«Ақ жол»: Әлеуетті ресурстар Ұлттық экономикаға жұмыс істеуі тиіс

Қалдықтар түрінде жиналған миллиондаған тонна әлеуетті ресурстар Ұлттық экономикаға жұмыс істеуі тиіс – бұл жөнінде ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің атына жолданған сауалдан мәлім болды. Тау-кен кәсіпорындарының тонналық қоқыстары туралы мәселені Дәния Еспаева қозғады. Елбасы биылғы Жолдауда шағын және орта бизнес субъектілерін тарта отырып,  қатты тұрмыстық  қалдықтарды кәдеге жарату және қайта өңдеу бойынша қазіргі заманғы, тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметі бойынша бүгінгі таңда елде техногенді минералды түзілімдердің (ТМТ) 1370 нысаны, соның ішінде ТМТ-дің бір бөлігі мемлекеттің меншігі болып табылатын 450 – аралас нысандар бар. Тау-кен және тау-кен металлургиялық кәсіпорындары қауымдастығының мәліметтері бойынша, елімізде өңдеуге арналған 40 миллиард тоннадан астам TMТ жиналған, олардың басым бөлігі қолданыстағы жер қойнауын пайдаланушылардың келісім-шарттық аумақтарында орналасқан. «Техногендік минералды түзілімдер экономиканы дамыту үшін орасан зор потенциалға ие, өйткені олардың құрамында бағалы және сирек кездесетін металдардың пайдалы қазбалы қалдықтары бар.  Қазіргі заманғы технологиялар оларды өндірудің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Кәсіпкерлермен кездесу барысында  мұндай қалдықтарды өңдеу мүмкіндігін қамтамасыз ету мәселесі бірнеше рет көтерілді.  Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға және бюджетке қосымша кіріс алуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Еспаева. Депутат Мәжілісте «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекс жобасын қарау кезінде көлемі жыл сайын өсетін осы қалдықтарды ұтымды пайдалану сұрақтары көтерілгені туралы еске салды. «Қазақстанда ТМТ өңдеу бойынша өздерінің технологиялық жобаларымен пайдалы қазбаларды жоғары деңгейде өндіруге мүмкіндік беретін  компаниялар бар. Бірақ олардың ТМТ өндеуге рұқсаты жоқ», – делінген сауалда. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексінің 13-ші бабына сәйкес техногенді минералды түзілімдерге меншік құқығы жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт аяқталғанға дейін иелік етеді. Бұл миллиондаған тонна әлеуетті ресурстар ондаған жылдар бойы қалдықтар түрінде жиналып, экономикалық айналымнан алынып және ұлттық экономикаға жұмыс істемеуіне әкеледі. Барлық меншік нысанындағы жер қойнауын пайдаланушылар техногенді минералды түзілімдердің саны туралы тиісті есептерді ұсынуға міндетті, бірақ мұндай ақпарат қол жетімді емес. Уәкілетті орган бұл мәселеде күту көзқарасын ұстанып отыр. Осыған орай, «Ақ жол» депутаттары министрліктен келесі ақпараттарды сұрады: 1. өңірлер, кен орындар, меншік иелер бөлінісінде қолда бар ТМТ көлемі туралы; 2. жер қойнауын пайдаланушылар мен мемлекетке тиесілі жиналған ТМТ көлемін өңдеу жоспарлары туралы; 3. жер қойнауын пайдаланушылардың ТМТ-ден қатты пайдалы қазбаларды өндіру және оны қайта өңдеу бойынша келісімшарттық міндеттерін орындауы туралы. Сондай-ақ, «ақжолдықтар» қайта өңдеуді ынталандыру үшін жиналған техногенді қалдықтарды (үйінділерді) игерудің тәсілдерін қайта қарауды талап етеді. «Ақ жол» ҚДП парламенттік фракциясы сайлауалды бағдарламаларын жүзеге асыру және сайлаушыларының мүдделерін қорғау жұмыстарын жалғастыруда.

 «Ақ жол» партиясының баспасөз қызметі