Астанада Әділет департаментінің шенеуніктері тұтқындалды

Астана қалалық Әділет департаменті басшысының орынбасары Рауан Рамазанов пен басқарма басшысы Еркін Дәулетбаев 22 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікпен қамауға алынды. Бұл туралы Елорда Инфо сайты Әділет министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.

Министрліктің ақпаратына сәйкес, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (МҚСЖҚІА) қызметкерлері Дәулетбаев пен Рамазановты 2018 жылдың 28 ақпаны күні тұтқындады.   Шенеуніктер «атқарушылық өндіріс бойынша арестті алып тастағаны» үшін 22 млн теңге сомасында пара алды деп күдіктелуде. Аталмыш факті бойынша ҚР ҚК-нің 366-бабымен («Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен пара алу») іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Рауан Рамазанов бұған дейін құқыққорғау органдары жүйесінде жұмыс істегені белгілі. 2012-2014 жылдар аралығында Алматының Түрксіб ауданында прокурор орынбасары болды. Кейін МҚСЖҚІА-нің Алматы қаласы бойынша департаментінде қызмет етті. МҚСЖҚІА-нің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары болды. Еркін Дәулетбаев Тараз қалалық Мемлекеттік кірістер департаментінде бөлім басшысы қызметін атқарды.