Мафиямен байланысты деп айыпталған полковник сотта мәлімдеме жасады

[caption id="attachment_81600" align="aligncenter" width="640"] Сурет ғаламтордағы ашық дереккөздерден алынды[/caption]

Ақтөбеде ішкі істер министрлігінің криминалдық полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары сот алдында жауап беріп жатыр. Рахат Ахановқа атышулы «Ағайынды төртеу» тобының серкесі Еркін Ізбасарға қолдау көрсеткен деген айып тағылған. Ол мұнай ұрлығына көз жұма қарап, бұл қызметі үшін пара алып отырған көрінеді. Әйтсе де подполковниктің өзі мұны мойындамайды.

Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Рахат Аханов Астанаға қызметін ауыстырмастан бұрын Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары болып қызмет атқарған еді. Сол кезде Еркін Ізбасар қоластындағы жігіттеріне құқық қорғау органдарынан өздеріне қолдау көрсететін дөкеймен дос болуды бұйырады. Ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі, қара алтын ұрлығына қатысты айыпталушы ретінде жауап беріп жатқан Есенжан Еркетаев пен Саясат Дүсіпов подполковникпен тойда танысып, оның сеніміне кірген. Кейін Аханов бұлардың қара алатын ұрлығына қатысты қылмысына көз жұмып қарапты. Әрине, бұл қызметі үшін ақша алып отырған. Әр кезде әр түрлі сома ұстатқан. Бірде жүз елу мың теңге берсе, бірде алты жүз мың, кейде тіпті бір миллион жеті жүз мың теңгеге жейін жеткен. Бірақ Ахановтың өзі мұны мойындамайды. Ал карточкасына түсіп отырған ақшаны өзімнің жинаған қорым деп ақталды. Сондай-ақ, казино арқылы қолма-қол түсіріп алған 28 миллион теңгені пара емес, танысымның аманаты деп отыр. Өзінің құмар ойынға жылына бір рет соғып кететінін де сот процесінде жасырмады.

Танысым: «Сенің карточкаңды қолдансам бола ма?» деп сұрады. Аздаған ақша аударғысы келетінін айтты. Мен, әрине, оған келісім бердім. Бірақ соншама ақша, яғни 28 миллион теңге аударады деп ойлаған жоқпын.

Әзірге шенділерден тек Аханов қана айыпталушы деп танылған. Ең қызығы қызылжағалының қылмысы айыпталушы Саясат Дүсіповтің қойын дәптері табылмағанда ашылмай қалар ма еді?

Қара алтын ұрлығына қатысты есеп-қисап жазылған бұл дәптерде параның кімге беріліп, кімнің қарыз болғаны, кімнің ақша тапсырғаны мұқият жазылған екен. Тізімде Ахановтан өзге, ұлттық қауіпсіздік комитеті мен кіріс департаменті өкілдеріне де ауызбастырық берілгені жазылған. Бірақ олардың аты аталып, түрі түстелмеген. Сондықтан сотта олар жоқ.Айта кетейін, бұған дейнгі сот отырысына тілшілер кіргізілмесе де, бейнеоператорларға таспаға түсіруге рұқсат еді. Бұл жолы ешкімді залға кіргізбеді. Сондықтан процессті көрші бөлмедегі экран арқылы бақылауға мәжбүр болдық.