"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!



ҮШЕУІ ЖАБЫЛЫП КАВАТИНАНЫ АЙТА АЛМАДЫ

 Қайда болмасын, қашан да, кімге де ауызбірлік, татулық, тіпті, бір мемлекет, бір елде қоян-қолтық тұрып, ғұмыр кешіп жатқан халықтарға (арасында саны жүзге жетпейтін этнос өкілдері болса да) ұлтаралық татулық ауадай қажетін бәріміз білеміз. Және солай болуына әрқайсымыз үлес қосуды қалаймыз, парыз санаймыз. Міне, менің өзімде ұлты басқа, бірақ, ниеті бір, пікірлес, көзқарасы ортақ, мәміле жарасып, пікірлесіп жүретін жандар аз емес. Олардың табиғи жаратылысы таза, ақ пен қараны ажыратып, қоғамда болып жататын өзгеріс, болмыстарды айыра алатын, ең бастысы, қайда тұрып, қай елдің ауасын жұтып жүргенін сезіне аларлық адами білік-түсініктері қалпында. Ал, қанша бақсаң да орманға қарайтын сырты бүтін, іші түтін, нақ бір солай болуы тиіс секілді, әлденені міндетсіп, сыйластық, құрметтен ада, алтынмен аптап, күміспен күптесең де, қорашсынып, ешкімді менсінбей жер тепсініп, тұлданып жүретіндер де жоқ емес. Қит етсе дәп қылып, алыстағы атамекеніне кете салатынын тұспалдап, танауын көтеретін олардан не үміт, не қайыр демеске әдді болмайды. Қанша жерден бір ұлт, бір мемлекет десе де, құдай бетін әрі қылсын, егер пәлендей күн туа қалса, дәл солар қазақ мемлекетінің мүддесі үшін басын бәйгеге тіге салады дегенге илану-иланбау әркімнің өз еркі. Оған дәлел осы күндерде ана жер, мына жерде қоламта қоздатып, погонын жарқылдатып, қылышын жалаңдатып жүретін мысықтілеу кеудемсоқтар хақында ақпараттық құралдарда айтылып, жазылып, жар салып жататыны емей не? Әлде, байқамайсың ба, аңғармайсың ба?

Рас, оларды бір ел, бір халық, бір мемлекет делінетін дағыстан, ингуш, шешен елдерінде үнемі болып жататын ату-шабу, тонау секілді жосықсыздықтар ойлантпай тұрмайды. Күн сайын өз елдерінің құтын өздері  қашырып, мешітті өртеп, көпшілік орындарда жарылыс жасап, халық қынадай қырылып жатқан таяу шығыс елдеріндегі қияметті де түсіну қиын. Жүгенсіз кеткен тақырбас жастары (бейресми деректерде жалпы саны 800 мыңнан төмен емес, оларды ауыздықтауға Путиннің де шамасы жетер емес делінетін) «орыс жері орыс үшін» деп, өзге ұлт өкілдерін атып тастап жүретін ресейлік әумесерлер қолынан қаза тапқан қазақтар қаншама? Соны біліп, жаны күйіп жүрген қазақ бар ма? Бар болса, қайда? Бәлкім, намысты қазақ бар болса бар шығар, бірақ, бүгінгі қайда да көрші елдің тілінде мыңғырлауды жетіскендік санап, елпілдеуін қоймайтын қазақ  пақырларды түсінуден қалып барамыз. Айтпағымыз біреу: тәуелсіз ел, дербес мемлекетсің бе, онда сол елдің тілін бірінші орынға қой, сол тілде сөйле, ардақта. Қазір базардағы қазақ сатушы, көше сыпырушы, такси жүргізуші, етікші, шаштараз, студенттерге дейін біздің елдің дипломаттары өзге елдердің дипломаттарымен неге өз тілінде сөйлеспейді, қай тілде де еркін сөйлей алатын (жапонша, қытайша, венесуелше ағып тұратын) аудармашылар толып жатқан жоқ па деседі. Басқа болса да, дипломаттардың қазақша сөйлеуінен ел бірлігі, ұлтаралық татулыққа жарқыншақ түспейді  ғой деседі. Сонда бір ел, бір мемлекет, бір халықтың тілі қандай тіл? Ашып айтпаса да білеміз: ресми тіл басым. Осы жөн бе? Әлде, жөн емес дейтіндер жау ма? Мүлде олай емес. Мәселе қазақ мемлекетінің мүддесінде, бір ел, бір халықты қазақ мемлекеті деуге ешкім тосқауыл қоймайтыны анық. Қазақтың найзасы пәстеу боп тұр, бұл ойланатын нәрсе.

Осы таяуда көкбазарда сауда жасайтын жүз қаралы қазақ әйелі аяқ астынан дүр көтеріліп, метродағы алты бекеттің бірі неге Қонаевтың атымен аталмаған деп айқайға басты. Бұл не? Не екенін қалың қауым біледі, ал, онша «біле бермейтін» сөзін қазақша бастап, ізінше баршаға түсінікті болсын деп лып еткіш, баршаның қамын «жегіш» ортақ тілшіл әкімқара, шенеуніктер болмаса неғылсын. Рас, халықаралық ортақ мәселеде – мемлекеттік тілде қалай сөйлеуге де жол ашық, ешкім, тіпті, қазақ жеріндегі күллі диаспора өкілдері де пәлен дей алмайтын, құқықтарына ешкім қол сұға алмайтын қазақ дипломаттарынан гөрі олардың жолы жіңішкелеу, хауіптілеу. Сонда да еңсені жоғары ұстауға болар еді, бірақ, амал не, бұға береді, жасқана береді, жалтаңдай береді, қай жерден қапы кетер (парақорлық, жемқорлық емес) екенмін деп бүгежектей береді қазақ емес, бір ел, бір халықтың қамын ойлап.

Жоғарыда біраз жайды қаузадық білем. Қазақ, қазақ деп. «Әдемі» де айтылғандай. Бірақ, бұл қазақ соған тұра ма? Бізді қолдап, селт етер қазақ табылар ма екен? Табылды дерсің. Онда мынау не?

Алдыңғы жылы ақпанның 1-інде Алматы қаласындағы Мәдениет жылының аяқталуына байланысты «OPERAMANІA» деген ұсқынсыздау атпен гала концерт өтті. «Мәдениет жылы – Алматыға деген махаббатпен қатар, сүйікті қаламыздың шығармашылық тынысы мен қайталанбас күш-қуатына деген қошемет» деп әспеттеумен.

Залда отырғандардың дені – қазақтар (іншалла). Ал, екі тілде концерт жүргізуші екі ұлт өкілінің бірі – қазақ пақырды ресми тілде сайраған пысықайыңның мысы басыңқырап, тасыраңдап тайраңдауы оғаштау болған үстіне бола түсті. Бәрінен де арғы-бергі музыка тарихын білгенсіп, әлдебір деректерді жаңалық ретінде ұсынған болып, Мұқан Төлебаев жайлы сандырағы түрпідей естілді: «Біржан-Сара» операсын жазу арқылы Мәскеуде өткен онкүндікте танылып, көзге түсті» дегендей. «Біржан-Сара» операсының одан (1958 жылдан) кемі он бес жыл бұрын сахналанып, басты ролдерді орындаған Күләш Байсейітова, Шабал Бейсекова, Байғали Досымжанов, Әнуарбек Үмбетбаевтардың бірінші дәрежелі Сталиндік сыйлық алғанын білмейтінін білдіріп алғанын өзі де білмей, Мемлекеттік тілде концерт жүргізушіні екінші планға ысыруға тырысып, ортақ тілде концерт жүргізуші екінші тақылдақтың өзге де дүмбілездікке ұқсас қылықтармен діңкелеткеніне кейістік аңғартқан қазақ аңғарылмағаны одан сайын діңкелетті. Міне, біз жоғарыда сөзін сөйлеп, мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған қазағыңның сиқы. Санасы төмен, білігі таяз, өзін біріншіге балап шақылдаған екінші концерт жүргізуші шешенсіп аузын ашса болды, тарс-тұрс қол соғады, жырқ-жырқ күледі. Кіл қазақ артистердің бірлі-жарымы болмаса, кіл орысша ән, ария орындағанына шаттана марқайып. Анадай жерде мәдениет жетекшілері отыр. Білімсіздеу конферансьенің Мұқан Төлебаевты «жазатайым» төменшіктетіп, қазақ музыкасы онша салтанат құрмай,  залда қазақ рухы қалықтамағаны қаперлеріне келместен. Концерт бағдарламасын құптап, бекіткен өздері болуы мүмкін болған соң, оларға не айтары бар, тек бәрекелді де.

Оу, ағайын, мұндай жағдай біреу емес, үнемі осылай болғандықтан айтып отырғанымызды шамалайтын шығарсың. Біреу болса кәнеки?! Таяуда 1-Май мерекесіне орай ма екен, е, айтпақшы, халықтар ассамблеясының құрметіне екен ғой, телевизордан Астанада болған одан да «ғажап» тағы бір концертті көрдік емес пе? Ондағы кереметтер әлгі айтқаннан да асып түсті-ау. Концерт жүргізуші үшеудің сахнаны қаусыра билеп-төстеп, шалқи көсілген екеуі ортақ тілде, біреуі мемлекеттік тілде сөйледі. Бұл жолы басқа шауып, төске озған екеу ел иесі біреуді әлсін-әлсін жолда қалдырып, өздері мыңқылдаудан таймады. Едіреңбай екеу де, жалтаңдаған біреу де – үшеуі де қазақ. Екеудің бірі – кәдімгі қазақшаға жоғырағы ежелден белгілі Сағын Абдуллин де, бірі екі езуі құлағына жете ыржақтай беретін әлдебір қазақ әйел. Ассамблея емес пе, залда өзге ұлт өкілдері де баршылық, бірақ, қазақтардан көп емес. Қазақ өзін қалай аспандатса да болғандай жағдай жетіп тұр, келіп тұр. Қазақ өзін аспандатпады демейміз, аспандатты. Бірақ, қалай аспандатты, әңгіме сонда. Кілең атақты қазақ өнерпаздары көбінше орысша, шетелше ән, арияларды созбақтатып, қазақтық деңгейден «жоғарылап», алдақашан «көкке самғап» кеткенін бадырайта әйгілеп. Бірақ…

Сол жолы тағы да бір қызық болды. Қазақ операсының бүгінгі жұлдыздары деп біреуі басқа ұлттан – үш әнші жабылып, Россинидің «Севиль шаштаразы» операсындағы «Фигароның каватинасын» келіміне келтіріп орындай алмады. Шамалары жетпеді. Бет құбылыстарын сан құбылтып, қылмаң-жылмаң еткендерінен түк өнбеді. Классикалық опералардан ариялар орындаған басқалар да пәлендей мандытпады. Әлгі «Фигароның каватинасына» әлі жетпеген үшеудің бірі тым болмаса  ассамблея мүшелеріне қазақтың бір тамаша әнін шырқап бере алмай, екі ортада біз сияқты телевизор көрушілердің сағын сындырды. Алыптардың алыбы, бірегей әнші, сахнада қазақ әндерін бірінші шырқап, өзге жұрт әндеріне онан соң бас бұратын ұлтжанды өнерпаз, текті тұлға, дара туған Ермек Серкебаевты еске алдық. Иә, иә, бір «Фигароның каватинасын» емес, одан да күрделі әлемдік туындыларды орындап, әлем жұртшылығын сан рет тамсандырған Ерекең бүгінде  марқұм. Ұдайы айтатынымыздай, ұлы Абайдың кітабынан қазақтың атына айтылған бір ауыз мақтау не жылы сөз таппайсың деп қақсаудай қақсап жүреміз. Ол рас, таппайсың, таба алмайсың. Бірақ, қазақты пір санаған, зор санаған, мақтан еткен Абайдай тұлға бар ма екен? Әлде, Абай мақтамаған қазақ өсіп-өнбей, ер тудырмай, ғұлама-данышпандар шықпай тоқырап, су түбіне кетті ме? Олай емесін сен де, мен де, бәріміз білеміз. Абайдан кейін өмірге келіп, қазақтың абыройын аспандатқан Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Әлихан Бөкейханов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтпаев, Дінмұхамед Қонаев, Салық Зиманов, Сағадат Нұрмағанбетов, Талғат Бигелдиновтер ел мен жерге мақтаныш-тірек, тұғыры берік тұлғалар емес пе еді? Тіпті, бір Бауыржан Момышұлы неге тұрады? Бүгінде бір Елбасымыздың өзі қазақты әлемге танытып жүргенін де айта кеткен жөн шығар деп ойлаймыз.

Иә, жоғарыдағы бір кем сөздерді біз де түңілгеннен емес, бүгінгі жай-жапсарға үңілгеннен айтқан шығармыз, бәлкім. Сен де түңілме, ағайын. Қазақ қалпында. Тек…

 

Зәкір АСАБАЕВ

qazaquni.kz

 

 




Осыған ұқсас:

  1. Танымал ресейлік әнші қазақ миллиардерімен қалай жүргенін айтып салды (ВИДЕО)
  2. Көңіліне қондырып бар қазақты…
  3. ЫСТЫҚТАН ҚАШҚАН ЖЫЛҚЫЛАР ҒИМАРАТҚА КІРІП АЛАДЫ…(фото, видео)
  4. Астанада ІІ Дүниежүзілік театр фестивалі өтеді
  5. Қазақтың музыкалық мәдениетінде домбыраның алар орны ерекше
  6. Елбасы жарлығымен Ұлттық домбыра күні белгіленді


2 пікір жазылған

Пікір жазу
  1. Белгісіз 16 Ақпан, 2018, 19:41

    Ал қанша бақсаң да орманға қарайтын сырты бүтін…..басынан аяғына шейін қайталап оқи бердім.сұңғыла адам жазғаны көрініп тұр.көрініп тұрған нəрсені көрмегенсімей осылай жазған қалай жақсы.тіпті өзімнің де осыны күнде ойлап көріп жүргенім бірақ оны жаныңдағыларға айтқанмен жынды көргендей болуы.

Пікір жазу үшін тіркеліңіз немесе кіріңіз.