ЕЛБАСЫ  ТІЛ ТӘУЕЛСІЗДІГІН МӘЛІМДЕДІ

Мәңгілік елдің мемлекеттік тілі мәңгілік дауға айналмай, Елбасымыз айтқандай,  «Мәңгілік  елдің мемлекеттік тілі Мәңгілік болуы тиіс!»

    Рухани жаңғыру өз жемісін беріп, жетістігін көрсетіп келеді. Оның жарқын мысалын бүгінгі Елбасының: ПАРЛАМЕНТ пен ҮКІМЕТТІҢ ЖҰМЫСЫ ТЕК МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ ЖҮРГІЗІЛУІ ТИІС!-деп мәлімдеуінен айқын көруге болады. Бұл Елбасымыз елге сауын айтып, жариялаған «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» бағдарламасының  кезекті ғана шара емес, Тәуелсіз мемлекет үшін тағдыршешті бағдарлама екенін іс жүзінде көрсетуде. Ең алдымен әліппеміз 77 жылдық кириллица бұғауынан босап, қазақ тіліндегі латын графикасына көшуге Елбасымыздың  2017 жылы 26 қазандағы жарлығы шықты. Бұны біз Рухани Тәуелсіздік деп жариялап, елді жаңа қазақ әліпбиін қабылдауды жаппай қолдауға  шақырдық Енді міне,  Рухани жаңғырудың кезекті жарқын көрінісі - Елбасымыз: «ПАРЛАМЕНТ пен ҮКІМЕТТІҢ ЖҰМЫСЫ ТЕК МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ ЖҮРГІЗІЛУІ ТИІС!-деп мәлімдеді. Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевты қабылдағанда, қазақ тілін латын қарпіне көшіру мәселесіне тоқталып, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға бағытталған шаралар қабылдаудың маңыздылығын айтты. «Халқымыз үшін латын қарпіне көшу үдерісінің тарихи мәні зор. Сонымен бірге, қазақ тілінің мәртебесін арттыру жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажет. Парламент пен Үкіметтің қызметі тек мемлекеттік тілде жүргізілуге тиіс. Сондай-ақ, бұл мәселе бойынша азаматтардың құқығын шектеуге болмайды. Олар үшін ілеспе аударма жасау мүмкіндігін қарастырған жөн», – деді Қазақстан Президенті. 2015 жылы Елбасы Біріккен Ұлттар Ұйымы  мінберінде Тәуелсіз Қазақ елінің мемлекеттік тілінде сөйлейтін кезінде ілеспе аударылма табылмай, әлемнің бүкіл президенттерін 7 минут күткізіп қойып (қазақ тілі үшін әлемдік ең үлкен жарнама), ақыры Қазақ тілінде сөйлеп шыққаны мәлім. Біз оны Елбасының  мемлекетіміздің  ұлы мерейтойы - Қазақ хандығының  550 жылдығына тартуы деп бағалап, жар салғанымыз бар. Елбасымыздың  «Мәңгілік  елдің тілі Мәңгілік болуы керек» деген сөзі бірте-бірте орындалып келеді. Атқа мініп, алаңға шығуға дайын тұрған ұлтшыл зиялы қауым  да сабасына түсіп, салиқалы да, сарабдал, салмақты саясаттың жемісіне көз жеткізе бастады.  Ел Тәуелсіздігін көрмей қанша ата-бабамыз құрбан болса, Тәуелсіздікке тәу еткенмен, Тіл Тәуелсіздігін көрмей көз жүмғандар қаншама? 2017 жылы 12 сәуірде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың  «БОЛАШАҚҚА БАҒДАР: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» бағдарламасы  жарияланғанда  біз: « РУХАНИ ТӘУЕЛСІЗДІК  БАҒДАРЛАМАСЫ: Ұлтыңды сүюге рұқсат берілген құжат» деп жазып едік...  Жалпы қолдау бола тұра, жазықты болсақ та, жаңылыспаған екенбіз...  Аллаға мың да бір шүкір! Мен бүгін 2010 жылы жазылған «Ел мен Тіл зары» атты жырымның бәрін түгел келтірмей-ақ, бір-ақ шумағын мысал ретінде келтіре кетсем деймін:  Қожайын тілінде құлдарша Орысша сайрасақ – сол қайғы, Ел Азат болғаны шын болса, Тіл неге Азаттық алмайды?…  Ендіі, міне Елбасымыздың мәлімдеуімен,  Тәуелсіз мемлекеттің Тілі де Тәуелсіздік  алды! Ақордадан  басталған  ақсарыбас бастама мен  айқын нұсқауды  әр  ауылға дейін жеткізіп, іске асыру тек  Үкімет пен Парламент бастаған мемлекеттік мекемелер ғана емес,  Көк түріктен көктеген Көк тулы елдің әрбір азаматтары, қалың  еліміздің қайран жұртына  да байланысты екенін ұмытпайық. Мәңгілік елдің мемлекеттік тілі мәңгілік дауға айналмай, Елбасымыз айтқандай,  «Мәңгілік  елдің мемлекеттік тілі Мәңгілік болуы тиіс!» Qazybek  ISA Qazaquni.kz