"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!



Мектеп оқушылары аналарға құрмет көрсетті

 

Алматыдағы физика-математика бағытында білім беретін 178 лицейдің 5 «қ» сынып оқушыларының ұйымдастыруымен «Ана – өмірдің гүлі» атты ашық тәрбие сағаты өтті. Сынып жетекшісі Эльмира Рапилованың ұйымдастыруымен өткен іс-шараға мектеп директоры Қайратбек Шадиев бастаған ұстаздар қауымы мен оқушылардың аналары арнайы шақырылды.

Сыныптың өнерлі оқушысы Жексенбай Маржанның тамылжыта салған «Ана» әні көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады. Анаға деген баланың шынайы махаббатын жеткізген осынау әсем әннің орындалуы кезінде әрбір баланың өз анасымен түскен фотосуреттерінен әзірленген слайд-шоу көрсетіліп, кеш шырайын одан әрі кіргізе түсті. Ашық сабақ аясында оқушылар «Мен анамды қаншалықты білемін?» атты тақырыпта жүргізілген сауалнамаға қатысып, әрқайсысы өз аналары туралы толығырақ мағлұматты бейнеролик арқылы жеткізуге тырысты.

Жиын барысында сөз алған мектеп басшысы Қайратбек Хамзаханұлы:

– Аналар мерекесін әрбір жан асыға күтетіні сөзсіз. Өйткені тіршіліктің тұтқасы болған абзал аналарды қуантуға бәріміз де асығамыз. Жүзінен мейірім төгілген аяулы аналардың мейрамы жер дүние жаңарып, күн нұрын шашқан наурыз айымен тұспа-тұс келуінде де бір үйлесімділік жатқандай. Бізге күш-қуат беретін, жүрегі ауырып жатса да, бала деп көңілі алаң болатын аналарымыз мәңгі жасасын. Құрметті аналар және біздің сұлу да сүйкімді қыздар мерекелеріңіз құтты болсын! Қашан да көктемнің шуақты күндеріндей құлпырып жүре беріңіздер! –деп өзінің жылы лебізін білдірді.

 

Сондай-ақ, Дамир Сахарханов орындаған «Қырманға кел» әні, аудандық жас ақындар байқауының 3 орын иегері Айдана Қойекеева, Халықаралық байқаулардың жеңімпазы Жанбота Мұхановалардың оқыған жалынды жырлары көптшілікті бір серпілтіп тастады. Сонымен қатар, арулар мерекесіне арнайы 5 «қ» сыныбы жігіттерінің орындаған «Сұлу қыз» әні мен Әнуар Жамановтың күмбірлете шерткен «Келіншек» күйі де жиылғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Шара барысында Әмина Жарылқасын бастаған сыныптың шығармашылыққа бейім оқушылары өз аналарына арнау оқығанда тебіренбеген жан қалмады.

Салтанатты кеште сыныптың белсенді оқушылары Айбек Мұшқал мен Әмина Жарылқасын 8-наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне орай аналар үшін арнайы әзірленген сыныптың сый қорабын ортаға алып шықты. Қорап ішіне салынған мерекелік тәтті мен әр баланың өз анасына деген ақ тілегі жазылған қағазды әрқайсысы өз аналарына барып табыстады.

Көркемділігімен көз тартқан «Ана – өмірдің гүлі» атты сынып оқушыларының әзірлеген қабырға газеті де олардың жан-жақты екендігін айқындап тұрғандай. Оқушылардың физика-математика бағытында тереңдетіп білім алатындықтарына қарамастан қазақ тілі мен әдебиетіне деген ерекше ықыласын байқап, қуанып қалдық. Осы бағытта қол жеткізген жетістіктері де осы сөзіміздің дәлелі болса керек-ті. Бұл өз кезегінде дарынды балалардың ананың сүтімен бойларына дарыған ана тіліне деген шексіз құрметі екені сөзсіз.

Шара соңында «Ана туралы жырды» хормен шырқаған оқушылар бас иіп, аналарға құрмет көрсетті.

Ата-аналар атынан Жәннәт Мырза мен Анар Медеуова сөз алып, талапты балалардың биіктен көрінуіне тілектестік білдірді. Мерекелік шараға қатысқан ұстаздар қауымы: «Анасын ардақтаған ел азбайды» демекші, Эльмира Рапилованың бастамасымен өткізілген бүгінгі сынып сағатынан аналарға деген айрықша құрметті сезіндік. Баланың жүрегінен орын тауып, ата-аналардың көзіне жас алғызу үшін ерен еңбек қажет. Сіз осы бағытта еселі еңбек етіп, өзіңіздің жаңашыл, ізенімпаз әрі еңбекқор ұстаз екеніңізді тағы да бір дәлелдедіңіз. Көктемдей құлпырып, шәкірттеріңіздің шамшырағын жағып, аман-сау жүре беріңіз», – деп әріптестері өздерінің шынайы тілектестігін білдірді.

5 «қ» сынып оқушылары Айдын Шаңлақпаев пен Мариям Жазылбековалар тізгінін ұстаған «Ана – өмірдің гүлі» атты бұл шара Анаға деген құрметті одан әрі еселей түсуге үндеді. Осынысымен де көптің көкейінде ұзақ сақталары сөзсіз.

«Егемен елдің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақ» десек, осындай білімді, дарынды, талапты жасөспірімдердің өнеріне куә бола отырып, ел ертеңінің бұдан да жарқын болатынына көз жеткіздік.

Жәннәт МЫРЗА, ата-аналар атынан сөз сөйледі:

БАЛАЛАР – БІЗДІҢ БАҚЫТЫМЫЗ

Бала біздің – болашағымыз. Біз олардың әрбір қадамын қолдай отырып, жеткен жетістіктеріне жан жүрегімізбен қуанамыз. Олар қандай да бір биікті бағындырса, біз үшін үлкен қуаныш. Сондықтан да, көзіміздің нұры болған балапандарымыздың дендері сау, шығар шыңдары биік болсын. Біздің балапандарымыздың білімді де алғыр болып өсуіне тікелей ықпал етіп отырған ұлағатты ұстаздар қауымына зор алғыс білдіреміз.

 

Эльмира РАПИЛОВА, сынып жетекшісі:

ОҚУШЫЛАРЫМЫЗ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ

Бүгінгі оқушылар заман талабына сай жан-жақты болуға тиісті. Біздің сыныптың оқушылары да осы талаптың үдесінен шығуға талаптанып келеді. Әрқайсысы жеке тұлға ретінде өз ой-пікірлерін ашық білдіріп, әрбір тапсырманы ерекше ыждахаттылықпен орындайды. Мәселен бүгінгі шара барысында өздеріңіздің назарларыңызға ұсынылған жырлар, эссе, арнаулар барлығы да балалардың өздерінің ізденістерінің жемісі. Мерекелік шараға арнайы әзірленген қабырға газетін де балалар үш топқа бөліне отырып, өздері әзірлеп шықты. Біз берген бағыт-бағдар бойынша оқушылар бәсекеге қабілетті бола білсе, онда біздің мақсатымыздың орындалған деп білемін.

Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

qazaquni.kz




Осыған ұқсас:

  1. АХМЕТ ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІ 77 ОҚУШЫҒА ГРАНТ ҮЛЕСТІРДІ
  2. БАЛАЛАРДЫҢ БІЛІМІН АРТТЫРҒАН СЕМИНАР САБАҒЫ
  3. Қарағандыда жас журналистер сынға түсті
  4. «ӨРЛЕУ» АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДА «ҰСТАЗДАР ҮЙІН» АШТЫ
  5. Назарбаев зияткерлік мектептері: келешек көкжиегі
  6. Мектеп оқушысы ұлттық байқауда топ жарды


Пікір жазылмаған

Пікір жазу
Әлі ешкім пікір жазған жоқ! Бірінші болып пікір жазыңыз!

Пікір жазу үшін тіркеліңіз немесе кіріңіз.