Дулат Исабеков. РЕНЖІСЕМ – МЕН РЕНЖУІМ КЕРЕК ЕДІ

Бөлісу:

 

2006 – 2012 жылдар аралығында өткен қыруар оқиғалар жайлы жақ ашпай келген «Қазақ әдебиеті» газеті жайлы талай ренішімді бір де бір рет  білдірген емеспін…

 

 

Ақпан айының 12-де Қазақстан Жазушылар Одағының кезекті пленумында менің сөйлеген сөзім жайлы «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжанов інімнің менің атыма үлкен реніш білдірген хабарламасы әлеуметтік желілерде жарияланып, оған қызу қолдау білдірген және оған қарсы пікірлер жарияланып жатыр екен. Мен ондайларға мән бермеуші едім, бірақ, «Дуке, пленумда не айтып қойып едіңіз? Әлеуметтік желілер шулап жатыр ғой» деп телефон соғушылар көбейген соң, аштырып қарасам, шынында да әр түрлі пікірлер өріп жүр екен. Солардың ең бастысы – «Дулат Исабеков менің шетелдегі жетістіктерім жайлы «Қазақ әдебиеті» жұмған аузын ашпады. Ақсақалдарымыз қартайған ба, неге өтірік айтады?» дей келіп, газет бетінде жарияланған мақалаларды тізіп шығыпты. 2017 жылғы Лондонда менің пьесаларым бойынша өткен театр фестивалі мен «Аққу-Жібек» атты таңдамалы пьесалар жинағымның Лордтар палатасында тұсауы кесіліп, 75 жасқа толған мерейтойымды қоса атап өткен кездегі сөйлеген сөзім жайлы «Қазақ әдебиеті» газеті бірнеше мақала жариялады. Жанарбек інімнің реніші орынды. Оған өкпем жоқ. Менің айтпағым, 2006 жылдан бастап 2012 жыл аралығында Санкт-Петербургтің үш театры менің «Тор», «Өкпек жолаушы» атты пьесаларымды сахналағанда, Омбының, Душанбенің академиялық орыс драма театрлары, Башқұрт және София театрлары кезек-кезегімен «Ескі үйдегі екі кездесу», «Актриса» атты пьесаларымды қойып жатқанда, 2014 жылы Лондонның «Орзу Артс» театры тұңғыш рет қазақ пьесасын сахналап, «Гауһар тас» повесі мен әңгімелерімді жеке кітап етіп шығарып, атақты Кембридж университетінде тұсау кесері өтіп, Ұлыбритания кітапханасында «Д.Исабеков пен Ш.Айтматов шығармаларындағы поэтикалық үндестік» деген конференциясы өткені жайлы біздің елдің қазақ-орыс газеттері басы «Егемен Қазақстан» болып қуанып, тіпті, «Централ Азия Монитор» апталығы «Триумф казахской драматургии» деп жүрек жарды көлдей мақала жариялап жатқанда әдебиет пен мәдениеттің басты жанашыры «Қазақ әдебиеті» газеті жұмған аузын ашпай отырса мұны қалай түсінер едіңіздер? Газеттің сол кездегі бас редакторы Ж.Шаштайұлының осы оқиғалар жайлы материал ұсынған қызметкерді жұмыстан кетесің деп қорқытқанын қолдағыларыңыз келе ме? Қазақстан Жазушылар одағының бір кездегі пленумында Н.Оразалин өзі орнынан кетсе де «Мәңгі төраға» боп қала беретіні жөнінде ұсыныс айтқанына Т.Әбдік те, мен де қарсылық білдіргенмін. Сол қарсылығымды кек сақтап, мен туралы бір де бір хабар бергізбеу жайлы газет басшылығына жасырын нұсқау бергені, ол нұсқауды газет редакторы бұлжытпай орындап келгенін әділдік деп ойлайсыздар ма? Омбыда, Лондонда, Душанбеде, С-Петерборда, Түркияда,  Кореяда, Софияда тарихта тұңғыш рет қазақ пьесасы қойылып жатса бұл күллі қазақ әдебиеті мен мәдениетінің жетістігі деп бағалануы тиіс пе, әлде, «қойшы, бір адамның табысын несіне дабырайтамыз?» деп үнсіз қалуды жөн көреміз бе? Осылай еткеніміз дұрыс шығар. Өйткені, әлгі елдер қазақ пьесаларын күнде сахналап, әбден мезі қылды емес пе? Мен тіпті, «Біз соғысты көрген жоқпыз» повесімнің жеке кітап боп шығып, оның тұсау кесері үлкен табыспен өтіп, халықаралық Айтматов академиясы мен Ағылшын парламентінің «Қазақстан мен Ұлыбритания арасында мәдени байланысты қалыптастыруға қосқан үлесі үшін» деген Сертификатқа парламент депутаты, баронесса Алисон Сати қол қойған статуэтка жайлы ешкімге айтқан да жоқпын. Ол жайлы дабырайтып хабарлап жатқанды артық санадым. Мен «Қазақ әдебиеті» газетінің мақтау мақалаларына аса мұқтаж болар жастан өтіп кеткен сияқтымын. Жазып жатса «бәрекелді» деймін, жазбай жатса «мұнысы несі?» деп үндемей қоя саламын. Әйтпесе, 2006 жыл мен 2012 жылдар аралығында өткен қыруар оқиғалар жайлы жақ ашпай келген «Қазақ әдебиеті» газеті жайлы талай-талай ренішімді білдірер едім ғой. Не арнайы мақалаларымда, не әртүрлі сұхбаттарымда, не болмаса теледидар экранынан бір де бір рет ол назымды білдірген емеспін. Маған батқаны – жұрт ойлағандай мақтау мақалалардың жарияланбағаны емес, Жазушылар одағының органы боп табылатын әдеби газеттің бір адамның көңіл-күйіне соншалықты тәуелді боп қалғаны, газет редакциясында «оу, мынауымыз қиянат болды ғой» деп айта алатын бір адамның табылмағаны болды. «Мәңгі төраға» болуға білдірген қарсылық, одақ басшылығының атына айтылған сынның аяғы шығармашылық минирепрессияға әкеп соққанына қалай таңданбассың! Кресло деген жарықтықтың соншалықты қымбат екенін қайдан білейін!

Ал, Жанарбек ініме өкпем жоқ. Пленумда берілген 5 минутқа айтам деген ойыңды сыйғыза алмай қалады екенсің. Ол үшін айыпқа бұйырма!

Дулат ИСАБЕКОВ

Qazaquni.kz

 

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Сайтта 18 пікір жазылған

  1. Серікбай 22 Ақпан, 2018 15:25 Жауап

    Ал, жазсаңдаршы пікірлеріңді, айтсаңдаршы уәждеріңізді! Не деген қызғаншақ халық едік! Д.Исабеков қазіргі публицистика мен драматругиядағы нағыз талантты тұлға!!!!!

  2. Ержан Оспанов 22 Ақпан, 2018 15:35 Жауап

    Негізінде ДУЛАТ ИСАБЕКОВ АТАҒА ренжу, сын айту өте орынсыз дер едім.
    Бұл жердегі байқағаным:Нұрлан Оразалин ағамызға жақпай қалды ДУЛАТ АТА.
    Турасын айтсаң туғаныңа жақпайсың деген сөз бекер емес.

  3. Махамбет Ерғали 22 Ақпан, 2018 15:39 Жауап

    Жұмабай Шаштайұлы мен Нұрлан Оразалин екен ғой Дулаттай жазушының әлемде асқан мерейін көре алмаған. Бұл Дулаттың емес – қазақ әдебиетінің мерейі ғой, соған бастары жетпеген бе? Қызғаншақтық пен кекшілдік қой қазақты тұсаулап келе жатқан.

  4. Ahkan Bodikova 22 Ақпан, 2018 16:04 Жауап

    Қайран қазақ кресло үшін алтыбақан алауыз… Дулат аға, аман болыңыз, Сіз қалың қазаққа, қазақ əдебиеті мен мəдениетіне керексіз! Ал » турасын айтқан туғанына жақпайдыны» Сіз бен біз айтқан жоқпыз. Əлімсақтан белгілі жəйт.

  5. Жұматай Түгелбайұлы 22 Ақпан, 2018 16:04 Жауап

    Ұзақ ғұмыр жолын қазақ әдебиетінің бай тұжырымдылығына арнаған ,ақылы мен кешкен мол тәжірбиесін қалың жұртшылыққа ақыл.ой.парасаттылығы
    мен.саналы тәрбиесін сырт көрінісінен байқалатын сындарлы жан дүниесінің.танымын үңіл
    мей -ақ жазған шығармаларынан танылатын ағамызға алдыңғы өткен.бабаларымыздың

    Қартайдым деп қамықпа ,
    Ізбасарлар бар артыңда .
    Жалғызбын деп қайғырма ,
    Жақсылар бар ртыңда , – деген ғой аға ,өзіңізге.тән серпіні.мен маңызы зор жаратылыстың жарасымдылығын.мазмұндылығымен танытқан биік бейнеңізді ,темірқазылығы мен тіршілік тәжірбиесін ұрпаққа қалдырған.өнегіңіз бен үлгіңізді , бай.қуатты бейнеңіздің айқындығын.танитын халқыңыз бар.ғой…..
    Қажымау ерлік , сәнімен өмірді кешу Жаратқан Иенің сенімін ақтау дейтін ата ұрпақтың биігісіз ғой .
    Деніңізге.саулық , бас амандығын тілеймін .

  6. Айжума Акдаулетова 22 Ақпан, 2018 16:05 Жауап

    Қазіргі қазақ әдебиетінің мәселесі өткен ғасырдағы «Таяу Шығыс» мәселесінің кейпінде тұр ғой.

  7. Құдіре Бек 22 Ақпан, 2018 16:30 Жауап

    Барында бағалау керек қой барымызды. Ертең өлген соң ой бауырымнан не пайда. Басқа айналамыздағы елдерде бұндай үлкен жазушылар да қалмаған болар. Ол газетке бағынбайтын жекеменшік газет не болмаса әдеби интернет портал қойып конкуренция жасаса жарыса жазар еді ғой.

  8. Айнаш Есали 22 Ақпан, 2018 22:37 Жауап

    Дулат ағамыз да аяқ астынан ана дүниеге кете қалса (бетін аулақ!) шулап-шулап қаласыңдар. Дарынын таласа жазасыңдар.Тірі Дулат Исабеков кімге керек?!

  9. Қолқоюсыз 23 Ақпан, 2018 01:55 Жауап

    Дулат ағамыз ең егемендік алған жылдары Мекемтас аға мен өзінің жекешелендіру туралы екеу ара диалогын есіне түсірсін, содан кейін өзінің кім екенін айтсын! Бізге шетелге шығып, өзін- өзі жарнамалағаны керек пе еді?!

  10. Қолқоюсыз 23 Ақпан, 2018 02:20 Жауап

    Нұрлан Оразалин туралы айтар болсам: Ол 25 жыл бойы, кәзіргі песке жол ашып берген адам деп білем өз басым.

  11. Жазушы 23 Ақпан, 2018 08:01 Жауап

    Қазақ әдебиетіне шынайы жанашырлар жоқ. Бәрі құлқынның қамын ойлап кетті. Белгілі бір мақсатпен еңбек етпесек бәрі бос. Қазақ әдебиеті газеті бұрынғыдан әлдеқайда әлсіз. Оның беделін көтереді деген «көсемдеріміздің» түрі мынау, қырқысып жатыр. Бұл заман қайда барады? Ертеңгі ұрпағымыз бізге қарғыс айтатын шығар….

  12. Қолқоюсыз 23 Ақпан, 2018 10:28 Жауап

    Қазақ Әдебиеті газеті: Ол жауапкершілігі шектелген газет! Сондықтан оның үні шықпайды, шындықты жаза да алмайды!

  13. Қолқоюсыз 23 Ақпан, 2018 10:53 Жауап

    Дулатың дүлдүл болса, мойнына мініп алыңдар! Әл Мұлыққа жетерсіндер!

  14. Заманай 15 Наурыз, 2018 01:01 Жауап

    Көзінің тірісінде қадірлейік классик жазушыны.Бір ғана «Дерменесінің» өзі көңіл көзі ашық оқыоманды бір мезетте егілдіріп,бір мезетте масаьтандырады.Пьесалары өз алдына бөлек əңгіме!

Пікір немесе жауап жазу

бір × 4 =