иелері онсыз да бай емес пе? Тойымсыздық деген осы.

  6. Белгісіз 10 Наурыз, 2018, 16:24

    Менің несием бар әлі де пәтер үшін 9 жыл төлеуім керек. Алдағы жылдарғы төлемді 7 пайызға көшірсе дұрыс болар еді.

  7. 10 Наурыз, 2018, 16:28

    Ия, ақымақты тапқан екенсіз! Олар оған өлсе де бармайды. Несиеде отырғандардың бәріне жеңілдік жасаса олар ісініп өліп кетеді

  8. 10 Наурыз, 2018, 19:04

    Барлық банктерді жауып, біреуін ғана қалтырып, бақылауда ұстау керек. Сонда тәртіп болады. Ол еріккенің ермегі емес. Ақшасы көптердің бәрі банк аша берсе не болады. Тоқтату керк халықты тонауды.

  9. Белгісіз 10 Наурыз, 2018, 21:44

    Біздің өкімет, үкімет және жеке өзі президент 27 жыл ішінде мыңдаған қаулы қабылдады, ал оның орындалуын қадағалау сөз жүзінде ғана. Ал Парламент өзі шығарған заңның, бекіткен қаулының қайда кеткенін тіпті білмейтін де сияқты, себебі ол жайында ауыз ашқанын естіген жоқпын.Талай жоба, жолдау, үндеу болды, оқысаң – жап-жақсы, ал іс жүзінде – көбі бос сөз. Азық-түліктің, киім-кешектің, дүние-мүліктің, коммуналдық қызметтің арзандағанын, төмендетілгенін көрдіңдер ме? Көріп келе жатқанымыз – тек қымбатшылық емес пе? Кәне, осыны бекерге шығара алатын қайсың барсың? Президет бір «жаңалық» айтса болды, жата қалып мақтаймыз, онымыз халыққа пайдалы ма?.. Банк дейсіңдер, халықты тонаудың көкесін көрсетушілер солар ғой? Қарапайым ғана бір мысал: мен банкке он мың теңге салдым дейін, ал банк одан маған жылына 10 пайыз өсім беруге шарт жасайды, одан артыққа келіспейді. Яғни банк жыл сайын менің ақшамның 90 пайызының өсімін алып отырады. Солай ғой? Ал бұл тонау емес пе? Ақышевқа ол туралы сұрақ қойылмаған ба, әлде бас банкир жасыра салған ба? Зейнолла Абажан мырза, ретін келтіре алсаң, салымшыға жасалып отырған осы зорлық-қорлықтың дерегін келтіре мақала жасып байқағайсың!

  10. 10 Наурыз, 2018, 21:50

    Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық банктерді жайлап алған. Банк иелері жоғарыда отырып алып ауадан ақша жасап, халықты сорлатып отыр. Құдай-ау, бұларға тоқтау бола ма?..

  11. Белгісіз 10 Наурыз, 2018, 21:54

    Алдымен жеті процентке түсірілгеніне шүкіршілік деу керек. Енді оны одан әрі төмендетумен айналысып талап еткеніміз жөн. Шетелден біздің қай жеріміз кем, Әлде біз тым байып кеттік пе? Байыса сол халықты қанағандар байыды. Қарапайым жұрт жыртығын жамай алмай жүр.

  12. 10 Наурыз, 2018, 22:11

    Капиталистік системадан әділдік күту ақымақтық. Осы системаны ауыстыру керек.Бұл строй байлардың заманы. Кедейлер өлместік күн көреді.

    • Белгісіз 11 Наурыз, 2018, 18:12

      Дұрыс айтасыз. Барлық Қазақ байлығын 100 шақты адам бөліп алған. Бұндай жүйе біздің мемлекетке тек зиян келтіреді.

  13. Белгісіз 10 Наурыз, 2018, 22:56

    осы жағымпаз мақұлықтардан құтылатын күн болады ма. ел басың ұрының нағыз акуласы елің дамымай жатса оның қыз күйеуі 2,2млрд долларға байып шыға келді. ал өзінің ұрлығында сан жоқ сонда да елден кеткеніне он жыл болған аблязов ұры 26-жыл жеп отырған ұры кінәсіз нағыз сандырақ нағыз ұры нан.

    • 11 Наурыз, 2018, 14:16

      бәріне бір Мұқтар кінәлі дегенге балабақшаның баласы ғана сенер.
      тормоз жоқ,тежегіш жоқ,өзім би,өзім қожа,ешкімде қарсы сөз айта алмайдыға саяды ғой.Мұқтар болмағанда,басқа біреуге аудара салатын еді де.

    • Белгісіз 11 Наурыз, 2018, 18:22

      Билікті ұрыса беруден пайда жоқ, бұл әнгімені барлығымыз білеміз. Біз халық көпшілікпіз, өзіміз бірігуіміз керек. Өзіміздін арамыздан нағыз Ел, Жер үшін жан беретін білімді де, білікті азаматтарды шығаруымыз керек. Ал қазіргі билікте отырғандардан үміт жоқ.

  14. Белгісіз 10 Наурыз, 2018, 23:35

    БАНКТЕРДІҢ ТОЙЫМСЫЗ ТӘБЕТІНЕ ТЕЖЕУ ҚОЙЫЛДЫ ДЕГЕНДЕРІҢДІ ҚАЛАЙ ТҮСІНУГЕ БОЛАДЫ, ОСЫМЕН НЕ АЙТҚЫЛАРЫҢ КЕЛДІ, ХАЛЫҚТЫҢ БАЙЛЫҒЫНАН ШІРІП БАЙ БОЛҒАНДАР ТАЛАЙ ЖЫЛ ХАЛЫҚТЫ ҚҰЛАҚТАН ТЕПКЕН БИЛІКТІҢ КЕЗЕКТІ ЕРТЕГІСІН АЙТЫП, КІМНІҢ СОЙЫЛЫН СОЙЫП ОТЫРСЫҢДАР. ҚАЗАҚ ҮНІ, ҚАЗАҚ ЕЛІНДЕГІ БАНКТАРДЫҢ ИЕЛЕРІН БІЛМЕЙСІЗДЕР МЕ, ХАЛЫҚТЫ ТОНАҒАН ТОЙЫМСЫЗДАРДЫ ДА БІЛМЕЙСІЗДЕР МЕ, СЕНДЕР ДЕ ТАБЫНУШЫЛЫҚ ПЕН ЖАҒЫМПАЗДАНУДАН АРЫЛА АЛМАҒАНДАРЫҢ ӨТЕ ӨКІНІШТІ. ҚАЗАҚ ҮНІ, КӨЗДЕРІҢДІ АШЫҢДАР, ӨЗДЕРІ- ӨЗДЕРІНЕ ТЕЖЕУ ҚОЙДЫҚ ДЕГЕН ТОЙЫМСЫЗДАРДЫ КӨРІП, БІЛІП ОТЫРЫП, БІЛМЕГЕН СИЯҚТЫ ТҮРЛЕРІҢ АЯНЫШТЫ.

  15. Белгісіз 11 Наурыз, 2018, 13:07

    Қазақстандағы 36 банктердің санын қысқартып, тек Назарбаевтардың банктері ғана қалсын! Өткен жолы президент айтқан жоқ па? банктерді қысқарту керек деп.

  16. Белгісіз 11 Наурыз, 2018, 14:57

    Ботагөз өткір пікір айтып жүргенің орынды. Жылдар бойы несиені екі есеп төлеп келген адамдарға 20 дан 7 пайызға түскені көп жеңілдік, оны да ұмытпау керек. Енді одан да төмен түсіру үшін күресу керек. Ол үшін «Қазақ үні» газетін жазғырудың қажеті жоқ. Бұл басылым осы тақырыпта тұрақты жазып келгенін ұмытуға болмас. Керісінше қолдау көрсетуіміз қажет. Газеттің қолында билік болса әңгіме басқаша болар ма еді. Бәріміз күшті біріктіруімізкерек. Сонда нәтиже болады. Онсыз банктер халықты тонауды тоқтатпайды.

  17. Белгісіз 11 Наурыз, 2018, 15:09

    ЖАЗИРА, ЕЛІМІЗ, ЖЕРІМІЗ, ХАЛҚЫМЫЗ, БӘРІ-БӘРІ ТОНАЛДЫ, БҮГІНГІ БИЛІКТІҢ ҚОЛ САЛМАҒАН ЖЕРІ ЖОҚ. ӨЗІМДІ ӨЗІМ КЕЙ КЕЗДЕ СОНШАМА ЖЕК КӨРЕМІН, СЕБЕБІ КЕЗІНДЕ ОСЫНЫ КӨРІП, БІЛІП ОТЫРЫП, ҰРЫЛАР, ТОҚТАҢДАР, ДОҒАРЫҢДАР ДЕП АЙТА АЛМАДЫМ. АЛ ЕНДІ НЕ БОЛДЫҚ, ЖУАСПЫЗ, МОМЫНБЫЗ ДЕГЕНІМІЗ ТҮБІМІЗГЕ ЖЕТТІ.

    • 11 Наурыз, 2018, 15:36

      өтіріктің бел ортасында жүрген қол сүйетіндер,бас иетіндер ақырғы сапарға қайқаң етіп, көзі алайып төңкеріліп түскенде,кешір:- көрдім,білдім,жедім,алда-дым,тонадым,тосқауыл бола алмадым,мойынымда қарыз,парыз кетіп барады,кеш мені,мен үшін қарызын өтеймін дейтін кімің бар-ау, деуге де тілін келтірмей серең еткізеді ғой.сол кез,сол шақ таяу қалғанда ойланама екен өздері.

  18. Белгісіз 11 Наурыз, 2018, 18:36

    Мына өмірдегі әділетсіздік атаулы адамды іштей мүжіп жейді екен. Ботагөз, мен өзің сияқты соған зығырданым қайнап, тісімді шықырлатамын. Балалардың ертеңгі өмірі не болар екен деген ой қинайды. Құдайға тапсырдым, көп асқанға – бір тосқан болары анық….

  19. Белгісіз 11 Наурыз, 2018, 20:45

    «Шынын айтсақ мөлшерлемені түсірем деген ниет те болған жоқ. Өйткені сол банктердің негізгі иелері билік басындағы не соның қасындағы адамдар». Автор осы жерде турасын айтып отыр. Билік өзінше бөлек әлемде өмір сүріп отыр. Ал, сол «мықтылар» халықсыз өмір сүре алмасын неге ойламайды. Халық болмаса қоңыз теріп кетер еді.

  20. 12 Наурыз, 2018, 09:37

    халықтың пікірін қыстырып жатқан шенеуніктерді көрмедік, көздеріне шел біткен олардың.

Пікір жазу үшін тіркеліңіз немесе кіріңіз.