Талғат Теменов: Құдайдан қорықпаған – финполға жем болады

Планшеттегі пәлен-пәштүген - 3

· Көршінің ұрысқаны – көңіл көтереді. · Халыққа қызмет ету – балаңды тәрбиелеуден басталады. · Қазақта ұйымшылдық психология жоқ. Әйтпесе, бізде де футбол дамитын еді. · Біздер большевиктерден құтылдық, коммунистерден құтылдық, ал Батыраш-Қотыраштардан арылатын емеспіз. Арыла алмайтын да шығармыз... · Билікке барғанның бәрі ақылды болса – Еліміз баяғыда гүлденіп кетер еді. · Бізде ертеңгі елу жылын ойлаған әкім көрсем – көзім шықсын. · Креслоға отырғанның – көңілі көтеріңкі. · Қазақ әдебиеті қандай бай болса, қазіргі әдебиеттің интеллектісі сондай – жүдеу. · Ең оңай нәрсе - адам боп ояну... Ең қиын нәрсе – адам боп жату... · Осы күнде терминдерді қазақшаға аударып жүр. Бұл жақсы. Ал, көп жағдайда осы тәржіма дұрыс емес. Біздің жазушы-журналистер орысша тұрмақ, ағылшын, грек, яғни халықаралық, әлемдік сөздерді аударады. Кейде тіпті күлкің келеді. Мысалы: «артист», сөзін – «әртіс» деп аударыпты. Грекше «арт» сөзі, (өнер, творчество), «ист» – «орындаушы» деген ұғым. Яғни, өнер иесі. Сол өнерді атқарушы деген сөз. Ал, «әртіс» – түсініксіз. Жолдан қосылған – Жолдаяқ. Бізге үйдің ішінен үй тігудің қажеті жоқ. Ұлы өркениеттен шеттемеу керек. Қазақтар да әлемдік өркениеттің, мәдениеттің бір бөлшегі. · Сұлу қызды көргенде – әйелің сұрықсыз болып көрінеді. · Алатаудың қадірін – Астанада білесің... · Алматыда жер сілкінсе – Астаналықтардың зәресі ұшады. · Кәрі биші билесе – есті көрермен еденнің шегесін санайды. · Әкім қашан кетем деп ойлайды, Ақын қашан келем деп ойлайды. · Пәлелі қызға жоласаң - помадасының ізі қалады. · Жақсы молданың үш қасиетіне көңіл аударам... Біліміне, мақамына һәм сақалына... · Халыққа қызмет ету құдайға құлшылық жасағаннан да қиын. · Долы қатын атом бомбасынан да жаман. · Кешегі коммунистердің көбі – бүгінде «Нұр Отанның» мүшесі болған. Ал, бүгінгі коммунистер тек көңіл көтеру үшін... Клоунада... · Құдайдан қорықпаған – финполға жем болады. · Зиратқа барғанда – тәубеңе келесің... · Самолетке отырғанда – уақыт өтпейді. · Американың қарасын көргенде – қазақтың қарасы аппақ болып көрінеді. · Ананың махаббаты шексіз, сәбидің риясыздығы шексіз, адамның ақымақтығы шексіз... · Цифрлы мемлекеттің, нанотехнологияның - адамгершілікке ешқандай қатысы жоқ... · Бір күндік мақсатпен өмір сүрген қоғамда мемлекет құру мүмкін емес... · Оппозиция болу үшін – алдымен ақыл, сонан соң ақша керек. · Легализация капитала начинается с головы. · Шет елде үйі бардың – екі жаны болады. · Алтын тісің болғанша – күміс сақинаң болсын. · Көк аспан - шексіз, көк теңіз - шексіз, көңіл – шексіз... · Бізге Герадоттан Герағаң жақын... · Өмірдегі Батыраштан – өнердегі Қотыраш қауіпті. · Мешіттен шыққанның бәрі – періште емес. · Сақалсыз молда көрсем, Райкомның хатшысы еске түседі. · Спорт та, өнер де – уақытқа тәуелді. Спортта тағдырың секундтармен өлшенеді, ал өнердің бағасын жылдармен білесің... · Әйелін сыйламаған – келінін де сыйламас... · Теледидардан айтылғанның бәрі – шындық емес. · Байдың тойына барғың келмейді. · Ақымақ қатын қырық жасында да қыз болам деп қылымсиды. · Опера театрында жартысы спектакль көру үшін барса, жартысы көйлегін көрсету үшін барады. · Көйлексіз қыз болса да, шалбарсыз қыз болмайды. · Джинсы кигеннің бәрі- жігіт емес. · Шаммен отырғанның бәрі – романтик емес. · Джиптің де желі болады. · Толғақ тез ұмытылады, сайлау тез ұмытылады, жақсылық тез ұмытылады... · Бұрын ақынның жиынына баратын едік, енді әкімнің жиынына баратын болдық. · Бүгінде сөйлегеннен үндемеген тиімді. · Қазы жегеннің бәрі – қазақ емес. · Қадіріңді білмейтін қатын жаман, қамшыласаң жүрмейтін атың жаман. · Жалақы алған – жарымас. · Ақыл айтқанның бәрі- көсем емес. · Әдемі қыздың ақылы – айнада болады. · Әкімнің баласы – әкім болса, таңданбайсың, әкімнің баласы – ақын болса, таңданасың. · Сүйкімді боп келуден - сүйкімді боп кету әлдеқайда қиын... · Атақ, абырой, құрмет – ол қоғамның саған берген қарызы. · Бір нүктеге қарап отырғанның бәрі ойшыл емес... · Пайдасыз қалған тұз жаман, Таңертең келген қыз жаман. · Қазақтың әні мен күйі біткен күні қазақ жер бетінен жойылады. · Ең үлкен ерлік – атақты бола тұра қарапайым болу... · Қатынына қарайлаған еркектен елдің қамын жейтін ер шығады деу- өтірік. · Байынан күндіз-түні қателік іздеген қатын – сорлы. · Бір-біріне сенімсіз адамдар ғана «біз бір-бірімізді сүйеміз» деп жар салады. · Ақымақ қатынға ұры да бір, ұлы да бір. · Махаббат – Алланың адамға берген сыйы. · Таңертең сайрау тек бұлбұлға жарасқан... · Бақаның да өз тілі болады. · Таң атпай біреуді сүю – тек анаға жарасқан...   Талғат ТЕМЕНОВ, Қазақстанның Халық артисі, профессор Қазақ үні