2018 жылдың үздік кітаптары таңдалды

Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Бір ел - бір кітап» акциясының жиналысы болып өтті, - деп хабарлайды qazaquni.kz.

«Бір ел – бір кітап – 2018» республикалық акциясы бойынша биыл үш кітап таңдап алынды. Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармалары,Немат Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді» және Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітаптары таңдап алынды.

Іс-шараның мақсаты – жастарды патриоттыққа және адамгершілікке тәрбиелеуге, ана тілге мұқият қарауға, оқу мәдениетін қолдау және дамыту мен сауаттылық бағдарламасын арттыруға, рухани мұраны сақтауға және оқуға деген жәрдемдесу болып табылады.

Естеріңізге сала кетейік, 2007 жылы оқу орындарының қызметкерлері мен кітапханашылардың арасында өткізілген сауалнама нәтижелері бойынша оқырмандардың көптеген пікірлері мен ұсыныстарының негізінде Абай Құнанбаевтың «Қара сөздері» таңдалынып алған болатын.

– Қазір Қазақстанда қандай кітап оқылады? Бүгінгі күні қазақ қоғамында рухты көрсететін, жастарымызды ерлік пен батырлыққа, патриотизмге шақыратын, өмірге құштарлықты насихаттайтын кітаптар көбірек оқылу керек деп ойлаймын,– деді кітапхана басшысы Үмітхан Дәуренбекқызы.

Қазіргі уақытта «Бір ел - бір кітап» жобасының идеясы әлемнің көптеген елдерінде кеңінен таралған. Сонымен қатар, бұл акция отандық әдебиетке деген жастардың қызығушылығын арттыруға бағытталған.